Ұлттық мемлекет – ұлы мақсат

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдарының докторы, профессор

17 шілде, 2017

- Биыл ХХ ғасырдың ұлы оқиғасы – Алаш қозғалысына 100 жыл толғалы отыр. Кезінде Алаш көшбасшылары Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Райымжан Мәрсеков т.б. ұлт ұлдарының басын қосқан, ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи маңызы зор оқиғаны атап өткенде қандай мәселеге жете көңіл бөлу керек деп ойлайсыз

- Қазақ тарихында алтын әріппен жазылған Алаш қозғалысының 100 жылдығы – шын мәніндегі ұлы мереке. Бұл, біріншіден, қазақты ұлт ретінде жұмылдырған, азаттық пен бостандықтың кез келген ұлттың қарапайым да табиғи құқы екенін танытқан қоғамдық құбылыс. Екіншіден, осы кезге дейін өзінің тиісті тарихи бағасын ала алмай келе жатқан Алаш қозғалысының ұлт тарихына қосқан игі жетістіктерін толық анықтағанда ғана келешегі жарқын Мәңгілік елді құра аламыз. Төртіншіден, Алаш қозғалысының тарихи төркінін тек қана Ресейдің отаршылдық саясатымен байланыстырсақ, қозғалыстың терең рухани мәнін толық түсіне алмағанымыз болар еді. Алаш көсемдері елдегі әлеуметтік, саяси мәселелерді қамтып қана қоймай, мәдени төңкеріс жасауға ұмтылды. Халқымыздың мәдени деңгейін көтеру мәселесі Ұлы даланың ғұлама ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни, дарынды күйші Қорқыт, Қожа Ахмет Яассауи, Асан қайғы және Ақтамберді Сарыұлы, Бұхар Қалқаманұлы, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Шортанбай Қанайұлы т.б. туындыларында аз жазылған жоқ.

ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ойшылдары өздеріне дейінгі қордаланып келген саяси–әлеуметтік мәселелерді жаңа деңгейге көтерді. Азаттық пен еркіндікті адам баласының табиғи атрибуты санаған Шоқан Уәлиханов 1864 жылы жазған өзінің «Сот реформасы жайындағы» еңбегінде: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет», - деген еді. Ғалымның бұл ойлары тәуелсіздіктің формуласы болатын. Әрине, ол кезде мұны «тәуелсіздік» ұғымы деп түсінетін, «асқақ идея» деп көтеретін ешкім бола қойған жоқ.

Өз заманының саяси сипатын дәл таныған Ыбырай Алтынсарин: «Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар - келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық - тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» деп ашына жазған болатын.

Ресей саясатының зардабы туралы Абайдың «Жиырма бесінші қара сөзінде»: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» дегенде орыстың тілінің, оқуының және ғылымының «зарарынан қашық болуды» арнайы айтуы да тегіннен тегін емес еді.

Осылардың барлығы Алаш мұрасының өз кезіне дейінгі ғұлама ойшылдар мен ғалымдардың саяси әлеуметтік ойлары мен тұжырымдарынан бастау алатын тарихи төркінін танытады. Осы сабақтастықты, үндестікті түсінгенде ғана Алаш мұрасын толымды тани аламыз.

Қазақстан тарихында Ресейдің отарлық саясатына қарсы стихиялы түрде бой көтерген жүздеген қозғалыстар мен толқулар болды. Бірақ Алаш қозғалысындай өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші, алдына қойған мақсаты мен қамтыған мәселелері жағынан жоғары деңгейде ұйымдасқаны болған жоқ. Мұның басқалардан басты артықшылығы – жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеу мәселесін көздеуінде еді. Және бір аса маңыздысы бұл қозғалыс саяси демократиялық партия мен дербес мемлекет құру деңгейіне шейін көтерілді.

Мен «ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеу» деген сөздерді жайдан жай ерекшелеп отырған жоқпын. Біздің бүгінгі қоғамымыздағы жетіспей жатқан жағымыздың көбіне рухани саламен байланысты болуы тегіннен тегін емес. Қазіргі ұрпақ Алаш мұрасын білмей өсіп келеді. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай шығармалары қалың оқырмандардың қолына әлі де тие қойған жоқ. Әлиханның толық шығармалары енді шығып жатса, Мұстафаның он екі томдығы 2014 жылы бар жоғы мың данамен жарық көрді. Бұл республика кітапханаларына да жетпейді. Сонан соң Алаш мұрасына көзқарас та тәуелсіздік талаптарына сәйкес толық өзгере алмай отыр.

Қалың қазақ оқырманы Алаш жетекшілерінің мұраларын игермей, Абай айтқандай толық адам бола алмайды. Алаш мұрасын Елбасының туындыларымен әдемі ұштастыра, астастыра отырып, бүгінгі заман ұсынған рухани игіліктерді игергенде ғана халқымыз өз тілінің де, дінінің де толық иесі бола алады. Сонда ғана қазақ ХХI ғасырдың шын мәніндегі перзенті болады.

- Қазіргі таңда білім саласында көптеген реформалар жүргізілуде. Бұл бастамалардың барлығы елдің болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім беру талабынан туындайды. Алайда әлі күнге дейін оқулықтардың өзі бір жүйеге келмей жүргенде министрліктің су жаңа реформаларынан қандай нәтиже күтуге болады? Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Рас, соңғы кезде білім саласы көп өзгерістерге ұшырауда. Бірақ бұларды прогрессивті реформа деуге ертерек. Білім беру мекемелеріндегі жас басшыларымыз шетелдерден оқып келеді де, дереу сонда көргенін, өзінше түйгенін біздің өмірімізге ендіруге тырысады. Әрине, жақсы болсын деген ниет қой. Алайда олар алдымен жергілікті жағдайды зерделеп, тиісті маман, тәжірибелі кісілермен ақылдасып алмай, шикі ойларын жүзеге асыруға ұмтылып жатады.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Біз де буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып!» деп ұлттық құндылықты ұмытпауға шақырған болатын. Ал Мұстафа Шоқай: «Шетелде тәрбиелеген зиялы қауымның өз ұлтына пайдасы жоқ, оны ұлты да пайдаланбайды» деген еді. Оқулықтардағы олқылықтарды жою былай тұрсын, үш аусымдық мектептердің санын азайта алмай отырған министрліктің көптілділікке дайынбыз деп білегін сыбануы «әлін білмеген әлекті» еске түсіреді. Өзінің ана тілін толық меңгермеген 4-5 жасар бүлдіршіндерге үш тілді меңгертеміз деушілерді ұлттық педагогика мен психологияны сезінбейтін мәңгүрт демегенде кім дейміз?!

Шетелде оқып, алған азын аулақ білімін еліміздегі өмірмен байланыстыра алмайтын, ұлттық құндылықтардан ада болған, шынына келгенде, рухани шала сауатты кейбір жас басшылар өз жұмыстарының мазмұнына тереңдеп бара алмай халықты жиі шатастыруы қалыпты жағдайға айналды. Өз ұлтының құндылықтарынан сусындай алмағандардан келелі істі, мәнді тірлікті күтудің өзі артық.

- Мектеп оқушыларына сапалы білім ғана емес, саналы тәрбие беру де аса маңызды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен әл-Фараби бабамыз. Шәкірттердің халқымыздың салт-дәстүрін, шешендік сөздерін, мақал-мәтелін бойына сіңіріп өсуі олардың тағылымды тәрбие алуына мүмкіндік береді. Тал бесіктен басталатын ұлттық тәрбиені білім берумен қатар ұштастыруды қалай жолға қоюға болады?

- ХIХ ғасырда өмір сүрсе де, білімнің өмірмен байланысы, оның тиімділігі жағынан біздер ұлы кәсіби жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсарин деңгейіне көтеріле алған жоқпыз. Ол білімді өмір сүрудің құралы деп таныды. Оның төрт жылдық мектебінде балалар егін егіп, мал өсіруді үйренді, ал қыздар кесте тоқып, киіз басуды білген. Ал біздің он бір жылдықты тәмамдаған қыздарымыздың көбі сырмақ тігіп, ою оймақ түгіл жөнді шай құюды да білмейді. Ер балаларымыздың бойынан да кейін кәсіп етерлік жұмыс машығын кездестіре бермейсіз.

Жалпы білімді тәрбиеден, қол еңбегінен еш ажыратуға болмайды. Ұлы ойшыл әл Фарабидің сіз мысалға келтіріп отырған тағылымды сөзін ағылшынша оқығандар біле береді дейсіз бе? Қазір бізде ағылшын тілі ерекше санатта. Кейбіреулер оған мемлекеттік мәртебе берейік деп жүр. Сонда қарық боламыз деушілер жоқ емес. Ендеше елінде ағылшын тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған индустардың дені неге қайыршылықта? Ағылшын тілінде сөйлейтіндердің ішінде де ұры-қары, мәдениетсіз жандар жетеді. Бұдан тіл білу – берекелі тұрмыстың басты көрсеткіші емес екендігі айқындалады. Байлық елдің табиғи артықшылығы мен меншіктеудің нысанынан құралып, басқарудың әдіс-тәсілдері мен халықтың еңбекке деген ынта-ықыласымен жасалатынын әркез жадыда ұстаған абзал.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Тәрбие - тал бесіктен» деген болатын. Біздің бүгінгі тәрбиеміздегі ең негізгі кемшілік - отбасындағы жүйелі тәрбиенің қатты өзгеріске ұшырауында болып отыр. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге байланысты жас отбасылардың көбіне бала тәрбиесімен айналысатын уақыты болмай жатады. Күнкөріс қамымен ерте кетіп, кеш келген ата-ана балаларына жеткілікті деңгейде уақыт бөле алмайды. Жас отаудың көбіне бөлек тұруы, ата-әжелердің бала тәрбиесінен шет қалуы ұлттық тәрбиеміздің ақсай түсуінің бір мәнді себебіне айналды.

Мен ғылыми жұмыс бағытымен Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың алғашқы әлеуметтік орталарына – отбасына зер салдым. Сонда байқағаным кейін Алаш алыптарына айналған тұлғалардың болашақ болмысы осында қалыптасқан екен. Мысалы, өз кезіндегі ақындардың шығармашылығымен ерте танысқан бала Мұстафа құранды да жатқа айтқан. Соны қызық көрген, үйге келген қонақтар жаттауды қайталатып отырған. Отбасынан алған шынайы тәрбиені біліммен, қажырлы еңбекпен, саяси қайраткерлікпен байыта отырып, Мұстафа Шоқай әлем таныған тұлғаға айналды.

Рас, бүгінгі нарықтық заман алғашқы әлеуметтік орта – отбасының негізгі қызметін әлсіретіп, тәрбие ұясы ретіндегі рөлін төмендетіп отыр. Үйде әке шешесінің қарауынан тыс қалған ұл қыздың ең негізгі тәрбиешісі – орыс ағылшын тілдеріндегі түрлі техникалық ойын құралдары. Мұның келешегі аса қауіпті. Шығар жол жоқ емес, бар. Ол балабақшадағы оқу тәрбие жүйесіне күрделі өзгерістер жасау, оның мазмұнын байыту. Сөйтіп отбасы тәрбиесінің олқылықтарын толықтыру. Сонан соң ең бірінші тәрбиешілер қатарын қайта қарау, оларды дайындауды жаңа талаптарға сәйкес өзгерту қажет. Әсіресе, қазақтілді мамандар санын көбейту керек. Балабақша бастауыш мектептің алғашқы құрамдас бөлігі болғаны жөн. Мұнда да оқу тәрбие жұмысы тек қазақ тілінде, ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асқаны дұрыс. Сондай ақ балабақша мәртебесін көтере түссе оң болар еді. Мұнда ұрпағымыздың болашағы жасалады ғой.

- Әбдіжәлел аға, сіз «Жыр елі» аталатын Сыр елінің тумасысыз. «Ақынның құлағы өзінен бұрын туады» дегендей, жасыңыздан шешендік сөздерді, жыр-термелерді санаға сіңіріп өстіңіз. Ерте кездегі от ауызды, орақ тілді шешендердің сарқытын жедіңіз. Ал бүгінгі естіп жүрген ескі әңгімелеріміз бұрынғы есті әңгімелерден көп төмен, қара тоқпақ, қарадүрсіндеу болып келеді. Сол бұрынғы жорғадай тайпалған сөйлеу тіліне қайта оралу үшін қайтпек керек?

- Бұл – орынды сұрақ. Мұның негізі құрылғанына жиырма бес жылдан асқан тәуелсіз еліміздің ұлттық сипатында жатыр. Алаштың жетекшілері ұлттық дербес мемлекет құруды армандады. Ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті мұндай мемлекеттің қажеттілігі туралы Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналының 1929 жылғы алғашқы санында былай деген еді: «...Біздің мұратымыз - Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» [3, 32-33]. Өйткені мемлекеттің ұлттық сипаты айқындалмай, мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмейді, елдегі басқа халықтың мәселелері оң нәтиже бере алмайды. Бүгінгі мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілі, діл және дін саласындағы кейбір қиындықтар осымен тікелей байланысты болып отыр.

Білім және ғылым министрлігі қай тілде, қалай оқытуды әлі айқындай алмай отырғанда, мемлекеттік билік жүйесінде мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі екінші және аударма тіл болып отырғанда ана тіліміздің көсегесі көгерер деп ойлау ерте. Басқа мемлекеттік билік тармақтарына қарағанда ұлттық сипаты басым болуға тиісті Қазақстан Республикасының Парламентінде 1996 жылдан бері қазақ тілінде дайындалған екі ақ заң жобасы қаралған болса не айтуға болады?

Тағы да ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке жүгінуге тура келіп тұр. Оның Абайдың үш рухани бұлағы туралы ойы еріксіз еске түсіп отыр. «Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, ауызша әдебиет қоры.... Екінші бір қол артқан қазынасы араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшіншісі үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәстүрдің басы, әрі кең майдан келешек еді» [4, 208-209]. Осылайша өз заманындағы әлемдік мәдениеттен рухани сусындағанда Абай оның бәрін талғамсыз, таңдаусыз, өз халқының ұлттық және өзге де ерекшеліктерін ескермей қабылдай салған жоқ. Оған мысал, орыстың өнерін, ғылым-білімін айта отырып, оның «зарарынан қашық болуды» ұмытпады. Міне, осындай саралай танудың арқасында Абай бұрын-сонды қазақ перзенті көтерілмеген әлемдік әдебиеттің асқар шыңына шықты.

Біз қазір ұлттық рухани дүниені жиып қойдық. Ұлттық салт дәстүр наурыз сияқты мейрамдарда ғана көрсетіліп жатады. Анда санда қазақ тілінің керегі туралы айтумен шектеліп, осыдан жиырма жыл бұрын қабылдаған, мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге қауқарсыз «Тіл туралы» Заңға сілтеме жасаймыз. Бұл Заң өзінің бар мүмкіндігін сарықты, шынына келгенде ондай құқықтық мүмкіндіктер онда шамалы да болатын. Оны мен мақалаларымда аз айтып жүргенім жоқ. Ал Үкімет пен Парламент Заңға пәрменді құқықтық өзгерістер енгізуге құлықсыз болып отыр. Мұның барлығы қоғамдағы қазақ тілдік ортаның қалыптасу барысына елеулі әсер етіп, қазақ тіліне деген қажеттілікті төмендетіп отыр. Мұны пәрменді құқықтық қолдаусыз көтеру мүмкін емес.

Қазіргі жастар классикалық туындыларды оқымайды. Қазақ тіліндегі киноларды көре бермейді. Дәстүрлі әншілердің концерттеріне адамды келтіре алмасаң, сырттан келген концерттерге билет таба алмайсың. Тіпті Астанадағы жарнамалардың дені Мәскеуде жасалады. Ондағы суреттер – көрші ағайынның бейнелері. Сондықтан бүгінгі жастан нені сұрап, нені талап етуге болады?! Мұның бәрін өздеріміз, осы жастардың әке шешелері, аға апалары жасап отырмыз.

Маған бүгінгі қоғам кейде қайда барарын, қайда тоқтарын білмей жел айдаған қаңбаққа ұқсап кетеді. Қазір алдымызға темірқазықтай нысан етіп отырған Мәңгілік ел боламыз десек, ең бірінші қазақ тілін мәңгілік тіл етудің қамын жан жақты ойластыру қажет. Тілсіз ел болмайды.

- Қазіргі таңда жас ұрпақтың санасына әсер ететін ықпалды күштің бі­рі – теледидар. Өзіңіз де бір кездері облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы қызметін атқардыңыз. Бүгінде қазақ телеарналарын қарап отырсаңыз, Ресей телеарналарының сәтсіздеу көшірмесі сияқты көрінеді. Ресей арналарында (КВН, ЧТО, ГДЕ, КОГДА?, Самый лучший) адамның қа­білетін арттырып, ақылын толықтыратын хабарлар тұрақты жүр­гізілсе, біздің көк жәшіктер мағынасыз-мәнсіз арзан күлкі, ойын-сауыққа әуес. Бұл туралы не айтар едіңіз?

- Бүгінгі өмірді теледидарсыз түсіну мүмкін емес. Бұл сала өмірімізге етене енді. Бұдан қашып құтыла алмаймыз. Әңгіме осыны қалай үлкен тәрбие құралы ете білуде болып отыр.

Өткен ғасырдың аяғында алып империя Кеңес Одағы ыдырауға бет алды. Бұл арада ішкі фактор үлкен рөл атқарды. Адамзат тарихы дәлелдеген халықтық, ұлттық негізде бірігудің орнына коммунистік партия халықты қайшылықты – таптық негізде біріктіргісі келді. Кедейді байдың деңгейіне көтерудің орнына байды кедей етті.

Әлеуметтік әділеттілікті ту етіп тарихи сахнаға келген кеңестік жүйе өмірде көбіне әділетсіздікке жол ашты. Өзінше «Қытай қорғанын» тұрғызып, әлемдік игіліктерді қабылдағысы, тіпті мойындағысы келмеді. Кеңес көсемдері елдегі әлеуметтік-саяси ахуалды әлемдегі ең озық үлгі, бақытты өмірдің көрінісі деп ұрандатты. Коммунистік партия жеке билігін күн өткен сайын үдете түсті. Жалпы адамзат тарихы жеке не топтық билік өмірінің қысқа екенін, оның талай қиыншылықтарға алып келетінін сан мәрте дәлелдесе де, адам баласы әлі бұл психологиядан арыла алмай келеді.

Әрине, сыртқы факторды да есепке алмауға болмайды. Кеңес өкіметінің, әскери-техникалық потенциалы көп елден артық болмаса кем емес алып империяның құлауына «тілеулестер» қанша адами ресурстар мен миллиардтаған қаржы жұмсағандары да шындық.

Мен бұларды жайдан жай айтып отырғаным жоқ. Өткеннен сабақ, тарихтан тәлім алу дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома, дегенмен бұрынғыға байыптап бара бермейміз. Содан көп қиындықтар болып жатады.

Облыстық партия комитетінде он жеті жарым жыл қызмет еткен мен партияның ығысып бара жатқанын айдан анық білгеннен кейін Сыр бойында жаңа ғана ашылған облыстық телерадио компаниясының басшылығына ауыстым. Мұнда келісімен «Сыр бойының жаңа телеарнасын қандай бағытта құруым керек?», «Оның басты нысаны не болуы қажет?», «Өзіндік ерекшелігі ретінде нені баса көрсетуге болады?» деген сұрақтар мазалады.

Өзіңіз «Сыр елінің жыр елі» екенін білесіз. Осы жайды ескере, ұжымдағылармен ақылдаса отырып, теледидар арқылы Сыр бойындағы мәдени мұраны насихаттауға бет бұрдық. Осыны телеарнаның өзіндік беті, ерекшелігі етуге барлығымыз жұмылдық. Облыстағы өнер адамдарының, әсіресе ақын жырау, әуесқой композиторлардың түгел дерлік шығармашылық кештерін өткізіп, оны республикалық телеарнаға шығардық. Алматыдан өз қаржымызға Роза Бағланова апайымды бас етіп бір топ жерлес ақын әншілерді шақырып, екі күн Облыстық теледидардың үлкен (бұрын партия конференциялары өтетін) залында концерт ұйымдастырдық. Кейін осының негізінде республикалық телеарнадан екі сағаттық хабар концерт бердік. Бұлардың барлығы алтын қорда қалды. Осындай жұмысымызды сол кезде «облыстық мәдениет басқармасының қызметін атқарып кетті» деп сынаушылар да болды.

Біз сол кездегі өзіміздің отырған ғимаратымыздың мүмкіндігін де толық пайдалануға тырыстық. Осылай ұжымның өзіндік қаржысын да молайттық. Ақылы хабарлар есебінен екі үш жылда жиырма үш қызметкерге өз отбастарына лайықты үй сатып алуларына мүмкіндік жасадық.

Бүгінгі кемшіліктер көбіне әр телеарналардың өз бағыт бағдарын толық айқындай алмағанынан туындап жатады. Теледидардың басты міндеті көрерменнің рухани дүниесін байыту, осы арқылы бүкіл қоғам деңгейін көтеру болуға тиісті. Ал оны қалай жүзеге асыру әрбір телеарна қызметкерлерінің шеберлігіне, басшыларының ұжымды ұйыстыра алу өнеріне байланысты. Сонан соң айта кететін бір мәселе қазір телеарналарда ұрпақ жалғастығы, сабақтастығы бұзылды. Шынын айтқанда, көп жерде бірыңғай өмір көрмеген, тәжірибесіз бала шаға болып кетті. Мұндай қуатты құралды кім болса, соған ұстата салу обал. Сонан соң ұлттық мәдени құндылықтар ұсақталды. Телеарналар ұлтымыздың ежелден, әбден сұрыпталған тамаша салт дәстүрін, ғасырлар жасап келе жатқан өнерін (кең мағынада айтып отырмын) насихаттауға бара бермейді. Өйткені жастар оны түсінбейді. Ал көрермен әртүрлі, әр деңгейде. Біз телеарналар хабарын қоғам, заман талабына сәйкес ұйымдастыруымыз қажет. Телеарнаның кез келген хабары көрерменді мақсатты түрде алға, рухани биікке жетелеп отыруы керек. Теледидардың құдіретті ықпалды күші де осында жатыр. «Әрбір хабар көрерменге не берді, шынайы тәрбие құралы бола алды ма?» деген сұрақ әр тележурналистің алдында темірқазықтай айқын болып тұрғаны жөн.

Әсте жеке көрермен не топтың жетегінде кетуге болмайды. Осындай бағыт біздің телеарналарымыздан кейде байқалып қалады. Теледидар жеке адамның емес, қоғамның сұранысына жауап беруге тұрақты ұмтылып отыруы керек. Мынандай бір мысал келтіре кетейін. Мәжіліс депутаты кезімде арнайы парламенттік делегация құрамында Германияда болдым. Бұрын облыстық телерадиокомпаниясының басшысы болғаным есіме түсіп, тіліне түсінбесем де, телехабарлардың суреттеріне, адамдардың қимылына қарап отырамын. Бірде 26 арнаны ашып қалсам, бұрын сонды көрмеген жайларға кезіктім. Менің түсінігімше, бұл арнаны дені сау адамның көруі қиын. Шын мәнісіндегі адамға тән емес ұятты істер. Ертеңіне сұрастырсам, бұл арнаның ақысын төлеп, рахат табатын көрермендері бар екен. Көрерменге ермей, оны алға жетелеп отыру керек деген ой осыдан туды.

- Жолындағының бәрін жапырып келе жатқан жаһандану тасқынына халықтық салт-дәстүрін, туған тілін, ұлттық өнерін сақтай білген ел ғана төтеп бере алады деседі. Осыған байланысты көңілде жүрген ой-пікірлеріңізді ортаға сала кетсеңіз?

- Алаш жетекшілері тәуелсіздікті ойлай отырып, мұның шексіз емес екенін жақсы білді. Сондықтан елдің тәуелсіздігін басқа елден оқшаулану деп ойлаған емес. Қайта адамзат жасаған құндылықтарды тәуелсіз елге қызмет еткізуді жақтады. Мен бұл бағытта Әлихан Бөкейханның тарихи, ұлттық ерекшеліктерді ескеріп отыру керек деген жоғарыда айтылған өсиетін тағы да айтқым келіп отыр. Және сырттың зиянды әрекетін әлсіретудің мықты құралы ұлттық иммунитет күшті болуы керек. Бұл үлкен тақырып, оны тарқатуға уақыт тығыз.

Сөзімді ары қарай жалғастырсам, жаһанданудың зиянды жағына қарсы тұрып, жағымды тұсын жұғыстыру үшін тәуелсіз елімізге, оның азаматтарына көптеген қасиеттер қажет. Әрине, экономикаға дау жоқ. Оның жағдайы белгілі. Ал әлеуметтік салада: шынайы сауаттылық (жоғарыдағы Мұхтар Әуезовтің Абай туралы айтқан формуласын есте ұстау керек), білімділік, қажырлы еңбек, ерекше жауапкершілік, саяси сергектік, рухани мәдениетке деген айрықша көзқарас, ұлттық рух т.б. керек. Бұл қасиеттер еліміз өз тізгіні өзінде болып отырғанда ерекше мәнді дегіміз келеді. Кешеге дейін Мәскеудің жол сілтеуімен жүрдік.

Осы арада Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін еске сала кеткен артық болмас. Шынында да, ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары сезіне түсуге көмектеседі.

Қорыта айтқанда, Алаш ұлт азаттық қозғалысының 100 жылдығы елімізде ерекше тойлануы керек. Басты мәселе оның рухани құндылықтарын мүмкіндігінше мол игеру, сол арқылы қалың бұқара арасында ерекше саяси сергектікті қалыптастыру, ұлттық рухты арттыру, Тәуелсіз еліміз үшін жауапкершілікті көтеру. Тарихымыздың ұлы оқиғасын осыдан жүз жыл бұрын өткен деп қана түсінбей, оның асқақ идеяларын адами тінімізге тарата білу қажет. Сонда ғана бұның бәрі Алаш алыптарына, олардың жер бетінде қазақ барда өлмейтін, өшпейтін мұраларына деген ерекше құрмет болады.

- Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рақмет!


Баға беріңіз