Тілді жүйелі оқыту жолдары

Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 тамыз, 2017

Тілдегі әрбір тілдік бірліктің өзіндік ерекшелігі, құрылымы, мағынасы, сипаты, қызметі, орны болады. Сол тілдік бірліктердің бірі жеке дара қолданылып арнайы бір топты құратын болса, енді бірі екінші бір бірліктермен бірлесе келіп бір жүйеде тоғысады. Тілдің осындай табиғи жүйесін сақтай отырып, тілді шет тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту қазіргі таңда қазақ тілін оқыту әдістемесінде басты назар аударатын мәселелердің бірі болып отыр. Әрине, бүгінгі күні қазақ тілін оқыту әдістемесі жан-жақты дамып, өз жемісін беріп келе жатқан ғылым саласы болып қалыптасты. Алайда, кемшін тұстары да аз емес, себебі тілді оқыту – үнемі дамып отыратын құбылыс. Сол себепті тілді оқытуда үнемі жаңашылдық енгізіп отыру – әрбір оқытушының басты міндеті.

Тілді оқытуда материалды тіл үйренушіге қалай беру керек деген мәселе туындайды. Бірінші – сөз және сөздік қор мәселесі. Мысалы:

  • сөздік қорды меңгерту (сөздің мағынасын түсіндіру);
  • сөздің сөйлемдегі орнын меңгерту (өзге бірліктермен байланысы, мәтін);
  • сөздің қарым-қатынастық қызметін меңгерту (сұхбаттағы қызметі).

Жоғарыда аталып өткен сөз қызметтерін меңгерген жағдайда тіл үйренуші өзі үйреніп отырған тілінде еркін қарым-қатынасқа шығуға мүмкіндік алады. Ал, сөздің аталған қызметтерін меңгерту оқылым, жазылым, тыңдалым, сөйлесім тәрізді жұмыс түрлері арқылы жүзеге асады. Ең бастысы жұмыс түрлері жеңілден күрделіге қарай бағытталуы тиіс. Бұл дегеніміз тіл үйренуші тапсырмаларды жасау барысында еш қиындыққа тап болмауы тиіс. Тіл үйренушінің үйреніп жатқан материалын психологиялық тұрғыдан жеңіл қабылдағаны маңызды. Ол үшін сөздік қорды меңгерту бойынша төмендегідей жұмыстарды жүргізуге болады.

Екінші – грамматика және грамматикалық бірліктер. Кез келген тілді оқытуда бұл мәселе екінші орынға қойылады. Алайда, менің ойымша, грамматика мен грамматикалық бірліктер екі түрлі нәрсе. Сондықтан тіл үйретуде грамматикалық бірліктерді сөздік қордан кейін бірден үйрету керек. Себебі грамматикалық бірліктер тіл үйренушінің сөздік қорды сөйлеу тілінде дұрыс қолдануына кепіл болады. Ал, оқытуда бұл бірліктердің атын атап, түсін түстеу қажет емес. Ең бастысы сөйлеу және жазба тіліндегі функционалдық қызметін меңгерту керек. Грамматикалық бірліктерді меңгертуде төмендегідей жұмыстарды жүргізуге болады.

  • грамматикалық формаларды дайын күйінде беру;
  • грамматикалық құрылымдар ретінде беру;
  • жағдаяттық тұрғыда беру;
  • суретті жағдаят арқылы беру;

Үшінші қарым-қатынас негізі – сұхбат, яғни меңгерген сөздік қор мен грамматикалық бірліктерді пайдалана отырып, белгілі бір тақырыпта жағдаяттық сұхбат құру. Сұхбат құру ол – тек екі адамның арасындағы сөйлесім ғана емес, сонымен қатар, ол топтық пікір алмасу құралы болып табылады. Сондықтан сұхбат құруды төмендегідей жолдармен жүргізуге болады:

Төртіншісі – мәтін немесе оқылым. Ең маңызды және ең басты тіл үйрету құралы. Мәтінге қойылатын талап – мәтін жеңіл және қызық (танымдық), шынайы өмірге сай болуы тиіс. Тіл үйренушінің мәтінді бірден түсінуі шарт емес, тіл үйренуші мәтінді алғаш оқығанда төмендегідей ақпараттарды алуы керек:

  • мәтіннің тақырыптық жағын түсіну;
  • мәтіннің идеясын түсіну;
  • мәтіндегі негізгі оқиғаны, кейіпкерді, жағдаятты аңғаруы тиіс.

Ол үшін келесі жұмыстарды жүргізуге болады:

  • мәтінді бір рет оқыту /жалпы сұрақ/
  • мәтінді азат жолдарға бөліп оқыту / жалпы сұрақ/
  • мәтінді минутқа оқыту /аудиторияға байланысты/
  • мәтінді мұғалім оқып береді /бірге оқу, аудиторияға байланысты/
  • мәтін бойынша жалпы сұрақтар /иә,жоқ (жауап)/
  • мәтіннің бір азат жолын алу /5 сөзді тап/
  • жұппен оқу /бір үйренуші екінші үйренушіге/
  • мәтін бойынша сұрақ /мұғалімге/
  • мәтін бойынша сұрақ /жұппен/

Жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жүргізгеннен кейін ғана мәтіннің ішкі мазмұнымен жұмыс жүргізілсе, тіл үйренушіге оны түсіну қиынға түспейді.

Бесінші негізгі кезең немесе нәтиже кезеңі – сөйлесім. Бұл кезеңде тіл үйренуші сөздік қор, грамматикалық бірліктер, сұхбат, мәтін кезеңдерінен алған тілдік дағдыларын еркін қолдана алуы тиіс. Сөйлесімге арналған тапсырмалар мен жаттығулар:

  • қызық әрі жеңіл болуы;
  • лексикалық минимум жеңіл әрі актив сөздерден болуы;
  • визуалды және паралингвистикалық тұрғыда болуы;
  • коммуникативті тапсырмалар басым болуы;
  • тіл үйренушіге барынша өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік беруі;
  • тапсырмалар тілдік кедергіні жоюға бағытталуы тиіс.

Алтыншы – тілді түсіну, яғни тыңдалым бөлігі. Тыңдалым тіл үйренушінің тілді қаншалықты білетіндігін анықтайтын меже болғандықтан, онда алынатын материалдар өтілген тақырыпқа сай болғаны және лексикалық минимумы сол тақырыптың сөздік қорына жақын болғаны абзал. Тыңдалым материалдарына төмендегідей талаптар қойылуы тиіс:

  • дауыс екпіні деңгейге сай болуы;
  • диктор интонациясы анық болуы;
  • диалогтық тыңдалымдарда шынайылық болуы;

Қорыта айтқанда, тілді үйрету кезеңдері жүйелі түрде жүргізілсе, тіл үйренушіге тілді тез меңгеріп алуына септігін тигізері анық. Сонымен тілді үйрету жүйесін төмендегі кестемен беруге болады.


Баға беріңіз