​Санамыз қай тілде сөйлейді?

Тілдің қоғамда атқаратын қызметінің көпқырлығына байланысты оның айналасындағы мәселелер де сан алуан. Біз көтергелі отырған тіл мәселесі жоғары оқу орындарында әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді ағы...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 тамыз, 2017

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында, соның ішінде Сүлеймен Демирел университетінде осы үрдіс қарқынды іске асырылуда. Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарында оқу үрдісі үш тілде өтуін бекітуіне орай, 2016-2017 оқу жылында университетте әлеуметтану пәні, негізінен, ағылшын тілінде жүргізілді. Министрлік үштілділікті Болон процесіне кірудегі міндетті шартпен түсіндіруде. Сондай-ақ әр оқу орнының әкімшілігі өз тұрғысынан қай тілде әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жүргізсе өз құқы дегенге сайып отыр. Министрлік те, оқу орнының әкімшілігі де мәселенің маңыздылығына жеткілікті көңіл аудармауда.

Қазіргі кезде кейбір басылымдарда «қай тілде білім алу маңызды емес, маңыздысы – білімнің сапасы» деген қағида, ұстанымдар насихатталуда. Мұндай көзқарастар мәселені әдейілеп бұрып әкетіп, оқырманды шатастыруға бағытталған. Сапалы білім – қандай тілде болсын қойылатын негізгі талап, ал тіл – сапалы білімді мәдени-рухани, жан-жүрекке, сезімге, сол арқылы сананы жандандыратын, оған ұлттық нышан беретін құдірет.

Белгілі америкалық әлеуметтанушы Дж.Массионис мынандай қағиданы алға тартады: Сапиро-Уорфаның тезисі бойынша, адамдар әлемді тілдің мәдени призмасы арқылы қабылдайды, яғни жеке бір идея нақты қандай тілмен айтылғанына байланысты түрліше қабылданады, сезініледі. Мәселен, ағылшынша немесе қытайша емес, испанша айтылған идея өзіндік ерекшелігімен қабылданады.

Ұлттар өз табиғи, тіршілік еткен ортасына, шаруашылық, экожүйесіне байланысты тек соларға тән ерекше мәдениет, ұғымдар, сөздер, қарым-қатынастар, символдар қалыптастырады. Олардың жоғалуы мыңдаған жылдар халықтың жинаған тәжірибесінен, салт-дәстүрінен айырылу деген сөз. Сондықтан да тіл халықтың ғасырлар бойы жинаған даналық тәжірибесінің сандығын ашатын кілт. Тіл бір буыннан келесі буынға үзілмей жүретін мәдени трансмиссияның кілті десе де болады.

Тілдің басқаларға тәуелсіз өзіндік кеңістігі, болмысы, орны бар. Осы тұрғыдан қазақ тілінің күш-қуатына көз жүгіртейік. Белгілі татар заңгері, тарихшысы, философы, қоғам қайраткері Максуди Садри мынандай дерек келтіреді: «Түркі тілінде 8000 бір түбірлі ұғымдар, сөздер болса, Еуропаның ең бай деген неміс тілінде тек 900 бір түбірлі сөздер бар», – дейді өзінің ХХ ғасырдың 20-жылдарында жарық көрген «Түркілердің тарихы мен құқы» атты энциклопедиялық еңбегінде. Максуди Садри бұл еңбегін жазуда 1000-ға жуық деректі, ғылыми еңбектерді пайдаланған және де ол – латын, неміс, француз, парсы, қытай, тағы да басқа тілдерді білген ғалым. Осыдан түркі тілінің, соның ішінде қазақ тілінің күш-қуаты, құдіреті көрініп тұр. Яғни қазақ тіліне қандай тілден болсын әлеуметтік-гуманитарлық еңбектерді аударуға болады, мәселе қазіргі кезде өте білікті маман аудармашыларға тапшылық бар, сондықтан да осы жағына қатты назар аударып, талаптар қою керек. Қазақша аудармалар көп жағдайда сапасы төмен, не жазылғанын адам түсінбейді. Біз өз тіліміздің әлеуметтік, рухани-мәдени күш-қуатымыздың мәні мен мағынасын толық түсіне алмай жүрміз де, сондықтан оны қолдана да алмаудамыз. Сонымен қатар техникалық жаңалықтарды өз тілімізде рухани өзімдік ету мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Тіл – ұлттың өзін-өзі анықтайтын (идентификация) ең бір күшті мәдени-символикалық құралы, құдіреті. Түркі тілінің ғасырлар бойы бойына жинаған қуаты әлі ғылыми-қоғамдық айналымға толыққанды енген жоқ. Оның болашағы алда.

Тіл ұлттың, жеке адамның Менін қалыптастырады. Мәселен, Абайдың:

«Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі,

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі», – деген даналық жолдары тілдің заттық, материалдық емес, тек адамдарға тән символикалық, сондықтан да өлмейтін мәнін ашып тұр. Ал «ақыл мен жан» деген сөз саптауында тек сол ұлтқа, керек десеңіз, жеке адамға тән ерекшелік те осы сөз арқылы сақталады.

Абайдың Гетенің Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңіне қазақтың тілі арқылы қазақи жан бітіп, біздің өзіміздің ішкі рухани әлемімізге, байлығымызға айналып отырған жоқ па? Өйткені рационалды, яғни тек ақылға жүгінген жағдайда адамдар сезімдік, жандық қасиеттерінен айырылып роботтанады, техниканың, компьютердің құлы болады.

Белгілі америкалық теоретик-психолог Эрих Фромм: «Қазіргі кездегі адамзатқа төнген елес, ол коммунизм немесе фашизм емес, ол – толықтай механикаландырылған қоғам. Мұндай қоғамда тойынған, өзіне риза, бірақ та белсенді емес, жансыз және сезімсіз адам баласы бара-бара жаппай машинаның бір бөлшегіне айналады. Және де сондай виртуалды әлемде өмір сүрген адамның эмоциясы мен ақылын бақылау мен басқару белгілі тартымды тұлғаларға тиімді болады. Тек біржақты техниканың дамуы мен материалды тұтынымды нысанға алған адам нақты өмірмен де, өзінің ішкі рухани дүниесімен де байланыстан айырылады», – деген тұжырым жасайды. Ал осыған қарсы тұратын адамзат құралдарының тиімділерінің бірегейі – әлеуметтік-гуманитарлық білімдер адамдарға тән қасиеттерді қалыптастыруға белсенді атсалысады.

Ұлттың тілі ұлтқа тән нақты әлеуметтік әлем жасайды, ол тек қана әлемді, қоршаған ортаны бейнелеумен шектелмейді, оны құрастырады да. Сондықтан да қазақ тіліндегі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар дамымайынша, ұлт та дамымайтыны белгілі жайт. Қазақ тіліндегі осы ғылымдар қазіргі заманда өте тез өзгеріп отыратын қоғамды ұғыну, сараптау, зерттеу арқылы дамып отырады. Ал ол үшін ғылымдардың дамыған ғылыми категориялары, ұғымдары ғана болып қоймай, олар жүйе деңгейіне, өзіндік иерархиялық реттері бар деңгейге жетуі қажет.

Қазіргі заманның басым бағыттарының бірі іштей пәнаралық қатынастар болғандықтан, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер жаңа категориялар, ұғымдар қалыптастыру арқылы әлеуметтік әлемді біртұтас көпқырлы құбылыс ретінде қарастырып заңдылықтарын ашады. Мысалы, қазақ өмірін, әдебиетін, поэзиясын терең білмейтін адам әлеуметтанудан да сапалы сабақ бере алмайды. Өйткені әлеуметтану қандай да мәселе болсын оны жан-жақты, біртұтас қарастырады және де адамның мәдениетімен, рухани әлемімен байланыстырады. Мысалы, Мұқағалидың «Бозқараған» өлеңіндегі:

«Бойжеткендер тойларын жасарында,

Бозқараған жанатын ошағында.

Әтір иісін әкеліп аш ауылға,

Желік беріп тұратын жеңгейлерге,

Жер түбіне біреумен қашарында».

Осында келтірілген «желік» деген ұғымның мәнін қазақи өмірді білетін адам ғана түсінеді. «Жеңгейлер» де осы қатардағы ұғым. Ал өлең 1972 жылы жазылса да, оның контексі сонау соғыс жылдарында екені «аш ауылда», жесір қалған жеңгелердің «жер түбіне біреумен қашарында» сөздерімен трагедияның бетін ашып тұр.

Толыққанды тәуелсіз әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдары жоқ елдің өзгеріп отыратын қоғамды түсінетін, заңдылықтарын ашатын тілдері дамымай, тек от басы, ошақ қасы деңгейінде кенжелеп, мешелденіп қалса олардың болашағы тұманды.

Кешегі Кеңес өкіметі әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді өзінің ресми идеологиясын жүргізуші пәрменді құрал ретінде пайдаланды. Осы тұрғыдан оған қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде ұстады. Сондықтан да бұл ғылымдар, негізінен, біржақты болғаны белгілі.

Президентіміз өз мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасын қолға аламыз» және де «гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз», – деп тұжырымдаған болатын.

Ал енді әлеуметтік-гуманитарлық пәндер ағылшын тілінде жүргізіліп жатса, президентіміздің бағдарламасы аяқасты болғаны ма? Мұндай саясат жүріп жатқанда қазақ тілінде бұл пәндерден оқулықтар жазып, басқа тілдерден әлемнің үздік деген оқулықтарын қазақ тіліне аударудың не қажеті бар?

Ал енді бұл пәндерді ағылшын тілінде жүргізіп жатқан әкімшіліктегілердің уәжіне көңіл аударайық. Олар мыналар: біріншіден, студенттердің ағылшын тілін игеруіне тағы да қосымша уақыт, мүмкіндік туындайды; екіншіден, студенттер шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасқа түскенде әлеуметтік-гуманитарлық ұғымдарды қолдану арқылы олармен тек өз мамандықтарымен шектелмей, ауқымды пікір алмаса алады.

Мұндай ұстанымның өмір талабына сай емес, таяз, технократтық екендігін мақаламыздың басында әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның өмірдегі атқаратын қызметіне және де қазіргі заманның ерекшелігіне байланысты келтірдік.

Енді соған қоса айтарымыз бар. Біріншіден, ағылшын тілін жатық білу әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді «құрбандыққа шалу» арқылы шешілмеуі керек. Бұл – тікелей білім туралы заңды бұзу. Әкімшілік ағылшын тілінен студенттердің білімі жеткіліксіз десе, ағылшын тіліне қосымша сағат бөлуі қажет, ал жеке студентке байланысты болса, оның өзі қосымша ақылы сабақ алуы керек.

Біз ағылшын тілін үйренуге қарсы емеспіз. Керісінше, кәсіби мамандығына қажетті деп тапқан әрбір азаматқа өкімет, ұжым әкімшілігі түрлі мүмкіндік жасауы тиіс дейміз. Университетте жүргізген сауалнамалардың қорытындысында біз әкімшілікке осындай өз ұсыныстарымызды ашық жария да еткенбіз. Екіншіден, әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді ағылшын тілінде қазіргі студенттер игеріп жатыр дегенге еш негіз жоқ. Оған жеткілікті оқу құралдары, оны ағылшын тілінде жатық білетін мамандар жоқ десек те болады. Сонымен қатар ағылшын тілінде бұл пәндерді қабылдай алатын студенттер де жоқ. Бұл пәндерді ағылшын тілінде өтіп жатқан студенттердің ағылшын тілін нақты білу деңгейін ешкім тексермейді. Әкімшіліктің әлеуметтік-гуманитарлық пәндерге деген осындай ұстанымы студенттерді де қанағаттандырады, өйткені оларға бұл пәндерді білу қажет емес, «тіл білу үшін қосымша мүмкіндік» деген қағидаға байланысты бұл пәндерден барлығы жаппай өте шығады. Үшіншіден, қазіргі жағдайға байланысты бұл пәндер қазақша және орыс мектептерін бітіргендерге орыс тілінде жүруі тиіс. Ағылшын тілінде мамандығына байланысты қажеттілік туған жағдайда оқимын дегендерге сол тілді білу деңгейін тексеріп, арнайы топ құрып, бүкіл оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Ал егер де ағылшын тілінде сабақ беремін деген оқытушылар болса, олардың лекциялары, силлабустары, әдістемелік құралдары міндетті түрде интернетте жариялануы керек. Сонда олардың не жазғандары тәуелсіз мамандар арқылы бағасын алады. Лекцияларының аудиожазбалары да жариялануға тиісті. Бүкіл әлем білсін, біздің ағылшын тілінде сөйлеу деңгейімізді және сабақтардың сапасын. Бұл талап міндетті түрде іске асырылуы қажет. Сонда ғана көзбояушылықтан құтыламыз.

Министрлік әлеуметтік-гуманитарлық пәндер жоғары оқу орындарында меншікке қарамай қазақ тілінде, ал орыс мектептерін бітіргендерге орыс тілінде жүргізілсін деп арнайы бұйрық шығаруға тиісті. Егер де біздің жоғары білім алған азаматтарымыз өз тілімізде күнделікті және әлеми мәселелерді қазақ тілінде философиялық, әлеуметтанулық, мәдениеттанулық, саяситанулық тұрғыдан талқылай алмаса, онда қазақ тілі, Колбин айтқандай, ошақ қасы деңгейінде, мешел түрінде күн көруі тиіс. Ол дегенің – тілді құртудың жолы.

Философияда өзінің рухани негізінен өзінің жаттануы (духовное самотчуждение) деген ұғым бар. Оның мәні осыған ұрынған адам өзінің рухани адами қасиеттерін өзі жояды, күйретеді және де солай болып жатқанын өзі түсінбейтін дәрежеге жетеді. Қазіргі технологиялық тілмен айтсақ, бұл адамның адами қасиеттеріне қарсы жіберілген вирус деуге болады.

Президентіміздің мақаласындағы бағдарламаларды іске асыруға құрылған ұлттық комиссия мәселені бюрократтық тартысқа салмай, осы 2017-2018 оқу жылынан бастап шешеді деген үміттемін.


Баға беріңіз