Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі кемшіліктер

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл қағида заңды құқыққа ие. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «ҚР Конституциясының» алғашқы нұсқаның 8-бабында: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тіл...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

02 мамыр, 2019

Бірлі-жарым болмаса мемлекеттік қызметкерлер де таза қазақ тілінде сөйлеп жүрген жоқ. Қазақстандағы өзге ұлт, ұлыс өкілдері түгіл, өзіміздің қандастарымыздың біразы тек орыс тілінде ғана сөйлейді. Оларға «Неге қазақша сөйлемейсің?» десең, «Мен заңды бұзып жүрген жоқпын. Конституциямызда орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген жауап береді. Сонымен, аузыңды жабасың.

Түрлі деңгейдегі билік өкілдері мемлекеттік тіл – қазақ тілінің деңгейін көтеру үшін арнайы қаулы қабылдамай-ақ қойсын, қаржы бөлмей-ақ қойсын (бөлінген қомақты қаржы бостан-босқа желге ұшып кеткен жоқ па!), тек: «Мемлекеттік тілді білмейтін адамдар мемлекеттік қызметте істемейді» деген талап қойып, сол талап қадағаланса, мемлекеттік қызметкерлердің бәрі қа­зақша сөйлеп, қазақша жазып кетер еді.
Мемлекеттік тілдің әлі күнге ойда­ғыдай орындалмауының екінші себебі – зиялы қауым өкілдері тарапынан да тиісті көңіл бөлінбей келеді. Әлі күнге дейін әдеби тіліміз қалыптаспай, оның шек-шегарасы айқындалмай отыр. Мұны былай қойғанда, қазақ тілі әлі нормаланып, жүйеленіп біткен жоқ. Оны реттейік, нормаға түсірейік, басқа елдер құсап біз де әдеби тілімізді қалыптастырайық деп жүрген тиісті институттың ғалымдарын да көріп жүргем жоқ… Бұған кінәлі – бірінші кезекте біз, яғни қазақ тіл білімінің ­мамандары. Бәріміздің доктор, кандидат деген ғылыми дәрежелеріміз, академик, мүше-корреспондент деген таудай атақтарымыз бар. Оқулықтарды жазатындар да, орфографиялық, түсіндірмелі, екі тілдік (аударма) сөздіктерді түзейтіндер де солар. Бірақ біз жан қинағымыз келмейді. Зерттеудің, ізденудің азабын бастан өткізуден қашамыз. Мүмкін олар еңбектері бағаланбайтын, жалақылары аз болған соң солай істейтін шығар?!
Аталған мәселеге тереңірек үңілу үшін, алдымен «тілдік норма дегеніміз не?» дегенге тоқталайын. Қазақ тіліндегі тілдік норма жайында алғаш сөз еткен және оған толығырақ тоқталған ғалым – филология ғылымының докторы, профессор М.Балақаев екен. Ол кісі өзінің «Қазақ әдеби тілі және оның нормалары» (1984) деген еңбегінде осы мәселеге байланысты не деді екен, дәйексөзге кезек берелік: «Тілдік норма дегеніміз – тілдік бірізділік. Тіл материалдарын нормалау – оларды белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру деген сөз» (138-бет); «Әдеби тіл – белгілі дәрежеде тәртіптелген, жүйеленген тіл» дейді профессор М.Балақаев сол кітаптың 140-бетінде. «Әдеби тіл және тілдік норма бірінсіз бірі болмайтын, бір бүтіннің екі жағы сияқты» (141-бет) деп нақтылайды тағы да ол кісі.
Көріп отырсыздар, тілдік норма дегеніміз – әдеби тіл, әдеби тіл дегеніміз – тілдік норма. Яғни әдеби тіл – нормаға түскен тіл. Олай болса, тілдік норма – «қазақ тілінің қара қазанында қайнап», «әбден қалыптасқан», «тұ­рақталған», «орныққан», «талғап, таңдап қолданылып, үйреншікті, дағ­дылы болып кеткен», «сұрыпталған» (тәртіпке түскен), «тілдік жүйенің заңдылықтарына сай келетін», «қоғам қабылдаған», «жалпыға бірдей ортақ» («жалпы халықтық қолданысқа түскен»), «жүйелі», «бір ізді» («жұрттың бәрі бір қалыпта жұмсайтын»), «жиі қол­данылатын», «мағыналық жағынан дифференцияға түскен» тілдік элементтер (көрсетілген кітап, 138-151-бб.).

Осы айтылғандарды негізге ала отырып, тілдік норма дегенді «қоғам мүшелерінің бәріне ортақ, барлығы қабылдаған, тұлғалық жағынан да, мағыналық жағынан да бір қалыпқа түскен (тұрақталған), жүйелі тілдік материалдардың жиынтығы» деп ұқсақ, онда «қазақ тілі нормаланып бітті ме?» деген сұрақты тағы да қайталап қоюыма тура келеді.
Бұған дәлелденген, нақты ­жауапты әзірше ешкім берген жоқ. Қазақ әдеби тіліне қатысты үлкенді-кішілі лингвистикалық еңбектер мен докторлық, кандидаттық диссертациялардан, мақалалардан іздеп көріп едім, олардың бәрінде: «Қазақ әдеби тілі жүйеленіп, қалыптасқан», «нормаланған», «дамыған», «қоғамдық қызметі артқан», «лексикасы мейлінше бай», «стильдік тармақтары сараланған тіл» деген тәрізді тоқмейілсіген (марқайма) жауаптар кездеседі. Тек М.Балақаев қана жоғарғы еңбегінде: «Ертеректе басталған нормалану процесі қазіргі әдеби тілде үздіксіз жүріп жатыр. Ол әлі де болса көпке созылады» деп жазыпты (Жоғарыда аталған еңбегі, 148-бет). Біздіңше, осы соңғы пікірдің жаны бар. Содан бері 35 жыл өтті. Сол «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас».
Енді осы пікірімізді дәйектеуге, дәлелдеуге тырысалық.
Әдетте әдеби тілдің әдебилігін сақтап, қорғайтын, оны жұртқа танытып, насихаттайтын бірден-бір құрал – оқулықтар мен орфографиялық, түсіндірме, аударма (екі тілді) сөздіктер екендігі мәлім. Олардың басты міндеттерінің бірі – әдеби тілді нормаға түсіріп, жүйелеу. Сондай сөздіктердің бірі және бірегейі – түсіндірме сөздіктер (ары қарай – ТС).
Ұлт тілінің түсіндірме сөздігі – тіл байлығымыздың айнасы. Оған қарап, тіліміздің бай немесе кедей екендігін ғана біліп қоймаймыз, сонымен бірге оның жүйеленген-жүйеленбегендігін, нормаға түскен-түспегендігін де білеміз. Өйткені ТС атаулының міндеті – қолданыста бар тілдік бірліктердің (сөздер мен тұрақты сөз тіркестердің) барлығын түгел жиып, оларды реттеп, жүйелеп, сөздікке ендіру; әрбір сөзді, әрбір тұрақты тіркестерді саралап, анықтама беру; атау сөздердің қайсысы әдеби, қайсысы әдеби емес, қайсысы ескі, қайсысы жаңа сөз екендіктерін көрсету.
15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (ары қарай – ҚӘТС) – өзіне, міне, осындай жүк арқалауға тиісті сөздіктердің бірі. Алайда бұл сөз­діктің жетістіктерімен бірге кем­шіліктері де жетіп артылады. Сондай кемшіліктердің кейбіреулеріне тоқталайық.

Ауызекі сөйлеу тілі сөздерінің сөздікке алынуы

Көпшілікке белгілі, әдетте әдеби тілдің сөздіктеріне тек әдеби (нормаланған) сөздер ғана алынуға тиіс. 10 томдық «Қазақ тілінің сөздігінің» атауында «әдеби» деген сөз жоқ. Сондықтан ондай сөздіктерге әдеби тілден тыс сөздерді де ала беруге болады. Ол кездегі мақсат – «алдымен тіліміздегі сөздердің бәрін түгендеп, жинап алалық, содан кейін реттей жатармыз» дегенге сайған. Осы тұрғыдан 15 томдық ҚӘТС-ке (Алматы, 2011) алынған бірлі-жарым атау сөздердің қандай ұстаныммен таңдалғанын, оларға неге осындай анықтама берілгендігін біле алмай, бас қатыратын жағдайлар жиі кездеседі.
Мәселен, күжқара сөзіне «толық денелі (?), еңгезердей» деген анықтама беріліпті. Бұл сөз «жуан айтылушы еді ғой» деп ойлап, құж сөзіне қарасақ, ол құж қара деп бөлек жазылып, оған «үлкен қара бұжыр (кісі)» деген анықтама беріпті. Дұрысы осы. Ендеше, қүжқараны сөздікке алмаса да болар еді.
Қалы деген сөзді жеке алып, «қымбат бағалы түкті (кілем)» деген анықтама беріліп, екі мысал келтірілген. Бірақ екеуінде де мысал «қалы кілем» деген тіркес түрінде алынған. Содан кейін қалы кілем деген тіркес жеке алынып, оған «жақсы түкті кілем» деген анықтама берілген, үш мысал келтірілген. Бұл аздық еткендей, кілем сөзіне барғанда қалы кілем деген тұрақты тіркес тағы алынады, тағы анықтама беріледі.
Масуек сөзіне діни деген белгі қойылып, ол мисуак (?) сөзіне сілтеніпті. Ал ол сөз сөздікте жоқ. Есесіне жақша ішіне «дәрет кезінде тісін тазалауға пайдаланатын өсімдік» деген анықтама берілген. О заман да, бұ заман дәрет кезінде тісін тазалаған адамды кім көрген? Оның үстіне әлгі кісі тісін «өсімдікпен» тазалайды екен. Ең сорақысы: атау сөз – масуек, ал оған берілген мысал – мәсуек.
15 томдыққа таран деген үш омоним сөз алынған. Олардың біреуі – зат есім, екеуі – етістік. Зат есім сөз бірінші тұрғанмен оның омоним сөз екендігін көрсететін шекесіне қойылуға тиісті цифр қойылмаған. Есесіне одан кейін тұрған етістік сөздерде ондай цифрлар бар (Басқа етістіктерге мұндай цифр қойылмайды — Б.Қ.). Ал бұларға берілген анықтамаларға келсек, зат есім таран сөзіне «кеменің нығайтылған су асты бөлігі» деген анықтама берілген. Бірақ мысал жоқ. Үшінші тұрған етістік таран сөзіне «қарсыласына соққы беру» деген анықтама берген. Бұған да мысал берілмеген. Нәтижесінде бұл сөздер халық үшін мән-мағынасыз, түсініксіз күйінде қала берген.
ҚӘТС-те тұяқкесті сөзі тұяқкеш­тіге сілтеніліпті. Тұяқкешті сөзі сөз­дікке жеке алынып, анықтама, мысал берілген. Шындығында, бұл сөз сөздікке алынбау керек еді. Алынса, оның, керісінше, тұяқкестіге сілтенгені жөн еді. Өйткені бұл сөз тілімізде тұяқкешті деп емес, тұяқ­кесті деп қолданылады. Тұяқкешті – жаңылыс қолданыс немесе типо­графиялық қате. Оған дәлел: ­Ә.Кекіл­баевтан алынған бір ғана үзіндінің бірде тұяқкесті, бірде тұяқкешті болып, екі сөзге де алынуы.
Шаңылтақ деген сөзді сөздікке алып, оны шаңылтыр деген сөзге сіл­тепті. Шамасы, сөздікші анық­тама бере алмағаннан кейін сілтеп құтылайын деген болу керек. Өйткені бұл сөзге берілген үш мысалдың біреуі – «шаңылтақ жаз», екіншісі – «шаңылтақ аяз», үшіншісі – «шаңыл­тақ көктем» түрінде келген. Әрине, үшеуіне ортақ анықтама жазу қиын.
Басы ашылар, айқындалар деген оймен сілтенген шаңылтыр сөзіне қарадық. Оған «қатқыл, құрғақ; шыңылтыр» деген анықтама беріліпті. Көрсетілген екі мысалдың біріншісі – «шаңылтыр күн қайнайды», екіншісі – «шаңылтыр аяз» деп тұр. Сілтенгеннен кейін шаңылтыр сөзінің мағынасы шаңылтақ сөзінің мағынасымен сәйкес келуі керек қой. Шаңылтақ аяз, шаңылтыр аяз дегендерден басқаларының мағыналары сәйкес келіп тұрған жоқ. Содан кейін тағы да сілтенген шыңылтыр деген үшінші сөзге қарадық.
Шыңылтыр сөзіне «шыңылтыр аяз», «шыңылтыр бұлт», «шыңылтыр қарын», «шыңылтыр күн» деген төрт мысал беріліпті. Осы 4 мысалға орай шыңылтыр сөзін төрт мағынаға бөлген: 1. Ызғарлы (?) бет қаритын (?) құрғақ (аяз). 2. Сұр, сұрқыл (бұлт). 3. Жұқа, сетінеген (?) (қой қарыны). 4. Мінезі тыз етпе (?), жайлы емес (күн). Бұл мағыналардың біріншісі «шыңылтыр аяз» деген тіркес түрінде тағы алынған. Содан кейін өз алдына шыңылтыр бие (арық бие), шыңылтыр ешкі (арық ешкі) деген екі тіркес алыныпты. Ешқайсысында мысал жоқ. Бұлар не үшін алынды? Неге алынды? Осындай сөз тіркестері тілімізде бар ма? Болса, мағынасы қандай? Белгісіз.
ҚӘТС-ке тебен деген екі ­омоним сөз алынған. Олардың біріншісі ­туралы әңгіме жоқ. Оның мағынасы сөзтұлғаға сай келеді. Ал екіншісі – тебен (өсіп шығу) сөзі де, осы түбірден жасалған тебенде (1. Көктеп шығу, 2. Өсу, шығу) сөзі де әдеби тілде тебін, тебінде түрінде қолданылады. Сондықтан соңғы екеуінің (тебен, тебенде) сөздікке алынуға құқығы жоқ еді. Өйткені олар тебін, тебінде сөздерінің фонетикалық нұсқалары. Өкінішке қарай, сөздікшілер оларды сөздікке жеке-жеке алып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама берген. Нәтижесінде нұсқа сөздерге (тебен/тебін, тебенде/тебінде, т.б.) берілген анықтамалар егіз қозыдай бір-біріне ұқсас болып шыққан.
ҚӘТС-те тебіз (мүмкін бұл сөз тебін шығар? – Қ.Б.) деген екі омоним алын­ған. Бірі – «шөбі қалың ойпаң жер, екіншісі – «бұзық, қияңқы, тентек». Екеуі де «Аймақтық сөздіктен» көші­рілген. Келесі беттердің бірінде мағы­налары дәл осы жоғарғы сөздердей тебір деген тағы екі омоним берілген. Яғни тілімізде екі тебіз, екі тебір бар болып шықты. Бірақ олардың мағыналары бірдей.
Осылай болуы мүмкін бе? Біздің ойымызша, мүмкін емес. Бұлардың – (тебіз бен тебірдің) біреуі немесе екеуі де қағазға қате түсірілген тәрізді. Бұл аз болса, сөздікке «даңғаза, тентек» деген анықтамасы бар теліз деген тағы бір атау сөз алыныпты. Мұның да мағынасы жоғарғылармен бірдей. Бұлар сияқты типографиялық қателерді сөздікке осылай ала беріп, «әдеби тіліміз байып келе жатыр» деп мақтанғанымыз ұят болмай ма?!
Қазақ тілінде көбе, көбен, көбеген, кепе деген сөздер бар. Бәрі бір сөздің фонетикалық, лексикалық варианттары. Мағыналары – «ерте туған, ертерек жетілген қозы». Кепе қозы әдетте ертерек семіреді. Сөздікте дәл осылар сияқты көбдік, көпей, көпеш, көрпелдес, көрпеш деген сөздер де кездеседі. Бұлар да бір сөздің фоне­тикалық, лексикалық нұсқалары. Мағы­налары – «кеш (кенже) туған, әлі жетіліп үлгермеген қозы». Мұндай қозылар әдетте арықтау болады. Мейлі семізі болсын, арығы болсын, осылар­дың бәрін реттемей, сараламай, қанша фонетикалық нұсқалары болса, соншасының барлығын сөздіктерге топырлатып ала бергеніміз жөн бе?! Әрине, жөн емес.
Сөздікке кежәуміт деген сөз алынған. Ешқандай анықтама жоқ. Есесіне М.Жұмабаевтан алынған 11 жолдан тұратын ұзыннан-ұзақ бір ғана мысал бар. Кежәуміттің не екенін білейін деп, ерінбей М.Жұмабаевтың шығармаларын (1995) ақтарып, әрең дегенде мәтінді іздеп тапсам, әңгіме кежәуміт туралы емес, түрікменнің атақты асыл тұқымды текежаумыт жылқысы туралы екен.
Шікерт деген сөзді сөздікке алып, оған ет.жерг. деген граммати­калық, стильдік белгілер қойылып, «сырқаттану, науқастану» деген анықтама берілген. Бірақ мысал­дарының бәрі шікерт емес, шікерттен деп келеді. Тілімізде шікерт деген сөз жоқ. Шікірттен деген етістік бар. Шікерттен деген шікірттен сөзінің сөйлеу варианты.
Іңірлет сөзіне ет.деген граммати­калық белгі қойып, «күн батып, қараңғы түсе бастағанда межелі жеріне жету» деген анықтама беріліпті. Біріншіден, бұл сөз – етістік емес, үстеу. Екіншіден, оның мағынасы «межелі жеріне жету» емес, «қараңғы түсе бастаған кезде, іңірде жол жүру». Бұл атау сөзді іңірлет деп емес, іңірлетіп/іңірлете деп, үстеу ретінде алған дұрыс болады.
ҚӘТС-те, сөз жоқ, қазақ тілінің сөз байлығы молынан қамтылған. Кей жерде тіпті сөздікшілер оларды шамадан тыс асырып жіберген десек те болады. Енді осындайларға біраз дәлел келтірейін.
Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігіне енген, бірақ оған алынуға қақылары жоқ, әдеби тілдің құрамына кіре алмайтын сөздер мен сөз тіркестері көптеп ұшырасады. Бұл жерде біз олардың бәрін түгел тізіп бере алмаймыз. Берген күнде де мақаланың көлеміне сыйғыза алмаймыз. Себебі олардың саны тым көп.
Дегенмен, оқырмандардың көзін жеткізу үшін олардың біразын көрсетпесек тағы да болмайды. Мысалы: алым – ғалым, әжү – салмағы ауыр шоқпар, әсіл – әдіс, тәсіл; бағыт2 – уақыт, бадам – аулақ, алыс, бағар – тоқылған қап, бағатізбе – бағанама, бажына – топшылау, байымдау, түю, байнақ – байтақ, баран – жария, баранда – жақындаңқырау, маңайлау, барилалия – күмілжіп, міңгірлеп сөйлеу, барыз – желкен, баһа – баға, бацитрацин – бактериялар түзетін, антибиотик, белдемде2 – селдір тоқымаға тігілген кесте, т.б. ( Мұндайлардың саны жүз шақты).
Кездейсоқ сөздерді мысалға келтіріп отыр деп ойламаңыздар. Мұндай сөздер 15 томдықта аз емес. Оның бір ғана 332-333 беттеріне қараңызшы. Онда паштас, пашын, пашыр, пашырлат, пашырлату, пәван­дәкіл, пәйт, пәйтте, пәйттеу, пәкі, пәкізе, пәкізеле, пәкізелеу, пәкізелік дегендер тәрізді ешкім түсінбейтін 10-15 сөз кездеседі.
Басқа әріптер бойынша сөздікке артық алынған мұндай сөздер жетерлік. Солардан бірер мысал (тек К әрпі бойын­ша ғана): кәз, кәлдіре, келиле, кәмбал, кәмел, кәмесе, кәмина, кәмтар, кәнду, кәриса, кәнтек, кәпарт, кәржік, кәрек, кәсе, кәуле, кебенде, кебіржі, кеді, кейпе, керез, кертеле, кетей, кеугін, кеуір, кешет, көдекте, көдері, көдіре, көйгей, көйнек, көксіт, көлдіре, көлит, көлпек, көлпі, көмбіле, көмеле, көнсі, көңсі, көсек, көсті, көстік, көсі, көшек, көшін, куәһі, күбілжі, күбілсіз, күдіре, күжди, күзір, күбіжіңде, күйткі, күйттей, күлгір, күлтеңде, күлті, күнәһы, күңсі, күпсе, күпіре, күржі1, күсе, күстеме, күсте, кібір, кіжікте, кіжірей, кіләбір, кіләт, кіләш, кілгіт, кілді, кілеш, кілік, кіпарат, кіраза, кірәжі, кірәп, кіргін, кіркілжің, кірпи, кішір (елік), т.б
Бұл сөзсымақтарды әдеби тілдің сөздігіне алмаса да болар еді. Өйткені халық бұларды қолданбайды, олардың мағыналары да күңгірт, түсініксіз. Оның үстіне мұндай сөздер әдеби тілімізде қолданыла ма, қолданылмай ма, ол жағы да белгісіз.
Турасын айтсақ, бұлар әдеби тілдің сөздігіне алынатын сөздер емес. Сөздікті түзушілер бұларды ешбір талғаусыз, таңдаусыз әр жерден алып, көшіре салған болу керек. Егер кім қандай сөз қолданса да, солардың бәрін ТС-ке ала берсек, бұл – тілді (сөздерімізді) жүйелеу, анықтау емес, оны былықтыру болып шығады.
Біздің ҚӘТС-тегі сөздердің жүйелену, саралану, даралану түрі, міне, осындай. Бірақ бұл «онда қамтылмай қалған сөздер мен сөз тіркестері жоқ» дегендік емес. Ондай сөздер мен сөз тіркестері жетерлік. 15 томдықтан қалып қалған сөздер мен сөз тіркестерін жиып-теріп, мен 726 беттік түсіндірме сөздік жасап бастырдым (2014 ж.). Сондықтан 15 томдықта жоқ сөздер мен сөз тіркестеріне бұл жерде арнайы тоқталмасақ та болады.

15 томдыққа таран деген үш омоним сөз алынған. Олардың біреуі – зат есім, екеуі – етістік. Зат есім сөз бірінші тұрғанмен оның омоним сөз екендігін көрсететін шекесіне қойылуға тиісті цифр қойылмаған. Есесіне одан кейін тұрған етістік сөздерде ондай цифрлар бар (Басқа етістіктерге мұндай цифр қойылмайды — Б.Қ.). Ал бұларға берілген анықтамаларға келсек, зат есім таран сөзіне «кеменің нығайтылған су асты бөлігі» деген анықтама берілген. Бірақ мысал жоқ. Үшінші тұрған етістік таран сөзіне «қарсыласына соққы беру» деген анықтама берген. Бұған да мысал берілмеген. Нәтижесінде бұл сөздер халық үшін мән-мағынасыз, түсініксіз күйінде қала берген.

Жергілікті сөздер мен дүбәра сөздердің ҚӘТС-те алынуы

Ескерте кететін нәрсе: 15 томдық­тағы үлкен кемшіліктердің бірі – сөздікшілердің өздері сөздікке «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деген ат қойғандарына қарамастан, оған «Қазақ тілінің аймақтық сөздігіндегі» (2005 ж.) сөздер мен сөз тіркестерінің көпшілігін ешбір талғаусыз ала бергендігі. Мысалы, ҚӘТС-те мәкі деген үш омоним бар. Үшеуі де аймақтық сөздіктен алынған. Бірақ ол сөздерге «Аймақтық сөздіктен» алдық деген ешқандай белгі қойылмаған. Бәрі де әдеби тілдің сөзіндей-ақ, жайдан-жай алына салынған. Сол жерде қатар тұрған мына сөздерге қараңыздаршы: Ыра2 – өте, тіпті, тым. Ыра3: ыра болды – разы болды, көңілі толды. Ырағия – ырық, ерік. Ырақ-жарық – ашық-шашық. Ыратөбе – ылди, сай, т.б. Бәрі аймақтық сөздіктен көшірілген.
ҚӘТС-те айуанхана сөзіне жерг. деген стильдік белгі қойылып, оған «үйдің алдыңғы бөлігі, төбесі жабық, алды ашық жері» деген анықтама берілген. Айуанхана – «үйдің алдыңғы бөлігі емес». Сөздің өзі айтып тұрғандай, ол – мал (айуан//хайуан) қора. Ал «төбесі жабық, алды ашық жерді» халық лапас деп атайды.
Омақ жерг. Астық, тамақ қоятын үй. Омақа1 жерг. Астық, ас қоятын жер делінген. Екеуі де «Аймақтық» сөздіктен алынған. 15 томдық сөздікке шаң-шәлекет сөзі алынып, оған жерг. деген белгі қойылып, «астан-кес­тен» деп анықтама беріліпті. Қазақ тілінде бұл соңғы сөз «шақ-шәлекейін шығарды» деген тіркестік тұлғада ғана қолданылады.
М әрпі бойынша ғана ҚӘТС-ке алынған мына жергілікті сөздерге көңіл аударыңыздар: мағдыр(-сыз), мадиықтан, мадыра (-ла), мажал (-да), мазатсы (-у), мазаттан (-у), майдан (егістік жер), майқұмар (түйе ауруы), майлақылан, майсақтан (-у), майша (желкен), мақаупес (ауру), мақсым2 (дән), мақсым3 (шәкірт), малаған, малдақ, малдар (-шылық), малмал (мата), малта (апельсин), малтаба, малтыма (жарыс), мамаданалық, манақ, манақа, манарт (-у), мандала, мандым, манжам (-ды), манжанық, мантықа, маңайт, мара (бәс), мардат, марси, майқапыда, мәймендей, мәкі1, мәкі2, мәкі3, мәлтекбас, мәндір, мәнзел, мәнзіл1 (мекен), мәпит, мәтқайыр, мәтөк (-тік), мәшті, т.б.
Көрсетілген бұл диалект сөздердің жалпы саны – 165. Бұлар М әрпінен басталатын барлық 5082 сөздің 3,29 пайызы. Бұл жердегі айтпағымыз: осылар сияқты жарыспалы сөздер мен сөз тіркестерінің әдеби тілдің сөздігінде қамтылғандығы жараса ма, жараспай ма? Керек пе, керек емес пе? Біздің ­ойымызша, жараспайды да, керек те емес.
Жергілікті сөздерді ТС-ке алмау керек деп отырғанымыз жоқ. Алу керек. Бірақ жергілікті сөздердің де жергілікті сөздері бар. «Қазақ тілінің диалектологиялық (аймақтық) сөздігінде» бар екен деп, сондағы барлардың бәрін ала берсек, сонда көрсетілген анықтамалардың дұрыс-бұрыстығына көзімізді жеткізбей көшіре салсақ, онда қатты жаңылысамыз. Өйткені ол сөздіктерде диалект сөз­дермен бірге диалекті бола алмайтын сөзсымақтар мен дүбәра сөздер көп алынған. Олардың көпшілігінің мағы­налары ашылмаған, ашылса дәл емес.
Олай болса, жергілікті (диалекті) сөздерге де талғаммен қарау керек. Елеп-екшеп, белгілі бір ұғымға, мағынаға ие бола алатындарын, кеңінен тарап, бүкіл халық болмаса да, жергілікті халықтың көпшілігі қолданатын, мағыналары түсінікті немесе әдеби тілде баламасы жоқ сөздердің орнына қолдануға болатын жергілікті сөздерді, әрине, түсіндірме сөздіктерге алуға болады. Бірақ, қайталап айтамыз, бәрін емес. Өйткені бәлен облысқа тән деген жергілікті сөздерді сол облыстық жергілікті тұрғындарынан сұрай қалсаңыз, біразын растағанымен, біразын «мұндай сөзді естіген емеспіз» деп жауап береді. Сондықтан жергілікті сөздердің бәрін түсіндірме сөздіктерге, әсіресе әдеби тілдің сөздігіне ала беруге болмайды.
Диалектолог мамандардың (О.Нақыс­беков) айтуынша, жергілікті сөздер екі топқа бөлінеді: бірі – әдеби тілде баламалары бар жергілікті сөздер, екіншісі – әдеби тілде баламалары жоқ жергілікті сөздер. Түсіндірме сөздіктерге әдеби тілде баламасы жоқ, өзінше жаңа лексикалық мағынада қолданылатын немесе әдеби тілде баламасы болғанымен, қолданыста ерекше стильдік қызмет атқаратын жергілікті сөздерді ғана алуға болады. Мұндай жергілікті сөздер халықтың лексикалық қорын байытады. Ал әдеби тілде баламасы барларды ҚӘТС-ке алудың қажеті жоқ.
ҚӘТС-те бұлар сияқты жергілікті сөздермен бірге, әдеби тілге жатпайтын, мағыналарын ешкім түсіне бермейтін басқа да дүбәра сөздер көптеп кездеседі. Енді солардан да біраз мысал келтірелік.
М әрпі бойынша ғана әдеби тілге жатпайтын мына дүбәра сөздерге көңіл аударыңыздар: мағзұр, мағишат, мағмұр (-лық), мағрұр, мағұр (-лан), мағшұқ (-тық), мажази, мажалы, мажуса, мазаж, мазалим, мазарат, маймұн (маймыл), майық, мақалкештік, мақсұра, мақырап, мақшұқ, малал, маламат, мамалыга (тағам аты), ман, манарыс (шапан), мандибулалар, манжақы, мансұп, мантикин, маншы, маңғал (ұста), маңғыл (қасқа), маңқы, мапа, мапағат (таппады), марита, масала (шырақ), матам (қайғы), матбуғат, махал (мезгіл), махбуб, машқар, маштаһат, машурат, машһурат, маяуза, мәгәр, мәделі (күшті), мәжет, мәзкүр, мәкәр, мәкір (-лік), мәл, мәләл, мәләмат, мәлкілде, мәлөл (-дік), мәлі (кез), мәлікзада, мәнзүр (қылмады), мәнзіл2 (атақ), мәни (суы), мәнсүп, мәнфағат, мәрғазап, мәрдүд, мәридалбай, мәрсіл, мәсжад, мәсжід, мәснауи, мәсті, мәсулият, мәтбұғ, мәуріт, мәути, мәфсад, мәһір, мәшкүл, мәшһүт, мәшірап, т.б.
Әдеби тілге жатпайды делініп көрсетілген мұндай сөздердің жалпы саны – 343 сөз. Мұндайлар – М әрпінен басталатын 5082 сөздің 6,75 пайызы. Егер М әрпінің ішіндегі 165 (3,29 пайыз) жергілікті сөздер мен 343 (6,75 пайыз) әдеби емес (көне, кітаби, діни, т.б.) сөздерді, 418 (8,22 пайыз) вариант сөздерді және 1258 (24,75 пайыз) еуропалық сөздердің барлығын қоссақ, олар 2186 (39 пайыз) сөз болады да, М әрпі бойынша әдеби сөздердің үлесіне 2896 (56,98 пайыз) сөз ғана қалады.
Әрине, мұндай есептің 15 томдық­тағы барлық әріптер бойынша түгел жүргізілгені жөн болар еді, бірақ оған бір адамның күші де, уақыты да жетпейді. Бұл жұмыста біз А, К, М әріптері бойынша ғана сөздерді жеке-жеке санадық. Сондағы қол жеткен нәтижелер мынау болды: А, К, М әріптері бойынша барлық 18529 сөздің 21,90 пайызы – еуропаша сөздер, 4,42 пайызы – жергілікті сөздер, 4,45 пайызы – көне сөздер, 8,11 пайызы – фонетикалық нұсқалар. Бұлардың жинақтық саны – 7205 сөз (38,88 пайыз). Сонда әдеби сөздердің үлесіне 11324 сөз ғана қалады. Бұл үш әріп бойынша барлық сөздің – 61,11 пайызын құрайды.
Ойымызды қорытар болсақ, осы үш әріп бойынша 15 томдықта қамтылған атау сөздердің әдебилері 61 пайыздан асса, олардың әдеби еместері 39 пайызға жуық. Біздің шамалауымызша, осы үш әріпке жасалған қорытынды 15 томдықтағы басқа әріптерге де ортақ қорытынды деп есептеуге болады.
Тоқ етерін айтқанда, ҚӘТС-ке алынған атау сөздердің барлығы әдеби тілдің сөздері емес, олардың көпшілігі тілдік тұрғыдан жеріне жеткізіле зерттелмеген, әдеби сыңарлары нақты айқындалмаған, мағыналары дұрыстап сараланбаған, жеке авторлардың сөздері деп түйіндей аламыз.
Ал келесі мақаламызда жат-жұрттық сөздердің сөздікке алынуына кеңірек тоқталатын боламыз.

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері


Баға беріңіз