«ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ ХАБАРШЫ» БЮЛЛЕТЕНІ МАҚАЛА ҚАБЫЛДАЙДЫ

Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 сәуір, 2024

 

Республикалық терминология комиссиясының «Терминологиялық хабаршы» электронды бюллетені – отандық лингвистика ғылымында қазақ тіліндегі терминдер туралы жан-жақты саралап отыратын бірден бір  басылым.

Жылына екі-ақ рет жарық көретін электронды басылым беттерінде жаңа терминдер мен олардың негіздемелері, шығу тегі мен тарихы хақында сала ғалымдары мен тіл жанашырлары ой тербейді. Сондай-ақ, Республикалық терминологиялық комиссия мақұлдаған жаңа терминдер ат ізін суытпай жарияланып тұрады.

Бұдан басқа терминдерді біріздендіру мен іріктеудің мәселелері, оларды шешу жолдары, шетелдік тәжірибе, олардағы қолданыстағы критерийлер мен олардың қазақстандық ортаға бейімділік талаптары туралы жарияланымдарды үзбей оқи аласыздар.

Сөз жоқ, ұлтты танудың қайнар көзі ретінде тіл үлкен құндылыққа ие, әрі ұлттық дүниетанымның коды болып табылады. Ака­демик Өмірзақ Айтбайұлының пікіріне сүйенсек, «Тілдің өмір­шең­ді­гінің басты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің тірегі – терминология. Ұлттық терминология өркендемей, ұлт тілінің де өрісінің кеңейе қоюы неғайбыл»

Ең бастысы, «Терминологиялық хабаршы» бюллетеніне мақала жолдау арқылы осы тіл майданына ат салыса аласыздар. Барша тілші ғалымдар мен зерттеушілерді, студенттер, магистранттар және докторанттарды мақала жазуға шақырамыз. Мақала жариялау тегін, ал үздік ғылыми мақалаға қаламақы қарастырылған.

Бұл – бір жағынан, ана тіліміздің алдындағы перзенттік парызымыз іспетті болса, сайып келгенде, ортақ іске қосылған нақты үлес.

Ұсынылатын мақалаға қойлатын талаптар, жариялау тәртібі мен рәсімдеу үлгісі арнайы Ережеде көрсетілген.  Оған мына сілтеме бойынша өтуге болады: https://disk.yandex.com/d/r2slf7nhJwLAww

Мақала жолдауға асығыңыздар, құрметті тілші-ғалымдар мен ізденуші жастар!


Баға беріңіз