Ұлттың танымдық сөздігі
Сөздікте салт-дәстүр ұстанымдарымыз, тұрмыс-тіршілігіміз, киім үлгілеріміз, құрал-саймандарымыз, үй жиһаздарымыз, той-думан кезіндегі әдет-ғұрыптарымыз, тағы да басқа халықтық қалыптарымыз жинақталыпты.
Алғашқы сөзді академик Ғарифолла Есім алып, Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық көрмені өткізудегі мақсаты елордаға ел жинау еді. Ол ниеті орындалды. Қазір Астанамызға жүздеген мемлекеттер, ондаған ұйымдар келді, деп атап, соларға тарту ретінде ұсынылып отырған сөздік туралы қысқаша баян етті. Авторларға сөз тигенде, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайынов, бұл сөздікті құрастыру қысқа мерзімде жүзеге асқанын, 1100 сөздің жинақталғанын, 500-ге тарта кітапты ЭКСПО-ны ұйымдастырушыларға тегін бергенін айтса, Әлімхан Жүсіпбек ұлт бейнесін танытатын сөздердің таңдаулылары ғана жинақталды десе, Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов, халықты таныстырып, табыстыруда сөздіктің рөлі қашанда жоғары екеніне мысалдар келтірді. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі идеясын ЭКСПО-ға келіп жатқан шетелдіктерге осы сөздіктегі ұғымдар арқылы Отанымыздың тіл байлығын танытамыз, сонымен бірге, бұл сөздік мамандар мен студенттерге де таптырмайтын құрал, деді.
Оразгүл Асанғазы сөздік, өзге ұлттарды қойып, өзіміздің қандастарымызға да септігі тиетінін тілге тиек етті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қазір жастарға кітап бояуының «иісін» сездіру қиын болып бара жатқан заманда, бұл сөздік ұлтты танып-білем дегендер үшін таптырмас жәдігер екенін жеткізді. Белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев сөздіктің жарық көруі рухани өмірдегі елеулі оқиға екенін атап, «Біз кімбіз?» десек, осындағы сөздер арқылы тек-тамырымызды айтатынымызды, бар болған соң осындай дүние жарық көріп отырғанын, ендеше Қазақ елін ЭКСПО арқылы тануға келген жұрттарға осы кітапты беруге болатынын еске салды.
Академик Болат Көмеков жаһандану заманы елді бір қалыпқа салуға ұмтылған тұста, ұлтты сақтап қалу жолындағы талпынысқа мұндай сөздіктің қосары мол екенін, Еуропаны мекен еткен мажарлықтар 1986 жылы ұлт тілінің 6 томдық этнографиясының энциклопедиялық сөздігін шығару арқылы ұлт болмысын сақтап қалуға талпынғанын үлгі етіп, келешекте қазақ сондай этнографиясының энциклопедиялық сөздігін шығару керектігін еске салып, мұндай рухани құндылықтар 2000 данамен емес, көп таралыммен жарыққа шығып, әр отбасының төрінде тұру керектігін атады.
Алты тілде жарық көрген сөздіктегі ұлтымыздың бет бейнесі саналатын аталы ұғымдарды оқып отырғанда ойымызға Әлихан Бөкейхановтың: «Қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұған жер неге керек», – деп оттаған дұшпандар бар», – деген сөзі ойға оралды. Шынында, қазақтың бай тілінің бағы тәуелсіздіктен кейін жарқырай түсті. Соның бір дәлелі қазақ этнографиясының сөздігі дер едік.
Баға беріңіз