Кәсіби бағдарлы қазақ тілін өзге тілді аудиторияға оқыту

Орыс аудиториясында қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесімен айналысып жүрген тілшілер, ғалымдар, ұстаздар көптеп саналады. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту с...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 тамыз, 2016

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасында қазақ тілінің мәртебесін жоғары деңгейге көтеретін мәселелер қамтылды. Біріншіден, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданып, толыққанды жұмыс жасады. Ол Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдамасымен үндес келеді. Екіншіден, қазақ тілі коммуникативтік қарым-қатынас, ресми қатынас тілі ретінде жұмыс жасауда. Осыған байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесі өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне оқыту, оның ішінде кәсіби қазақ тілін жеке бөліп қарастыру арқылы жүзеге асады. Себебі, қазіргі таңдағы жан-жақты қарастырылып отырған негізгі жәйт, орыс аудиториясында кәсіби қазақ тілін базалық пән ретінде оқыту. Бұл тілдік коммуникацияның нысаны ретінде, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге, тілдесуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасында бәсекеге қабілетті тілдік тұлғаны қалыптастыруда тиімді әдістер қолданылады. Сол себепті оқыту әдістемесі және тіл үйрету ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және өмірде, тәжірибеде бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.

Мамандардың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – коммуникативтік құзыреттілік. Бірнеше тілді меңгерген, әртүрлі сөйлеу жағдайында еркін қарым-қатынасқа түсіп, өз кәсіби қажеттілігіне қарай тіл құралдарын жеткілікті деңгейде пайдалана алатын коммуникативтік тұлғаны қалыптастыру қазіргі жоғары білім беру жүйесі алдында тұрған мақсат болып табылады. Тілді сапалы оқыту мен үйретудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру тіл білімі мен әдістеме ілімінде жаңа әдістің – қатысым әдісінің пайда болуына ықпал етеді. Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі ұстанып отырған үштұғырлы тіл саясатында мемлекеттік тілдің қызметіне басымдылық берілетіні анық. Сонымен байланысты көптілді тұлғаның кәсіби қазақ тілін меңгеруі оның біліктілік сапасын көтеріп қана қоймай, ғылым тілін, ресми, іскерлік қарым-қатынас тілін дамытып, толыққанды қызмет етуіне, сонымен байланысты қоғамның лингвистикалық интеллектуалдық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады. Жоғары оқу орындарында кәсіби қазақ тілі курсын оқытудың мазмұны мен оқыту технологияларын нақтылауды, оқытудың мақсаттары мен міндеттерін болашақ маманның кәсіби біліктілігін арттырумен байланыстыруды көздейді. Сондықтан тілдік қатынас құбылысына тікелей байланысты мәселенің қатарына қатысымдық әдіс, оның ерекшеліктері мен қағидалары енеді.

Республика ғалымдары, тіл мамандары, әдіскерлер, оқытушылар (бұл жерде барлық білім жүйесі туралы) тіл үйренушілерге ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, тиімді әдістемелік тәжірибелерді кеңінен таратып, оқу-әдістемелік кешендерді ұсынып келеді. Әдіскерлер тілді үйретуде жаңаша бағыттарда жұмыс істеп, жаңа ізденістер тұрғысынан қоғамдық сұраныстарға назар аударуда. Озық тәжірибелер мен әдістемелерді ортаға салып, кәсіби бағытта жұмыс жүргізуде. Әрине, бұл жерде кешенді мәселе бар: ол тілді үйретудегі бірізділік жүйесі. Оған: балабақша, орта мектеп, ЖОО, қызметшілер (ересектер) жатады. Бұл -- халықаралық стандартқа негізделген алты деңгейлік жүйелі оқу-әдістемелік кешені. Бұл алты деңгейде білім мазмұны қамтылады. Соның ішінде бүгінгі таңда кәсіби бағдарлы деңгейге С1, С2 – Жоғарғы деңгей жатады. Оқытудың тиімді жолдары оқытудың әр түрлі әдістері арқылы анықталады:

лексикалық тақырыптар кәсіп саласында жиі қайталанатын сөйлеу жағдаяттарын модельдеу негізінде анықталады;

модельдеу әдісі сөйлеу актілерінде жиі қолданылатын тілдік бірліктер мен кәсіби лексика қорын анықтауға, оқытудың жүйелілік қағидасын басшылыққа ала отырып, материалдарды ұсынудың тиімді жолдарын анықтауға мүмкіндік береді;

оқытудың кейс технологиясы сөйлеу жағдаяттарын кешенді түрде аудиторияға көшіру, студентті әртүрлі сөйлеу жағдаяттарында қарым-қатынасқа түсу іскерлігін жетілдіреді;

берілген тапсырма түсінікті, кәсіби саламен байланысты мәселені ұсынатындай болуы тиіс. Тақырып зерттеуге, ізденіс әрекетін туғызатындай мазмұнда берілуі керек;

проблемалық оқыту әдісі прагма кәсіби міндеттерді шешудің жолдарын үйретуді мақсат етеді. Студенттер түрлі ғылыми зерттеу жобаларын, практикалық жоба түрлерін дайындауды, топ алдында өз ойын ұсынуды, қарсыластармен жұмыс істеу әдісін, сұрақтарға жауап беру тәсілдерін меңгереді.



Баға беріңіз