Қолдан келетін істерді қолға алсақ…

Қазақ тілінің тұғырын нығайтуда құзіретті органдар, қоғамдық ұйымдар біршама әрекет жасап жатқандарымен нәтиже көңіл көншітпейді. Менің ойымша, егер өзіміздің қолымыздан келетін істерді атқарсақ, ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 тамыз, 2017

Біріншіден, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде – қазақ тілінде сөйлеуін, осы тілде қарым-қатынас жасауын талап еткен жөн. Мемлекеттік қызметші деген аты болғаннан кейін олар бұл маңызды істе үлгі көрсетуге міндетті.

Екінші, ұлттық болмысымызды басқаларға үлгі ету, яғни көшеде, үйде, қайда болмасын бір-бірімізбен қазақша сөйлесуіміз керек. Үлкендер немерелеріне ертегі айтып, балалар өздеріне арналған қазақ тіліндегі бағдарламаларды көріп отырса қандай жақсы.

Үшінші, қазіргі кезде жұмысымыздың көпшілігі компьютерді пайдалану арқылы атқарылатындықтан қазақ тіліндегі компьютерлік бағдарламалар көбейсе нұр үстіне нұр болар еді. Болашақ мамандарды (қай бағыты болса да) даярлау барысында олардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігі назарда болғаны дұрыс.

Төртінші, жасыратын несі бар республика көлемінде шығатын ғылыми-техникалық журнал беттеріндегі мақалалардың 80-90 пайызы орыс тілінде басылады. Қазақша ақпарат құралдарын көбейтуге қолдау жасау керек. Мәселен, Қарағанды қаласында «Орталық Қазақстан», «Арқа ақшамынан» басқа қазақша жөнді басылымдар кездестіре алмайсыз. Олардың таралымын көбейтіп, ауылдағы әр үйге жеткізетіндей жағдай жасаса, ол басылымдар әр үйдің рухани байлық көзіне айналып, тілге де шырай бітер еді.

Бесінші, мемлекеттік тілге көштік деген мекемелердің өзінде ресми жиындардың, отырыстардың дені қазақша бір-екі ауыз сөзбен ашылады да, әрі қарай орыс тілінде жалғасады. Осыған бойымыз үйреніп барады. Бұл дұрыс емес, әрине. Сол себепті қазақша түсінбейтіндерді электронды аударма құралдарымен қамтамасыз ету қажет.

Бәрімізге белгілі орыс тілді мектептегі қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім сабағының 20 пайызын қазақша, қалғанын орысша түсіндіреді. Педагогикалық кеңесте орысша сөйлейді, орысша есеп береді. Қынжылтатын жайт. Сондықтан мектепте қазақ тілінің үлесі қандай, қалай өтіп жүр, осыған көңіл бөлінуі тиіс.

Алтыншы, қазақ жастарының, студенттердің басым бөлігі орысша сөйлейді. Мұны өздерінше жетістік деп есептейді. Өз тілін төмендетіп, басқа тілді жоғарылатып жүргендерін сезбейді. Сол себепті мемлекеттік тілді жаппай үйренудің тетігін күнкөріс қажеттілігімен байланыстыруды күн тәртібіне қою керек. Орыс тілді студенттердің шәкіртақысына мемлекеттік тілді меңгеруіне қарай үстеме қосылса, нарықтық заманда нәтижелі болады деп сенемін.

Жетінші, қоғамдық орындарда, әсіресе асханаларда, мейрамханаларда, дүкендерде, автобустарда қызмет көрсетушілердің қазақ тілінде сөйлеуін қадағалаған абзал. Өзінің өнімін өткізіп, қызметін ұсынғысы келетіндер тұрғындармен қазақ тілінде қарым-қатынас жасаулары тиіс.

Бұлар ұсыныстар ғана. Бұл ескеріле ме, ескерілмей ме көпшілікке байланысты. Ана тіліміздің айбынын асыруда немқұрайлылық танытпасақ екен.


Баға беріңіз