​Елбасы мақаласы: санаға серпіліс

Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 маусым, 2017

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің болашақтағы рухани толысуымыздың бағытын айқындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласы қоғамымызға үлкен серпіліс әкелді. Ұлт жадының тұғырнамасы іспетті тарихи маңызды құжатты зор толғаныстан кейін дүниеге келген игілікті шешім деп қабылдаймыз. Мақала Мемлекет басшысының бастамалаларымен жүзеге асқан «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары мен «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің заңды жалғасы. Елбасы ендігі кезекте біртұтас ұлт болу үшін қоғамды да, сондай-ақ әрбір қоғам мүшесінің санасын да жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Оларды іске асыру азаттық алған мемлекетіміздің әр азаматының абыройлы ісі болмақ.

Біріншіден, бұл – бәсекеге қабілеттілік, компьютерлік сауаттылық, шетел тілдерін меңгеру, бөгде мәдениет өкілдерімен тең қарым-қатынасқа түсе білу құзыреттіліктерімен айшықталған тың жаңалықтарды әлемдік нарыққа ұсыну.

Екіншіден, барымызды бағалай біліп, кемшін тұстарымызды түзете білудің негізі болатын реализм мен прагматизм ұстанымына берік болу.

Үшіншіден, ұлттық біртектілікті сақтай отырып, ұлтың сана-сезімінің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өміршең мазмұнын сақтап қалу.

Төртіншіден, білім салтанаты ұлтымыздың табыс кепілі болып қала бермек.

Бесіншіден, эволюциялық даму негізінде әлемдегі күнделікті оқиғалар мен құбылыстарды саралап, ой елегінен өткізіп, анық-қанығын зерделеп, пайым жасай білу қабілеті.

Алтыншыдан, сананың ашықтығын зерденің танымдық қасиеттерімен ұштастыра білу, жаңалыққа жаны жақын болу қасиетін ұштай отыра жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу, Жалпыға Ортақ Еңбек, гүлденген қоғам құру бағытындағы атқарылып жатқан игілікті істерге күш-жігерін жұмылдыра білу қарым-қабілеті демекпіз.

Мақаланың тағы да бір маңызды ерекшілігі Елбасының дүрбелеңге толы заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын таяу жылдарда іске асырылатын нақты жобаларды ұсынуында. Осы қатардағы мәселелердің біреуі және бірегейі – латын әліпбиіне көшу жоспары. Білім мен ғылым саласында қызмет етіп жүрген біздей мамандар үшін бұл өзекті тақырып.

Біздің пайымдауымызша, жаңа қаріп ойды жаңғыртып, сананы сілкіндіруге, аймақтық және жалпы дүниежүзілік өркениет деңгейіндегі мәдениетаралық үнқатысуды жаңа сапалық биікке көтеріп, әлемдік ақпарат кеңістігінде дербестікке жол ашады. Өйткені, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдер, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің ұлттық ірі компанияларының құжаттарында және бірқатар Батыс елдеріндегі қазақ диаспораларының тұрмыс-тіршілігінде латын графикасы қолданыс тапқан.

Қазақстанның білім саласындағы орта және жоғары мектепте оқитын оқушылар мен студент жастарға латын қарпіне негізделген әліпбиге көшудің қиындығы болмауын ескерсек, бұл мәселенің оңтайлы шешім табатынына сеніміміз мол. Еліміздің бірқатар облыстарында ата-аналар да мектеп жанынан ағылшын тілін оқытатын курстар ашуды өтініп, оны үйренуге ықылас танытып жатқандығы туралы хабардармыз. Мұның өзі Мәңгілік елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты - үштілділікті дамытудың бір нышаны емес пе?!

Мақалада тілге тиек етілген «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы да көңілге қонымды. Отандық мәдениетіміздің мұраларын БҰҰ-ның алты тілінде сөйлету мақсатты ұстанымға айналды. Мың жылдық тарихы бар тілдік-этностық төл мәдениетімізді әлемнің басты тілдерінде сөйлетуге тамаша мүмкіндік туып отыр, бұл көптілді меңгерген мамандарға ерекше сын.

Жүрегіміз жылы қабылдаған тағы бір жаңалық - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы». Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең озық 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақшаға аударып қазақ тілін жетік меңгерген жастарға жаңа сапалық деңгейде білім беру оларға көрсетілген үлкен қолдау деп түсінеміз. Осы оқулықтардың авторларының тың ойлары, өмір құбылыстарына ерекше көзқарастары, терең пайымдары жоғары мәдениетті, білімдар, сыни ойлау қабілеті жетілген, даралық, дербестік қасиеттері жақсы дамыған болашақ мамандар даярлау ісіне сүбелі үлесін қосатыны сөзсіз.

Еңселі елдің мақсат-мұратын айқындайтын аталмыш мақаладағы салиқалы пайымдаулар ортақ ісімізге жаңаша серпін береді. Елбасымыздың қойған міндеттерін абыроймен орындау әлімсақтан қаны, тілі, діні, ділі, мәдениетіне тазалық нәрі дарыған халқымыздың еншісіне тиіп отыр. Ендеше, іске сәт! «Мәңгілік елге» бағытталған жолда берекелі бірлік, нәтижелі тірлік болсын, ағайын!


Баға беріңіз