ӨНЕРЛІГЕ ӨРІС КЕҢ

Халқымыздың даналығы ел қазынасы болып табылатын фольклорлық мұраларымыздан, салт-дәстүріміз бен халық тұрмысынан және басқа да салалардан көрінсе, эстетикалық талғамы ұлттық өнерімізден айшықты о...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 қыркүйек, 2017

Көк туымыздың биік желбіреуі үшін әр салада ізденіп жүрген жастардың легі күн санап өсіп жатқандығы болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Тіліміз бен ұлттық өнерімізді әлемге танытқан жас жұлдыздардың ішінде Димаш Құдайбергенұлының жарқ етуі біз үшін үлкен қуаныш.

Димаштың бойындағы өнерге, музыкаға, әнге деген құштарлық ананың сүті, әкенің мейірімімен берілген табиғи қабілет. Ел алдында өнерлі отбасы ретінде танылған Қанат пен Света Айтбаевтардың тұңғыштары «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының ақиқаттығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Дарынды жастар – ұлт болашағы. Қазақ мәдениетін биікке асқақтатып, қазақ өнерін әлемдік деңгейде танытуға өзіндік үлес қосқан өнер иесі Димаш, Димаш-И бүгінде ел аузында.

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» деген бар. Димаштың өнердегі жеңісі – ерлікпен тең. Өйткені бұл жеңіске жету үшін жас талант ұзақ жылдар бойы білім алып, шыңдаудан өтті, ұлағатты ұстаздардың баптауында болды. Ал бүгін талант иесінің өнер жолындағы сәтті қадамы кішкентай бүлдіршіндерге үлгі, ал өнеріміз үшін еңселі оқиға болып отыр.

Елімізде өнер иелерінің есімі елеусіз қалмайтыны анық. Халық мұндай ұлдарын әрдайым бағалап, ауыздарынан тастамайды.

Мемлекет те өз тарапынан дарынды жастарды барынша қолдап, оларға моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да қолдау көрсетуде. Бұл жерде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жастар алдына қойған бағыт-бағдарының, болашаққа бастаған игі қадамының орындалып жатқанын, игі істердің нәтижесін көреміз. Еліміздің қай саласында болмасын, мемлекетіміздің дамуы үшін өзінің білімімен, талантымен, еңбегімен көзге түскен жастарды Елбасымыз әрдайым қолдап жүреді.

Қазақтың қасиетті аспабы қара домбыраны шебер тартуымен де Димаш жастарға үлгі. «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді» - деп Бауыржан Момышұлы ағамыз қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді.

Өнер тілі адамның тегіне, діліне, дініне қарамастан түсінікті болып келеді. Ұлттық өнерді рухани қазығына айналдырған Димаштың әншілік қабілетінің елдің жүрегінен ерекше орын алуының сыры осында.

Димаш бүгінде қазақ өнеріндегі аса зор жетістік ретінде бағаланып, жастардың еліктейтін тұлғасына айналды. Әр ел өз ішінен шыққан талант иесін қолынан келгенше бағалап, құрметтерін көрсетуде.

Димаштың сан түрлі құбылатын сырлы даусына тамсанып, талантына бас иген Қытай елі үлкен әуе кемесін Димаштың атымен брендке айналдырмақ.

Өз елімізде де «Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, дарынды тұлғаға қолдау көрсету, талант иесінің өнерін бағалау ісін туған жерге тағзым ету, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерімен байланыстырып жатқан сала мамандары да бар.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ елді мекенінде Кеңқияқ Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 15 тамызында Республика бойынша алғаш рет «Димаш-И» өнер лагері ашылды.

Елімізде үштілді білім беру және басқа да бағыттарда ашылған лагерлер жетерлік, бірақ қазақтың өсер балаларына, өнер, талант иелеріне арнайы ашылған лагерлер жоқ.

Өнер лагерінің «Димаш-И» деп аталу себебі Қазақ елінен келген үміткердің өнеріне тәнті болған қытайлық жастардың «Димашиге» жанкүйер болуында емес, ол өз алдына бір әңгіме... Ал лагердегі И әрпі «Игіліктің иесі», «Игі істің бастауы», «Игі амалдардың ұйытқысы», «Игіліктің жаршысы», «өнер Иесі» сияқты ырыздықтың, рухани және мәдени байлықтың, дәулеттің, қазынаның, ізгілікті істің, жақсылықтың белгісі деген мағынада қолданылып отыр.

Расында да Димаш – қазақ елінің бар құндылықтарын бойына сіңіре білген, таза өнер иесі, келер ұрпақ үшін игі істердің бастамасы болған жас талант, өнегелі өнер иесі.

Патриоттық рухта ашылған «Димаш-И» өнер лагері ауылдағы жастардың арасынан талант иелерін таңдауға, елінің патриот жастарын тәрбиелеуге, туған жерге деген асқақ рух пен ыстық сезімді оятуға көп септігін тигізеді. Лагерге қатысушылар өз болашақтарына деген сенімнің пайда болғанын, өз өнерлерін шыңдауға деген құлшыныстың оянғанын, жаңа бастамалардың ұйытқысы болуға деген құштарлықтың ұялағанын айтты.

Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының, жас жеткіншектердің аталған өнер лагерінің толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасап, әр түрлі шаралардың өтуіне қолдау көрсетіп, мұрындық болған Кеңқияқ Мәдениет үйінің басшысына деген алғыстары шексіз. Мұндай авторлық жобаға халық әрқашан риза. Жас талант иесі Димаштың құрметіне ашылған бұл өнер лагерінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Өнер лагері ауылдағы жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының жазғы демалысының ойдағыдай өтуіне себепші болды. Жастарды өнер саласына баулуға, өз елін сүйіп, құрметтеуге насихаттады.

«Димаш-И» өнер лагері Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының 85 жылдығы, Темір ауданының 45 жылдығы және СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 20 жылдығы, ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Лагерь аясында «Жігітке жеті өнер де аз» деген мақалды басшылыққа алып, ер балаларды сегіз қырлы бір сырлы болуға баулитын бағдарлама құрастырылып, нәтижесінде «Жаз Сұлтаны-2017» байқауы, қыз балаларға «Жаз Аруы-2017» байқауы арналды. Сонымен қатар ұлттық үлгідегі киімдерді насихаттау мақсатында «Әдемі-Ай» сән шеруімен сурет өнерінен конкурстар өткізілді. Сондай-ақ осы шаралар қатарында «Менің таза ауылым» акциясымен сенбілікте ұйымдастырылды. Барлық балалар сенбілікті мерекелік іс-шара ретінде қабылдап, әр бала өзіне берілген аумақтарды тазалап өздерінің еңбекке деген ынтасының жоғары екенін көрсетті. Нәтижесінде, ауыл көшелері қоқыс пен түрлі қалдықтардан тазартылды. Жасалған жұмыс балалар мен үлкендерді тазалық сақтап, табиғатты аялауға бір қадам болса да жақындатты деп ойлаймыз.

Сонымен бірге лагерь аясында 30 тамыз күні Конституция күніне орай, Ақтөбенің футбол клубының филиалы ашылып, футбол спорт түрінен жарыс ұйымдастырылды. Футбол өтетін алаңға «Димаш-И» өнер лагерінің ең кішкентайы 2 жас пен 16 жас аралығындағы оқушылары Гимнді орындап, салтанатты түрде шерумен келді. Жарыста жеңген командалар футбол алаңында марапатталды.

Барлық шаралар жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Байқау жеңімпаздары шараның мазмұнына сай рәсімделген дипломдармен, алғысхаттармен және кубоктармен марапатталды.

Бұл іс-шара Қазақ елінің талантты ұлына Кеңқияқ Мәдениет үйінің тарапынан көрсетілген бір игі іс. Әлі де бағындыратын асулары алда талантты жасқа өз ықыласын білдіріп, игі бастаманы жас ұрпаққа тәрбие берудің бір тетігі ретінде пайдаланған Кеңқияқ Мәдениет үйіне ризашылығымызды білдіреміз. Болам деген баланы бетінен қақпай, белін буатын қамқоршыларымыз көп болғай!


Баға беріңіз