Латын қарпіне көшуге дайынбыз ба?

Төрегелді ТҰЯҚБАЙ, саяси ғылым кандидаты, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары
Tilalem.kz

Tilalem.kz

08 қыркүйек, 2017

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты мәселелер кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Егер латыншаға ертеңнен бастап көшуге пәрмен берілсе, біздің ұсынып отырған жобамыз бойынша бүгіннен бастап-ақ көше беруімізге болады. Бұл мәселе туралы нақты шешім қабылданғаннан кейін бірінші кезекте оны оңтайлы түрде әрі қысқа мерзімде жүзеге асыратын мемлекеттік бағдарлама немесе жоспар сияқты маңызды құжат түзілуге тиісті. Осы құжатта қамтылуы қажет дейтін кейбір мәселелерге қозғау салмақпыз.

Ең алдымен латын әліпбиі қол­данылатын елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың өз ерек­ше­ліктерін ескеру қажет. Осы орайда екеуі екі тілдер тобына (түркі тілдері және герман тілдері) жа­та­тындығына қарамастан, қазақ тілінің әліпбиіне неміс тілінің әліпбиі тәжірибесін қолдану туралы ұсыныс жасағалы отырмыз. Неміс тілін таңдауымыздың себебі, біріншіден, осы тілде дыбысталуы жағынан қазақ тіліне тән кейбір дыбыстардың ұшырасатындығы (мысалы, böse (бөзе – ашулы), dieTür (дитүйр – есік), derBär (дер бәер – аю), т.б.) болса, екіншіден, қазақ тілінің басты ерекшеліктерінің бірі – оның дыбысталуының, ырғағының, әуезділігінің ғажаптығында, яғни үндестік (сингармонизм) заңына бағынатын қасиетінде жатса керек. Үшіншіден, қазақ тілінде де, неміс тілінде де сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей дерлік болып келеді. Ал айтылуы мен жазылуы екі басқа тілдерді (мысалы, ағылшын тілі сияқты) үйрену едәуір қиындық ­тудыратыны сөзсіз. Демек, қазақ тілін оқып-үйрену жеңіл болмақ. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілін бар бояуы-байлығымен, сән-салтанатымен болашақ ұрпаққа ­аманаттаймыз десек, оның осындай ерекше нәзік нәр-нақышын, қадір-қасиетін қаперде ұстауымыз керек.

1 сурет

2 сурет


Қазіргі қазақ тілінің кириллица бойынша қолданылып жүрген әліпбиі – 42 әріптен (таңбадан, бел­гіден), ал латыншадағы ағылшын және неміс тілдерінің әліпбилері 26 әріптен тұрады. Тіл заңдылықтары мен ерекшеліктерін сақтай отырып, сан алуан сын-пікірлерді салмақтап, саралай келе кезінде күштеп таңылған кириллицадағы қазақ әліпбиін бөгде белгілер мен туыспайтын таңбалардан арылтып, етек-жеңін жинап, жаһандық жүйеге келтірдік. Соның өтеміне 26 әріптен тұратын стандартты латын әліпбиіне толық сәйкес келетін қазақ әліпбиі әзірленді. Ол мынау төмендегідей (1-кесте):
Осы көрсетілген кестедегі әліпбиден қазақ тіліне тән 4 дыбыстың таңбасын (әріпті емес) таба алмай отырған боларсыздар. Олар – қазіргі кириллица бойынша Әә, Өө, Ұұ және Ңң әріптерімен белгіленген дыбыс­тар. Лингвистер дыбысты, таңбаны және әріпті нақты түстеп-танып, бір-бірінен жақсы ажырата білетіндіктен, бұл мәселеге айрықша тоқталып жатудың қажеті жоқ деп білеміз. Енді тек осы 4 дыбыстың таңбалануын бөлек алып, жеке-жеке қарастырамыз (2-кесте).
Неміс тілінің әліпбиі 26 әріптен тұратынын, сонымен бірге жазуында үмләуіт (Umlaut) деген ерекше белгі арқылы (әріп үстіне қойылатын қос ноқат) қосымша 3 таңбаның (ä, ö, ü) қолданылатынын жоғарыда айтып өттік. Осы 3 таңба тиісінше біздің қазақ тіліндегі 3 дыбысты (ә, ө, ұ) дәлме-дәл, толық бере алады. Сол себептен қазақ тіліндегі а-ә, о-ө дыбыстық ерекшеліктерін ұялас немесе егіз (жуан-жіңішке) дыбыстар ретінде қабылдай отырып, егіздерді бөле-жармай, бір әріппен белгілеген дұрыс. Тек оларды бір-бірінен ажыратып оқу үшін үмләуіт (қазақша үнше немесе үндеуіш деп алсақ қайтеді?) белгісін пайдалану керек. Ал, ü-ұ сәйкестігіне келер болсақ, Yy-Үү (латын-кириллица) сәйкестігі бұрыннан бар болуына байланысты, бар нәрсені орнынан қозғамауды жөн көрдік. Сондай-ақ «соқыр тауыққа бәрі жем» дегендей, неміс әліпбиінің үлгісін сол күйінде көшіріп ала қою талғамсыздыққа, көзсіздікке ұрындыратыны сөзсіз. Әйтпесе, неміс тіліндегі ü таңбасының дыбысталуы (жоғарыда келтірілген мысалға қараңыз) қазақ тіліндегі жіңішке дауысты Ү ү дыбысына кө­бірек келіңкірейтіні жасырын емес. Алайда әңгіме қазақ әліпбиі туралы болып отырғанын ұмытпауымыз керек.
Қазақ тілінің 26 әріптен тұратын латынша әліпбиінен «тыс тұрған» тағы бір әріп – ң әрпі. Осы әріптің қазақ тілінде дыбысталу және жазылу ерекшеліктерін ескере отырып, оған балама таңба ретінде грек әліпбиінде және кез келген компьютердің халықаралық символдар мен таңбалар жүйесінде қолданылатын η (eta) әрпін таңдадық. Латынша қазақ әліпбиіне қосымша ретінде тіркелетін 4 таңбаның соңғысы – осы η (ң) таңбасы болмақ.
Ал енді аталған 4 таңбаның то­лыққан­ды қазақ әріптері ретінде пайдаланылуы және әліпбиден өз орындарын алуы үшін бұл таңбаларды 26 әріптен тұратын латынша қазақ әліпбиіне «сіңіру» қажет. Алдымен әріптердің орналасу ретін қазіргі ағылшын әліпбиі (26 әріптен тұратын) бойынша алған дұрыс. Сонан кейін әліпбиден қосымша 4 таңбаның «әріптестерін» (ұяластарын немесе егіздің сыңарларын) табуымыз керек. Олар мыналар: a – ä , o – ö , u – ü , n – η. Қазіргі кириллица бойынша түсіндірсек былайша: а – ә, о – ө, у – ұ, н – ң болып шығады. Латынша қазақ әліпбиінде «әріптестер» деп ата­латын осы 8 әріп қандай жағдайда болмасын (тілді оқып-үйренгенде, жазғанда, оқығанда, сөйлегенде, т.б.) тең құқылы дәрежеде қолданылады. Әртүрлі тізімдер, сөздіктер түзілгенде олар жаңа әліпби бойынша ізерлей әріп қуу ретімен беріледі. Мысалы, сөздікте А дегеннен кейін міндетті түрде Ä берілуге немесе тізімде Äbilov (Әбілов) деген Abwlov (Абылов) дегеннің алдында тұруы тиіс.
Компьютерде ä (ә), ö (ө), ü (ұ), η (ң) қосымша әріптері болмай қалған жағдайда не істеу керек? Бұл тығырықтан шығудың да жолы қарастырылған: ондай жағдайда ағылшын тіліндегі sh, zh, ch диграфтары (қосарланған әріптер) тәрізді ä – ae (ә), ö – oe (ө), ü – ue (ұ), η– ng (ң) қосарланған әріптерін пайдаланамыз.
1-суреттегі пернетақтадан көрініп тұрға­нын­дай, қазақ әріптерінің барлығы дерлік қолжетімді жерден алыстап (төбеге қарай ығыстырылып) кеткен. Бұл қазақ әріптерінің қолданылу жиілігін ескермек түгілі, қазақ мәтінімен жұмыс істеуді едәуір қиындатып, екі қолды тез шаршатады.
Ал 2-суреттегі пернетақтада латынша қазақ, ағылшын, неміс, орыс, украин, т.б. бірнеше түркі тіліндегі мәтіндермен жұмыс істеу әлдеқайда оңай әрі оңтайлы: екі қолды үстелге сүйеп қойып, мәтінді зырылдатып тере бересіз.
Мұнда қазақ тіліндегі қосымша 3 әріп те ä (ә), ö (ө), ü (ұ) әліпби әріптерімен (26 әріппен) қатарлас орналастырылған, ал пернетақтаның жоғарғы оң жағында тұрған ß(ss) деген неміс әрпін қазақтың латынша η (ң) әрпімен алмастыру керек. Сонымен, ресми түрде халықаралық стандарттағы 26 әріптен тұратын латынша қазақ әліпбиі жобасының пернетақтадағы көрінісі осындай болмақ. Ұсынып отырған жобамыздың жұртшылық тарапынан қолдау табар-таппасы маңызды емес. Біз үшін ең маңызды мәселе уақыт жағынан тез арада әрі оңтайлы түрде неғұрлым аз шығын жұмсап, латыншаға көшу болмақ.
Осы жобаның бес түрлі артық­шылығы бар: біріншіден, уақыт жағынан ұтымдылыққа қол жеткізе аламыз. Бұл дегеніңіз – жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бір дыбысты екі-үш әріппен емес, бір ғана әріппен көрсетіп, мәтін теру жылдамдығын арттыру әрі латыншаға көшу кезеңін ондаған жылдарға созбай, қысқа мерзімде классикалық үлгідегі дайын латынша қазақ әліпбиіне көшу.
Екіншіден, осы жобаға кеңістік жағынан ұтымдылық (сыйымдылық) тән. Бұған көз жеткізгіңіз келсе, эксперимент ретінде кириллицамен терілген 10 беттік мәтінді латыншамен қайта терсеңіз, тап сол мәтін (ерекшелігіне қарай) 8-9 беттен аспайды, яғни жазуда 10-15 пайыз кеңістік үнемдейсіз (сыйымдылық) әрі бейнелеп айтқанда, жер шарының кез келген нүктесінде отырып, осы латынша қазақ әліпбиі арқылы кез келген нүктемен (тіпті, ғарышпен де) байланыса аласыз.
Үшіншіден, әлемді жайлаған «тіл тұмауы» қазаққа да келгендіктен, латыншаға көшумен бір мезгілде осы «тіл тұмауынан» біржола құтылудың жолдарын қарастырып, тіл мәдениеті мәселесін мықтап қолға алмасақ болмайды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген компьютер панеліндегі EN (ағылшын), RU(орыс) және KK (қазақ) арқылы үш тілдің бірін таңдап, жұмыс істесек, латынша QZ(qazaq) тілін­де жұмыс істегенде тіл мәдениетін ұмытпауымыз керек.
Төртіншіден, латыншаға көшкенде компьютер панеліндегі EN (ағылшын), RU (орыс) және QZ (qazaq) тіліндегі бағдарламаларды бір-бірімен «будандастыру» арқылы қазақ тілін «қос мекенді» ете аламыз. Бұл үшін жоғарыда аталған төрт қазақ әрпін (ä (ә), ö (ө), ü (ұ), η (ң) ) бір мезгілде EN (ағылшын) және QZ (qazaq) тіліндегі бағдарламаларға орналастыру керек. Ал кирилшедегі RU (орыс) және KK (қазақ) бағдарламаларын «будандастыру» арқылы біз осы бір бағдарламамен (RU) ғана екі тілде: орыс және кирилше қазақ тілдерінде жұмыс істей береміз. Соның нәтижесінде қазақ тілі технологиясының мүмкіншілігі екі есеге ұлғайып отыр.
Бесіншіден, жоғарыда кел­ті­рілген bygin(bygyn) – today деген мысалдағы екінші (жақша ішіндегі орфоэпиялық) және үшінші (ағылшын тіліндегі аудармасы) сөздерді ерекшелеп (оқшаулап) алып, компьютердің дыбыстау (аудио-) жүйесіне қоссаңыз, осы сөздердің қазақша және ағылшынша дұрыс айтылуын (дыбысталуын) арнайы бағдарлама «оқып» береді. Арнайы бағдарламадағы Жазылуы мен айтылуы қиын сөздер тізбесінде қамтылатын, жиі (белсенді түрде) қолданылатын сөздер аса көп те емес (минимум-сөздік: 450-500 сөз).
Сонымен, назарларыңызға ұсы­нылып отырған латынша қазақ әліпбиінің жазылу және айтылу жобасы мынадай (3-кесте):
Осы кестеден байқап отырғаны­мыздай, латынша қазақ әріптерінің айтылуы (дыбысталуы) кирилше де (а – а), ағылшынша да (а – эй), арабша да (а – алиф) емес, тек қана қазақша (в – ve әрпінен басқасы) алынып отыр. Кирилше қазақ әліпбиінде дауысты дыбыстардың барлығы да тек сол дыбыстан басқа ешқандай да мағынаны білдірмейтін, тұлдыр, жалаңаш, жетім дыбыстар болса, дауыссыз дыбыстардың айтылуы одан да сорақы: б – бы, в – вы, г – гы, ғ – ғы, д – ды, ж – жы, т.б. деп кете береді.
Латынша әліпби бойынша жеке оқығанда әрбір әріптің қазақша айтылуына айрықша мән беруіміз керек. Алдымен қазақ тіліндегі 30 дыбысты 30 таңбамен (26 әріпке қосымша 4 таңбамен) толық белгілеген латынша қазақ әліпбиінің айтылуын бір жүйеге түсіріп, оның қағидаттарын айқындап алған дұрыс. Ол үшін, біріншіден, әрбір әріптің айтылуы (дыбысталуы) бір таңбамен ғана емес, кемінде екі-үш таңбамен (немесе бір буынды сөзбен) белгіленуге тиіс. Екіншіден, әріптің айтылуын көрсеткенде дыбысталатын әріп әрқилы позицияда (л – ыл немесе лы, р – ыр немесе ры сияқты) емес, міндетті түрде алдыңғы позицияда (л – la, р – ru сияқты) тұруға тиіс (бұл қағидаға ң әрпі ғана бағынбайды, өйткені, бұл әріп ешқашанда сөз басында қолданылмайды). Үшіншіден, дауыссыз дыбыстардың айтылуында қосарланатын дауысты дыбыстар қысыңқы (ы, і сияқты) емес, тек қана ашық дауыстылар (л – la, р – ru сияқты) қолданылуға тиіс. Бұлардың барлығы – қазақ әріптерінің айтылуына қатысты жалпы қағидаттар. Мысалы, әліппені алғаш қолға алған сәбиге А а әрпін – ай деп үйретіп, алақандай ай суретін салып көрсетсек, К к әрпін – күн деп үйретіп, күлімдеген күн суретін көрсетсек болмас па?! Өйткені, қазақ қана емес, күллі адамзат баласының көзін ашқанда көретіні – көктегі күн, аузын ашқанда айтатыны – аспандағы ай емес пе?! Хакім Абайдың да: «Алиф деп ай йүзіңе ғибрат еттім!» дейтіні көп мән-жайды аңғартса керек.
Қазақ тіліндегі 30 дыбысты 30 таңбамен (26 әріп+4 таңба) белгілеп, олардың жазылуы мен ­айтылуын айқындағанда біз әрбір әріп пен таңбаның ғылыми негізделуі мен қисынды уәжделуіне баса назар аудардық. Осы әліпби жобасындағы 3 әріп (H h – й, V v – В в, W w – Ы ы) неліктен бұлайша алынды деп, талас тудыруы мүмкін. Ағылшын (латын) әліпбиіндегі h әрпі – эйч деп аталады, онда дыбысталатын й дыбысы қазақ тіліндегі шолақ й дыбысына толық сәйкес келеді. Ағылшынның w әрпі – дабл ю (ыйу) деп аталып, ондағы алдыңғы позицияда тұрған ы дыбысы қазақ тіліндегі ы дыбысына толық сәйкес келеді. Ал v (в) әрпі – қазақ тіліне жат, кірме дыбыс­ты белгілегенімен, бұл әріпті (дыбысты) әзірге тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Өйткені заңдық тұрғыдан алғанда аты-жөнімізді (-ов, -ев, т.б.), тұрмысымызға дендеп еніп кеткен кейбір шетел сөздерін (бал – вал, балет – валет, т.б.) әлі толық тәртіпке келтірген жоқпыз. Осы 3 әріпті ағылшын тілділердің де етене қабылдайтыны анық.
Біз үшін бәрінен де сәтін салғаны әрі қуаныштысы – Q q (qaz) әрпі болып тұр. Лексикалық тұрғыдан қазақ тілінде ең жиі қолданылатын әріп – осы Q q әрпі әрі бұл әріптің ағылшын тіліндегі компьютер пернетақтасында алдыңғы қатарда (бірінші орында) тұруын жақсы ырымға баладық.
Латыншаға көшуге байланысты алда атқарылатын қыруар шаруаның бісмілләсі ретінде қазақ әліпбиін түзумен бір мезгілде қазақ тілі грамматикасын, әсіресе фонетикасын, емлесін, тіл оқыту әдістемесін дау-дамайсыз, парадигмалық-прагматикалық тұрғыдан қайта қарауымыз керек. Назарларыңызға ұсынылып отырған жоба кемшіліксіз деуден аулақпын. Сондықтан ұтымды ұсыныстар болып жатса, қуана келісер едім.


Баға беріңіз