Атамбаев латын қарпіне қарсы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне өту туралы бастама көтеріп, Үкімет пен құзырлы органдарға 2025 жылға дейін нақтылы тапсырма бергенін білесіздер.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 шілде, 2017

Қазақстан Президентінің бұл бастамасын Қырғыз Жоғарғы Кеңесінің депутаттары да құп ала жөнелген. Тіпті, латын әліпбиін түзу процесін қазақ-қырғыз ғалымдары бірігіп жүргізуі керектігін де қырғыз депутаттары айтты.

Ал Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев болса, латынға өтуге қарсы көрінеді. 20 шілде күні өткен "Алтай өркениеті және алтай тілдік отбасының туыс халықтары" халықаралық форумында ол латын қарпіне өтуге қарсы екендігін мәлімдеді.

"Бөліп ал да, билей бер" дейтін пантюркизм қағидасы біздің халыққа қарсы Ресей империясында да, КСРО-да да қолданылған. Мәселен, түркі халықтарының классификациясын топтар бойынша қарастырып көрейік. Олардың бірінде алтай, қырғыз, қазақ, қарақалпақ, татар және башқұрт тілдері қыпшақ тобына жатады, оның құрамында хакастар мен шорлар бар, алайда қырғыздардың өзі жоқ. Негізі бұл халықтардың бәрі бір топта болуы тиіс, себебі сол тілдердің өкілдері өз тілдерінде бір-бірімен ешқандай аудармашысыз еркін сөйлесе алады", - дейді Атамбаев.

... Осылай дей келіп Қырғызстан президенті Атамбаев Қазақстан президенті Назарбаевтың латынға көшу туралы бастамасына байланысты қырын пікір білдірген.

"ТМД-ның латынға көшіп жатқан "кейбір" елдері жайлы: "Біреулер латын қарпі дамыған мемлекеттердің емлесі дегенді айтады. Бірақ Қытай мен Жапония латынсыз-ақ дамыды. Біз неге Ресейде тұрып жатқандарды, башқұрттарды, татарларды ұмытамыз? Олар кирилл қарпінде қала береді ғой. Дәл солармен біз тілімізді дамытып, өзара байыта алар едік", - деді Атамбаев "Алтай өркениеті және алтай тілдік отбасының туыс халықтары" халықаралық форумында.

Қысқасы, "кейбіреулер" мен "біреулердің" қазақ тілін қазіргі қолданыстағы кирилл әріпінен тазалау бастамасы Атамбаевқа жақпапты. Жақпағанда, Ресей Федерациясында тұрып жатқан түркітілдес халықтардың бізден бөлініп қалатынын алға тартып отыр ол.


Баға беріңіз