Қазақы әліпби жасап шығару ісіне жаңаша көзқараспен келуіміз қажет

Латын әліпбиіне көшу елімізде қызу талқылануда. Маңызды мәселеге қатысты еліміздің өңірлеріндегі тіл мамандары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері өз ойларын білдіруде. Осы тақырып төңірегінде «Был...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 қыркүйек, 2017

- Қоғамдық резонанс тудырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні неде?

- Әлемге әйгілі ойшыл Генри Фордтың «адам өзгеруін тоқтатқан кезде өледі» деген сөзі бар. Демек, біздің алдымызда халықаралық талаптарға толықтай жауап беретін жаңа мемлекет қалыптастыру міндеті тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселесін қозғауының астарында да үлкен философиялық, стратегиялық мән жатыр.

- Айтуыңыз орынды. Десе, қаріп тақырыбына байланысты пікірлер ортақ арнаға тоғысып жатыр деу қиын…

- Қалай десек те, осы жылдың аяғына дейін латын графикасының жаңа үлгісін қабылдауымыз қажет. Осы мәселе сәуір айында төтесінен қойылған кезде, «бұл мүмкін емес. Еш үлгермейміз де. Алдымен кешенді дайындық жұмыстары керек» деген пікірлер айтылды. Бірақ, міне арада аз уақыт өтті. Әліпби үлгісі Парламент деңгейінде талқыға түсті. Ендігі міндет, меніңще қазақ тілінің табиғатын айқындап тұратын «ұ», «ү», «і», «ө», «ғ», «ң», «қ» сынды әріптерді дұрыс таңбалау. Яғни, әліпби жасаған уақытта осынау ерекше қаріптердің дұрыс дыбысталуын басты назарда ұстау қажет. Және бұл мәселеге ғалымдар ғана емес, жастар да тікелей араласуы керек. Әйтпесе, біз көп жағдайда жастардың пікірін ескере бермейміз. Яғни, латын графикасына негізделген қазақы әліпби жасап шығару ісіне жаңаша көзқараспен келуіміз қажет.

- «Латын әліпбиі енгізілсе, орыс тілі тасада қалады» деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Осы мәселеге байланысты сіздің ойыңызды білсек.

- Меніңше, мұндай пікірлер негізсіз. Әңгіме жазба қазақ тілін латынға ауыстыру туралы болып отыр. Орыс мектептерін жабу, орыс тілінде ақпарат таратуға тыйым салу сынды мәселелер мүлде қозғалып отырған жоқ қой. Ендеше, қарап отырып дүдараздық туғызудың қандай жөні бар? Латын әліпбиіне көшу тек қана қазақ халқының мәселесі емес. Бұл – қазақстандықтардың барлығына ортақ жағдай. Демек, түсіндіру, ақпараттық насихат жұмыстарына Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылымы да тікелей араласуы тиіс. Жалпыхалықтық деңгейге көтерілген әліпби ауыстыру бастамасы табысты нәтижеге, ғаламдық өркениетке бастайтынына сенемін.

- Әңгімеңізге рахмет!




Баға беріңіз