​Әкімдердің абыройы – қазақ тілінде...

Байқайсыз ба, қазір қазақ ұлтының, қазақ тілінің жағдайын сөз еткен, соған қолдау көрсетіп, өз ойын ашық айтқан әкімдердің танымалдылығы бірден артып шыға келеді.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 маусым, 2017

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңірдегі қытай компанияларының басшыларына «қазақша үйреніңдер» дегені әлеуметтік желіде әлі күнге шейін «хит» болып тұр. Әкімнің батылдығына сүйсінген жұрт WhatsApp желісі арқылы бір-біріне жіберіп, Сапарбаевтың жарнамасын жасап-ақ жатыр. Дәл сол сияқты елші Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қайбір жиындарда мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты бір ауыз сөз айтып қалып еді, лезде ақпарат құралдарының басты кейіпкеріне айналып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленіп шыға келді. Міне, тілдің, ұлттың, бір ауыз сөздің құдіреті... Әкімдердің абыройы қазақ тілінде екен. Осыдан кейін бұл лауазымды тұлғалардың бұған дейінгі атқарған тірлігі бір төбе де, қазақ тілі туралы айтқан жанашыр сөзі бір төбе болып, жұрт алдыңғысынан гөрі кейінгісін көп айтып, рейтингісін тіптен аспандатып жатады.

Әрине, Сапарбаев, Көшербаев, Тасмағамбетовтер... Бұлар билік эшалонында әбден танылған, ысылған, үнемі елдің көз алдында, назарында жүрген шенеуніктер ғой. Соңғы кездері Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та осы қатардан көрініп қалып жүр. Былтыр жер дауы өршіп, Атырауда бірнеше мың адам орталық алаңға шыққанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың есімі де, түр-тұлғасы да бірден көзге түсті. Облыс басшысының сол күні алаңда жүруі, ашынған жұртпен қатар тұруы, елдік мүдде тұрғысынан сөз айтуының өзі Ноғаевтың көпшіл әрі жаңашыл әкім екенін байқатқаны анық. Әйтпесе осы жер дауына байланысты басқа өңірлерде болған халық толқуларында жұрттың алдына бармақ түгіл, полицияны жауып жіберіп, жазықсыз жандарды қуып-тығып, үркітіп, өзі судан таза, сүттен ақ шығып, бүгінде елге ақыл айтып отырған әкімдер де бар емес пе?

Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коппен болған кездесуде Нұрлан Ноғаевтың «қазақша сөйлейік» деп айтқанын жазбаған, айтпаған ақпарат құралдары қалмаған шығар, сірә. Қазақша, орысшадан бөлек, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлейтін, ресми кездесулерде аудармашы пайдаланбайтын әкімнің бұл тірлігі елдің ризашылығын туғызды.

Сондай-ақ оның бір топ ақын-жазушыны Махамбет батыр мазарының басына ертіп апарып тағзым еткені, батыр жатқан Қараойда ақынның поэзия күні өтіп, Ноғаевтың: «Рухани жаңғыруды шын мәнінде жүзеге асыра алмасақ бізге сын емес пе?» – деп ағынан жарылуы көпке терең ой салғаны анық. Бұдан бөлек, жеті хан жерленген ежелгі Сарайшық қаласын сақтап қалу мәселесін табандылықпен көтере білді. Көне қала Сарайшықты ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру үшін бюджеттен 2 млрд-тан астам қаржы бөлді. Ал әлеуметтік желілерге талай уақыт «азық» болған атышулы блогқұрылтайда ұлттың қамы туралы қойылған сұраққа ұлттың жойылатынын айтып жауап берген белгілі кино актеріне қарсы ойын ашық білдіріп, ұлтсыздануға қарсы тұратынын мәлімдеген Ноғаевтың рейтингі, шынында, біраз шарықтап кеткені рас. Ноғаевтың елге, жерге, ұлтқа деген ниеті осы тұста анық байқалды.

Қазір әкімдер білегіндегі қымбат сағатымен, қымбат көлік, қымбат киімімен елді таңғалдыра алмайды. Таңғалдырса, әкім өзінің қарапайымдылығымен таңғалдыруы мүмкін. Ноғаевтың кейде ешқандай күзетсіз көше бойлап, ешкімге ескертпестен жаяу-жалпылап мекемелер мен кейбір нысандарды аралап кетіп, жолай кездескендерге өзі амандасып, еркін әңгімеге шақырып, өтініштерін тыңдайтын қарапайымдылығы туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Көптеген ақын-жазушының кітабын шығаруға, әншілердің ән жинақтарын шығаруға көмектесіп, өнер адамдарына қол ұшын созып жүрсе де, өзіне жарнама жасауды жаны сүймейтінін сол әлеуметтік желілер арқылы естіп-біліп жатамыз.

Әрине, әкімнің бәрі «қазақша сөйлеңдер» деп айтсам, мәртебем өсіп қалады екен» деп тыраштанбай-ақ қойсын. Өйткені «Жүйелі сөз – жүйесін, жүйесіз сөз – иесін табады» деген бар. Тілдің, ұлттың мәселесін айту үшін де жүрек керек. Ой керек. Шынайылық керек. Көптің алдында айту оңай. Бірақ сендіру қиын. Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді.

Тегінде халықты алдай алмайсың. Ел кімнің сөзі рас, кімдікі жалған екенін ә дегеннен-ақ біліп қояды...


Баға беріңіз