​Тіл үйрету –тың игеруден де қиын

Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 маусым, 2017

Тың игеру жұмыстары жоспарлы жүріп, оң нәтижесін көрсетті. Ал 25 жылдан бері жалғасып келе жатқан мемлекеттік тілді меңгерту жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Қазақ тілі ширек ғасыр өтсе де, ресми тіл статусын ала алмай келеді. Неліктен? Мемлекеттік тілді үйретуде қандай қателіктерге жол беріп жүрміз? Әдіс «әлсіз» бе, маман біліксіз бе? Көкейдегі осындай күмәнді сауалдардың жауабы 9 маусымда Тараз қаласында өткен республикалық «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» тақырыбындағы онлайн семинарда қарастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шараға ел аумағынан 250-ге жуық тіл мамандары қатысты.

Шарада Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов модераторлық етті. Ол өз кезегінде семинар жұмысына сәттілік тіліп, «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру және тіл үйретудің мазмұны» тақырыбында баяндама жасады.

-Ғалымдардың айтуынша, белгілі бір тілде ең қарапайым деңгейде сөйлеу үшін 400-500 сөз білу қажет. Демек қазақ тілін оқытуда алдымен бай сөздік қорымыздан жиі қолданыстағы 500 сөзді саралап, іріктеп алуымыз керек. Алдымен ең белсенді 100 сөзді анықтасақ, сосын 200, 500, 700, 900 сөз тиянақталады. Осы сөздерді қолданып оқу құралдары мен оқулықтар әзірленіп, қолданысқа ендіруіміз шарт. Сонда біз тіл үйренушілерді ауызекі тілде еркін сөйлеу дағдысына жеткізе аламыз,- дейді ол.

Онлайн семинар барысында тіл мамандары мемлекеттік тілді үйретудің сан түрлі тәсілдеріне тоқталды. Әлемдік тілге айналған ағылшын тілін оқытудағы әдістерді қазақ тілін оқытуда қолданудың нәтижелілігі таразыланды. Жаңа, заманауи методикалардың маңызы сараланды. Сонымен қатар «Қазақ тілі» оқулықтарының В1, В2 деңгейлеріне, лексикалық-тақырыптық минимумның А1, А2 деңгейлеріне арналған нұсқаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы талқыланды.

Жиында тіл үйретудің тәсілдерімен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру жайы да сөз болды. ҚАЗТЕСТ сарапшысы, Тест тапсырмаларын қалыптастыру ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі Мира Сәдуақасова тіл мамандарына арналған отандық емтихан енгізу тиімділігіне тоқталды.

Сондай-ақ онлайн семинарда Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Шынар Бақытбек "Тұлғалар", Қызылорда облысы Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы оқытушысы Әсел Бақытова "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл" тақырыбында шеберлік сабақтарын көрсетті. Семинар соңы еркін форматта пікір алмасумен жалғасты. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру басқармасының басшысы Айдос Әбдіхалықов:

«1. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарынан қазақ тілін В1, В2 деңгейлерінде оқытуға арналған оқулықтарына толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін тиісті ұсыныстар жіберілсін. Оқулықтарға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобына орталықтардан 1 әдіскер ұсынылсын.

2.Лексикалық минимумдардың А1, А2 деңгейлеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін аймақтық тіл оқыту орталықтарынан ұсыныстар жіберілсін.

3.ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген азаматтарды диагностикалық тестілеуден өткізіп, деңгейлері нақтылансын. Сертификаттық тестілеуге қатысушылардың саны арттырылсын.

4.Аймақтық тіл оқыту орталықтары тарапынан әзірленген оқу-әдістемелік құралдары Ұлттық стандарттарға сәйкестендірілсін.

5.Тілдерді оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлерін аттестаттау құзыреттілігі «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК-на берілсін.

6.«Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК жанында Аттестациялық комиссиясы құрылсын",- деген ұсынысын айтты. Оның ұсынысы әріптестері тарапынан қолдау тауып, алдағы уақытта қаралатын болды.

Түйін. Жалпы, қоғамда ағылшын тілін үйрену оңай деген пікір қалыптасқан. «Методикасы мықты дамыған және өте қызық тіл»,- дейді. Бұл қалыптасқан – стереотип. Расында, қазақ тілі де - қызық тіл. Тек біз 25 жыл ішінде оны оқыту методикасын жасай алдық па? Бар мәселе осында. Шындығында, бізде методика жасалған. Маман да бар. Бірақ нәтиже төмен. Себебі сол әдіс арқылы оқушының берген білімді қабылдай алу көрсеткіші сараланбайды. Сондықтан бізге бірінші әдісті емес, аудиторияны зерттеу керек сынды. Соған сай әдіснама әзірлемек ләзім.


Баға беріңіз