Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Латын алфавиті - ғылыми кеңістікке енудің төте жолы

22.9.2017 1483

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқталып келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» десе, сол жылы жаңа жыл қарсаңында отандық жетекші телеарналар өкілдерімен кездесу кезінде: «Латын қарпі бізге дүниежүзінің халқымен, әлемнің ғылым-білімімен қарым-қатынас үшін керек.

Егер латын әліпбиін енгізуге ақылмен келе алсақ, біз компьютер тіліне көшеміз, балаларымызға және бізге экономикалық және ғылыми кеңістікке енуге оңайырақ болады. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, бұл – келешектің талабы. Сондықтан біз осыған ұмтылуға тиіспіз. Бірақ бұл мақсатқа біз үлкен сарабдалдықпен, байыптылықпен келуіміз керек» деп атап өткен болатын. Бұған қоса, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл мәселеге қайта оралып, қазақ әліпбиінің тым тереңнен ­тамыр тартатынын сөз ете келіп: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын ­бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз» деді. Бұл – ел болашағы үшін жасалған, еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделінің артуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және ана тіліміздің келешегі үшін жасалған ғылыми-әлеуметтік мәні зор батыл қадам.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру ана тілінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады, қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге айтарлықтай үлес қосады.
Алдымен, латын әліпбиіне көшу – компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін еніп, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады.
Екіншіден, генетикалық тамырымыз, рухани әлеміміз, тарихымыз бен тіліміз ортақ түркі халықта­рының біразы латын графикасын қолданады. Жазуды алмастыру арқылы түбі бір түркі дүниесінің тек тілдік коммуникацияда ғана емес, олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастағы байланысына да оң ықпалын тигізеді.
Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы кирилл-қазақ әліпбиімен салыстырғанда, таңба саны азаяды. Бұл дегеніміз – экономикалық маңызы да зор мәселе. Таңба санының азаюы оқу-жазу жұмысын жеңілдетумен қоса, уақыт, материал және қаржы мәселелерін үнемдеуге де ықпал етеді.
Төртіншіден, латын графикасына көшу қазақ орфографиясындағы түйткілді мәселердің шешілуіне де жаңа мүмкіндік туғызады. Кезінде орыс тілінен енген сөздер үшін енгізілген в, ф, ч, ц, щ сияқты дыбыстармен қоса, жасан­ды­лықпен енгізілген и, у, ю, я дыбыстарының өзі төл орфографиямызды қиындатып жіберді. Мый, сыйыр деп айтқанымызбен, и әрпін қолданысқа енгізу үшін ми, сиыр деп жазып үйрендік. Тіліміздің табиғатында дауысты у дыбысы жоқ болса да, келіу, қазыу деп айтылатын сөздерді келу, қазу деп жазу арқылы жасанды дауысты дыбыс жасадық. Сондықтан латын графикасына өтуде орфографияны жөндеп алу – ұлт ұпайын асыратын маңызды шара. Себебі кирилл графикасы мен латын графикасындағы қазақ дыбыстарының таңбалануындағы өзгешеліктер орфографиялық мәселелерді туындатады. Осы мәселелер шешілмей, сауаттылық та жоғары деңгейге көтерілмейді. Сондықтан орфография мәселелері кезек күттірмейтін бірінші кезектегі мәселе болып саналады. Қазақ әліпбиіндегі дыбыстар құрамын қайта қарау арқылы жоғарыда аталған дыбыстар мен әріптерге бола енгізілген 60-қа жуық емле ережесі өзгеріп, оның саны 3-4 есеге дейін азаятынын ғалымдар айтып жүр. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі – ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі. Сондықтан латын графикасына көшу арқылы, біріншіден, әріп санын, екіншіден, емле ережелерін қысқарту арқылы төл әліпбиімізді оңтайландыруға, жетілдіруге нақты қадам жасаймыз.
Әрине, қандай реформа болмасын, қиындықсыз болмайтыны белгілі. Сол сияқты латын әрпіне көшуде қиындықтар болады. Оның алғашқысы әліпби қабылданғанға дейінгі кезеңде болады. Ең бастысы – қай графиканы таңдауға байланысты қоғамдағы әртүрлі көзқарастың болуы. Бұл – кез келген демократиялы қоғамға тән құбылыс. Бір топ латын графикасынан гөрі тарихи тамырымыз – көне түркі жазуына, екінші топ дініміз біріктіретін араб графикасына көшуді жақтаса, үшінші топ үйреніп қалған кирилл әліпбиінен ажырағысы келмейді. Сөз жоқ, көне түркі жазуы – терең тарих қойнауындағы рухани асыл қазынамыз. Әзірге сала мамандарының ішіндегі ең азғантай топтың ғана уысындағы бұл кәусар бұлаққа түркі баласының түгел сусындайтын заманы да болар. Екінші қиындық қаріп таңдау мен емле ережелерін бекітуге байланысты. Әртүрлі сала мамандары ұсынған 100-ден асқан жобаны ұсынушылардың әрқайсысының өз уәждері бар. Бірақ оның 90 пайызы – графика ауыстыруды тек бір графикадағы әріпті екінші графикадағы әріппен ауыс­тыру деп тар шеңберде қарастырудан туған пікірлер. Ал шын мәнінде әріп – дыбыстың шартты таңбасы. Әліпби жасауда белгілі бір дыбысты бейнелеу үшін оның дыбыстық құрамы, жасалымы, айтылымы, естілімі, қолданыстағы позициясы, т.б. факторлардан туындайтын, сол арқылы тілдің орфографиялық заңдылықтарының түзілуіне ықпал ететін тек қана лингвистер, оның ішінде фонетист ғалымдар аңғаратын, солардың құзырындағы біраз түйткілді мәселенің бар екенін назарда ұстауымыз керек. Әрине, әліпби таңдауда компьютер білгірлерінің, психологтар мен баспагерлердің, басқа да сала мамандарының кеңесі ауадай қажет. Бұл аталған шараның бүкіл қоғамға ортақ ауқымды іс екенін аңғартады.

Тегтер: латын алфавиті, латын әліпбиі, кириллица

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

242

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

281

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

347

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?