Мемлекеттік тілді орыстілді азаматтарға насихаттау шарасының кезекті жұмысы Солтүстік Қазақстан облысында басталды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлек...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 қыркүйек, 2017

Жасыратыны жоқ күні бүгінге дейін қазақстанда тұратын орыстілді азаматтардың көпшілігі мемлекеттік тілді қанағаттанарлық деңгейде меңгермеген. Бұл өзекті мәселе талай мәрте айтылып та, жазылып та келеді. Тағы бір арқаға аяздай бататын шындық орыстілді азаматтардың арасында өзіміздің қаракөз қазақтарымызда көптеп кездеседі.

Әйтседе, мемлдекеттік тілді білу заман талабына айналып келе жатқандығын дер кезінде ұғынып, қазақ тілін ана тілім деп қабылдап, балаларын қазақ сыныбына беріп жатқан өзге этнос өкілдері де баршылық. Сөзіміздің тұздығын келтіре кету үшін айтар болсақ дәл қазір қазақ мектептерінде ұлты басқа 30 мыңдай жасөспірім білім алуда. Бұл әрине теңізге құйған тамшыдай ғана жетістік десе де болады.

Елбасының «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» деп қадап айтқан сөзі қазақ тілінің қоғамдағы ролін айшықтап, тұғырын биіктете түседі. Одан қалды Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңдегі ұлттық, ұлтаралық дамудың басты бағыттарын белгілейтін «Ел бірлігі» доктринасында мемлекеттік тілді білу тек қана парыз емес, әрбір қазақстандық үшін бұлжытпас міндет екендігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сол себепті де қазақстандық азаматтардың болашағы тек қана қазақ тілінде екенін орыстілді жұртшылыққа ұғындыру басты мақсат болмақ. Сол себепті де танымал саясаткер Дос Көшім, бастаған насихат тобы Солтүстік Қазақстан облысына ат басын тіреп, орыстілді қауымды пікір алмасуға дөңгелек үстел басына жинады.

Солтүстік Қазақстан облысында қазақтар 34,6, орыс ағайындар 49,8 пайызды құрайды. Оның сыртында славян тектес халықтың үлес салмағы-11 пайыз. Облыс бойынша 560 мектеп болса соның 137-і ғана қазақ мектебі. Қазақ тіліндегі білім ордасында оқитын оқушылар 69 пайыз десек, орыс сыныбына баратын қазақ балалары 31 пайызға жетіп жығылады. Қолдағы деректерге орыс сыныбына қазақ балаларының баруы көп екендігіне көз жеткіземіз. Өкінішті жәйт.

Дөңгелек үстел барысында, аудандарды аралап пікір алмасқанда көптеген ұсыныстар, талаптар айтылып, сұрақтар қойылып, көкейде жүрген ойлар ортаға салынды. Біз әңгімеге тартқан Л. Харитонова былай деп ағынан жарылып: «Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруге қарсы емес. Қазақ халқы өте мейірбан халық. Алайда қазақтардың өзі орысша сөйлейтіндіктен қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын орта жоқ. Екіншіден мектеп қабырғасында оқытылатын қазақ тілі сабағының әдістемесі дұрыс емес деп санаймын. Онда балаларға барлық ережелерді үйретуге тырысады. Ол әдіс балаларға ауыр тиеді. Ең бірінші оқушыларды қазақ тілінде еркін сөйлесе алатын дәрежеге жеткізетіндей етіп оқытса жақсы. Ал әрі қарай қазақ тілін тереңірек ғылыми тұрғыда оқимын десе әр оқушының қалауы болған абзал»деп ой түйді.

Шара барысында орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді тез арада меңгерудің қажеттілігі түсіндірілді. Бір анығы-орыстілді азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын арттыруға септігін тигізген игілікті шара болды.


Баға беріңіз