«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары 16 маусымда марапатталады

Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 маусым, 2017

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай 2017 жылдың 16 маусымында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізеді. Салтанатты шара Астана қаласындағы «Пекин Палас Soluxe Hotel Astana» қонақүйінің «Silk Way» (Жібек жолы) залында өтеді.

Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сөзімен ашылады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, конкурстың жүлдегерлері және т.б. қатысады.

Айта кетейік, конкурстың ережесіне сәйкес байқауға журналистердің ел аумағындағы бұқаралық ақпарат құралдарында 2016 жылғы 10 маусым мен 2017 жылғы 5 маусым аралығында жарияланған мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін көтеру және қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы мақалалары, эфирге шыққан хабар мен бағдарламалары қабылданды. Конкурсқа келіп түскен 100-ден аса материалды елімізге белгілі қаламгер, журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады.


Баға беріңіз