​«Тілдарын» олимпиадасы өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

08 қыркүйек, 2017

Бүгін Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті.

Іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан халқы тілдерінің XIX республикалық фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Олимпиаданың мақсаты үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, көптілді тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Олимпиадаға қала және аудан көлемінде іріктеуден өткен 18 және 22 жас аралығындағы 13 жеңімпаз қатысты. Қазылар алқасының шешімімен үш тілді жетік меңгерген Шарбақты ауданының үміткері Гүлмира Каменова І орынды жеңіп алды. Жүлделі II орынға Качиры ауданының намысын қорғаған Үміт Амринова лайықты деп танылса, III орын Екібастұз қаласынан келген Оспан Мадинаға бұйырды. Барлық қатысушылар басқарманың арнайы дипломдарымен, алғысхаттарымен және сыйлықтармен марапатталды.



Баға беріңіз