Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Конституциядағы орыс тілінің мәртебесі алынып тасталсын!

1.6.2017 992

Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды» деген еді.

Тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», - деп үндеген еді қазақстандықтарға.

Өкінішке орай, Тіл туралы заңда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында Қазақ тілі мен қатар қолданылады» деп көрсетілген орыс тілі қолданыс аясы тарылғанына қарамастан әлі де қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылып келеді.

26 ақпанға дейінгі бүкілхалықтық талқылауға орай, Атазаңнан мынадай өзгеріс көргіміз келеді.

Биліктің өзі ұсынып отырған бүкілхалықтық талқылауды пайдалана отырып, Атазаңымыздағы 7-інші баптың 2-інші

«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп аталатын тармағын алып тастауды талап етеміз.

Атап айтар болсақ, Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылы халық са­нағы бойынша респуб­ли­ка­да қазақтар – 39,7%, орыстар – 37,8%, ук­раин­дар – 5,4%, белорустар – 1,1%, немістер – 5,8%, татарлар – 2,0%, өзбектер –2,7%, ұйғырлар – 1,1%, кә­рістер – 0,6%, әзір­бай­жандар –0,6%, басқа ұлт өкілдері –3,8% еді. Яғни, Қазақтар мен орыс диаспорасы өкілдерінің үлес салмағы қарайлас еді. Ол кезде екі тілдің бірдей заңдық мәртебе алуы қисынға келеді.

2009 жылғы халық санағында ресми түрде Қазақстандағы жалпы халық санында қазақтардың үлесі 63,9 пайызды құрады.

Егер, Қазақстан халқының 1999 жылы 53,4 пайызы Қазақтар екенін есепке алар болсақ, арада он жылда 10% үлестік өсімді көруге болады. Ал, орыс диаспорасы 1989 жылғыдан айтарлықтай азайып, 1999 жылы 30,0%-ға төмендеген. 2005 жылдың басында Қазақстан халқының саны 15 миллионнан асып, ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар саны-8,725,206 адамға жетіп, үлесі 57,9 %-ға көтерілді.

Сол санақ болған 2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.

Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады.

Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген.

Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрап, бірақ орысша сөйлеп, іс қағаздарын орысша толтырсақ, ел ішінен ши шығып кетуі мүмкін.

Қазақстанда орыс тілінің үстемдік құрып тұруы БАҚ пен мемлекеттік құжаттамаға айтарлықтай кедергі жасап жатыр деуге болады. Бұл жалғыз біздің ғана емес, қоғамдағы ашық пікір. Зиялы қауым мен ғалымдар да көптен бері тіл мәселесін жиі күнтәртібіне шығарады. Кедергі келтіріп тұрған тек Конституциядағы 7 баптың екінші тармағы.

Әрине, мемлекетте үлес салмағы екінші тұрған орыс диаспорасының әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға, ұлттық дәстүрін жалғастыруға мемлекет әрқашан қолдау жасайды. Қолдау жасап келді, жасай береді де. Тек орыс диаспорасы емес, бір шаңырақтың баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан 130-ға жақын диаспораға да мемлекет барша мүмкіндікті беріп отыр. Қазақстан халықтар ассамблеясы соның жарқын дәлелі.

Екінші фактор:

2012 жылы Республикада қазақ тілінде білім беретін мектептер саны - 3838 болса, орыс мектептерінің саны – 1442, деп хабарланған Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.

Одан бері 5 жыл ішінде де жыл сайын көптеген қазақ мектептері ашылып, керісінше орыс тілді мектептер көптеп жабылып жатыр.

1991-1992 оқу жылында қазақ тілінде барлық оқушылардың 28 пайызы оқыса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті. 2016 жылы 1 сыныпқа барған оқушылардың 89 пайызы қазақ мектебін таңдапты. («Ана тілі», №40, 6-12 қазан, 2016 жыл.)

Әрине, біз қазақ тілі мен қолданыс аясының әлдеқайда кеңейгендігі турасында мыңдаған мысалдар келтіре аламыз.

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «ЕЛ ТАҒДЫРЫ МЕМЛЕКЕТҚҰРУШЫ ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ҚОЛЫНДА БОЛАДЫ! МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗЕГІ – ОНЫҢ БІРЕГЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ!»- деп мәлімдеген болатын.

Ендеше, Мемлекеттің жалғыз құжаттық һәм қарым-қатынас тілі – Қазақ тілі болатын уақыт жетті. Ұсынысымыз ескерусіз қалмайды деп үміт артамыз.

Аталған ұсыныс 010000, Астана қаласы Есіл ауданы Үкімет үйі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөліміне бағытталып, электрондық пошта арқылы – ap2017@akorda.kz адресіне жіберілді.

Тегтер:
Авторы: Нұрғали Нұртай «Қамшы» сілтейді

Сондай-ақ, оқи отырыңыз