Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Аудармашы автордың обалына қалмауы керек...

11.8.2017 135
Мәдениетіміздің мәйегі – әдебиетімізде. Әдебиетіміздің там-тұмдап болса да әртүрлі тілдерге аударылып жатқанынан жалпы жұрт хабардар. Алайда, кім, нені, қалай аударуда деген әңгімелер әдеби ортаның көрігін қыздырып жатыр деп айтуға әлі де ерте секілді... Осы орайда біз Анкарадағы Гази университетінің профессоры, ғылым докторы, әдебиетші, қазақ әдебиетін түрікше сөйлетіп жүрген аудармашы Жемиле Кынаджымен әңгімелескен едік.

– Жемиле ханым, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын аударғаныңызды білеміз, қазақ әдебиетінен түрік тіліне тағы кімдерден, қандай шығармалар аударылды, қолдаушы ұйымдар қайсы дегендей жалпылама сауалға қысқаша шолу жасап барып, негізгі әңгімемізге көшсек.

– Бертінгі уақыттан айтсақ, Ілияс Есенберлиннің үш томдық «Көшпенділер», Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй», Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт...», Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы мен «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағы, Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі», Роллан Сейсенбаевтың «Қашу», Нағашыбек Қапалбектің «Құс қанаты», Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романдары, Ахмеджан Аширидің «Идиқұт» кітаптары, Төлен Әбдіктің таңдаулы шығармалары және Олжас Сүлейменов, Темірхан Медетбеков өлеңдері, бұдан бөлек әдебиетші, аудармашы Мәлік Отарбаевтың сұрыптап аударуымен жарыққа шыққан 25 жазушының шығармалары бар. Бұл жинаққа Несіпбек Дәутайұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы, Тұрысбек Сәукетай, Қуандық Түменбай, Қали Сәрсенбай, Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман, Берік Шаханов сынды кілең қазіргі заман жазушылары енген. Жалпы, бұл саланың жұмысы соңғы екі-үш жылдың бедерінде жақсы қарқын алды, қателеспесем 40-қа жуық кітап аударылды. Бұларға негізінен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жазушылар қауымдастығы, Халықаралық Түркі академиясы қолдау көрсетті. Кейде жеке тұлғалар, жеке баспалар, Түркиядағы қазақ диаспорасы, университеттің кафедралары да себепкер болып жатады.

– Елбасымыз Н. Назарбаевтың елдің болашақ бағдарын, рухани келбетін айқындайтын маңызды мақаласы жарық көрді. Мұнда әлеммен байланысымыз, мәдени өрісіміз сөз болып, аударма мәселесі де айтылды. Бұдан толық хабардар шығарсыз?

– Иә, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы түрік тіліне аударылып, ол жақта да жақсы талқыланды. Мұнда Елбасы мәдениеттер арасында диалог болуы керектігін жақсы көтерген. Бұл диалог, әрине әдеби аударма арқылы жүзеге асады. Осы мақалада өте маңызды мәселелердің бірі ретінде аударма бюросын құру керектігін айтты. Бұл өте қуанышты жағдай. Себебі, аударма жүйелі әрі сапалы болуы керек. Аударма өз деңгейінде болмаса әсері керісінше болады. Тіпті оны аудармашыдан кейін қарайтын комиссия болуы тиіс. Мысалы, ертеректе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы түрік тіліне аударылды. Жасыратыны жоқ, сәтті шықпады. Басында бәрі оқығысы келгенімен, кейін аяқ тартып қалады. Мен өзім студент кезімде сол аударманы оқып бастағанмын, бірақ әрі қарай жүре алмадым. Содан диссертация қорғайтын кезімде қазақша түпнұсқаны оқыдым. Ой, қандай ғажап! Мен тек қайран қалумен болдым. Әуезовті қалай жақсы көргенімді айтып сұрамаңыз. Сөздері түгел інжу-маржан! Оның обалына қалуға болмайды. Назарбаев айтқан аударма бюросы құрылмай, мұндай проблемалардан арыла алмаймыз. Әлсіз аудармалардың пайдасынан зияны көп. Жалпы, әдеби аудармашыларға дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Сіздің елде де, біздің елде де солай. Мысалы, шетел баспалары Орхан Памук секілді атақты жазушылардың шығармаларын жоғары қаламақымен, жақсы сапада аударып шығарады. Ондай істерді көбінесе сатылым үшін, пайда түсіру үшін жеке баспалар істейді. Мысалы, Айтматовтың шығармаларынан бұрын атағы жетті. Атағы жеткен жазушының өтімді болатыны белгілі. Сондықтан да ол жоғары сапада аударылып, өз оқырмандарын тапты деуге болады. Бұл бірлі-жарым жазушы жайлы. Ал, бір ұлтты жан-жағынан таныстыратын ұласпалы дүниелерді сапалы аудару үшін мемлекеттің қолдауы керек болады. Мысалы, «Ақбоз үй» қазақтың аштыққа ұшыраған тарихын көз алдыңнан өткізсе, «Ұлпан» қазақ әйелінің образын сомдайды.

– Осы тұста аударылып жатқан шығармалардың қабылдану жайын айтыңызшы, түрік оқырмандарына қазақ жазушыларының шығармалары қай қырынан көбірек әсер еткенін байқадыңыз?

– Шынымды айтсам, «Ақбоз үй» романы түрік тіліне аударылғанға дейін қазақ бауырларымыздың алапат аштыққа ұшыраған жағдайын жете білмейді екенбіз. Білгендерінің ойында қазақ даласында аштық болған, қуғын-сүргін болған деген сияқты жалаң ақпараттар ғана болған. «Ақбоз үй» романы өте жақсы қабылданды. Қазір аштыққа ұшыраған қазақтың тарихын жаны қинала еске алатын әріптестеріміз, оқырмандар аз емес. Міне, білісу, танысу. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы туралы айтайық, мысалы. Махамбет Өтемісұлының үлкен тарихи тұлға болғанын түрік жұрты осы роман арқылы таныды десе де болады. Оның қылыштай өткір мінезі, еркіндік аңсаған қырандығы, алапат ақындығы ерекше тәнті етті. Махамбетті қазақтың рухы деп білуге болады. Оның жырлары да аударылды қазір. Түрік бауырларыңыз Махамбетті енді онан сайын жақсы біле түсетіні сөзсіз. Әр оқырман өз тақырыбын іздейді ғой, барлық адам тарихи тақырыпқа қызығады деуге де болмайды. Бексұлтан Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт...» романы қарапайым кейіпкердің жан дүниесі арқылы әдеби образ жасайды. «Ұлпан» романын оқыған адам қазақ әйелдерінің қандай болғанын қапысыз түсінеді. Түркияның әр қаласында кітап жәрмеңкелері өтеді, сол жәрмеңкелерде «Ұлпан» романы ең көп сатылатын кітаптардың қатарында. Неге десеңіз, оқырмандарды қарапайым қазақ әйелінің қандай болғаны, оның тұрмысы, психологиясы, ары, ұяты, ұстанымдары қандай болғаны қызықтырады екен. Ал, маған әлеуметтік желі арқылы, болмаса басқалай алғыстарын айтып жатқан оқырмандар өте көп. Көбі қазақ әйелінің ғажайып мықты қуатына таң қалғаны, кейбіреу жылап отырып оқығанын айтады. Бір айта кететін жайт, мысалы кітапты елшілік шығарса ол бір қонақтарға кәдесый ретінде берілетін, жиналыстарда көрініске қоятын зат секілді болып қалады ғой, ал «Ұлпан» Еуразия Жазушылар одағына қарайтын «BENGÜ» баспасынан шықты. Әрине, елшіліктің қолдауымен. Беделді баспалар үлкен жәрмеңкелерден ойып тұрып орын алып, жарнамасын да жақсы жасай алады. Оның үстіне Түркияда интернет арқылы кітап сатып алу жүйесі де жақсы дамыған. «BENGÜ» баспасының қорытындысына сенсек, Анкарада өткен ең үлкен кітап жәрмеңкесінде қазақ жазушыларының шығармалары ішінде ең көп сатылған «Ұлпан» романы болыпты. «Ақбоз үй», «Бас» та жоғары сұранысқа ие, «Қаралы көш» романы да жақсы бағаланды деп естіп жатырмыз. Осы роман және Халифа Алтай туралы кітап та сондағы қазақ диаспорасы арқылы шықты-ау деймін. Мысалы, жеке авторлар да жақсы аудармашы тауып, өздері баспамен келісіп кітабын шығара берсе болады.

– Қаржы мәселесі қиын ғой?

– Иә, ол жағы әркімнің өзіне байланысты. Осы жерде айта кетейін бұл жерде мынаны білу керек, елшілік арқылы дегенде елшілік бұл шаруамен арнайы айналыспайды ғой, оған бөлінген арнайы қаражаты да жоқ, олар көбінде демеуші іздейді, баспалармен сөйлеседі. Табылғанына, келіскеніне қарай жұмыс жүргізіледі. Көбінесе авторлар аудармаға өздері ақша төлеп, елшілік баспа жағын шешіп дегендей келісімдермен шығады. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде Мәлік Отарбаев деген әдебиетші, аудармашы азамат бар. Сол жігіт осы әдеби аударма саласына, яғни қазақтардың түрікшеге аударылуына көп еңбек сіңіріп жүр. Одан бөлек бұл жұмыстарды университеттердегі «Қазіргі түрік тілдері және әдебиеттері» кафедраларында қазақ әдебиетіне қатысты қорғалған диссертациялық жұмыс, ондағы магистрант, докторантурадағы ізденушілер аударған шығармалар да толықтырды. Мысалы, менің диссертациялық жұмысымның тақырыбы «Қазақ әдебиетіндегі имидж және тұлғалық қасиет» деп аталды. Оны мен М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Ерубаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин сынды қазақ әдебиетінің классиктерінен 16 романды оқу арқылы жаздым. Былайша айтқанда, 1925 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықтағы қазақ әдебиетіне ғылыми тұрғыдан тұжырымдама жасадым деуге болады. Ол да кітап болып басылып шықты. Оқырман, танып біле жүрсін деп мысалға алынған авторлардың өмірбаянын да кітапқа кіргіздім. Бұдан былай Елбасы мақаласында айтылған бағдарламалар іске қосылса бұл жұмыстар қарқын алып қана қоймайды, сапасын да арттыра түседі деп ойлаймын.

– Қазақ әдебиетінен қандай тұлғалық қасиет байқадыңыз?

– Бұған негізі кеңірек жауап беру керек. Қысқарақ айтсақ, «әже» образы ерекше көзге түседі. Мен оқыған романдардың бәрінде әже бар. Сол әжеден салт та, тұрмыс та, парасат та, бәрі-бәрін көре аласың. Бұл нағыз тұлғалық қасиет. Мысалы, біз Сәбит Мұқановты немесе Сәкен Сейфуллинді идеологияның жазушысы деп ойлаймыз ғой, жоқ, олардың да өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай айтарын астарлап жеткізген тұстары өте көп. Мысалы, қазақ ешқашан доңыз етін жемейді. Бұл «Ботагөз» романында айқын көрінеді. Қазақ орыстың үйіне барса доңыз еті араласады деп оның дастарқанына жақындамауға тырысады, орысқа қызын бермейді. Міне, бұл да ұлттық болмыс. Бір ұлттың өткенін тарихынан білсең, санадағы қозғалысын әдебиеті арқылы білесің. Қарап отырсаңыз, 80-ші жылдардағы қазақ әдебиеті Кеңес өкіметінің іштен құлағанын айпарадай көрсетіп береді. Тарихи романдардың бірінің артынан бірі шыға бастауының өзі соның белгісі емес пе? Тарихи тұлғалар, қазақ хандығы туралы айтыла бастады. Қысқасы, біз 1917 жылы шыққан ұлт емеспіз дегенді ашық-ашық айта бастады. «Аласапыран», «Елең-алаң» романдары соның айғағы. Бұлардың ақыры 1986 жылғы желтоқсандық алапат рухқа ұласты.

– Иә, одан кейін Алаш рухы қайта аспандады... Сіздерге Алаш әдебиеті қаншалықты жетті?

– Алаш әдебиеті сіздерде қаншалықты кешеуілдесе бізде де солай. Соңғы жылдарда ғана қолға алына бастады. Мұстафа Шоқай кеңінен таныс деуге болады. Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» кітабының түрік тіліне аударылғанын білемін, тағы да осы академияның ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейханның ғылыми жұмыстары түрік тіліне аударылып, Анкара қаласында халықаралық конференция болды. Біз бұл конферанциядан көп нәрсе түйдік. Енді, Мағжанды түрік жұрты түгел біледі десек артық айтқандық болмас. Менің білуімше, ең бірінші түрік тіліне аударылған Мағжан. 1991 жылы-ау деймін. Түрік халқы Мағжанды жанындай жақсы көреді десем де болады. Осман империясы құлағаннан кейін бізде ұлт-азаттық соғыстары жүріп жатты. Сол кезде, сонау 1920 жылдары бізге арнап Мағжан «Алыстағы бауырыма» деп өлең жазды. Біздің факультетте Мағжан Жұмабаевты түріктің ұлы ақыны, Түркияның гимнін жазған Мехмет Акиф Ерсоймен салыстыра зерттеп, магистрлік диссертация жазып жүрген азаматты білем. Одан кейін өзіміз ұлттық ақын деп төбемізге көтеретін Мехмет Эмин Юрдақулмен Міржақып Дулатұлын қатар қоятын тұстарымыз бар. «Мен – түрікпін, менің денем де ұлы» деп жырлайтын Мехмет Эмин «Ей, түрік оян!» деп ұран салған еді кезінде. «Оян, қазақ!» деген Міржақып екеуі бір кезеңде өмір сүрген. Қараңызшы, біреуі анау Түркияның Анадолысында, біреуі қазақтың ұлан-байтақ Арқа даласында жүріп өз қандастарына тастаған ұранын, жан айқайын... Қандай ұқсас! Міне, осылардың барлығы ғылыми тұрғыда зерттеліп жатыр. Ал, өзім Қошке Кемеңгерұлының өмірбаянын қарап, бір мақала жаздым. Болашақта осы алаш арыстары туралы тарихи эсселер аудару ойымда бар. Жалпы, Түркияда қазақ әдебиетін насихаттап жүрген ғалымдар шоғыры көбейіп келеді. Тұлғаларды бөлек қарастыра бастады, Абайды бір ғалым, Мағжанды бір ғалым зерттеп дегендей. Әкрам Аян Ыбырай Алтынсаринды зерттеп жүрсе, Сейфулла Иылдырым қазақ фольклорымен айналысып жүр, Ферхат Тамирды айтуға болады. Олар қазаққа қатысты жиналыстың көбінде бас қосып, ақылдасып жастарға тақырып беріп отырады. Жастар өсіп келеді. Жалпы, қазақ та өздерін зерттеп жүрген адамдарға құрметпен қарайтынын байқадым. Көңілі кең халық. Өзге туысқан ұлттармен салыстырғанда қазақ мәдениетінің зерттелуі артып келеді. Біздің жазушылардан қазақ тіліне аударма жасалынып жатыр. Мысалы, екі жыл бұрын түріктің бүгінгі драматургиясының негізін салушы жазушы-драматург Халдун Танердің 100 жылдығы болды. Сол кезде Халдун Танердің пьесаларын Мәлік Отарбаев және әңгімелерін орыс тілінен Нұрғали Ораз қазақшаға аударды. Басқа туысқан ұлттардың бірінде аударылған жоқ. Бұл үшін қазаққа біз де ризамыз. Осылай біз бір-бірімізге бауырмал боламыз. Кітаптар көп аударылуы керек. Қазір мамандар тапшы, бірақ бір автордың тұтас шығармасы бір адамның қолынан шығуы да шарт емес. Бір автордың әр шығармасын әр адам аударса да болады. Мысалы, Төлен Әбдіктің шығармаларын бірнеше аудармашы аударған. Дархан Қыдырәлі «Қайырсыз жұма», Ашур Өздемир «Оң қол», Нұрбек Қайырмұхамедов «Парасат майданы», Элмира Қалжан «Әке», Айнұр Майемерова «Тұғыр мен ғұмыр» шығармасын аударды. Бұл да қызық тәжірибе. Сәтсіз болған жоқ. Соның арқасында Төлен Әбдік ағамыз «Түркі әлемі әдебиетінің жыл адамы» атанды.

– «Ұлпанды» аудару қиын болды ма?

– Мен «Ұлпанға» бір жарым жыл отырдым. Білесіз, Ғабит Мүсіреповтің тілі өте бай тіл. Оны игеру қиын. Түрікше де өте жақсы білуің керек. Сөзбе-сөз аударма емес қой бұл. Мағынасын жеткізуің керек. Керек десеңіз, Ғабиттің сол кезде қолданған көп сөздерін сіздердің бүгінгі жастар түсіне бермейді. Мен енді сол кезеңнің романдарын көбірек оқып, сөзбен, сөздікпен арнайы жұмыс жасағаннан кейін міндетті түрде білуге тура келді. Көп ізденіс болды.

– Алдағы уақытта кімнің, қай шығармасын аударуды жоспарлап отырсыз?

– Мен қазақ прозасындағы әйелдер бейнесі туралы, қазақ драматургиясындағы әйелдер бейнесі жайында мақалалар жаздым. Тек таң қалумен келемін. Батылдық, бәріне үлгеру! Қазақ қыздарының ғана қолынан келетін іс болады. Әлі де осы тақырыпты қаузай бергім келеді. Десе де ойлап отырсам балалар әдебиетінен бірде-бір шығарма аударылмаған екен. Енді соны қолға алмақпын. Түрік оқырмандары қазақ баласының жан дүниесін де білсін. Қазір Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін аударумен айналысып жатырмын. Өте қызық. Бұл тек балаларға арналған дүние емес, кеңестік кезеңнің қилы қитұрқыларын бала тілімен астарлап айтатын айрықша шығарма ретінде де қарауға болады. Мысалы, Қожа айтады: «Мен колхоздың бір атын мініп ауылға барсам, неге маған ұрсасыңдар? Колхоз бәріміздікі емес пе? Колхоздағы барлық мал да бәріміздікі емес пе? Бұл советтік кезең емес пе? Советтік кезеңде бәрі бәріміздікі емес пе?» дейді. Бұл жерде мысқыл бар, астар, кекесін бар. Өте жақсы жазылған. Мен бұл шығарманы аударуға отырған сәтімді «Қожамен сырласу сағаттарым» деп атаймын.

– Біз рухани жаңғыру аясында әдеби аударманың жаңа бір кезеңін бастағалы отырмыз. Аудармашы ретінде не айтар едіңіз?

– Аударма мәселесін мемлекет қолға алса, арнайы бір институт жұмыс жасаса деген ой бар. ТҮРКСОЙ мәдениет және өнер саласы дейді де, әдебиет соның аясында аз ғана орын иеленеді. Уақытша дүниелерге көп назар аударылып кететін жағдай болады. Халықаралық түркі академиясы ғылым жағына көптеп көңіл аударады. Мүмкін жазушылар одағымен бірлесіп, әдебиет саласын аударуды бөлек қарастырса деп ойлаймын.

Тегтер: аударма, қазақ әдебиеті, Ұлпан романы, түрік тілі
Авторы: Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

35 0

ақпарат

Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі

95 0

ақпарат

​Тіл фестивалі аясында халықаралық «Жайдарман» ойыны өтеді

173 0

ақпарат

Елбасы латын әліпбиінің нұсқасын мамандармен талқылайды