Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тіл түзелсе…

25.8.2017 312

Ғайбат – біреудің сыртынан айтылған сөз. Ол өзіңнің жаныңды ауыртып қоймай, өзгеге де жамандық әкелетіні хақ. Жалпы шариғатымызда, кешегі бабаларымыздың қалдырған өсиеттерінде өсек, өтірік, ғайбат пен үстірт пікірге сақ болуды ескертеді. Алайда бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілерде желдей ескен пікірлердің, ғайбат сөздердің көбейіп келе жатқанын көріп налитының анық.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты әлеуметтік же­лінің де жақсылығы мен жа­мандығы бар. Бірақ бүгінгі ұрпақ ғаламторда ғайбат айтуға бейім. Оған дәлел – ға­ламторды ашып қарасаңыз небір мақтап жазған дүние­лердің аяғы сол адамның сыртынан өрбіген қаншама өсек пен ғайбат сөздерге әкеліп соқтыратындығы, біреуді жамандап жазса, жабыла жамандайтындығы. Таныс па, бейтаныс па ол жағы маңызды емес, әйтеуір жамандаса болғаны. Сонда халқымыздың көнеден қалған сөз мәдениеті, әдет-ғұрпы, мейірімділігі, еліне деген жанашырлығы жоғалып бара жатқаны ма? Ең сорақысы, дағдыға айналған өсек пен өтірікке толы пікірлерді жас та, жасамыс та оқиды. Жұрттың кемшілігін жазып, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз?

Жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын халықтың ұрпағы едік. Әйтсе де, осы заманда өзгенің кемшілігін әлеуметтік желіге салып, ғайбат пікірлер жазып, өзіне ұпай жинайтындар көбейіп келеді. Байырғы дәуір адамгершілікке лайықты еді, бүгінгі қоғам «лайкты» болып барады.
Халқымыздың көне шежі­релері мен ескі кітаптарында Лұқман Хакімнен малдың ең тәтті жерін алып кел десе, қойды сойып, тілін әкеліпті. Ал енді ең ащы жерін алып кел десе, тағы да тілін алып келіпті. Ол кісі: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз?» дегенде: «Жақсылық та, жамандық та тілден, тіл байқап сөйлемесе тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп жауап беріпті. Осыған орай дана халқымыз: «Басқа бәле тілден» деп текке айтпаса керек. Бірде бір ғұлама: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл – есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дейді. Иә, өсек айтатын тілімізді тыйғанымыз абзал. Сондықтан ғаламторда отырып өсек айтудан сақтанайық.

Әлеуметтік желінің мақ­саты ақпарат алып, хат-хабар алмасып тұру екені хақ. Бірақ бүгінгі қоғамда осыны жете түсінбейтіндігіміз өкіндіреді. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу қажет. Кемшіліктерді жария­лау біздің салтымызға жат дүние. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын өсек, ғайбаттан арылып, одан іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Тіл – біздің басты байлығымыз. Тіл түзелсе имандылығымыз да, елдігіміз де түзелмек.

Тегтер: әлеуметтік желі, сөз мәдениеті, тіл тазалығы, қазақ тілі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

15 0

ақпарат

​Тарихи атаулар да жаңғыртуды қажет етеді

87 0

ақпарат

Ұсыныс - жаңалыққа ұмтылыс

84 0

ақпарат

Латын әліпбиін қоғам қолдап отыр