Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазіргі рушылдық - рушылдық емес , ол - «протексия»

3.8.2017 364

Бүгінгі келелі әңгімеміздің қонағы - Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, қаламгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің соңғы екі шақырылымының депутаты Мырзакелді Кемел. Сәті түскен сұхбатта қоғамымыздың өзекті мәселелері қозғалады.

- Қазіргі таңда қазақтар біртұтас ұлт емес деген сыңаржақты пікір жиі айтылып жүр. Қоғамымыз бай-жарлы, қазақ-орыстілді болып екіге жарылды. Оның түп-тамыры неде деп ойлайсыз?

- Рас. Сөзіңіздің жаны бар. Біздің қазақта әлі күнге дейін біртұтастық жоқ. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде жетіспеушілік, алшақтық көзге ұрып тұрады. Оған кешегі социалистік жүйенің қағидалары да әсер еткен болуы керек. Қазіргі кезде қазақ тілі тек ауылдық жерде тұратын ағайынның қарым-қатынас құралы болып қалған секілді. Өйткені қалада қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар, тек орыс тілі төрге озып тұрған заман болды.

Кезінде Италия, Франция мемлекеттері тілдерін сақтап қалу үшін аянбай күрес жүргізді. Барлық мемлекет қаржысын соған жұмсады. Қазақ тілін сақтап қалу үшін біз де күрес жүргізіп жатырмыз ма? Жүргізіп жатқанымыз жоқ. Бізде жоба көп, бірақ аяғына жетпейді. Нәтиже жоқ. Негізі қазақтың қалыптасуы әу бастан-ақ бірыңғай болмаған ғой. Осыдан 550 жыл бұрын Шу төңірегіне қоныстанып, мемлекет ретінде ұлт болып қалыптасқан уақыттан бері біртұтастыққа қол жеткізе алмай келе жатқандығымыз шымбайға батады. Одан қалды соңғы жетпіс жыл Кеңес Одағының қылбұрауында қалып, көптеген қиыншылықтар мен азапты басынан өткеріп, салт-санасынан айырылған халықпыз.

Оның үстіне орыс тілін білген азаматтар қызметке алынып, орысша сайрағандардың балалары жаппай орыс мектебін бітіріп, «орыстану» саясаты солардан жалғасып әлі келеді. Сол заманда орыстан, татардан әйел алғандардың жолы болып, карьерасының өсуіне жол ашылды. Міне, осы жағдай күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін жалғасқан ғой. Тек, біздің Елбасы ғана әйелі қазақ тұңғыш Президент.

Иә, бай-жарлы деп екіге жарылып, аса тереңдеп кеттік. Менің мамандығым – экономист. Егер экономикалық тұрғыдағы көзқараспен екшейтін болсақ, онда аса қауіпті кезеңге тап болдық деп ойлаймын. Ең кедей адам мен бай адамның үлес салмағы 25 пайыздан аспауы керек. Бұл социализм кезіндегі талап. Дегенмен де байлар өте аз болуы керек те, өз күнін өзі көре алатын орта шаруа мен тапқандары өздерінен артылып жұртқа қайырымдылық жасайтын жандар өте көп болғаны абзал. Бізде мүлде олай емес. Қазір 5 пайыз адам аса бай болатын болса, 70 пайыз адам өте кедей, 25 пайызы күнін зорға көріп жүргендер қатарынан.

Бұл күнде қазақстан халқының 95 пайызы бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп отыр. Ал ұдайы жоқшылықта, жетіспеушілікте күй кешкен адамның өмірге ызасы болады, билікке қапаланады. Олардың еш уақытта баршылыққа, молшылыққа қол жеткізе алмаймыз деген өкініші өзегін өртейді. Қоғамдағы өзіне қол салып өмірін қиюшылар, жезөкшелікке, жеңіл жүріске түскендер, жұртты алдаушы алаяқтар немесе бәрін тартып алып жатқан бұзақылар, нашақорлар, басқа дінге ауысып кеткендер бәрі-бәрі өмірге өкпелілер.

Жалпы, қарап отырсаң, мәселенің бәрі кедейліктен туындайды. Сондықтан кедейлікті болдырмауға күресу керек. Мәселен, тендерді, ауқымды жобаларды кімдер жеңіп алып жатыр? Әрине, байлар. «Бай-байға, сай-сайға құяды» деген осы шығар.

Әрине, олардың қатарында білімділері, грантты ұтып алып жатқандар бар. Небәрі бір пайыз ғана. Қалғанының бәрі басқа да бір айналып өтетін жолмен байып жатқандар. Қазір тағы да бір проблема шықты. Жеңіл ақша табудың жолына көшіп кеткен сияқтымыз. Еш ойланбастан біреудің бизнесін тартып алуға бармыз, адал еңбек жасауға жоқпыз. Өйткені адал еңбекпен табыс таба алмайсың. Ұдайы жоқтықта боласың деген сөз.

Тарихтан бір мысал келтіре кетейін. Бұрынғы патша өкіметінің кезінде профессорлар опера театрының қойылымдарына демеушілік жасаған. Ал біздің профессорлар қауымы бар саналы өмірін ғылымға арнап мардымсыз жалақы алады.

- «Етікші етікке жарымайды» демекші, қаншама қазба байлықтың үстінде отырған қазақ өз туған топырағында жүдеудің күйін кешіп жатқаны жайлы талай мәрте айтылды. Қайта Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдерінің наны жүріп тұрған сияқты. Бұл жөнінде алып-қосарыңыз бар ма?

- Басқа этнос өкілдері қазаққа қарағанда ұйымшыл. Ауызбіршілігі мықты. Бірін-бірі сүйрейді, демейді. Оның себебі неде? Олар дүние жинаудың жолын жақсы біледі. Бірді екі қылады. Ысырапшылдыққа жол бермейді. Ал біздер құдалық өткіземіз, той жасаймыз, көкпар береміз, даңғазалыққа құмармыз. Бәленбай қаржы несие алып банкке қарызға белшеден батамыз. Тым болмаса, алған ақшаны оңды-солды шашпай, ұл-қызына беріп, бір жыртығын жамаса жақсы ғой. Олай істемейміз. Бір сөзбен айтқанда, ақша ұстауға әдеттенбегенбіз. Не керек, босбелбеу қалпымызда социализмге келдік, одан нарыққа көштік. Босбелбеуліктен еш айнымастан жиырма бес жыл бойы келе жатырмыз. Ештеңені ойламаймыз, ештеңенің байыбына бармаймыз.

Қазір Қазақстанның 5,5 млн тұрғынының ипотекалық несиесі бар. Соның 1,5 млн бірнеше несие алған. Неге көзсіз ала береді. Әлде бәсекелестік пе? Әлде жоқты айтуға ұяла ма? Ертеңінде шаң қауып қалатынымен шаруасы жоқ. Міне, бұл – қазақтың ең басты кемшіліктерінің бірі. Соның салдарынан ең ауыр, қара жұмыста қазақтың ұлдары мен қыздары жүреді. Олардан не шығады? Ештеңе шықпайды. Сол психологиямен кетеді. Бүгінгі күнкөрісті ғана ойлайды. Өйткені ол одан басқа жолды көріп тұрған жоқ. Қайдан оңады. Осыдан барып қазақтың кедейі көп болмай қайтеді?

- Қазір ұлт мүддесінен гөрі ру мүддесін жоғары қоюшылық етек алуда. Бұл орайда Елбасы «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттың тұтастығынан айырудың өте қауіпті түрі» деп еді. Сіз не дейсіз?

- Ежелгі Қытай мемлекетінде бес мың жыл бұрын рушылдық болған. Тіпті Рим мемлекетінде де 4 мың жыл бұрын рушылдық етек алған. Кейін нарық заманына көшкен кезде рушылдықтың жақсылыққа апармайтынына көздері жеткеннен кейін бойларын аулақ ұстаған. Рушылдық деген – жегідей жейтін құрт. Бұл әуел баста ұлт болып қалыптаспағанымыздың көрінісі.

Бірде мынадай келеңсіз жайт болды. Алматы облысына көшіп келген оралман дүниеден озып, жерлеуге апарғанда, қазып қойған көрге қойғызбай, «бұл біздің рудың қорымы, бөтен адамды қоюға болмайды деп» шалдар қуып жіберген. Бұдан асқан сорақылық бар ма? Мектеп қабырғасында да оқушылар партаға руына қарап отырады екен. Сонда не боламыз?

Елбасы жүргізіп отырған саясатының құптарлық қыры - батысқа орталықтың, орталыққа батыстың тумасын руына қарамастан қызметке қоюы «менен үйреніңдер, үлгі алыңдар» дегені ғой. Десек те, осындай игі бастаманы әрі қарай жалғастыратын облыс басшылары жоқ. Себебі олар өздерінің орынтағынан айырылып қаламыз деп қорқады. Әр жерде ақсақалдар бар араға іріткі салып «Сен бөтен рудың адамысың, істеп жатқан жұмысың жаман емес, бірақ сен кетуің керек» деп күн көрсетпейді. Сонда қайдан оңамыз?

Негізі рушылдық деген оңтүстікте басталған дерт еді, қазір Қазақстанның бәрін жайлап, асқынып кетті. Бұл Елбасы шешетін немесе мемлекеттік декретпен шығатын мәселе емес. Қазақтың көрнекті ғалымы Ақселеу марқұм рушылдық мәселесін жиырма жыл бойы көтерді. Қазіргі рушылдық, рушылдық емес-протексия дейтін. Неге біз осыншама құлдырап, төмендей беруге тиіспіз?

Қарап отырсаң, ілгері дамудан Ресейден елу жылға қалып қойыппыз. Мәдениет, әдебиет, өнер, тіл, дін барлық жағынан. Қазақтың мүддесін ойлап отырған ешкім жоқ. Бәрінікі өзінің қара басының қамы. Қазақтың қазба байлығынан қалай болса да, қарпып қалу. Сондай жағдайда қазақ халқы неге оянбайды? Неге ертеңін ойламайды?

- Біздің ілгері баспауымыздың да басты себебі рушылдық болып тұр ғой?

- Әрине, рушылдық. Айталық, қазақстандық байлар қайырымдылық дегеннен жұрдай. Неге? Мәселен, Эдвард Корнеги деген миллионер Америкада үш мың кітапхана ашып, оның ішін кітапқа толтырып, қызметкерлерге жалақы төлеп отырған. Бізде кім не істеп жатыр? Бар тапқаны ауылға барып, әкесінің атын қойып, мешіт ашады. Әрине, мешіт ашқан жақсы-ау. Ал мектеп салып, оған қаржы бөлген одан да жақсы дер едім.

- Сіз биліктің биік сатысында қызмет жасаған адамсыз. Парламенттің екі шақырылымының депутаты болдыңыз. Білім саласы бірнеше реформаға ұшырағанын жақсы білесіз. Айтулы реформалардың бірде-біреуінің пайдасы болмады. Енді, міне, үштілділік деген шықты. Осыған не айтар едіңіз?

- Мен бұл саланың маманы емеспін. Білім саласындағы

реформалардың аяғына жетпей жатқан себептері бар. Ол бізде үрдіске айналған. Шешімдердің де көбісі орта жолда қалып қойып жатыр.

Елбасының Жолдауын, стратегиялық құжаттарын қарасаң, бағыт-бағдары өте тамаша. Олардың нақтылы, қаншалықты орындалатынына Үкімет іс-шаралар жасаған. Ол да тамаша. Әттең, қай дәрежеде, қалай орындалып жатқаны жөнінде еш жерде есеп берілмейді. Біреуінің осындай болып еді, соны орындадық деп жариялап жатқанын естіген құлақ жоқ. «Жүз нақты қадам» бағдарламасының да басым бөлігі мықты. Болашаққа бағдарланған дүние. Оның да жүзеге асуының ақсап жатқан тұстары көп. Міне, бізде көп жақсы істің басы бар да аяғы жоқ.

- Кейбіреулер үштілділік мәселесіне келгенде орыс тілінің қажеті жоқ. Ағылшын мен қазақ тілі болса жетеді дейді. Оған не уәж айтасыз?

- Орыс тілін алып тастау әсте мүмкін емес. Ол біздің сүйегімізге

сіңген құбылыс. Қазақтың төбе биі Төле би бабамыздың «Патшаның айтқандарының барлығы халыққа түсінікті болса, ондай Жарлық - жарлық емес» дегені бар емес пе?! Демек, патшамыздың халыққа түсіндіре алмай тұрған нәрсесін біз ұғынып, сенуге тиіспіз. Ағылшын тілін енгізудің тиімді жағы бар. Өйткені ағылшын тілін енгізу арқылы орыс тілін әлсіретуге алып келеміз. Өзім ауылда қазақ мектебін бітіргенмін. Орысшаны институт қабырғасында жүріп үйренгенмін. Қазақ тілінде жетілгендіктен, орыс тіліне келгенде, әлі күнге дейін қиналып қаламын. Кейде бір төтесінен кесіп өтетін жерде тілім жетпей, ойымды айта алмай қаламын.

- «Тіл» мен «Ұлт» мәселесін алға қойып, ұпай жинап жүргендер де бар ғой?

- Өте көп. Тек тіл мәселесін қаузап, қайта-қайта бір нәрсені

қайталай берсең, жұрттың құлағы сарсиды. Одан ешқандай қызық болмайды. Тіл дамымай жатқан жоқ, дамып келеді. Оған ұран емес, нақты іс керек. Тіл, тіл дей бергенше «ту, ту» деп ұрандар едім. Өйткені қазақтың саны аз. Астанада қазақтілді газет сататын небәрі екі-ақ дүкен бар. Сонда қазақ газеттерінің азғантай ғана саны сатылады. Жартысы өтпейді. Демек, оқымаймыз. Енжармыз. Ештеңеге қарағымыз келмейді. Түкке тұрғысыз түрік пен үнді сериалдарын көргенде, алдымызға жан салмаймыз. Осының бәрі артта қалып кеткендігіміз. Ақшаға бағынғандық. Қазір үндіше амандасып, үндіше киініп, үндіше той жасап жатырмыз. Сұмдық осы.

Индира Ганди Премьер-министр болып тұрған кезде мұсылмандарды аяусыз қырған. Ол мұсылмандарды қырып жатқанда, қазақтар балаларына Индира деп қойды. Бүгінде түрік фильмінің кейіпкерлерінің атын қойып жатырмыз. Сондай халықпыз. Өз қолыңды өзің кесесің бе, қайтесің?

- Латын әліпбиіне көшеміз деп дабыра қылып бөркімізді басымызға атып қуанып едік. Кейін сол аптығымыз тез басылып қалды. Соған қарағанда, осы қадам саяси тәсіл болып қалған жоқ па?

- Саяси тәсіл болуы да мүмкін. Латын әліпбиіне көшуге тікелей

қарсылығым жоқ. Себебі латын тілі-халықаралық тіл. Орыс тілін жеткілікті меңгердік, орыс әдебиетін, өнерін жақсы білеміз. Енді біз дамығымыз келетін болсақ, ағылшын тіліне көшуіміз керек. Ағылшын тілінің ғаламтордағы қолданыс аясы – 67 пайыз. Ол латын тілі арқылы тез келеді, ортаға сіңеді деген үміт бар.

- Кейінгі кезде мемлекетіміздің жоғары заң шығарушы органы Парламентті қызметтен босаған шенеуніктердің келіп, дем алатын «запасной» орны деп жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?

- Барлық мемлекетте де сондай «запасной» орынтақтар бар.

КСРО кезінде де қорғаныс министрлігінің елуге тарта генералы осылай «запаста» отырған. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әңгіме басқада. Ана адамдардың өресі, қайраткерлігі, мемлекетшілдігі қандай? Олар мына жерде өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқара ала ма? Сайлаушылары қайда? Жылы орында бес-алты жыл отыра бере ме? Ол жағы халықтың оянуына байланысты.

- Қаптаған депутаттардың ішінде халық үшін қызмет ететіні санаулы ғана. Қалғаны енжар, әлсіз, үндемейтіндер санатынан. Олардың ісіне халық қанағаттанып отырған жоқ.

- Мен депутат болып жүргенде де, біздің жұмысымызға қанағаттанбаушылық білдіруші адамдар болған. Қазір де сондай. Өйткені депутаттардың нақты ісі ел арасында айтылмайды. Парламентте мынадай заң қабылданды деп жалпылама айтыла салады. Депуттаттың жасаған қызметі талқыланып, таразыға салынбаған соң осындай кереғар пікірлер туындайтыны рас.

Жасыратыны жоқ, ақпарат құралдарынан, телевидениеден жеке бір депутаттар туралы хабар беріле қалса, бар айтатыны ол үйінде не істеп жатыр, тұрмысы қалай, немен шұғылданады, қанша немересі бар, қай немересінің басынан сипап жатыр деген сияқты ұсақ-түйекті сөз етеді. Ол кімге керек. Кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп, ол кісі депутаттыққа қалай келді? Біреудің қолдауымен бе әлде өзінің пайым-парасатымен бе? Халқына қандай қызмет жасап, еліне қандай еңбек сіңіріп жатыр? Осы жағы терең зерттелмейді. Шыны керек, депутаттарды ешкім мақтамаған, мақтамайды да. Жалпы, билікке халықты қараңғылау етіп басқарған тиімді ғой.


Әңгімеңізге рахмет.

Тегтер: қазақ тілі, рушылдық, Мырзакелді Кемел

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

56 0

ақпарат

Диграфсыз және апострофсыз әліпби жобасы

301 0

ақпарат

​Тарихи атаулар да жаңғыртуды қажет етеді

267 0

ақпарат

Ұсыныс - жаңалыққа ұмтылыс