​Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдеріне таңданудың қажеті жоқ

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 шілде, 2017

Түрі орыс болса да, тіні қазақ өзге ұлт өкілінің бірі – Ксения Першина. Ол қазақтың қаймағы бұзылмаған құтты қонысы Қызылорданың тумасы. Орыс ұлтының өкілі. Ксенияның қазақы болмысына қарап, оны танитындар «алтын қыз» атайды. Ол қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады.

Ксения қазақ тілін тоғыз жылдан бері үйреніп келді. Десе де білдім, толдым деген ойы жоқ. «Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын»,- дейді ол.

-Ксения, қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

-Мен Қызылорда қаласындағы №198 орта мектептің орыс сыныбында оқыдым. Өскен ортам орыстілді болғандықтан, бастапқыда қазақ тілін білуім керек деген ой болған жоқ. Бастауыш сыныпта қазақ тілі пәнінен үлгерімім төмен болды. 5-сыныпта қазақ әдебиеті пәні қосылды. Алғаш рет қазақ тілінің әдемілігін, үндестігін сол кезде байқадым. Қазақ ақын, жазушыларының баға жетпес шығармаларымен толық танысу үшін, оны ақынның ана тілінде, қаз-қалпында түсінуім үшін, қазақ тілін білуім қажеттігін түсіндім. Сол кезден бастап, қазақ тіліне деген қызығушылығым артты. Қосымша сабақтарға барып, ертегілерді көп оқыдым. Тез жаттығуым үшін қазақтілділермен қарым-қатынасымды нығайтып, күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдырдым. Сондықтан нағыз достар табуыма сеп болған қазақ тілін ерекше сүйемін.

-Қазақ тілі дос табуыма себепкер болды деп отырсыз, қазақ тілінің тағы қандай көмегі тиді?

-Мен қазақ тілін белгілі бір мансапқа не жетістікке жету тілі деп қарамаймын. Қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі бір отанды мекен еткен біздердің түп тарихымыз бөлек болса да, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз, келешектен күтеріміз бір. Біз баршамыз бейбіт елде берекелі күн кешуді қалаймыз. Ал біздің жалпымыздың тілегімізді бір тіл ғана біріктіре алады. Ол – қазақ халқының төл таңбасы, қазақ тілі болуы тиіс. Сондықтан мен Қазақстанда тұратын қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңданыспен қараудың қажеті жоқ дер едім. Біз кім болсақ та, бізді ұйыстырған, ата-бабамызды қилы кезеңдерде қолдаған ұлттың ана тіліне құрметпен қарап, білуіміз міндетіміз бен парызымыз. Мұны әрбір қазақстандық санасына сіңіруі керек. Қатар құрбыларымның арасында қазақ бола тұра, қазақ тілінде сөйлеуге ұялатындар бар. Мен олардың санасының саяздығына ұяламын. Себебі туған тілі өзіне қажет болмаған тілдің өзгеге қандай қажеті бар. Сондықтан кейде оларға ой тастайын деген ниетпен қазақша сөйлеп, қазақ ақындары жайлы әңгіме қозғаймын. Бетінде қытығы барлар қысылғаннан қазақша жауап беріп жатады, ал кейбірі пысқырып та қарамайды. Мені осы жағдай қынжылтады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі артсын десек, біз баршамыз бір тіл аясында ұйысуымыз керек емес пе?!

-Достарыңыздың арасында қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ма?

-Пікіріміз үндес бірнеше достарым бар. Мәселен, татар ұлтының өкілдері Алсу мен Гүльфайруз, Артур мен Алина (лезгиндер), Кәріс қыздары Анжелина мен Виктория да қазақ тілін білу парызымыз деп біледі. Қазақ тілінде жатық сөйлеу үшін, біз бас қосқанда қазақ тілінде қарым-қатынас жасаймыз. Себебі отбасымызда қазақ тілінде сөйлесудің мүмкіндігі бола бермейді. Және орыс сыныбында оқимыз. Сондықтан қазақ тілінде тіл жаттықтыру үшін қазақ тіліндегі бағдарламаларды, киноларды жиі қарауға тырысамыз. Сонда ортақ талқылайтын дүниеміз болады. Мәселен, «Жаужүрек мың бала», «Алтын орда» фильмдерін менің достарым да сүйіп қарады.

-Жоғарыда қазақ ақындары жайлы сөз қозғадыңыз, кімдерді оқисыз?

-Абайдың кейбір өлеңдерін жатқа айтып, өмірлік ұстанымыма айналдырғанмын. Жалпы, Мұқағали Мақатаевтың лирикалық өлеңдері қатты ұнайды. Жастанып жатамын демесем де, қолым қалт еткенде, қайтара оқып отырамын. «Абай жолын оқымаған қазақ – қазақ емес»,- дейді. Сондықтан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» ерекше ықыласпен, зор қызығушылықпен оқып, тәмамдадым. Күллі қазақтың жолы жазылған эпопея менің бұл ұлтты одан әрі сүйе түсуіме септігін тигізді. Сонымен қатар сюжеттері жадымда жатталып қалған, ерекше әсер қалдырған Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі.

Кейіпкеріміздің сөзі бос көлгірсу емес. Ксения қазақ мәдениетімен танысу үшін жылда Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастыратын дәстүрлі «Ауылға» бағдарламасымен екі апта уақытын ауылда өткізеді. Ауылға барып, қазақ дәстүрімен етене танысып, ұлттық тағамдарды да жасап үйренген. Ол өз сөзінде құрттың, ірімшіктің жасалу жолдарын тәтпіштеп айтып, «қара қазанға піскен тамақтың дәмі тіл үйіреді» деген тамсанысын да іркіп қалмады. Кей қазақ кіріп көрмеген киіз үйдің де құрылымымен жақсы таныс. Ең бастысы, «алтын қыз» Алаш туының биік тұрғанын қалайды. Ешкімді кеудесінен итермеген Қазақ­станның мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түйсінеді.

Түйін. Ксения Першина: «Мемлекеттік тілді меңгеруді әркім өзінен бастауы тиіс!».


Баға беріңіз