Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Дүниежүзі қазақтары V құрылтайы

21.9.2017 1006

I. Кіріспе

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы болашақта ең дамыған 30 елдің қатарына қосылып, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды басты мақсат етіп отыр. Бұл мақсат-идеяны жүзеге асыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша толық әрі тиімді пайдаланумыз керек. Нақтырақ айтқанда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын барынша жақсартып, қорғаныс қабілетімізді күшейтіп, мәдени-рухани жетістігімізді жаңа деңгейге көтеруге тиіспіз. Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруда шетелдегі қазақ диаспорасын да тиімді пайдаланғанымыз жөн. Қазіргі кезде Қазақстаннан тыс жерлерде 5 млн.-нан астам қандастарымыздың тұрады. Бұл жер бетіндегі бүкіл қазақтың үштен бірі, яғни, өз алдына жеке бір мемлекет болатындай қалың халық. Осы қалың халық Қазақстан Республикасының алдағы өсіп-өркендеуіне сан-салада үлкен үлес қоса алады. Бұл ретте ең алдымен мына мәселені айрықша атап айтымыз керек. Қазақстан Республикасының жері ұшан-теңіз кең; ал тұрғын халқы онымен салыстырғанда өте аз – бар болғаны 17 миллионнан енді ғана асты. Ал соңғы уақытта жер бетіндегі халық барынша тез өсуде. Соған орай бір елден екінші елге заңды және заңсыз мигранттардың ағылуы толассыз көбеюде. Бұл тасқанға, басқаларды былай қойғанда, Еуропаның ең мықты мемлекеттерінің өздері де тосқауыл қоя алмай отыр. Мұндай жағдай болашақта Қазақстанға да келуі әбден мүмкін. Яғни, алдағы уақытта ұшан-теңіз бос жатқан жерімізге қызығушылардың барынша көбейе түсетіні анық. Мұның өзі елімізге белгілі бір дәрежеде қауіп төндіретінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Міне осы қауіптің алдын алуға қазірден бастап кірісуіміз қажет. Ал бұл жөнінде жүзеге асыралатын жұмыстардың ең бастыларының бірі – шетелдегі қазақтарды қазірден бастап атажұртқа көбірек жинау. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 25 жылда біраз игілікті істерді жүзеге асырып, айтарлықтай мол тәжірибе жинады. Бұған осы кезеңде атажұртқа 1 миллиондай қандастарымыздың оралғаны дәлел. Олар Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салада бүгінгідей биік деңгейге көтерілуіне ұшан-теңіз үлес қосты. Ал егер осы 1 миллиондай оралмандар келмегенде Қазақстан Республикасының дәл бүгінгідей дәрежеге жетуі екі талай еді. Бұған нақты дәлел келтірейік. Қазақстан Республикасының халқының саны тәуелсіздік алған кезде 16 миллонның төңірегінде еді. Ал содан бергі 25 жылда бұл көрсеткіш 17 миллионнан сәл ғана асты. Яғни, 25 жылда еліміздің тұрғындары 1 миллиондай ғана адамға өскен. Және бұл өсім негізінен сырт жерлерден келген қандастарымыздың есебінен болған. Ал егер осы жылдарда оралмандар келмесе Қазақстан халқы 25 жылғы бұрыңғы деңгейінен бір адамға да өспей бір орынында тұра беруі әбден мүмкін еді. Ондай жағдайда елдің өсіп-өркендеуі неғайбыл екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Бұл ретте біз халық саныныңы өсуінен өзімізбен көрші мемлекеттерден әлдеқайда кейін қалып келе жатқанымызды да мойындауға тиіспіз. Мысалы, бізбен көрші Өзбекстан халқының саны тәуелсіздік алған жылы 21 миллиондай еді. Ал содан бергі 25 жылда бұл елдің халқы 32 миллионға жетті. Яғни, 11 миллионға өскен. Бұл Қазақстандағы 1 миллион өсіммен салыстырғанда аспан жердей алшақ екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан Республикасындағы халық санының өсімі көршілес жатқан елдермен салыстырғанда осыншалықты кейін қалуы болашақта қандай жағдайға апарып ұрындыратын тап басып айтудың өзі қиын. Дегенмен қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Бұл кездейсоқтық емес. Қазақстан үкіметінің бүгінгі таңда бас қатырып ойланатын ең басты мәселелерінің бірі міне осы демографиялық жағдай болуға тиіс. Нақтырақ айтқанда Қазақстан Республикасының болашақтағы біртұтастығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылып «Мәңгілік Ел» болуы демографиялық жағдаймен де тығыз байланысты екендігін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Ал бұл мәселені дұрыс шешуде жоғарыда айтқанымыздай шетел қазақтарының мүмкіндігі айрықша мол екендігі даусыз.

Соған орай, Дүниежүзі қазақтарының Y құрылтайында ортаға қойылатын ең негізгі тақырып – шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету және олардың атажұртқа мүмкін болғанша көбірек оралту жөніндегі өзекті мәселелер жөнінде болуға тиіс. Әрине, жиын Елбасы қатысып, арнайы баяндама жасайтын халықаралық басқосу болғандықтан бұл мәселелер ұрандатқын қызыл сөзбен емес, астарлы, дипломатиялық шарт-талаптарға сай келетін әңгімелермен жеткізілуі де өте қажет.

Әрине, бұған қарапY құрылтай басынан аяғына дейін көші-қон мәселесіне арналуы қажет деген де ұғым тумағаны жөн. Бұл ретте, мына мәселені де ескерте кеткіміз келеді. Бізде оралмандар туралы мәселе көтеріліп, көші-қон тақырыбы ортаға қойылса, шетелдердегі 5 миилион қазақты тез арада атажұртқа түгелімен көшіріп әкелу керек деген ұсыныстар да айтылып қалады. Ал шындап келгенде олардың бәрін бірден көшіріп әкелу мүмкін емес. Оның себептері –алуан түрлі. Соған орай, біз шетелдегі қазақтардың жыл сайынғы табиғи өсімін әкеліп отырсақ та үлкен жетістік болар еді. Бірақ қазіргі кезде ол да жүзеге аспай отыр. Соған байланысты шетелдегі 5 миллион қазақтың басым көпшілігі алдағы уақытта да қазіргі жерлерінде отыра беретіні анық. Соған байланысты болашақта шетел қазақтарына қолдау көрсету жұмыстары төмендегідей екі бағытта жүргізілуге тиіс.

Бірінші–сырт жерлердегі қазақ диаспорасының ұлттық ерекшелігін, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамыта беру үшін оларға бұрынан тұрып жатқан жерлерінде қамқорлық көрсету.

Екінші – сырт жерлердегі қазақ диаспорасының оралман ретінде атамекенге біржолата көшіп келуіне жағдай жасау.

Дүниежүзі қазақтарының Y құрылтайында осы екі мәселе де кеңінен талқыланғаны дұрыс. Енді шетел қазақтарының қолдау көрсетуді қажет ететін мәселелеріне жеке-жеке тоқталайық.

II. Шетелдегі қазақтарының ұлттық рухани саладағы мұқтаж мәселелері

Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасы мәдени саладағы қолдауға өте мұқтаж. Өйткені, олардың болашақта ұлт ретінде сақталып қалуы осы мәселеге келіп тіреледі. Өркениетті елдердің көбі шетелдегі ұлтттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасайды. Қазақстан Республикасы да шетелдегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек. Сондай-ақ, шетелдердегі қазақ жастарының арасынан әдебиет пен өнерге бейім дарындыларды тауып, тәрбиелеуге нақты көңіл бөлінуі өте маңызды.

Шетелдегі ағайындарымыз оқу-білім және ана тілі мәселесі жөнінен де қолдауға өте мұқтаж.Мысалы, бұрын Қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесіне сәйкес ұлты қазақ шетелдік азаматтар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде тегін білім алуға құқылы еді. Соған орай, шетелдегі қазақ жастары Қазақстанға келіп, кез-келген жоғары оқу орынына конкурстық негізде түсе алатын. Бұған қоса оларға екі пайыздық мөлшерде квота бөлінетін; 1500 талапкерге арналған дайындық курстары да жұмыс істейтін. Бірақ ендігі жерде бұл жеңілдіктердің де болашағы күмәнді болып тұр. Яғни, жақында біздің қолымызға ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындаған жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесінің жаңа жобасы тиді. Бұл жаңа ережеде шетелдік қазақ жастарына арналған жеңілдіктер мүлдем алынып тасталған. Яғни, бұл ереже осы қалыпымен бекілсе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп, оқып, білім алуы біржолата тоқталады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мұндай ережені қандай қисынға сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз. Қазіргі кезде басқа елдерді былай қойғанда, көрші Ресейдің өзі жер жүзіндегі барлық отандастарына оқу-білім жөнінен есігін айқара ашып қойған. Соның нәтижесінде, Қазақстанда мектеп бітірген жастардың да біразы сол жаққа кетіп, тегін оқуға түсіп жатыр. Біз ең болмаса солардан неге үлгі алмаймыз?

Және бір таңқаларлығы, бұл жаңа ережеде Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтағы жоқ шетелдік азаматтардың тегін оқу мүмкіндігі бұрыңғысынша сақталып қалған. Демек, бізге өз ағайындарымыздан көрі өзге шетелдіктер әлдеқайда артық болғаны ма?

Мұндай қиыншылықтар тізіп айта берсек, біраз баршылық. Ал мұның өзі шетелдегі қазақтардың бүкіл қазақ халқына ортақ мәдениеті мен өнерін, ана тілін аман сақтап, дамыта беруге айтарлықтай кедергі жасап отыр. Ендігі жерде осы мәселелерге жанашырлық көзқарас өте қажет.

Шетелдегі ағайындарымызға қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары жөніне қолдау жасау да үнемі назарда болғаны жөн. Кешегі Кеңес үкіметінің тұсында көршілес республикаларда тұратын қазақтарға қазақша кітаптар, газет-журналдар көптеп тарайтын. Қазір бұл мүлдем дерлік тоқталған. Тек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан жарық көретін «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы ғана алыстағы ағайындарға барып тұрады. Бірақ бұл басылымдардың да жарық көріп, өз оқырмандарына жетуінің түрлі қиындық-кедергілері бар.Мысалы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қайта құрылуына байланысты қаржылық қолдау тоқтап, «Алтын бесік» атты журналы жарық көрмей қалды.

III. Шетел қазақтарының көші-қон саласындағы мұқтаж мәселелері

Жоғарыда айтқанымыздай,Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғаннан бергі қол жеткізген үлкен табыстарының бірі - атажұртқа бір миллиондай қандастарымыздың оралып, олардың демографиялық жағдайымыздың жақсарып, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосуы. Мұндай жаңалықтар өзімізбен көрші республикалардың ешқайыссында да болған емес. Мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан республикаларының сырт жердегі диаспорасының мөлшері біздегіден көп болмаса, аз емес; соған қарамастан олар әлі күнге бір де бір қандасын атажұртқа көшіріп әкелген жоқ. Керісінше, олардың халқы жүз мыңдап өзге елдерге кетіп жатыр. Армян халқының үштен бірі Арменияны тастап шетелдерге көшіп кеткен.

Міне, осылармен салыстырғанда Қазақстан Республикасының шетелдердегі қандастарына жан-жақты қамқорлық жасап, атажұртқа жаппай көшіріп әкелуі - қай жағынан болса да мақтан етуге тұрарлық жетістік. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кезде бізде де оралмандар көші біраз азайды. Оның себептері әртүрлі.Енді осыларды рет-ретімен түсіндірейік:

Біріншіден, бізде көші-қонға байланысты заңдар мен ереже-тәртіптер жиі өзгереді. Соның салдарынан оралмандарды былай қойғанда, көші-қонмен айналысатын мамандардың өздері де ол ереже-тәртіптерді нақты білмейді. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Алматыда көші-қонға қатысты қалалық мекемелердің басы қосылған дөңгелек үстел болды. Біз осы басқосуда «өзбекстандық оралмандар Қазақстан азаматығын алу үшін, алдын ала Өзбекстан азаматығынан шығып келуі керек пе?» деген сұрақ қойдық. Бұл сұрағымызға қалалық көші-қон полициясының өкілі: «Міндетті түрде шығып келу керек» деген жауап берді. Осыдан кейін арада аз уақы төткенде Астана қаласында да тура осындай бас қосу болды. Біз мұнда да өзбекстандық оралмандарға қатысты сұрағымызды қайталадық. Міне, осы кезде жиынға қатысып отырған республикалық көші-қон полциясының өкілі «Қазақстан азаматтығын алу үшін олардың Өзбекстан азаматтығынан шығып келуі міндетті емес» деп, мүлдем басқаша жауап берді.

Көші-қон полициясының өкілдерінің бір мәселеге осылай әртүрлі жауап беретіні жалғыз бұл емес, әр жерден де байқалады. Оралмандарға байланысты дау-дамайлар мен түсініксіз жағдайлардың көбі көші-қондағы ереже-талаптардың осындай бір жүйеге түспеуінен туындайды.

Екіншіден, көші-қонға байланысты заңдар мен ереже-талаптарды қалың жұртшылыққа, әсіресе, шетелден келген оралмандарға дұрыс түсіндіру және бұлжытпай орындалуын қадағалау да кенже қалған. Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын моңғолиялық 800 оралман туралы даулы әңгіме көтерілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында олар Қазақстаннан жәбір-жапа шеккендер сияқты етіп көрсетілді. Ал шындығында олар Қазақстанға келіп, оралман ретінде азаматтық қақұжат өткізіп, сол үшін отбасы мүшелерінің санына қарай 200-300 мың теңгеден бір миллионға дейін ақша алып, пайда тауып, сосын Моңғолияға қайта кетіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқандар еді. Олардың арасында Қазақстанға келмеген, тек паспортын беріп жіберіп, оралман атанып, ақша алғандар да бар болатын. Өркениетті елдер мұндай жағдайға ешқашан жол бермес еді; ең құрығанда, азаматтықтан шығару үшін алған ақшаларын қайтаруды талап етер еді. Ал бізде мұның бірі болған жоқ. Көші-қонмен айналасатын мемлекеттік мекемелерден мұның мәнісін жұртшылыққа дұрыс түсіндірген де ешкім байқалмады.

Үшіншіден, бізде оралмандар мәселесін саясатқа айналдыру барынша кең тараған. Мысалы, біреу ұлтжанды қайраткер ретінде көрінем десе, немесе жаңадан партия не қоғамдық ұйым құрса, тіпті, сайлауға түсіп, депутат атануға ниеттенсе де, аяқ астынан оралмандардың жанашыры болып шыға келеді. Және олар ең алдымен бұл саладағы заң және ереже-тәртіптермен жан-жақты танысып, сосын оның бәрін оралмандарға дұрыстап түсіндіру керек екенін ескермейді. Керісінше, қызыл сөзбен қисынға келмейтін әңгімелер айтып, оралмандарды да, өзге жұртты да шатастырады. Мысалы, «Оралмандарды міндетті түрде оралман басқару керек» деген сияқты заңға сәйкес келмейтін талап кою - осының нақты бір көрінісі. Мұндай заңсыз әңгімелер оралмандарға байланысты дау-дамайды одан сайын үдете түседі.

Төртіншіден, қазір оралмандар төңірегінде неше түрлі делдалдар көбейген. Олардың біразы аудандық, қалалық көші-қон полиция кеңселерін төңіректеп жүреді. Мұндай делдалдар көші-қон жөніндегі заң мен ереже-тәртіптерді өздері де дұрыс білмейді, оралмандарға да теріс әңгіме айтып, шатастырады. Кейбіреулері әрқилы алаяқтықпен де айналысады. Бұл да оралмен жөніндегі дау-дамайдың өрбуіне өз әсерін тигізеді.

Бесіншіден, оралмандардың азаюына бұл саладағы жемқорлықтың барынша асқындауы себеп болды. Мұндай жағдай оралмандарға арнайы ақша бөліп, үй сатып алып беруден басталды. Ал баспана орынына оралмандарға нақты ақша беретін болғанда жемқорлық тіптен асқындады. Әсіресе, өмірде жоқ адамдардың құжаттарын қолдан жасап, оралман ретінде тізімге енгізіп, ұшан-теңіз қаржыны жымқыру ете калды. Әуелі үй алып, сосын ол үйін басқаларға сатып, пайда табушылар да шықты. Солтүстік Қазақстан облысына оралман ретінде тіркеліп, 1 миллиардқа жуық жәрдемақы алған 700 оралман отбасының аяқ астынан ізім-ғайым жоқ болғаны баспасөз бетінде жарияланып, қылмыстық іс қозғалды.

Алтыншыдан, - оралмандарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру мәселесі де қиындады.. ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің бекіткен қазіргі ереже ереже-тәртіптеріне сәйкес, шетелдік қазақтар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін бірнеше құжат жинап, өткізеді. Солардың ең бастыларының бірі - бұрыңғы тұрған елінің құзіретті органы куәландырған соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама. Бірақ мұның біраз қиыншылықтары бар. Мысалы, Қытайдағы ағайындар мұндай анықтаманы алу өте қиын, тіпті, мүмкін емес дейді. Ең бастысы, алған күнде де ол анықтаманы куәландару үшін міндетті түрде Бейжіңге не Шанхайға бару керек. Басқа жерде ол анықтаманы ешкім де куәландырмайды. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қарапайым қазақ сонау бір қиырдағы Бейжің мен Шанхайға барып, соттылығы жоқ деген анықтаманы куәландырып әкеле ала ма? Оған шамасы, қаржысы жете ме? Бұл – өте күмәнді мәселе.

Жалпы, соңғы жиырма жылда Қытайдан Қазақстанға 100 мыңға жуық ағайындар қоныс аударды. Бірақ олардың ешқайыссы да атажұртқа жету үшін ең алдымен бір қиырдан құжат жинап, осынша әуреге түскен жоқ еді. Тіпті, мұндай талап шекараны тарс жауып отырған кешегі Кеңес Одағының кезінде де болмаған. Ал сонда бүгінгідей тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүкіл әлем таныған мемлекет болған кезімізде, атажұртқа бет бұрған ағайынды әуре-сарсаңға салатын мұндай ереже-талапты кім ойлап шығарған? Бұл түсініксіз.

Жетіншіден, - оралмандарға азаматтық беру жөнінде де қиындықтар бар.. Мысалы, бұрын оралман атажұртқа келген бойда тұрақты тұруға қажетті құжаттарын дайындап, оған қоса бұрыңғы тұрған елінің төлқұжатын өткізіп, Қазақстан азаматтығына оңай қол жеткізетін. Ал қазір алыстан келген ағайын ең алдымен оралман мәртебесі мен ықтияр хат алады. Содан кейін азаматтыққа құжат өткізіп, өзіне Қазақстан азаматтығы берілген Президент Жарлығын күте бастайды. Содан белгілі бір уақыттан кейін Жарлық та шығады. Бұрын оралман мұндай Жарлық шыққан бойда көші-қон полициясына барып Қазақстан азаматтығының жеке куәлігін ешқандай ың-шыңсыз бірден алатын. Ал қазір бұл да барынша қиындаған. Яғни қолданысқа енген соңғы ереже бойынша Қазақстан азаматтығына қабылданған оралман отыз күн ішінде өзі бұрын тұрған елдің өкілетті органына яғни елшілігіне барып төлқұжатын өткізіп, ол жақтағы азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама әкелу керек. Егер бұл мерзімге үлгермесе әкімшілік құқық бұзушы ретінде жауапқа тартылады. Бұл жөнінде облыстық көші-қон полициясы басқармасы оралманнан арнайы міндеттеме жаздыртып алады.

Бірақ мұндай анықтама алу да өте қиын. Мысалы, біз білетін бір оралман төлқұжатын өткізіп, азаматтығықтан шығару туралы өтінішін Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігіне биылғы жылдың наурыз айында өткізген, ал оның жауабын алдағы жылдың мамыр айында алмақшы. Демек, тиісті анықтаманы бір ай ішінде ешқашан да ала алмайды, соған байланысты ол қазір әкімшілік құқық бұзушының қатарына қосылып, енді өзінің қандай жазаға тартылатынын күтіп отыр.

Және бір таңқаларлығы, мұндай оралман Қазақстан Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан азаматы, ал қолындағы төлқұжаты бойынша Өзбекстан азаматы, ал сонда мәселе бір жақты шешілетін бір жылға дейін ол кісі не істейді, қай елдің азаматымын деп жүреді - оны өзі де түсінбейді. Мұны тіпті, ҚР Ішкі істер министрлігі мен оның көші-қон полициясы басқармасындағылар да білмейтін болса керек.

Бұл жөнінде және бір «қызық»мәселе бар. Өзбекстаннан келген оралман әлгіндей анықтама алу үшін Өзбекстан елшілігіне консулдық тіркеуге тұру үшін әр адам басына10 мың теңге, ал азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама алу үшін 110 АҚШ доллары көлемінде, яғни орташа мөлшерде 150 АҚШ долларындай төлемақы төлейді екен. Өзбекстандағы қандастарымыздың бәрі дерлік көп балалы, сондықтан олар отбасы мүшелерінің әрқайыссына әлгіндей ақша төлей ала ма?

Оның үстіне, олардың біразы сонау Маңғыстау, Ақтөбе сияқты алыс облыстарға орналасқан, сондықтан төлқұжатын тапсыру үшін бір қиырдағы Алматыдағы Өзбекстан Республикасының елшілігіне қалай келеді, шаруасын қайтіп бітіреді? Қазір оралмандарға үй де, ешқандай қаржылай жәрдемақы да берілмейтіні белгілі, сондай жағдайда олар құжат жинап өткізуге қажеті төлемақы мен жол жүру шығындарын қайдан табады? Бұл сұрақ та этникалық көші-қон мәселесімен тікелей айналысатын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігін онша ойландырмайтын сияқты.

Бұл ретте және бір мәселеге тоқтала кетуге мәжбүрміз. Жоғарыда азаматтықтан шығу үшін әр оралман шетелдің елшіліктеріне 150 АҚШ доллары мөлшерінде төлемақы төлейтінін айттық. Демек, біздің елімізге 1 мың оралман келсе, олардың құжаттарын реттеуге сырт жерлерге 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы шығады. Ал сонда Қазақстандағы этникалық көші-қон өзімізге емес, ең алдымен шетелдердің пайдасына жұмыс істей ме? Бұл да - нақты жауапты қажет ететін мәселе.

Осыған орай, және бір сауал туындайды. Соңғы жиырма-жиырма бес жылда Қазақстаннан сырт жерлерге 3-4 миллиондай халық көшіп кетті. Қазір олардың бәрі өзге елдердің азаматтығын қабылдаған. Міне, осы сан миллион халықтың бірде біреуі Қазақстанға қайта келіп, соттылығы туралы куәландырған анықтама сұрады ма? Қазақстан азаматтығынан шығу үшін бір тиын ақша төледі ме? Біздің бұған да күмәнімыз бар. Ал сонда біз өзге елдердің ешқайыссында жоқ әлгіндей талаптарды қайдан ойлап тапқанбыз?

Міне, осы айтылған жағдайлардың салдарынан қазіргі кезде Алматыдағы Өзбекстан Республикасының елшігінің алдына барсаңыз, шаруаларын бітіре алмай әуре-сарсаңға түсіп жүрген қалың ағайындарды көресіз. Жағдай осы қалпымен тұрса, алдағы уақытта Өзбекстаннан келетін этникалық көштің де барынша азайып, тоқтауға айналатыны анық.

Ал сонда еліміздегі этникалық көші-қон саласындағы ұзақ жылдардан бері жүзеге асырылып келе жатқан жақсы істердің аяқ астынан кедергіге ұшырап, бұрын-соңды болмаған қиындықтарға кездесуінің себебі неде? Біздің ойымызша, мұндай жағдай ең алдымен көші-қонға қатысы бар мемлекеттік мекемелердің бұл саланың мән-жайын жан-жақты зерделеп, дұрыс түсінбеуінен туындап отыр.

Яғни, соңғы уақытта бүкіл дүниежүзі бойынша көші-қон ең күрделі мәселелердің біріне айналып, соған орай бұл жөніндегі ереже-тәртіптер барынша қатайтылуда. Бірақ бұл талап негізінен босқындар мен заңсыз еңбек көші-қонына қатысты жүзеге асырылуда. Ал этникалық көші-қон, яғни өз қандастары мен отандастарын көшіріп әкелудегі шарт-талаптар барлық елдерде де сол бұрыңғыдай барынша жан-жақты жеңілдіктер жасау негізінде жүзеге асырылуда. Бұған Израйль, Германия, Польша сияқты елдерден бастап Ресейдегі этникалық көші-қон туралы жүргізіліп жатқан жақсы істер айқын дәлел. Ал Қазақстан үкіметі мен оның көші-қонға қатысты мекемелері босқындар мен заңсыз еңбек көші-қонын этникалық көші-қоннан ажырата алмайтын сыңайлы. Яғни, олар үшін шетелден келгендер босқын ба, жұмыс іздеп жүрген гастербайтер ме, жоқ, атажұртқа оралған оралман ба – барлығы бір сияқты.

Сондай-ақ, Ресейден бастап өркениетті елдердің бәрінде де көші-қон жұмыстары бір орталықтан басқарылып, жан-жақты нақтыланған айқын жүйемен жұмыс істейді.Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе де ескерілмейді. Керісінше, бізде көші-қонмен нақты кім айналысатыны белгісіз. Бұрыңғы жеке Көші-қон комитеті әлдеқашан таратылған. Қазір ол – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрамындағы этникалық және ішкі көшті реттеу деп аталатын шағын ғана басқарма. Ол басқарманың бүкіл халқымыздың бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды этникалық көші-қон мәселесін толық шешуге шамасы да, мүмкіндігі де жетпейді.

Көші-қонға қатысы бар басқа мемлекеттік мекемелердің де бұл саладағы жұмыстары ойдағыдай емес. Мысалы, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда этникалық көшті шетелдерде ұйымдастыру ҚР Сыртқы істер министрлігіне жүктелетіні атап көрсетілген. Бірақ Министрлік заңда көрсетілген бұл міндетін ойдағыдай орындап отыр деп айта алмаймыз.

Шетелден атажұртқа оралған ағайындардың көп шаруасы, жоғарыда атап айтқанымыздай, ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармаларына барып тіреледі. Бірақ бұл Министрлік тарапынан да этникалық көші-қонның ерекшеліктерін терең түсініп, жанашырлық таныту кенже қалып тұр.

Әрине, бұл сияқты өткен кемшіліктерді қазбалап, айта бергеннен пайда шамалы. Еңбастысы, Дүниежүзі қазақтары құрылтайын дайындау мен өткізу барысында осы мәселелер бір жүйеге түсіріліп, реттелуі керек.

Шетелдегі қазақ диаспорасы үшін бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе - көші-қон. Қазір шетелдегі ағайындардың Қазақстанға келуі барынша азайған. Мұның себебі алуан түрлі, оның бәрін бұл әңгімемізде толық айтып шығу мүмкін емес. Соған орай оралмандар көшін көбейтудің жаңа әрі нақты жолдарын қарастыруымыз керек. Қазіргі кезде шетел қазақтарының Қазақстанға виза алып келуі барынша қиындаған. Келгендерінің тұрақты тіркелуі, азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы да қиын. Қазақстанға қалай, қайтіп көшуге болады, қандай облыстарға орналасқан тиімді деген сияқты мәселелерді алдын ала түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Осының салдарынан шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі атажұртқа жете алмай, қалай келерін білмей тұйыққа тірелуде. Сөйтіп Қазақстанға келетін көш барынша азайды. Ал көшті алдын ала ұйымдастыру мемлекеттік көші-қон мекемелерінің қолынан келетін емес. Оның есесіне, шетел қазақтарын Қазақстанға көшіреміз дейтін неше түрлі делдалдар көбейіп, оның аяғы әрқилы ыңғайсыз жағдайларға ұрындыруда.

IY. Шетелдегі қазақ диаспорасының мұқтаж мәселелерін

шешу жолдары

Өркениетті елдердің бәрінде, оның ішінде өзімізбен көршілес

Ресейде де, шет елдегі отандастармен байланыс жасау жұмыстары ресми түрде бекітілген заң немесе қаулы-бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Бұрын Қазақстанда да шетел қазақтарымен жұмыс осындай жолмен атқарылатын. Мысалы, 1996 жылдан бастап қатарынан екі рет «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламада қазақ диаспорасына мәдени-рухани, оқу-білім, көші-қон және басқа да салалардан қолдау көрсетудің жолдары айқындалып, ол жұмыстармен айналысатын мемлекеттік мекемелердің міндеттері нақты белгіленген болатын. Ал қазір мұндай бағдарлама мүлдем жоқ.

1992 жылы Қазақстан үкіметі «Ұлты қазақ шетел азаматтарын Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету жөнінде» №791 қаулы қабылдаған еді. Бұл Қаулының негізінде шетелден келген қазақтарға бірден арнайы куәлік беріліп, олардың азаматтық алмай-ақ Қазақстанның кез-келген жерінде еркін жүріп-тұрып, жұмыс істеуіне, басқа да түрлі кәсіпкерлікпен айналысуына рұқсат етілетін. Бірақ кейін осы жақсы қаулының да күші жойылды.

2000 жылдардың ортасынан бастап Үкіметтің жанынан шетелдегі отандастар жөніндегі арнайы комиссия құрылып, біраз уақыт айтарлықтай жұмыс істеп еді. Қазір ол Комиссияның да жұмысы мүлдем тоқтаған.

Қазіргі қолданыстағы бар «Халықтың көші-қоны туралы заң шетелдерден атажұртқа тұрақты қоныс аударып, көшіп келген оралмандар мәселесін қамтиды. Сондықтан бұл Заңның шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсетуге тікелей нақты ықпалы жоқ.

Осыған орай, Қазақстан үкіметі Құрылтай қарсаңында шетелдегі қазақтармен байланыс жасауды реттейтің үкіметтің арнайы қаулысы немесе басқа да бір ресми құжат қабылдау мәселесі шешілуі қажет.

2. Шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету ұйымдастыру мәселелеріне де тікелей байланысты. Өркениетті елдерде шетелдегі отандастармен байланыс жасау жұмыстары үкімет тарапынан нақты қолға алынып, бір орталықтан басқарылады. Кейбір елдерде бұл жөнінде жеке министрліктер де бар. Қазақстан үшін де бұл мәселе айрықша маңызды. Қазір бізде бұл жұмыспен Елбасы жетекшілік ететін «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады. Бірақ қоғамдық ұйым болғандықтан Қауымдастықтың мүмкіндігі шектеулі.

Сондай-ақ, шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау жұмыстары Сыртқы істер, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрліктеріне де тікелей қатысты. Бірақ бұл министрліктердің шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жұмыстарын бір орталықтан үйлестіріп отыру шешілмеген.

Осыған орай, Құрылтай қарсаңында үкімет тарапынан төмендегідей мәселелердің ескерілгені жөн:

- Қазақстан Республикасы Прьемер-Министрінің бір орынбасары шетелдік отандастармен байланыс жасау жұмыстарына басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп отыратын болып ресми түрде белгіленсе;

- ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің бір бөлімі отандастармен байланыс жасау жұмыстарын үйлестіріп отырумен жүйелі түрде айналысса;

- Шетелдегі отандастармен байланыс жасауға қатысы бар министрліктердің әрқайсысынан бұл мәселемен тұрақты айналысатын жауапты қызметкер белгіленсе;

3. Шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін оны қаржылық жағынан қаматамасыз етудің маңызы зор екендігі анық.Көптеген елдерде диаспорамен байланыс жасайтын ұйымдарды қаржыландыру заңмен реттеледі. Мысалы, Ресей 1999 жылы «Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарға байланыс жасауының мемлекеттік саясаты туралы» заң заң қабылдап, бұл заңды жүзеге асыру үшін ұшан-теңіз қаржы бөліп отыр. Түркияның диаспорамен айналысатын мекемесінің жылдық бюджеті - 100 миллион АҚШ доллары, қызметкерлер саны – 170 адам. Ал Әзербайжан мемлекетінде диаспора жөнінде тікелей Президентке қарайтын мемлекеттік комитет бар.

Ал Қазақстанда шетелдік қазақ диаспорасына қолдау көрсетуге қажетті қаржы қалай бөлінеді? Бұған қазір бізде ешкім де нақты жауап бере алмайды. Баяғы Кеңес Одағының кезінде бұл жұмыспен «Қазақстан» («Біздің отан») қоғамы айналысатын. Ол қоғамға үкімет тарапынан нақты қолдау да жасалатын, қажетті қаржы да бөлінетін. Кейін «Қазақстан» қоғамы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қосылды. Соған байланысты Қауымдастық бір-екі жыл мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып тұрды да кейін мүлдем тоқталды. Міне, осының салдарынан қазіргі кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетелдегі отандастарға қолдау көрсетуді қандай ресми құжаттарға сүйеніп жүргізеді, оған қажетті қаржы қайдан, қалай бөлінеді деген сауалға ешкім де нақты жауап бере алмайды. «Самұрық Қазына» әл-аухат қоры шетелдегі қазақтардың кіші құрылтайларын өткізуге белгілі бір мөлшерде қаржы бөледі. Ал басқа жағдайларда Қауымдастық шетел қазақтарымен байланыс жасауға қажетті 5-6 млн. теңгенің өзін түрлі тендерлерге қатысып, бірнеше рет құлап-сүрініп әрең алады.

Тіпті, кейде мұндай тендерлерге қазақ диаспорасына мүлдем қатысы жоқ, көлденең біреулер қатысып, жеңімпаз болатын, ал қазақ диаспорасымен тікелей айналысатын Қауымдастықтың қаржыдан құр қалатын жағдайлар да кездеседі.

Осыған орай Құрылтай қарсаңында Қазақстан үкіметі шетелдегі қазақтармен байланыс жасау жұмыстарын қаржыландыру мәселесін де бір жүйеге түсіргені жөн.

4.Дүниежүзі қазақтарының Y құрылтайы «Экспо -2017» халықаралық көрмесінің аясында өтеді деп жоспарланған. Бірақ бұл мәселенің қалай реттелетіні, құрылтай делегаттары мен қонақтардың «Экспо-2017» көрмесіне қайтіп қатысатыны әзірше белгісіз. Құрылтайды дайындау барысында осы мәселе де алдын ала нақты анықталса.

5.Құрылтайға делегат ретінде кімдер қатысады, салтанатты жиында кімдер сөйлейлді деген мәселе де айрықша маңызды. Жасыратыны жоқ, Құрылтай басталарда «Мен шетел қазақтарының шынайы жанашыры едім, мен бұл жөнінде керемет шарулар тындырып едім, сондықтан бұл жиынға мен міндетті түрде қатысуым керек, мен қалайда салтанатты жиында сөйлеуім қажет» деп аяқастынан белсеніп шығатындар барынша көбейеді. Соған орай, Құрылтайға қатысушылар мен сөйлеушілерді барынша дұрыс іріктеу керек.

6. Бұған дейінгі әлем қазақтарының төрт құрылтайы да алдын ала белгіленген нақты жоспар-бағдарлама бойынша өткізілген. Соған орай, қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы осы тәжірибелерге сүйене отырып, Y құрылтайдың да жоспар-бағдарламасының жобасын дайындауда. Соған орай Y құрылтайды өткізу жөнінде мемлекеттік комиссиясы бекітілгенде біз бұл бағдарламаның жобасын ұсынуға дайынбыз.

Тегтер: Дүниежүзі, қазақ, құрылтай
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

822 0

ақпарат

Славян жазбалары күндері