Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тілім, тілім деп, тілімденіп келеміз...

17.7.2017 386

Егемен ел болғасын елдің мемлекеттік тілі де болуы да заңдылық. Өйткені тіл ар-ұяттың өлшемі. Марк Твен: «Тәуелсіздікке қол жеткізген ел лотереяда пілді ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек» деген қанатты сөз қалдырыпты. Қазақстандағы тіл мәселесі де осы нақылдың аясында жүр.

Қазақстан да тәуелсіздікке қол жеткізді. Бодандықтан босады. Ұлттық тіліміз Ата Заңымызбен мемлекеттік тіл болып бекітілді. Іргеміз бөлек, мақсатымыз айқын, болашағымыз жарқын ел екенімізді көрсетіп «Тіл туралы Заңды» да бекітіп алдық.

Осы Заң аясында мемлекеттік тіліміздің өркендеуі жолында қомақты қаржы құюдан да тартынып жатқан жоқпыз. Бір қарасаң бәрі дұрыс сияқты. Бірақ, сол қам-қарекетімізден мемлекетті тілдің мәртебесі асып, біртұтас халықтың ортақ тіліне айналып кеткені шамалы. «Баяғы жартас, сол жартас...» қазақ тілінің жағдайы келмеске кеткен Кеңестік идеологияның құрсауында қалып қойғандай сезіледі де тұрады.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік таңы атып, көкте көк байрағымыз желбірегеніне табаны күректей жиырма алты жыл өтсе де қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамымыздың барлық саласында қызмет ететіндей дәрежеге көтерілген жоқ.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын алашорда азаматтары, халқымыздың біртуар текті ұлдары Әлихан Бөкейхан пен Ахмет Байтұрсыновтар да қазақтың тілі үшін күресіп, жанын пида етіп еді. Араға бақандай жүз жыл салсақ та тіл мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқаны қынжылтады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қоғамды тастай қатырып, тұтастыратын фактор керек, ол-қазақ тілі болмақ! Қазақ жері жүзден аса этносты біріктірді. Әрине, осынау барлық этникалық әр алуандылық бір ұлтқа айналу үшін жақсы «цемент» керек. Осы орайда бүгінде ұлтты «цементтейтін» басты фактор-мемлекеттің тілі-қазақ тілі болып табылады» дегенді қадап айтқан еді. Обалы нешік, Президентіміз айтуындай айтып жатыр-ау. Керек десеңіз намысты жанып, жігерді де қайрап, жетесіне жеткізіп те айтып жатыр. Солай бола тұрса да қазақ тілінің қоғамда өзіндік тұғыры байқалмайды. Оның себебі неде?

Қазақ зиялыларының бірі, танымал жазушы Смағұл Елубаев ағамыз: «Үкіметі, соты, министрліктері, әкімдігі, басқа да құрылымдары мен мекемелері қазақша сөйлемейтін мемлекетте «Қазақ елі» деп кеудемізді керіп, аяғымызды алшаң басып жүре аламыз ба? «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деп мақтанғысы келетіндер де мақтана алмайды. Себебі оның ұлы тілінің үні жолдауларда, Үкімет отырыстарында естілмейді» деген еді. Бұл ащы да болса шындық. Өзекті өртейтін өкініш.

Қазақ халқының барлық зар-запыраны да осы түйткілде жатқан секілді. Олай дейтінім қазақ нигилистері мен қазақ тілін менсінбейтін, оған қырын қарайтын диаспора өкілдері үлкен мінберлерден, халықаралық ареналардан бой көрсетпейтін қазақ тіліне пысқырмайды да. Қажет етпейді де.

Ойымыздың дәлелі ретінде айта кетейін. 2011 жылы тіл саясатына мемлекеттік органдарға міндетті түрде мемлекеттік тілде қатынас жасау жөнінде ұсыныс енгізілмекші болды. Сонда Қазақстан православтар қауымдастығының бір өкілі: «Так что русским гражданам надо относится к таким инициативам спокойно. Пусть себе пишут. Читайте именно с юмором любые языковые указы и законопроекты, так как эта писанина (разрабатываемая, кстати, первично на русском языке, с последующим переводом на казахский) из области фантастики. Говорите и пишите, как и раньше, на великом могучем и главное на естественно господствующем русском языке. Его не под силу никому реально запретить» деп міңгірлеп еді. Бұл «ғұламаны» барлық ресейлік БАҚ өкілдері де қолдап, қарсылық білдіріп, жан-жақтан жамырады.

Сол кезде, қазақстанның нанын жеп, отын оттап отырғандардың аузына құм құюдың орнына олардың талаптары орындалды. Біздің билік түйеқұс секілді басын жерге тығып алып, үнсіз қалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет, оның ішкі ісіне араласпаңдар деп біреуі қарсы шығып, жақ ашпады.

Иә, біздің билік, шенеуніктер қазақ тілінің тағдырына келгенде бұқпантайлап өмір сүруде. Қазақ тілінде тек қара халық ғана сөйлейтін болды. Ал, биліктегі бай-бағландар үрім бұтағымен орысша сөйлеп, орысша жазып, орысша түс көреді.

Қазіргі таңда елімізде жаңа демографиялық ахуал қалыптасып келеді. Соның арқасында қазақ сынбына барушы оқушылардың да қатары артуда. Былтырғы оқу жылында қазақ мектебінің табалдырығын аттаған бүлдіршіндер 89 пайызды құрады. Шым-шымдап болса да қазақ ұлттық мектептері көбеюде. Қазақ тілінің шырағы жанар деген үмітіміз келесі жеткіншектерде. Уақыт бір орнында тұрмайды, заман да өзгереді, тарих та өзгерері анық. Үмітімізді үкілеуден жалықпаймыз.

Тарих демекші, бір кездері орыс әскерінде неміс офицерлері қаптап кеткенін тарихтан білеміз. Сонда кавказды зар илетіп лаңдаған генерал А. Ермоловтан Александар-I патша «Сізге қандай марапат лайықты» деп сұрағанда, «Мархабатты тақсыр, мені неміс етіңізші» деп, ресей зиялыларының намысына тиіп, жанайқайын, ішіндегі іш-құса болып жүрген ойын осылай жеткізген екен.

Ал, бізге олай сұранудың да қажеті жоқ. Біз орыс болған, орыстанған елміз.

Дегенмен, жаңа ұрпақ келер, билік те ауысар, қазақ тілі үшін құрбан арыстарымздың арманы орындалып, қазақ тілінің бағы жанар күн де алыс емес секілді. Әзірге тілім, тілім деп, тіл жолында тілімденумен келеміз.


Тегтер:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

251 0

ақпарат

Қазақша нан сұрайды Наташа, ал қазақ қыз...

282 0

ақпарат

"Ата, мен қай тілде сөйлеп тұрмын?.."

406 0

ақпарат

Шенеуніктердің қазақша сөйлемеуі депутаттың шамына тиді