​Алфавит тек алфавит қана емес, сонымен қатар тіл мен мәдениет

Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 шілде, 2017

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 12 сәуір күні "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл түркі дүниесін дүр сілкіндірді. Елбасы мақаласында өзгерген әлемде қазақ халқының ұлттық құндылықтарының өзегін бұзбастан қалай өзгерістерге бейімделетінін, басқа сөзбен айтқанда қазақтардың болашағына бағытталған ұлттық кодтарын айқындаған осы мақаласында елдің кириллицадан латын таңбаларына екі жыл ішінде өту қажеттігі туралы да атап өткен болатын. Бұл турасында Елбасы былай деді:

“Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады.”

Елбасының латын әліпбиіне жақын арада өтілетіні жөнінде осы сөздері қазақ халқы арасында үлкен қолдау тауып жатқанда, көрші Ресей елінің астанасы Мәскеуде кейбір орыс зиялылары мен саясаткерлері Қазақстанның Ресейден алыстап бара жатқаны туралы реакцияларын тілге тиек етуіне түрткі болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне өту туралы пікірлерін алғаш рет 2012 жылы, 15 желтоқсан күні жариялаған “Қазақстан – 2050 Стратегиясы” атты жолдауында ортаға салған және 2025 жылы мұның іске асатынын баяндаған еді. Алайда ол 2017 жылғы сәуірдегі мақаласында бұл күнді 2018 жылға жылжытты. Сондай-ақ 2017 жылы 23 маусым күні Астанада болып өткен V Дүниежүзі қазақтары құрылтайында сөйлеген сөзінде де латын әліпбиіне өту үшін 2025 жылды күтудің қажет емес екенін айтып өтті.

Елбасының 2012 жылы әліпби өзгерісі болатыны туралы мәлімдеуінен кейін ғалымдар, жазушылар мен түрлі сала өкілдері латын алфавитіне өту мәселесін қызу талқылай бастады. Осы орайда пікір айтқан азаматтардың көпшілігі Қазақстанның кириллицадан латынға көшуінің қажеттілігін баса көрсетіп жатыр. Аз ғана адам осы кириллицадан айнымай қалу жайында уәж айтуда. Бұлардың арасында Қазақстанда қазақ тілінің дара мемлекеттік тіл ретінде күшейтілуі турасында зор еңбек сіңіріп жүрген және бүкіл түркі дүниесінде аты танымал ақын Мұхтар Шахановтың да болуы таң қаларлық жайт болды. Тіпті ішінде Шаханов та бар, көпшілігі белгілі жастан асқан зиялылар мен жазушылардан құралған 66 адам латын әліпбиіне өтпеу керектігі жайында Елбасыға қаратылған ашық хат жариялады. Осы ашық хатта латын таңбаларына өтілмеуі, кириллицада қалу турасында негізгі екі себеп алға тартылды.

Біріншіден, латын әріптеріне өткен жағдайда, соған дейін кириллицада жазылған кітаптар, мақалалар, журналдар не болады десе, екіншіден, келер ұрпақ осылардағы бай рухани, мәдени мұрадан көз жазып қалады деген алаңдаушылық.

Біздің ойымызша, мұндай алаңдаушылық орынсыз. Келер ұрпақ ешқашан кириллицамен жазылған дүниелерден көз жазып қалмайды. Қазақстанда орыс тілі әрқашан екінші тіл орнында жүреді. Мұндай тәжірибе басқа елдерде баршылық. Мәселен, Алжир елі - кезінде француздардың отары болған ел. Отарлық кезеңде халыққа жаппай француз тілі үйретілген еді. Ол 1962 жылы отарлықтан құтылып, тәуелсіздігін жариялады. Содан бері өткен 51 жылда француз тілі ұмытылған жоқ. Қайта әлі де болса, француз тілі мектептерде үйретілуде. Өйткені француз тілі - әлемнің алда келген мәдени тілдердің бірі. Сол тіл арқылы француз мәдениетінің жетістіктерін Алжир халқы пайдаланып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда Алжирдің халқы араб және француз тілдерінде бірдей еркін сөйлеуде. Мұны өткен желтоқсан айында Парижде кездескен бір француз оқымыстысы да айтты. Алжир халқында бізді қызықтырған, оларда француз тілін білетін, бірақ ана тілі, арабшаны білмейтін бірде-бір Алжирліктің жоқ екені. Барлығы екі тілді толық меңгерген. Құдай тағала бізге де осындай бақытты жазса екен. Өйткені Қазақстанда өкінішке орай орысша біліп ана тілін білмеген қазақтардың саны едәуір көп. Нақты саны болмағанымен мұның 25-50 пайыз арасында екені айтылуда. Бұл Қазақстанда орыс тілін жаппай басымдық берген 74 жылдық Кеңестік империяның “мәдени геносит” қатарында айтуға болатын тіл саясатының салдары.

Шаханов және жолдастарының кириллицада қалу жайында алға тартқан екінші себеп де осыған байланысты. Олардың пікірінше, қазақтар жүз пайыз қазақша сөйлемей, латын әріптеріне өтілген жағдайда, қазақша үйренгісі келетін қазақтардың жағдайы қиындай түседі; өйткені олардың латын әліпбиінде қазақша оқып жазулары қиын болатындықтан, ана тілдерін үйренулері де қиын болады.

Бұл дұрыс емес. Өйткені қазақ тілін үйрену алфавитке тығыз байланысты болса еді, онда Қазақстанның тәуелсіздігінен бүгінге дейін өткен ширек ғасырда қазақша үйренген қазақтардың санында айтарлықтай көбейюі болуы керек еді. Бірақ ондай көбею байқалмайды. Тіпті Шаханов бізбен болған бір сұхбатында соңғы жылдары қазақша білмеген қазақтардың санында азаю емес, керісінше көбею болған. Демек, кириллицада қалу Қазақстанда қазақша үйренуді жеңілдетеді деген сөз негізсіз.

Біз Алжирде болғанда бүкіл қазақтардың әрі қазақша, әрі орысша білуін жақтаймыз. Мәселе қазақ баласының орысша біліп, өзінің ана тілін білмеуінде ғана болып отыр. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үш тұғырлы тіл саясатында нақты ортаға салынғандай, қазақ халқы қазақ және орыс тілдерімен қоса ағылшын тілін де толық меңгеруге тиіс.

Ал латынға көшу не үшін қазаққа қажет деген сұраққа келер болсақ:

Біріншіден, қазақ халқы славянтекті халық емес, олай болса, славянтекті халықтар ғана қолданатын әліпбиді қолдану ыңғайсыз. Сондықтан тәуелсіз қазақ елі Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының ықтиярынсыз таңылған бөгде халықтың әліпбиінен арылатын кезі келді.

Бүгінгі таңда кириллица әріптерін әлемде он екі ел қолданады: Олардың сегізі славянтекті халықтар. Атап айтқанда, Белоруссия, Босния, Болгария, Македония, Черногория, Россия, Сербия және Украина. Славянтекті болмаған төрт ел де осы әріптерді қолданады. Олар Қазақстаннан басқа, Қырғызстан, Моңғолия жәнеТәжікстан. Ал осы төртеудің ішінде Моңғолия мен Тәжікстан сол кириллицаға қоса өздерінің төл әріптері моңғол және араб жазуларын да бірге пайдалануда. Сонда әлемде алфавит мәселесінде кириллицаға кіріптар болып отырған екі-ақ ел болып отыр. Олар Қазақстан мен Қырғызстан.

Алайда Қазақтар мен қырғыздар түркі-мұсылман халықтар тобына жатады. Сондықтан олар, бұрын яғни Кеңес Одағына бодан болмастан алдын, түркі-мұсылман халықтар қолданған араб әліпбиін ұстанатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, оның құрамындағы түркі-мұсылман халықтардан Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан уақыт өткізбестен славян халықтарына тән әліпбиден бас тартып бүгінгі таңда түркі-мұсылман халықтар қолданып отырған латын әліпбиіне көшті. Міне сондықтан Қазақстанның да латынға көшетін уақыты келді.

Бірақ Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі көршісі Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы мағынасына келмеуге тиіс. Өйткені ол Қазақстанның ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей Қазақстанның көршісі, екі елдің достық негіздегі байланыстары екі елдің пайдасына екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға кедергі емес.

Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы, 23 маусым күні Астанада V Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сөйлеген сөзінде атап өткендей, бір тілді сөйлеген, бірақ кирил, латын және араб сынды үш әліпбиді қолданған әлем қазақтары арасында тіл бірлігі де қамтамасыз етілетін болады.

Үшіншіден, Қазақстан латынға көшу арқылы бүгінгі үстем мәдениеттердің кіші мәдениеттерді аждаһадай жұтып жатқан жаһандану дәуірінде өзінің ұлттық мәдениетін, тілін сақтауға септігін тигізеді. Өйткені қазақтар латынға көшу арқылы өзіне туысқан әзірбайжан, өзбек, түрік, түркімен сияқты елдермен бір әліпби жүйесіне өткен болады. Сөйтіп, туысқан елдер бір-біріне селбесіп жаһандану дәуірінің мәдени қауіп қатерлеріне қарсы бірге табан тірей алады.

Төртіншіден, латын әріптері - бүгінгі таңда технология мен компьютерге ең ынғайлы әріп жүйесі. Бұдан да ұтарымыз көп.

Латынға көшу шешімі алынған жағдайда байқайтын маңызды мәселе қай жүйеде көшу мәселесі. Мұнда жалпы айтқанда үш жүйе айтылуда:

Біреулер ағылшын тіліндегі нұсқасына сол күйінде өтейік, екінші біреулер 1992 жылы түркі дүниесі тіл ғалымдары қабылдаған 34 таңбалық жүйені алайық, ал үшінші біреулер болса, латында қазақ тілінде жоқ дыбыстарға жаңа таңба табайық немесе сол дыбыстарды қос әріптермен бейнелейік дейді.

Біз 2017 жылы маусым айында V Дүниежүзі қазақтары құрылтайы аясында қатысқан Білім және Ғылым vинистрлігіндегі жиналыста информатика маманы, профессор Алтынбек Шәріпбайдың “Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері” туралы жасаған презентациясын тыңдаған едік. Профессор Шәріпбай толықтай, еш өзгертпестен ағылшын латын әліпбиіне көшуді жақтайтынын айтты. Өйткені оның айтуынша, онда компьютер бағдарламасына қатысты көптеген мәселелер оңай және арзанға шешілмек. Мысал ретінде қалта телефондары арқылы SMS хат жіберуді көрсетті. Егер сіз латын әріптерінің ағылшын нұсқасын ғана қолдансаңыз, онда бір баға, кирилл әріптерінің орыс нұсқасын қолдансаңыз, одан екі есе қымбат, ал сіз кирилл әріптерінің орыс нұсқасына қоса қазақшаға тән әріптерді де қолдансаңыз, онда үш есе қымбат ақы төлейді екенсіз. Меніңше, бұл техникалық мәселе емес, тарифтік мәселе. Мәселен, Түркияда латын әліпбиінің ағылшын нұсқасын да, түрік тілінің нұсқасын да қолдансаңыз, ешқандай баға айырмашылығы жоқ. Бір баға төлейсіз. Екіншіден, рас компьютерлік бағдарлама жасауда ағылшын стандартында жоқ әріптерді пайдалансаңыз, біраз қиындықтар болады. Бірақ ол қиындықтар реттеуге болмайтын қиындықтар емес. Есте сақтайтын бірнәрсе - алфавиттің тек алфавит емес екені, оның сонымен қатар тіл мен мәдениет екені.

Компьютерге, техникаға қолайлы екен деп тіл мен мәдениеттік ерекшеліктерді қолайсыздандыруға болмайды. Біздің ойымызша, алдымен тілдік және мәдениеттік ерекшеліктер, содан кейін текникалық ерекшеліктер. Өйткені бүгінгі дамыған үздік технологиямен әрнәрсені жасауға болады. Мәселен жапондар, кореялықтар, қытайлар компьютерге қолайлы болады деп оқылуы және жазылуы тұрғысынан әлемнің ең қиын таңбаларынан саналатын төл әліпбилерін өзгерткен емес. Бірақ барлығы техникада озық елдер арасында, тіпті Оңтүстік Кореяға бүгін сандық технологияда, қалта телефонда әлемнің алдыңғы қатарлы елдері саналуда. Осыған қарағанда бір ел өзінің тілдік және мәдениеттік ерекшеліктерін, өзге елдерге еліктемей, қастерлеп қорғаса, технологияда көбірек табыс болғандай ма? Қалай?

Осы арада айта кетерлік бір жайт, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуде өзге тағдырлас елдерге қарағанда, кешеуілдеп қалуы оған артықшылық сыйлай біледі. Өйткені ол өзінен бұрын латын әліпбиіне өткен туысқан елдердің тәжірибелерін зерттеп, олар жіберген қателіктерді анықтап, олардан бойын аулақ ұстай біледі. Латын әліпбиінде 90 жылдық тәжрибесі бар Түркияның өзінде кемшіліктер болған тіл ғалымдары айтып келеді. Негізінде Қазақстанның әліпби дайындауда өзге елдерге қарағанда табысты екенін айту керек. Осман патшалығы уақытында түркілердің сан ғасырлық араб әліпбиіне реформа енгізіп түрік тіліне икемдеуге ұмтылған, бірақ іске асыра алмаған еді. Мұны іске асырған дара ел Қазақстан болған. Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавит жүйесіне тамаша өзгерістер енгізіп, оны қазақ тілінің төл әріпіндей мүлтіксіз еткен еді. Сондықтан ол 1926 жылы Бакуде өткен түркология құрылтайында түркі дүниесінің латын әліпбиіне өтуіне қарсы шыққан еді.

Тағы да, Кеңестік кезеңде түркі республикалары кириллицаға өткенде әр республика жеке-жеке өз алфавиттерін дайындағанда, ең озығы Қазақстан еді. Осы алфавиттер туралы зерттеулер жүргізген тіл ғалымы, профессор Хатиже Ширин Ұсер “Бастапқы кезден бүгінге түркі жазу жүйелері” атты еңбегінде Кеңестік түркі республикалар ішінде ең табысты кирилл алфавит жүйесін қазақтар дайындағанын атап өтеді. Қазақстанның бұл табысын латын әліпбиі жүйесінде де жалғастырады деп үміттенеміз.

Егер Қазақстан 1992 жылы түркі дүниесі тіл ғалымдарының қабылдаған 34 таңбалық латын әліпбиі стандартына өтетін болса, сонда 200 миллионнан астам түркі дүниесі арасында түсіністік те, ынтымақтастық та нығаяр еді. Сөйтіп қазақ халқы бір оқпен екі қоян атып, әрі бүгінгі заманауи ең үздік әліпби жүйесіне өткен болады әрі туысқан халықтармен ынтымақтастығы күшейе түседі. Сөйтіп бүгінгі жаһандану дәуірінде бүкіл әлем халықтары бетпе-бет келіп отырған тіл және мәдениет эрозиясына қарсы көбірек шыдамды болар еді.

Сонымен сөзімізді қорытар болсақ, латын әріптеріне көшу тәуелсіздігіне 25 жылдан астам уақыт өткен және халықаралық қауымдастықта беделді орынға ие болған Қазақстанның рухани саладағы тәуелсіздігін айғақтайтын шара болып табылады. Ол сонымен қатар әлемдік технологияда үздік дамыған елдері және ортақ тарихи және мәдени тамырлардан шыққан туысқан түркі халықтарымен етене араласуына мол мүмкіндік береді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылын күтпестен жақын арада латын алфавитіне өту керектігі жөніндегі сөздері өте орынды.


Баға беріңіз