​Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл

Қай халықтың болмасын тіл өмірінде маңызды рөл атқарады. Қандай да бір ұлтты біз түріне және тіліне қарап ажыратып жатамыз. Тіл- руханиятымыз. Барымыз да, нарымыз да сол - тіл. Тіл - ақшаға сатып...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 маусым, 2017

Ойлаңызшы, шетелде жүрсіз. Әдеттегі күндердің бірі. Сіз теледидардан жаңалықтар көріп жатырсыз. Бір кезде жаңалықта Қазақстан туралы хабар болып жатыр. Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бірі. Телеарна аударма қосқанымен астынан қазақ азаматтарының сөйлеген сөздері естіліп тұр. Сіз жалма-жан теледидардың дауысын жоғарылатып, ана арғы жағындағы қазақша сөзді естігіңіз келеді. Естіген сәтте жүрегіңіз елжіреп, «менің тілім ғой. Туған тілім - жүрегімді елжіретіп жібердің-ау» деп сондай ерекше ықыласпен тыңдайсыз. Тіпті өзіңіз байқай бермейтін кейбір сезімдер сол кезде байқалады. Тілге сондай ыстық ықыласпен, көкірек қуысыңыз дәл осы тілді қалайтынын сезінесіз. Сіздің жүрегіңіз лүпілдей, «ағылшын, француз бәрін қойшы. Менің жан дүнием осы тіл. Менің жүрегімнің тілі - ана тілім» деп жан-дүиеңізбен айтасыз. Жаңалықтарға берілген небәрі бір-екі минутта сіз осы сезімдерді басыңыздан кешіріп үлгіресіз. Бұл шетелде жүрген қандастарымыздың өмірінде орын алатын таныс жағдай. Олар осы сезімді қаншама рет бастарынан кешірді екен? Кейде нағыз тілдің жанашыры мына біздер емес, солар ғой деген ой келеді. Біз қанша жерден ана тіліміз дегенімізбен тілімізге өзге тілдерді шұбыртып қосып сөйлейміз. Өз ана тілімізде емес, өзге тілдегі ресурсты пайдалануға құмармыз. Осы жайттарға назар аудара отырып, осы тіл тақырыбындағы мақалаға өзге елде жүрген қандастарымызды қарастырып көруді жөн көрдім. Соның мысалы ретінде көршілес Қытай еліндегі қазақтардың жағдайын зерттедім. Оған Димаштың (Димаш Құдайбергенов) әсері де болды. Сол елде қатты танымалдылыққа ие болып, қазақша сөйлеп жүрген Димашты Қытайдағы қазақтар да қатты қадірлейді. Ал солардың қазақ тілдері қалай екен деген сұрақ мазалады. Алайда бәрібір Қытайдың жабық саясаты ықпал етуімен көп ашылып, ештеңе айтпайды. Сонда да суыртпақтап жүріп мынадай деректерді білдім.

Бізге көршілес Қытай елінде көптеген ұлттар бар. Алайда қазір сол ұлттардың саны уақыт өткен сайын азайып келеді. Бұл неліктен? Қытай соларды қырып жатыр ма? Жоқ, олай емес. Қытай үкіметі халыққа тиісіп жатқан жоқ. Бірақ тілге келгенде қатты қыспаққа алған. Мекемелерде, көшелер мен дүкендерде, іс-қағаздары да қытай тілінде толтырылады. Жұмысқа орналасу үшін де қытай тілі басты рөл атқарады. Былай қарағанда, мемлекетті басқарып отырған ұлт қытай болғандықтан бұл орынды шығар. Бірақ біз бұның астарынан бүтінбей бір ұлтты жойып, қытайландырып жіберуді көреміз. Ондағы қазақ мектептері жабылып, оның орнына қазақ-қытай яғни қос тілді мектептерге ауысып жатыр. Бұдан соң болашақта қазақ мектебінің мүлдем жабылып қалмасына кім кепіл?! Қазірдің өзінде ондағы кішкентай балалар шүлдірлеп қытайша сөйлеуге бейім. Бәлкім, ата –аналары да оған ықпал етуде. Өздері қытай тілін дұрыс білмегендіктен, көңілге қонымды жұмысқа орналаса алмағандықтан, балаларының болашағына алаңдап олар осылай істеп жатыр. Балаларына мейлінше қытайша сөйлеткізіп, қытай тілін еркін білгендерін қалайды. Қазіргі уақытта онда қазақ тіліндегі 2-3 телеарна мен радио бар. Бұл сол жердегі ағайындарымыздың тілді ұмытпауына бірден –бір көмекші. Алайда мәселе келер ұрпақта. Ендігі 15-20 жылдан соң жетілген жастар қазақ тілін біле ме, жоқ па ол жағы белгісіз.

Қазіргі Қытай елінде жүргізіліп жатқан саясаттан біз сонау кеңес заманындағы саясаттың көшірмесін байқаймыз. Кеңес одағы тұсында орыс тілді мектептен білім алып, орыс тілді қоғамда өскен азаматтар қазір жасы келген ата мен әжелерге айналды. Олардың кейбіреулері ұлты – қазақ болса да, қазақ тілін білмейді. Тіпті, кеңес заманын сағынып отыратындарға айтарға сөз таба алмай қаласың... Бұл жерден «егер біз тәуелсіздік алмаған жағдайда, мүлдем қазақтығымызды ұмытып кететін бе едік» деген ой келеді. Демек, тіл – кез келген ұлттың рухани өзегі. Тіл болмай, ұлт болмайды. Бізде қазақ тілін білмейтін, алайда ұлты – қазақ ағайындарымызды «қазаққа» жатқызбаймыз дегенім емес. Олар ұлты қазақ болғандықтан жататын шығар. Алайда балаларына қазақ тілін үйретіп, әрекет жасамаса, онда оның келер ұрпағы өздерінің қазақ екенін ұмытып қалады. Ұлтты ұмытқан соң, адам өзі сөйлеп жүрген тілдің ұлтына айналады. Бұл ащы да болсын шындық!


Баға беріңіз