​Латын әліпбиі: ізденіс пен іркіліс

Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 шілде, 2017

Бүгінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі өзінің заңды шешімін тауып, енді нақтылы іс-шаралар атқаратын жауапты кезеңге өткен сыңайлы. Айтулы тіл мамандары тарапынан құнды ұсыныстар, кәсіби деңгейдегі ғылыми жобалар ұсыныла бастағаны соның айғағы. Солардың бірі Ақтау қаласынан «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің Вановша нұсқасы» деген атпен түскен жоба. «Маңғыстау мұғалімі» газетінің бас редакторы Ванов Қуантқан Ырзаұлының осы тақырыптағы еңбегін талқылаған келелі жиында, облыстың барша ғалымдары, тіл мамандары, мұғалімдер, ардагер ұстаздар мен өлкетанушылар қатысып, жобаның тиімді жақтарын әңгімелеп, оны мемлекеттік комиссияға ұсынуды дұрыс деп тапты.

Бірінші айтарымыз жобада қазақтың төл дыбыстарын анықталып, а, ә, б, г, ғ, д, е, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, ў, ұ, ү, ш, ы, і деген 28 дыбыс іріктелініп алыныпты. Оларға х, һ дыбыстарының орнына бір дыбыс беріп, оны һ деп белгілепті. Автор қазақ тілінде и, у дауысты дыбыстары жоқ, тек й, у дауыссыз дыбыстар ғана бар деген қазақ ғалымдарының талас пікірлеріне де тоқтала келе, дұрыс шешімін тауып, и, у дауысты дыбыстарын енгізіпті және оларды реттейтін жаңа ереже құрастырыпты. Сонымен, қабылданған дыбыстарымыздың саны – 31. Жобада бас әріп болмауының тиімділігі, фонетикалық таңбалардың басқа таңбалардан артықшылығы, әр таңбаның бір түрде оқылуы, түркі халықтарымен ұғынысу деген секілді соны пікірлер мен ұсыныстар баршылық. Олардың бәрі де жұртшылық тарапынан қызығушылық танытарына күмән жоқ.

Енді бұндағы айтылған пікірлердің ішінде бізді таңдандырғандары да бар екенін айтпақшымыз және негізгі ойымыз солардың төңірегінде болмақшы. Жобада тіліміздегі қазіргі айналымда жүрген қандай дыбыстар мен белгілердің қысқартылғаны жөнінде айтылмапты. Бұлар баршаға аян, дау туғызбайтын, әдепкі мәселе деп есептесе керек. Әйтседе, ф, в дыбыстарының кенеттен қысқартылуы біз үшін тосын оқиға болды. Қалайша таңданбассың? Сонау Отырар қаласы Фараб атанып, жерлесіміз, қандасымыз деп мақтан тұтып жүрген, әлемнің екінші ұстазы, Әбу Насыр әл-Фараби атанғаннан бері, жөні түзу қазақ оқығандарының тілінде жүрген ф дыбысын үнсіз қысқарта салыпты. Ол ол ма, автор өзінің осы еңбегіндегі Ванов, филология, факультет, фонетикалық, архивтер, университет деген сөздердегі ф, в дыбыстарын латын әліпбиінде қалай, немен ауыстыратыны жөнінде де жақ ашпапты. Және ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына жиі сілтеме жасағанымен, оның осы күнге дейін кей елдерде қолданыста жүрген, араб графикасының негізінде құрастырған «Төте жазу» әліпбиінде ф, в дыбыстарына тиісті белгі бергенін ескермепті. Жалпы қазақ ғалымдары осы ф, в дыбыстарына қарсы шығуы жиілеп кетті. 2000 жылы профессор Сапархан Мырзабек, кейін белгілі тіл ғалымдары Рахманқұл Бердібай мен Орынбай Бекжанның тілімізге тән емес ф, в дыбыстарын қысқартып, оларды п, б дыбыстарымен алмастыру жөніндегі ұсыныстары баршаға аян. Оларға қарсы шағын мақалалар жазғаным есімде («Жаңа қазақ әліпбиі қабылдансын-ақ, бірақ әріптердің күрт қысқарғаны несі?», «Егемен Қазақстан», 03.11.2000. «Шұбалаңқылыққа жол бермейік», «Ана тілі», №2 14-20.01.2010). Егер Қуантқан мырза осы ұсынысты қолдап отырған болса, қазіргі қазақ тілін біраз қопаруға тура келер еді. Сонау көне грек, латын тілдерінен енген терминдерді, Франция, Варшава секілді атауларды, Фарадей, Фердауси, Физули, Сейфүл-Мәлік, Федор, Василий секілді адам аттарын, жекелеген ғылым саласындағы орасан көп термин-сөздерді жұлмалап өзгеріске салар едік. Оған жол беруге болмайды.

Әрине, ф, в қазақтың төл дыбыстары емес, оларды қазақтың байырғы сөздерінде кездеспейтіндігіне дау жоқ, бірақ бұл тіл мамандары ғана білсе де жеткілікті шағын анықтама. Бұларды дін арқылы араб тілінен, туысқан түрік халықтарының, орыстың, басқа да еуропалық тілдердің әсерінен қолданысқа еніп, сіңіскен, кіріккен, ұзақ мерзімде етене болған дыбыстар деп қараған жөн. Тіл – тірі организм, өзгереді, дамиды, кей саласы жаңғырады, кей саласы істен шығады, өзге тілдермен байланысқа түседі. «Өзгерістен басқаның бәрі өзгереді» деген диалектиканың қатаң заңы тілге де жат емес. Әр тілдің тағдыры да сан алуан. Сөзімізді дәлелдеу үшін ғалымдардың пікіріне құлақ салайық. Ғалым Т.Р. Қордабаев өзінің «Жалпы тіл білімі» («Мектеп» баспасы, 1975 ж. 150 бет) атты еңбегінде басқа бір тілден ауысқан дыбыс енген тілінің артикуляциялық базасынан орын алып, ол тілдің байырғы тума дыбысына айналуы мүмкін екендігін айта келіп, мысал ретінде орыс тіліне өте ертеде енген ф дыбысын көрсетіпті.

Ғалым Құралай Күдеринова бұл пікірді нақтылап, тереңірек дәлелдепті. «Латын қарпі: сарабдалдық қажет» деген мақаласында («Ана тілі», 4-Қаңтар, 2013) мынадай сөздер бар екен: «Мысалы, орыс тіліндегі [а], [э] дыбыстарынан сөз басталмайтын заңдылықты шет тілден енген анкета, эпоха, этаж сияқты сөздер бұзып келген. Сондай-ақ екі дауыстының қатар келуі де орыс тілі фонетикалық жүйесіне қайшы еді. Бірақ қазір орыс тіліндегі поэт, ореол, аут, театр сөздерінде екі дауысты қатар таңбалана береді. Сондай-ақ орыс тіліндегі [ф] әрпі тек кірме сөздерді таңбалау үшін қолданылады: форум, факт, фонарь, софа, фильм, афера, форма, афоризм, эфир, профиль. XVII ғасырға дейін орыс графикасында да, тілінде де ч, щ, ц, х, э дыбыстары болмағанын тек 1760 жылы кірме сөздерде айтылғаны үшін алынғанын ескерсек, кірме дыбыс мәселесі орыс тілінің өзінде әсері болғанын көреміз» деп жазады Қ.Күдеринова. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бұл күндері орыстарда мынау төл дыбысымыз, мынау кірме дыбыс деген жоқ, айтылса ғылыми ортада айтылатын шығар. Олар әлдеқашан өзінікі болып кеткен. Орыс тілі өсу, даму барысында кірме сөздермен ғана емес, кірме дыбыстармен де толысып байыды, сөйтіп 2-3 ғасырда ұлы тілдер қатарына қосыла алды. Ал ағылшын тілінің дыбыстау жүйесінің өзгергендігі соншама, бұдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген В.Шекспирді ағылшындар түсінбейді, аударма түрінде оқиды. Бірақ ағылшын тілін 17 ғасырдағы нормасына қайтарайық деген пікір болған емес, сөздік қорымыз миллионға жетті деп әлемге жар салуда. Тілдің дыбыстық қорының өзге тілдер арқылы толысуы көптеген тілдерде бар құбылыс.

Сонау көне тарих қойнауынан бастау алатын қазақ тілі де осындай күрделі өзгерістерді басынан өткерді. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ даласында капиталистік қатынастардың даму кезеңінде, Абай шығармаларының үлгісінде, Алаш зиялыларының ықпалымен қазақтың әдеби жазбаша тілі қалыптасты. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін түзумен қатар, Құдайберген Жұбанов секілді ғалымдармен бірлесе отыра қазақ тілі грамматикасының ережелерін, терминдерін құрастырды. Алғашқы оқулықтар пайда болды. Ал қазақ тілінің шарықтап өсуі, оның шын мәнінде ұлттық тілге айналуы Совет үкіметі жылдарына тура келеді. Бұл кезеңде де тамаша ғалымдар, айтулы тіл мамандары болды, олар тоталитарлық жүйенің қайшылықтарына қарамастан, аянбай еңбек етіп, тілімізді жан-жақты зерттеп, оның теориялық базасын жасап, қолдану өрісін кеңейтті. Сауатсыздықпен күрес – бүкілхалықтық науқанға айналған кезде тіліміз тым жалпақ, шұбалаңқы еді. Бірақ заманға қарай өзге елдермен, бөгде тілдермен байланысқа түсуге, жат сөздерді, дыбыстарды қабылдауға мәжбүр болдық. Тіл ұстарттық. Ғалымдарымыз оның ықшамдалып, жинақылануына, жіңішкеріп, жұмсаруына ықпал етті. Жыйналыс, сыйыр, қыйыр секілді сөздерді ықшамдап жиналыс, сиыр, қиыр деп, бүлдүршүн, көркөмдүк, жүрөк демей бүлдіршін, көркемдік, жүрек деп жазып, оқитын болдық. Осындай әртүрлі іс-шаралардың нәтижесінде бүкіл әлем таныған қазақ тілі деңгейіне иек арттық. Өкінішке қарай бұл өзгерістер ғалымдарымыздың тарапынан түгелдей қолдау таппай тұр. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – латын графикасын қабылдау ғана емес, көзіміз үйренген, құлаққа сіңіскен, қалыптасқан, қазақ тілін сақтап қалу деп есептеймін. Ғалымдарымыз «Қазақтың төл дыбыстары» деген тіркеске ерекше бір құпия сыр жүктейтін секілді. Бұл ұғым тіліміздің өрісінің кеңеюіне, оның күн санап ғарыштап өсуіне ықпал етпейтін сыңайлы. Керісінше тілдің аясын шектеп, оны алғашқы деңгейіне, тіліміздегі алыс «метатезалық заңдылыққа» қайтаруға жұмыстанады деген күдік туындайды. Жоғарыда біз мысалға алған ағылшын, орыс тілдерінде мұндай үрдіс жоқ екенін айттық.

Белгілі ғалым, фонолог, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек «Латын қарпіне көшуден ұтарымыз көп» атты көлемді еңбегінде ( «Ана тілі», 26.12. 2012) қазақ тілінде и, у дауысты дыбыстары жоқ, тек й, у дауыссыз дыбыстар ғана бар деген пікірді қарапайым халыққа ұғынықты тілмен жеткізіпті. Енді и-дің орнына ій, у-дың орнына ұу қолданылады. Дауысты и, у дыбыстары «орыстандыру» саясаты ықпалымен тілімізге зорлап енгізілгендігін ұзақ дәлелдепті автор. Олар жоқ болса, енді қазақ тілінде и, у дыбыстарынан сөз басталмайды. Бір кездері қазақ тілінде л, р әріптерінен сөз басталмайды деген пікірталас құлағымызға тиюші еді, жүре келе ондай қатаң ереже жоқ екеніне көз жеткізгенбіз. Онда да осы әріптерден басталатын сөздердің алдына әлсіз ы, і дыбыстарын қою керек екені айтылған. Енді соның кебін и, у дыбыстары киіп тұр. Мысалы, Исатай, Ибатай демей Ійсатай, Ійбатай деп жазамыз. Сөз ортасында да осы ереже қолданылып, тасымалданады. Қалыйма, Кәкійма, Жійренше, дыйқан, бійлік, шыйрақ, у-ұу, ту-тұу, уақыт-ұуақыт, қуан-құуан, жуан-жұуан, іймійген, ій-мій-ген секілді кете бермекші. Уали сөзін орыстар Вали дейтін еді ғой, енді оны біз де Ұуалій деп қолданамыз. Бұны айту оңай болғанмен, әртүрлі сұрақтар туындайды. Салыстырып, ойланып қарайықшы. Исатай, Иран, Ирина – үш тілден алынған 3 сөз. Автордың пікірінше соңғы 2 сөзде дауысты и дыбысы бар, ал қазақ сөзінде ол жоқ, ол ій болып естіледі. Біздіңше, бұл сөздердегі и дыбысы қазіргі қазақтың құлағына еш өзгеріссіз бірдей естілетініне күмән жоқ. Бір кездері айырмашылығы болған шығар, қазір жоқ. Оның себептерін де біршама айттық. Сөйтіп, біз бір әлсіз, болымсыз, ұмытылған, автордың сөзімен айтқанда «ұмыттырылған», кей сөздерде байқалмайтын, елемей кетсе де сөздің мәні өзгермейтін дүдәмал дыбысты іздейтін секілдіміз. Соны қайтадан қалпына келтіруге жұмыстанудамыз. Соған бола бақандай екі дауысты дыбысты жоққа шығарғанымыз қалай? Барлық дыбыстың сөйлеу үстіндегі айтылуын сол күйінде өзгертпей жазатын тіл әлемде жоқ секілді. Мысалы орыс тіліндегі Елена, Егор сөздерінің транскрипциясы [йелйена], [йегор] деседі. Сондықтан тіл ғылымының орфография, орфоэпия салалары қалыптасқан.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері тіл, мәдениет және руханият саласында тың өзгерістер белең алғаны баршаға аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, инновациялық жаңғырту үдерістерімен қатар ғылым мен білім салаларының алдына да маңызды міндеттер қойғаны белгілі. Үкіметіміздің қолдап, іске асырып жатқан «Үш тұғырлы тіл», қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру саясаты ана тіліміздің өзінің ішкі мүмкіншіліктерін пайдалана отыра, өсіп, өркендеуіне, өркениетті елдермен, ұлы тілдермен қатынасқа түсіп, өрісінің кеңеюіне жасалып отырған ізгі қадам деп түсінудеміз. Сондықтан туған тіліміз бәсекеге қабілетті, ықшам, оралымды, икемді, өміршең болсын десек, ғасырлар бойы жинаған құндылықтарымызды мансұқ етпей, бүгінгі деңгейімізді тұрақтандырып барып, келешегімізді ойлайық демекшімін. Төл әліпбиіміздің тағдыры заман талабы, уақыт ағымы, халық мүддесі тұрғысында терең талқыланып, оң шешімін тапсын деген ізгі ниетімізді білдіреміз.


Баға беріңіз