Әрі әділеттілік, әрі қажеттілік

Болашаққа бағдар жасау – мәңгілік елдің жасампаз мұратының жарқын көрінісі. Елбасының егеменді еліміздің өткенін саралап, ертеңін бағдарлап, халық көкейіндегі сан сауалдарды дөп басып, сындарлы ой...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

31 шілде, 2017

Нұрсұлтан Әбішұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалатынын айтып қана қоймай, оған бастар жолдың бағытын да көрсетіп берді. Жаңғыру ұғымы жақсы мағыналы сөз. Ұлы Абай сынаған бойымыздағы кемшін қасиеттерден арылатын, «Жақсы менен жаманды айыратын» уақыт жетті. Ысырапшылдық пен астамшылық мақтан мен бекер мал шашпақтық ұлтты ұшпаққа шығармайтыны бесенеден белгілі жай.

Ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи жәдігерлерімізді, ата-бабалар ғұрпы мен салтынан бастау алған озық рухани игіліктерімізді игеру, елдің «ұлттық-рухани тамырынан нәр алған» мәдениетіміз бен өнерімізді асқақтатып әлемге таныту – зор міндет».
Келешегіміздің кілті – білімде. Елбасы атап көрсеткендей, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білімді болу үшін бірнеше тілді білу қажеттілігі сөзсіз. Шоқан орыс, неміс, француз тілдерін, Абай, Шәкәрімдер араб, парсы, орыс тілдерін үйрену арқылы сол елдің мәдениеті мен ғылымынан да зор хабардар болған. Көп тілді білгеннен ұтылған ел жоқ. Үш тұғырлы тіл саясаты – ұлт болашағының баянды болуына бастар бағыт болса, бүгінде отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.
Бұл орайда айтайын дегенім, еліміз Тәуелсіздік алып, әлемдік ақпарат кеңістігіне дербес шыға бастағалы бері латын қарпіне көшу мәселесі туындағаны рас. Оның басты себебі мыналар: біріншіден, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие; екіншіден, кирилл әліпбиі кеңестік кезеңде күшпен таңылып, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына нұқсан келтірді, соның салдарынан бүгінде термин сөздер, жер-су атаулары, кісі есімдері мен тегі бұрмаланып, шұбарланып кетті. Кезінде лингвосаяси идеологияның салдарынан кирилл қарпіне көшкен латын әліпбиін қалпына келтіру — әрі әділеттілік, әрі қажеттілік.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жаңа бастама, жасампаз идея деп ойлаймын. Елбасы «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» — десе, бұл да біздің гуманитарлық салада ел аумағынан алысқа ұзап шыға алмай қалған олқылықтарымыздың орнын толтыру, білімді ұрпақ қамын бүгіннен бастап қолға алуды меңзейді. Бір ғана мысал, біз шетелдік басылымдарға әлі де қол жеткізе алмай келеміз. Олармен орыс тілі арқылы ғана таныстық. Оның өзінде, американдық Р.Уэллек пен О.Уорреннің 1949 жылы шыққан «Әдебиет теориясын» 1978 жылы ғана көрдік.
«Туған жер» бағдарламасы, отаншылдық пен патриотизмге тәрбиелеудің ең басты темірқазығы. Себебі «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі». Атыраудан – Алтайға, Арқадан – Алатауға дейінгі байтақ даламыздың бір ғана бөлшегі «…Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып…» туған өлкеміздің тәу етер жерлері мен батыр бабаларымыз бен абыз билеріміздің рухын жаңғыртып, бүгінде елімізге ерен істерімен танылған, ұлт мақтанышына айналған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қуана қолдап, ізгілікті істі қолға алсақ «нұр үстіне нұр» болары кәміл.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы — ұлт көшбасшысының қалың еліне ағынан жарылған ақжарма ой толғауы — барша қазақстандықтарға ой салып, жаңа белестерге жетелер жаңа бағыттың бастауы боларына сенімдімін.


Баға беріңіз