Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ЛАТЫННЕГІЗДІ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН МЕҢГЕРТУДЕГІ ТРЕНИНГТЕРДІҢ МҮМКІНДІГІ

2.4.2019 1316

Жаңа әліпби бекітілгеннен бастап латыннегізді қазақ әліпбиіне толық көшкенге дейінгі аралықта жүзеге асырылатын шараларды төрт бағытта қарастыруға болады:


Жұмыс түрлері

Жүзеге асыру формалары

Жүзеге асырушы

1

Жалпы үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары

Дөңгелек үстел, семинар, брифинг, конференция, БАҚ жарияланымы, роликтер, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі көрнекі өнімдер (билбордтар, лайтбокстар, көрмелер, баннерлер, және т.б.)

спикер

2

Емле ержесі жобасымен таныстыру жұмыстары

Сынама-сауалнама, сауалнама, ақпараттық сағат, семинар-кеңес

ғалым-әдіскерлер

3


Дағды қалыптастыру жұмыстары

Тренинг, семинар-тренинг

тренер

4

Оқыту жұмыстары

Біліктілікті арттыру курстары

тренер-оқытушы

Осының ішінде біліктілікті арттыру курсына дейін дағды қалыптастыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Дағды деп алғашқыда саналы орындауды қажет ететін әрекеттің жаттығулар нәтижесінде автоматты қалыптасуын айтамыз. Бұл жұмыстар тренингтер, семинар-тренингтер арқылы жүзеге асырылады. Тренинг термині ағылшын тілінің training (тура мағынасында – «жаттығу») сөзінен алынған. Бұл күнде «тренинг» – интерактивті әдістерді қолдану арқылы жүзеге асатын, яғни үйренуші мен бағыттаушының бірлесе жұмыс атқаруына негізделетін заманауи оқыту формасын білдіреді. Ю.Н. Емельянов негізгі ерекшелігін салмақтай келіп, тренингке «іс-әрекеттің кез келген қиын түрін игеру мен оқыту қабілеттілігін дамыту әдістерінің топтамасы» деген анықтама береді [1].

«Тренингті, бір жағынан, толыққанды оқыту үрдісі деп те айтуға келмейді, өзінің аты айтып тұрғандай, көп жағдайда, тренинг – бұл бар, белгілі ақпаратты адамның игеруіне ыңғайлы формада ұсынудың бір түрі» [2]. Тренинг – адамды дағдылануға үйрететін тиімді оқыту формаларының бірі, қысқа мерзім ішінде практикалық қолданыста қажетті әрі тиімді біліктер мен дағдыларды игеруге бағытталған оқу сабақтары.

Тренингтің негізгі мақсаты қатысушылар үшін арнайы практикалық дағдыларды қалыптастыру болып табылады. Кез келген тренингте алдымен тренингтің тақырыбы, мақсаты мен міндеті хабарланып, соңында рефлексия, қорытынды жасалады. Көрсетілген жүйенің сақталуы тренинг барысында көздеген мақсатқа жетуге негіз болады.

Тренингтің осындай мүмкіндігін латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін меңгерту барысында қалай пайдалануға болады? Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалпы түсіндіру, насихаттаудан жазу және оқу дағдысын қалыптастыруға қарай ауысып келеді. Ахмет Байтұрсыновтың пікірінше, орфографияның төмендегі мәселелері назардан тыс қалмауы керек: «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек». Ғалымның пікірінен қорытынды шығарар болсақ, жaзyды үйрeнy төмендегі дaғдылaрды білуден тұрaды:

1) Әліпбидегі әріптерді жaзa білу дағдысы;

2) Дыбыстардың жазылу дағдысын білу;

3) Сөздер мен сөйлемдердің oрфoгрaфиялық қателіктерін түзету дaғдыcы;

4) Түрлі жaттығyды орындау дaғдыcы.

Сонымен, қозғалған мәселеге қайта оралар болсақ, Қарағанды облысында Ресурстық тіл орталығы тарапынан 2018 жылдың шілдесінен бастап осы уақытқа дейін бірнеше мекемеде тренингтер өткізілді. Алғашқы тренингтер әліпбимен таныстыру, жеңіл жаттығуларды орындату арқылы жазу мен оқудың бастапқы дағдысын қалыптастыру, латын графикасында жазу барысында кездесетін қиыншылықтарды анықтау мақсаты көзделді. Соған сәйкес мына өзгерістерді дұрыс қабылдайтындай тапсырмалар топтамасы берілді:

Акутпен жазылатын

әріптер

Á á – A a, Ó ó – O o, Ú ú – U u, Ǵ ǵ – G g, ń – N n, Ý ý – Y y

Диграфпен жазылатын

әріптер

SH – Ш,CH – Ч

Кейбір әріптердің жазылуындағы өзгерістер

Қ – Q; Ж – J; E,Ё,Э – E; И,Й – l; Я – l + A; Ю –l + ý; Х,Һ – Һ, Ц – S

Кейінгі тренингтердің мақсат-міндеті де күрделене түскен. Атап айтқанда, жоғарыдағы мақсатқа енді емле ережелерімен таныстырып, ережеге сай жазғызып дағдыландыру мақсаты қосылады.

Кез келген тренинг мазмұны белгілі бір жүйемен беріледі. Оны шартты түрде былай көрстуге болады: 1) кіріспе бөлім; 2) танымдық бөлім; 3) бекіту бөлімі.

Кіріспе бөлімде тренингтің басты мақсатымен міндеті, танымдық бөлімде қатысушыны белсендендіруге, жаңа дағдыға үйренуге, оқу мен жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталған жаттығулар мен тапсырмалар,бекіту бөлімінде тренинг барысында қатысушылардың үйренгенін пысықтауға бағытталған тапсырмалар беріледі. Тағы қосарымыз, кіріспе бөлімде талданатын мәселе туралы қысқаша түсінік беру үшін шағын дәрістер беріледі.

Тренинг барысында көздеген мақсатқа жету үшін тренерден талап етілетін іс-әрекеттер:

  • Шығармашылық міндеттер қою, яғни тренинг тақырыбына сәйкес нені оқытып, нені үйрететіндігі туралы міндеттерді айқындау.
  • Тренингтің модулін жасау.
  • Тренингке қатысушыларға берілетін таратпа материалдарын дайындау және басып шығару.
  • Көрнекілік құралдарын дайындау (слайдтағы презентация, арнайы плакаттар, т.б.)

Дайындық барысында тренер қатысушыларға қоятын сұрақтарын алдын ала жоспарлап алуы тиіс. Сұрақтар барлық топқа, сондай-ақ жеке адамдарға да арналады. Сондай-ақ қатысушылар тарапынан қойылуы мүмкін сұрақтарға да болжам жасалып, ұтымды жауап нұсқалары қарастырылуы керек. Өткізілген тренингтерде үнемі қойылатын сұрақтар әліпбидегі кейбір әріптердің таңбалануына, шеттілдік сөздердің жазылуына байланысты болып келеді. Әсіресе, әліпбиге енбеген әріптермен келетін шеттілдік сөздерді сындырып, яғни, қазақы дыбыстауға бейімдеп қолдануды аудитория бірден қабылдай қоймайды да, нәтижесінде осы төңіректе қойылатын сұрақтар басқасына қарағанда басымдық алады.

Әдетте, тренингтерге дайындалу барысында таратпа материал ретінде тренерлер тарапынан жаңа әліпби нұсқасы,оқылымға арналған мәтіндер қатысушылардың барлығы қамтамасыз етілетіндей әзірленіп алынады. Аудиторияның техникалық мүмкіндігі көтеретін жағдайда слайд түріндегі тұсаукесер, сонымен қоса плакаттар мен маркерлер т.б. ескеріледі.

Көрнекі құралдарды дайындағанда тренингке қатысушыларды жұптық және топтық жұмысқа жұмылдыру арқылы орындалатын тапсырмалардың ерекшелігі назардан тыс қалмайды.

Ал тұсаукесер мазмұнында не қамтылады? Ресурстық тіл орталығы тарапынан дайындалатын слайдтардың мазмұны ретімен бергенде төмендегідей:

  • тренинг тақырыбы мен мақсаты;
  • жаңа әліпби және әліпбидегі өзгерістер;
  • жазу дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар;
  • қатемен жұмыс жасауға және тексеруге арналған жаттығулар;
  • емле ережесіндегі өзгерістермен таныстыруға арналған жаттығулар;
  • оқу дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар;
  • бекітуге арналған жаттығулар;
  • әлеуметтік желілердегі түрлі акциялар мен жобалардың парақшалары.

Латын графикасына негізделген қазақ жазуына қатысты өткізілетін тренингтердің ең негізгі мақсаты айқын. Алайда тағы бір мақсаты, бұл енді тренердің алдына қоятын мақсаты деуге болады. Ол – жаңа білімді үйрету және дағды қалыптастыру үшін ең тиімді жолдарын, әдістерін игеру. Белсенді интерактивті әдіс түрі ретінде «ой ашар» («мозговой штурм»), шағын дәріс,пікірталасты атап кетуге болады.

Тренинг өткізу барысында күтілетін нәтижелерді айқындау маңызды. Бұл –тренингтің қорытындысын шығару үшін және қатысушылармен кері байланыс орнату үшін ең қажетті құрал. Күтілетін нәтижелерді «ой ашар» әдісімен жүзеге асыруға болады. Нәтижесінде әр қатысушы өзінің семинар-тренингтен не күтетіні туралы айтады. Қолдану барысында өз жемісін беріп келе жатқан әдістің бірі – пікірлесу. Аталған әдісті тренингтің басында, болмаса аяғында қолдану керек деген бұлжымайтын ереже жоқ. Тренингтің барлық кезеңдерінде бірдей қолданыста болады. Әрбір тақырыпты талқылау барысында тренер қатысушылардың ой-пікірлерін сұрап отыруы тиіс, әйтпесе оқыту үрдісі тек біржақты ғана болады, бұл, өз кезегінде, ешқандай нәтижеге әкелмейді. Сол себепті пікір алмасу әдісін жиірек қолдану қатысушылардың өзін еркін сезінуіне, қысылмай сұрақ қойып, белгілі бір сұрақ төңірегінде өз пікірін айтуға, болмаса мүлдем тың деректермен қарулануына түрткі болады.

Тренинг өткізудің түпкі мақсаты – адамды нақты тапсырманы орындауға қажетті білім, шеберлік және бағытпен қамтамасыз ету. Осыны ескеріп келгенде, қазіргі өткізіліп жүрген тренингтерді біліктілікті арттыру курсына дейінгі өтпелі көпір ретінде қабылдаған дұрыс секілді. Тренингте өзгеріс, нәтиже бірден көрінеді. Қатысушылар психологиялық кедергілер мен ішкі қорқыныштан арылып, бейімделу, үйрену кезеңіне өтеді.

Сонымен, тренинг – бұл адамға жаңа ақпаратты, жаңа білімді немесе біліктілікті игертудің тиімді түрі. Оның өзге оқыту түрлерінен артықшылығы да осында. Тренерлер қатысушыларға ақпаратты беріп қана қоймайды, сол ақпаратты игеріп, оны іс жүзінде қолдана білуге үйретеді. Сондықтан да ол нәтижеге бағытталады, қысқа мерзім ішінде мақсатқа қол жеткізу құралы ретінде маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Емельянов Ю.Н. Активное социально-психологическое. – Ленинград: Издательcтво Ленинградского университета, 1985. – 166 с.

2. «Тренерлік шеберлік мектебі (семинар-тренингтерді жүргізудің әдістемесі)» тренингінің материалдары. Алматы: 2013. – 22 б.

3. Торн К., Макей Д. Тренинг. Настольная книга тренера. – Питер: 2001 г. – 208 с.

Тегтер: Емле ережесі, латын графикасы, жазу сауаттылығы
Авторы: ​Жұпар Жақанова, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

74

ақпарат

Журналистерге арналған семинар өтті

125

ақпарат

Ілеспе аударма жүргізудің тиімді әдістері

369

ақпарат

Атауларды жазудың ереже жобасы талқыланды