​Қазақ тілі арманымды ақиқатқа айналдырды

Әрбір халықтың тілін сол елдің дүниетанымы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, күнделікті тұрмыс тірлігі арқылы еркін меңгеруге болады. Неғұрлым көп тіл білген сайын, соғұрлым дүниетанымың кеңейіп, рухани...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 шілде, 2017

Елена Рыбина аты орыс демесеңіз, заты қазақ. Сары қыз қазақша мақалдатып, мәнді сөйлегенде, таңдай қағатыныңыз анық. Себебі бойында қазақ қаны жүріп жатып, жат тілде тәлімсейтіндерден бұл бойжеткеннің қазақ тіліне деген құрметі биік. Сондықтан ділі орыс болса да, тілі қазақ Еленамен шүйіркелесіп, қазақ тілін сүюінің сырын білуді жөн санадық.

- Менің тілім қос тілде шықты (күліп). Мен Қызылордаға қарасты Белкөл кентінде дүниеге келдім. Балалық шағым сол қазақ халқы шоғырланған Белкөл кентінде өтті. Достарымның барлығы қазақ балалары болды. Әзілдеп маған «Ұсқынсыз үйрек» («Ұсқынсыз үйрек» мультфильм - автор) дейтін. Мен ол үшін еш ренжіген емеспін. Себебі менің достарым, көршілерім, апайларым керемет жандар еді. Олардың дархан көңілдеріне қарап мен қазақ тілін еріксіз үйрендім деп ойлаймын. Біз отбасымызбен қазақы мерекелерді де атап өтеміз. Менің қазақы қалыпта тәрбиеленуімнің, қазақ тілін еркін білуімнің құпиясы Қызылорда деп білемін,- дейді ол.

Еленаны ата-анасы Белкөл кентіндегі №198 орта мектебінің орыс сыныбына береді. Соған қарамастан ол Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы», Әбділда Тәжібаев пен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын сүйіп оқиды. Тіпті өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастарға арналған байқауларға тұрақты қатысып, жүлделі орындар алады. Ал ЖОО-на түсерде өз қалауымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Жаратылыстану факультетінің қазақ тобына қабылданып, үздік тамамдап шығады.

- Бала күнімнен тележурналист болуды армандадым. Алайда ақылшыларымның кеңесімен жаратылыстану бағытына оқуға түстім. Өмір өзі қызық қой, мені өз арманыммен қауыштырды. Қазақ тілін жетік білгенімнен болуы керек, Қызылорда қаласындағы «ҚоғамТВ» телеарнасында диктор болып жұмыс істедім. Сондықтан қазақ тілі - менің арманымды ақиқатқа айналдырды деп айтамын,- дейді Елена Рыбина.

Бүгінде Елена Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс жасайды. Орыс, қазақ тілдерін ана тілі санайтын ол, енді ағылшын тілін меңгеруде. Ол Елбасының Үштілділік саясаты бүгінгі жастардың бәсекеге бейім болуының баспалдыға деген пікірде.

- "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген. Мен қазақ тілін өзге тіл деп те қабылдамаймын. Қазақ тілін білу- менің міндетім, парызым. Себебі, мен, ел мен жердің иесі қазақ ұлтының төл тілін білуім шарт. Ал орыс тілі туған тілім. Туған тіліме деген де құрметім ерек. Ағылшын тілін білу - бүгінгі күннің талабы. Замана көшіне ілесудің кілті. Сондықтан Елбасымыздың үштілділік саясатын қолдаймын.

Иә, мемлекеттік тіл – мемлекеттігіміздің өзегі. Оны білу - қазаққа да, «қонаққа да» парыз. Бастысы біздің кейіпкерімізден өзгелер үлгі алса болғаны. Себебі «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін керек». Ал біз Қазақстанның берекелі бірлігін де, табысты тірлігін де қалаймыз.


Баға беріңіз