Сөздердің этимологиясы

Қазақ сөздерінің сыры мен сипаты, жасалу жолдары, мағыналас, мәндес ұғымдары сөздердің шығу тегін зерттеуге жол ашатыны белгілі. Солардың ішінде табиғат құбылыстарына байланысты «жауын», «жаңбыр», ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 маусым, 2017

Қазақ тіліндегі жаңбыр (*жағун* бур) – «төпеп жауған жауын» деген ұғымда жұмсалған аса байырғы сөздердің бірі. Жауын мен жаңбыр лексемалары бірінің орнына бірі қолданыла беретін синонимдік қатар түзеді. Жаңбыр оғыз тілдерінде және көне түркі жазба ескерткіштерінде – йағмур. Көне түркі сөздігінде: йағ–идти, падать (о дожде, снеге, песке, цветах). Бұдан «жаң» бітеу буынының «жау+ын» тұлғасымен тектес екендігі аңғарылады.

«Жауынның» түрлері көп. Соған орай анықтайтын сөздері де біршама. Қандай жауын? «Бұрқырай жауған жауын» (жаңбыр); «Нөсерлеп жауған жауын» (нөсер); «Бұршақ жауын» (мұз күйінде түсетін кішігірім домалақ түйіршік); «ақ жауын» (бір қалыпта толассыз ұзақ жауатын жаңбыр), тағысын тағылар. Осы сияқты біз талдап отырған «жауын-шашын» қос сөзі де «шашылып жауған жауын» ұғымын береді. Екінің біріне белгілі жел тұрғанда ­«жауын шашылып жауады». Жел соқса, жауынның қай түрі болса да, шашылып жауатынын байқаймыз.

Қазақ тіліндегі «найзағай» (жауын-шашын кезінде ауада жиналған электр зарядтарының бір-біріне соқтығуынан пайда болатын күшті жарқыл; жай); «жай» (аспан кеңістігіне жиналған электр зарядтарының шағылысуынан пайда болатын жарқыл, найзағай), «жасыл» (жасын, найзағай, жай оты), «жасын» (найзағай, жай) сөздерінің этимологиясы ашылмағандықтан, салыстыруға болмайтын басқа-басқа ұғымдар осылайша шатастырылған.

Аспаннан түскен жай тасын қазақтар көбіне «жасыл» деп атайды. Мұндай тастардың түсі жасыл болуына байланысты «жасыл» (жапырақтың, көк шөптің түсіндей көк) сын есімі заттанған, «тас» мағынасын беретін болған. «Жасын» тұлғасы да осы мағынада. Алайда бұлардың түбірі бір болғанымен (жас+ыл, жас+ын) қосымшалары бөлек. Бұл аса ежелгі дәуірлерде «жас» түбірінің жеке-дара қолданылып, жеке тұлға бола алғандығын көрсетеді. Мұндағы «л» үндісі (соноры) – кейін пайда болған дыбыс, түпкі тегі – р. Қазақ тіліндегі «сор» (тұз), орыс тіліндегі «соль» (тұз) сөздерінің құрамындағы р~л алмасулары бұған дәлел. «Жас+ыл» сөзінің құрамындағы – ыл жұрнағын у>ұ>ы, р>л формулаларына сүйеніп, «ұр» формасында қалпына келтіре аламыз. Яғни «бас ұр», «қадам ұр», «аһ ұр» сияқты фразеологизмдерде «ұр» көмекші етістігі -ыл жұрнағымен мағыналас.

Енді түбіртек (архесиллаб) табу әді­сіне сүйеніп, қиын да болса, «найзағай» тұлғасының түп-төркінін ашуға әрекет жасалық. Бұл сөз түбіртектерге былайша бөлінеді: на+й+з+ақ+ай. Түбіртек табу талабы бойынша, кез келген сөз ең соңғы бөлшектен ең алғашқы бөлшекке қарай талданады. Ай – істің болып өткенін білдіретін көне түбіртек. «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» аталатын монографиялық еңбегімізде бұл мағына нақты мысалдармен дәлелденілді. Ақ (су, жас, тер, қан, жұлдыз, т.б. сөздермен тіркесе алатын көп мағыналы сөз) – дербес қолданыла алатын етістік. Ал з – дауыс­ты дыбысын жоғалтып алған түбіртек қалдығы. Ол дауыстыны нысанның (объектінің) болмысына қарап анықтай аламыз. Із– «бір нәрсенің белгісі, нышаны» ретінде түсінілетін сөз. й – ешқандай мағына бермейтін протезалық, эпентезалық, эпитезалық дыбыс. Сөздің басынан да, ортасынан да, соңынан да қосыла береді. Най формасы мен жай формасы тең: най=жай. Себебі түркі тілдерінде ежелгі замандарда н үндісінен ешқандай сөз басталмаған. Алайда н сөз басында ығыстыру қызметін атқара алатындықтан, біраз сөздердің ұшар (абсолют) басында пайда болған. Мұны Жақып~Нақып, Жүсіп~Нүсіп, Сақыбай~Нақыбай есімдерін, тығыз~нығыз, шайқалу~найқалу сөздерін өзара салыстырғанда аңғара аламыз. Демек, жай тұлғасындағы ж ұяң дауыссызын н үндісі ығыстырып жіберіп, орнына өзі тұрақтаған. Жа+й тұлғасындағы й – эпитеза (соңынан қосылатын қыстырма дыбыс). Жа түбіртегі ж<дж<ч формуласына сәйкес ча тұлғасында қалпына келеді. Қалпына келген осы түбіртек дүниежүзі тілдерінде «күн» деген ұғым бере алатындығы біздің жоғарыда аталған еңбегімізде жан-жақты әңгімеленді. Жа сонымен қатар «жарық» деген сөздің де түбірі. «Күн» мағынасын беретін ча тұлғасымен сабақтас. Бүкіл талданған түбіртектерді жинақтасақ, «найзағай» зат есімі «із қалдырып аққан жарық» деген ұғым береді.

Қорыта айтқанда, жаңбыр мен ­жауын-шашын, жасын мен жасыл, жай мен найзағай – өзара ыңғайлас, сабақтас үш түрлі топ түзеді. Бұл үш топтың ұғымдары, басқа-басқа болғандықтан тарихи-салыстырмалы әдістің нысаны (объектісі) бола алмайды. Сөз төркінін ашудың жаңа әдістері мен тәсілдері жоғары оқу орындарында оқытылуда. Бұл әдістерді ғылыми жұртшылық жаппай пайдаланғанда оның қырлары мен сырлары одан әрі айқындала, ашыла түседі.


Баға беріңіз