Сөз киесіне қалмайық

Әрбір сөздің киесі болады. Орнымен қолданылмаған сөз түбінде қырсыққа ұшыратады. Сол үшін де қазақ атамыз баласына ат қойып, есім бергенде оның болашағына, тағдырына залалы тимейтіндей етіп жақсы а...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 шілде, 2017

Ақылға салып қарасақ, осы дұрыс па? Кейде ұлы адамдардың есімін арқалап жүрген адамдардың кейбіреулері ауыр қылмас жасап, түрмеге түсіп жатады немесе өзгедей сәтсіздіктерге душар болады. Соған орай, өз көзіммен көріп, басымнан өткен бір жағдайды мысалға келтіре кетейін.

Бірде жақын көршімнің үйіне отанасының жақын інісі қыдырып келді. Жасы отызға жетпеген сол жігіттің аты Құрманғазы екен. Әңгіме арасында әлгі жігіттен:

– Атыңды Құрманғазы қойған екен, сен Құрманғазының кім екенін білесің бе? – деп сұрадым. Ол:

– Домбыра тартатын біреу болар, солай деп естігенім бар, – деп міңгірлеп, жөнді жауап берер алмады.

Құрманғазының кім екенін білмейтін қандай қазақ, ұлы күйшінің атын қалай арқалап жүр дегендей қатты намысым келіп кетті де:

– Келесі кездескенде Құрманғазының кім екенін анық біліп, бір күйін ойнап беретін бол, әйтпесе келме, – дедім зығырданым қайнап.

Ол әңгіме сол арада айтылғаны болмаса, артынан есімнен де шығып, ұмытылып кеткен. Бір жылдан кейін қайғылы хабар жетті, әлгі Құрманғазы деген жігіт қайтыс болыпты. Оның неден, қалай қаза болғанын сұрап жатпадым, бірақ іштей қатты өкіндім. «Құрманғазының кім екенін анық біліп, бір күйін ойнап беретін бол, әйтпесе келме», – деп бекер айтқан екенмін. Мүмкін, менің сөзім емес, оның өліміне басқа бір жағдай себепкер болған шығар. Дегенмен де «сөздің киесі болады» деген ұғым көкейімнен кетпей қойды.

Маған мұндай ой өткен ғасырдың 90-жылдары келген-ді. Еліміз тәуелсіздік алған кезде біраз қиыншылықты басымыздан кешірдік қой. Соның бірі – ақын, жазушыларға кітап бастырып шығару қиындап кетті. Көптеген баспалар «кітап басуға бөлінетін ақша жоқ» деп, ауыздарын қу шөппен сүртіп қалды. Сонда кейбір баспалардың басшыларына:

– Кітап басып шығара алмайтын болғандықтан, сендердің мекемелеріңнің атын әуел бастан «баспа» деп біліп қойған екен ғой. Өйткені «баспа» деген сөз лас нәрсені аяғыңмен баспа, теріс әрекетке баспа, керексіз нәрсені лақтырып таста деген ұғымды білдіреді ғой. Яғни «баспа» деген сөз өз жүйесімен қолданылмай, теріс жүйесінде қолданылып, иесіне емес, киесіне ұрынған. Әйтпесе кітап басып шығаратын мекеменің, өндіріс орнының аты «баспа» емес, «басар» болуы керек еді ғой. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, әлі де болса «баспа» сөзін «басар» атауымен алмастырсақ, еш сөкеттігі болмас еді. Өйткені әрбір сөздің жақсы баламалы, ұқсас та үндес атаулары бар ғой: басар, асар, жасар, тасар деген сияқты.

Әрине, қатып қалған еш нәрсе жоқ, бәрін де жаңартуға, жақсартуға болады.

Тіл мамандарымен кеңесе, келісе отырып терминком осы ұсынысқа көңіл бөлсе екен деймін.

Екінші бір сөз – «көрме» жайында болмақ. Жоғарыда айтқанымыздай, «көрме» сөзі де өз мағынасында, өз жүйесінде қолданылып жүрген жоқ.

Қазақта жек көрген адамына айтатын: «Желкеңнің шұқырын көрмей кеткір», «Көрмес түйені де көрмес» деген сөздер бар. Осыдан-ақ түсінуге болады, жалпы, «көрме» деген жақсылыққа жетелейтін сөз емес. Орысшалағанның өзінде «не смотри», «слепота» деген ұғымды білдірмей ме? «Көрме» сөзінің орнына, жоғарыда айтқанымыздай, көру, көрім, көркем, көзайым, жайма сөздерінің бірін қолданса орынды болар еді.

Бұл менің өз ойым, өз пікірім. Бұған өзгелер қалай қарар екен?


Баға беріңіз