Қазقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Қазақ тілі сабағында «миға шабуыл» әдісін қолдану

6.9.2017 1530

Мемлекеттік тілді оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – қазіргі заманның талабы. Көп жаңалықтарды іздеп, көңілге түйіп, мәселелер төңірегінде іздену әр ұстаздың негізгі міндетіне айналды. Оқытушылар өз сабақтарында мейлінше жаңаша әдістерді пайдалана отырып, жан-жақты ізденіп, сабақтарын қызықты, әрі тартымды, нәтижелі өткізуге тырысуда. Күнделікті сабақтардың жоғарғы деңгейде өтуінің алғы шарты оның қағидаларында, яғни, стратегияларында. Стратегия дегеніміз – философия, әдістемелік ұстаным. Оқытушы кез келген стратегияның қыр-сырын, әдіс-тәсілін жетік білуі қажет. Сонда ғана сабақ нәтижелі болады. Қазіргі кезде қолданылып жүрген стратегиялардың 80-нен аса түрі бар. Осы әдіс-тәсілдердің тиімдісін және пайдалысын оқытушы өз еркімен таңдайды. Осындай әдіс-тәсілдерді зерттей келе, көңілімнен шыққан, әлімдік озық идеялар негізінде жасалынған жобалардың бірі −«Миға шабуыл» әдісі.

Миға шабуыл әдісін 1941жылы А.Ф.Осборн ұсынған болатын. Алғашқы кезде жарнамалық бизнесте қолданылған бұл әдіс адамның шығармашылық ойлауына қозғау салу мақсатын көздеген болатын. Миға шабуыл– топ мүшелерінің белгілі бір тақырып бойынша белсенді жұмыс істей отырып, соған қатысты айтылған идеяларды өз ішінде талқылап, ортақ келісімге келгендерін негіздеп жазып ұсыну әрекеті. Бұл әрекет оқытушы тарапынан нақты белгіленген уақыт көлемінде орындалуы шарт. [1]

Бұл әдістің негізгі міндеттері:

  • Мүмкіндігінше көп идеяларды жинақтау;
  • Ғылыми немесе оқуға қатысты мәселелерді шешу;
  • Шығармашылық ойды дамыту;
  • Ынтымақтастықты дамыту.

«Миға шабуыл» әдісінің кезеңдері:

  • Мақсатты анықтау (мысалы, белгілі бір мәселені шешу);
  • Қатысушыларды өз идеяларын айтуға үндеу (көпшілікпен жұмыс жағдайында әр қатысушы кезекпен бір идеядан ұсынуы керек, ал топтық жұмыста әр топтан бірнеше идея қатар ұсынылады);
  • Әрбір идеяны тақтаға жазып отыру
  • Басқалардың идеяларын жетілдіру мақсатында қолдану;
  • Идеялардың бірін-бірі қайталамайтындай анық әрі дұрыс құрастырылуын, қайталанбауын қадағалау;
  • Идеяларды жіктеп, жинақтап топтастыру.

«Миға шабуыл» әдісін қолдану ережелері:

  • Миға шабуыл барысында идеяларды сынамайды, бағаламайды, талқыламайды және қорғамайды. Топ ішіндегі жұмыс барысында Сіз тек: «Бұл керемет идея екен!», деп қана айта аласыз, ал жеке-дара жұмыс жасағанда өз-өзіңізге тым сыни көзбен қарамаңыз.
  • Топ мүшелері мейлі ол қандай болсын, әйтеуір ойларына келген кез келген идеялардың, шешімдердің, мысалдардың барлығын ортаға тастауы қажет. Әрбір идея толық айтылуы тиіс. Келесі кезеңде жаңа идеяларды ойлап тапқанша, айтылғандарды ой елегінен өткізіп, ішінен ең ақылға сыйымдысын таңдау оңай болады.
  • Бұл кезеңде идеялардың сапасынан гөрі санының көп болуына назар аударылады. Идеялар саны көп болған сайын, олардың ішінен кейбіреулерінің ең орынды болады дегендеріне сенімділік те арта түседі. Егер жеке-дара жұмыс жасаған болсаңыз, өз ой-пікірлеріңізді қағазға түртіп жазып отырыңыз.

Айтылғандардың ішінен енді өзге жаңа идеяларды ажыратып алады. Оларға түсінік беру мен түзетулер енгізу де шығармашылық шабыт қажет. Топ мүшелерінің қай қайсысы да идеяларды жетілдіруге, басқа нұсқаларын ұсынуға құқылы. Сондықтан қолыңызда бар идеяларды тағы бір қарау артық болмайды, мүмкін олар тағы да бір жаңа идеялардың тууына алғышарт қалыптастырады. [2]

«Миға шабуыл» әдісінің артықшылықтары:

  • Уақыт үнемделеді;
  • Топпен жұмыс істеу барасында қатысушылар арасында ынтымақтастық, сыйластық қасиеттер жақсы дамиды;
  • Ой еркін түрде жеткізіледі;
  • Кез келген пәнге қолдануға болады;
  • Қиын тақырыптарды оңай меңгеруге көмектеседі;
  • Ізденушілік, шығармашылық қасиеттер дамиды.

Мен өз сабағымда бұл әдісті көп қолданамын. Себебі бұл әдісті үй тапсырмасын сұрау кезінде де, жаңа сабақты түсіндіру барысында да, сабақты бекіту, қорытындылау және рефлексия кезінде де қолдануға болады. Мысалы, жалғастырушы деңгей бағдарламасындағы «Ғаламтор менің өмірімде» тақырыбын өткен кезде осы әдісті кері байланыс үшін қолдандым. Тіл үйренушілерге мынадай сұрақ қойылды: Ғаламтор бізге не үшін керек? Осы сұрақ төңірегінде өздерінің ойларын айтуға ұсыныс жасадым. Барлық ой-пікірлерді қабылдап, жазып алдық. Тыңдаушылардың арасында ғаламтор жаңалықтарды, қажетті ақпараттарды оқуға қажет десе, енді біреулері көп уақытты алады, көзге зиян келтіреді деген пікірлер айтты. Дегенмен басым көпшілігі ғаламтор-ақпаратты тез алуға, уақытты үнемдеуге, құжат алмасуға көмектеседі деген тұжырымдаманы ұсынды. Ереже бойынша барлық идеялар айтылып болған соң, қойылған сұрақ қайта еске салынды. Айтылған пікірлер бойынша қандай қорытынды жасауға болатынын сұрап, бұл әдіс бойынша жұмысты аяқтадым. Тыңдаушылар «Ғаламтор-заман талабы» деген қорытындыға келді.

Тыңдаушылардың қызығушылығын сабаққа аудару үшін де бұл әдісті қолдануға болады. Тереңдетілген деңгей тындаушыларымен «Тіл білудің пайдасы» тақырыбын өту барысында тіл үйренушілерден тақырып бойынша бір немесе бірнеше сөйлемнен тұратын ақпарат беруін сұрадым. Әр тіл үйренуші өз идеясын параққа жазды. Оған 5 минут уақыт бердім. Барлығы жазып болған соң, біртіндеп оқып шықты. Идеяларды тыңдап негізгілерін тақтаға жаздым. Жазылған идеяларға сүйене отырып, жаңа сабақты түсіндірдім. Бұл жағдайда барлық тыңдаушылардың назары сабаққа ауады. Себебі, әр тіл үйренуші өзі айтқан пікірдің дұрыстығына көз жеткізу үшін оқытушыны мұқият тыңдайды.

Сол сияқты, сабақты қорытындылау кезінде бұл әдісті қолдану тиімді. Миға шабуыл әдісі бойынша тыңдаушыға сабақта неше сөз есіңде қалғанын жазу ұсынылады. Әр тыңдаушы есте қалған сөздерін жазып болған соң, жалпы санын көрсетеді. Осылай қай тыңдаушы ең көп сөз есте сақтағаны анықталады. Оқытушы өз тарапынан қандай сөздер тіл үйренушілердің меңгеруіне жеңіл болғанын ескереді.

Қорыта айтқанда, оқыту үдерісінің нәтижелі болуы оқытушының сабақ беру шеберлігіне, сабағын қызғылықты жүргізіп, зейін қойдыра білуіне, тыңдаушылардың өздігінен білім алуға үйренуіне байланысты. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, тіл үйретуде ұтарымыз анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. http://www.grandars.ru/student/marketing/metod-mozgovogo-shturma.html

2. Білім берудегі менеджмент 2013ж, №12, 78-82 бет

Тегтер: қазақ тілі, тіл үйрету, миға шабуыл
Авторы: Сабирова Әсел Жамбылқызы, Бұланды ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің әдіскері