​Жер-судың аты – тарихтың хаты

Tilalem.kz

Tilalem.kz

04 маусым, 2017

«Өзінің қабылдаған заңын өзі орындай алмаған елдің болашағы жоқ» - дейді Сократ. Әлем мойындаған философтың сөзіне сүйенсек, бұл біз үшін өте қауіпті. Қазақстан Республикасының ономастика заңы бойынша, елді мекен, көше атауына адам аты берілуі үшін оның қайтыс болғанына кем дегенде 5 жыл толуы тиіс деп жазылған. Алайда біз көзі тірі қайраткерлеріміз бен спортшыларымызға, айтулы азаматтарымызға түрлі нысандарды аттарына «тіркеп» бердік. Сондай-ақ Ата Заңға қайшы келу дерегі де ономастика айналасында кездеседі. Мәселен, 57 ұлт өкілі қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысы Сауран ауданында (67 пайызы өзбектер) маңдайша жазуда үлкен мәселе туындауда. Айталық, өзбек мектептерінің атауы, яғни құжаты алдымен қазақ тілінде жазылса, сол қапталында өзбек тілінде таңбаланады. Бұл Тіл Заңын аяққа таптау дейміз-ау, алайда, алашапанды ағайынның айтар өз уәжі бар. Олар: «бірде-бір орыс баласы білім алмайтын мектепте, орыс тілін қыстырып не істейміз?» дегенді алға тартады.

Тізбектей берсек, ономастика саласында түйіні тарқамаған мәселе көп. Аталмыш саладағы қордаланған мәселелерді қарастыру мақсатында Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 2 маусымында республикалық семинар өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Ономастика саласындағы жұмыстарды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» атты ауқымды жиын өткізді. Семинарға ғалымдар, саясаткерлер мен облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, ономастика саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашты. Ол өз кезегінде семинар жұмысына сәттілік тілеп, тізгінді семинар спикері Ғалымжан Мелдешовке табыстады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ. Мелдешов еліміз тәуелсіздік алған тұстан бергі ономастика саласындағы оң өзгерістерді сөз етті.- Республикалық ономастика комиссиясының шешімдері негізінде Үкімет қаулыларымен 1107 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан атауы, 1361 елді мекен және 20 мыңға жуық көше атаулары өзгертілді. Қазіргі таңда топонимикалық кеңістіктің 80 пайызы ана тіліміздің негізінде алынған. Дегенмен елімізде әлі де идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар көптеп кездеседі,- деп ономастика саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешімін табуға атсалысуға шақырды.

Естеріңізде болса, жыл басында Мәдениет министрлігі тарапынан республика бойынша кеңестік сипаттағы атауларға талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсынылды. Нәтижесінде барлық өңірлердегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атаулар мен дәстүрлі атауларға өзгерту және кісі есімдерін беруге шектеу қою туралы тапсырма берілді. Демек рухани сілкініс басталды.

- Ономастика - халықтық, отаршылдық, тоталитарлық болып үшке бөлінеді. Бүгін біз отаршылдық топонимикамен күрес жүргізіп жатырмыз. Бірақ жетер жеріне жеткізе алмай келеміз. Павлодарды, Петропавлды өзгерту керек. Ал оған бас көтеруге билікте отырғандардың басым бөлігі советтік санамен қалып қойғандар. Сондықтан мұны дауысқа салып, созбаққа салмай, өзгертіп тастау керек,- дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы.

Ия, бюрократиясы басым біздің қоғамда мұның бәрі ауызбен айтуға ғана оңай. Жиырма бес жыл айта-айта жақ талған «Петрдің меншіген» бүгін-ертең жұлып алып, Керей мен Жәнібекке беру неғайбыл. Несін айтасыз, елімізде әлі күнге барша пролетариаттың «күні» болған Ленин атында 534 көше, 4 нысан, 13 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Ал Абылай хан атына берілген көше саны небәрі 90 (Тәуке хан 19, Кенесары хан 10) ғана. Ел аумағында Пушкинге «тиесілі» 171 көше болса, Қонаевтың атына бергеніміз 11-ақ көше екен. Міне, осыдан келіп ұлттық рух қайда деген сауал туындайды. Сондықтан іс-шара барысында «Ұлттық ономастикалық код – рухани жаңғырудың негізгі алғышарты» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек баяндама жасады. Одан соң тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов пен саясаттанушы Дос Көшім түрлі этнос өкілдері тұратын ауыл-аймақтардағы ономастика мәселесіне алаңдайтындықтарын жеткізді.

- Ертең бірнеше этнос өкілі қоныстанған аудандарға сол ұлттың азаматтарының аты беріліп, ескерткіштері орнатылатын болса, онда біз унитарлы, қазақ елі бола алмаймыз. Сондықтан мұны байқауымыз керек,- деген пікірде Дос Көшім.

Саясаттанушының алаңдауының салмақты себебі бар. Әлеуметтік желіде таралған Ақтөбедегі Никольский кафедралық сборы маңындағы Хачкар (крест тасы) ескерткіші елді елең еткізбей қоймаған-ды. «Урарту» армяндар қауымдастығының бастамасымен қойылған құлпытас түрік геноцитінде қырылған армян халқына арналған. Яғни, бір ұлттың тарих қатпарындағы зұлматты зобалаңына арнайы тасбелгі қойылған. Бұл "үй ішінен үй тігу" емей немене?.. Бүгін тарихына ескерткіш орнатсақ, ертең жалқы адаммен жалғасады. Сосын көше мен елді мекен атауы беріледі. Қазақ өзіне тиесілі жерді өзгенің «иемденуіне» беріп, ұлттық тәрбиенің негізгі тетігінен айрылады. Ал бұл – ұлтсызданудың басы. Жаңғырудың емес, тамырсызданудың алғышарты болмақ.

Сонымен қатар саясаткер атауларды ауыстыруда үнем жасау қажеттігін қаперге салды.

- Бір көше ауыстырылатын болса оған 1 млн теңге жұмсалады. Яғни 10 көшеге 10 млн теңге кетеді. Ал бұл сомамен бірден 100 көшені ауыстыруға болады. Неге біз әр ретте бірлі-екілі көше атын ауыстырмай, ә дегеннен бірге ауыстырып, ел қазынасын үнемдемеске,- дейді ол.

Семинар барысында солтүстік өңірлердегі ономастика ахуалына ерекше көңіл бөлінді. Соңғы бес жылда жасалған жұмыстардың нәтижесі жарияланып, алдағы жоспарлары тілге тиек етілді. Бір көңіл қуантарлығы өзге өңірлермен салыстырғанда, солтүстік және орталық Қазақстанда идеологиялық ескірген атауларды тарихи атаулармен алмастыру қарқынды жүргізіліп келеді. Мемлекетік тіл қолданыс тіліне айналмаса да, жер-су атауының қазақылануы көңілге үміт сыйлады.

Ал көрнекі құралдарын біріздендіру мәселесіне филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы баса мән берді. Ол заңдағы «мемлекеттік және мемлекеттік емес» деген дүниеге өзгеріс енгізуді ұсынды.

- Мемлекеттік емес ұйым қандай атау қойса да, қалай таңбаласа да өз таңдауын істеуге құқылы дегенді қысқартуымыз керек,- дейді ол. Сондай-ақ атаулардың жазылуына ден қою қажеттігіне тоқталды. «Astana mall»-ды неміс тілін оқығандар «Астана мал» деп оқиды. Бұл өзімізді-өзіміз масқаралаған емес пе?» - деп ашынады ғалым.

Көрнекілік жайы қай қалада да сын көтермейтіні анық. Қайда барсаңыз да, «кафе Қарагөз кафесі» деген сынды маңдайшаға кезігесіз. Ереже бойынша мұндай тіркес бар ма? Жоқ, әлбетте. Алайда біз «Қарагөз кафесі» десе, түсінбейтіндей «кафе»-ні қосып қоямыз. Тіпті сорақысы, көше бетіне орысша жазамыз да, қапталына қазақшасын қыстырып қоямыз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін, міне, осыдан-ақ аңғаруға болар.

Түйін. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» демекші, елімізде тарихи тұлғалар да, тарихи оқиғаға негіз болған жер-су атауы да баршылық. Бізге қалғаны, тек соны зерттеп, зерделеп, салмағына қарай сайын далаға үлестіру. Бұл біріншіден, тарихи тұлғаға бүгінгі буынның тағзымы болса, екіншіден, ұрпақ санасына мәңгілік салынған ескерткіш болар еді.

Ойымызды Елбасы сөзімен түйіндесек: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Яғни біз кешегі кеңестік идеологияның кісенінен құтылмай, рухани жаңғыру болмайтыны анық. Ал рухани жаңғырудың бастауы – ономастика.


Баға беріңіз