Терминология комитеті керек пе?

Қазіргі қазақ терминологиясы сөздікпен түсінетін халге жетті. Яғни қазақ тілінде бекітілген салалық термин сөздерді сала мамандарынан өзге ешкім оқып, түсіне алмайды. Осылайша қазақ тілінің қолданы...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 мамыр, 2017

Терминология саласының жетістіктері - мемлекеттік тілдің қолданылым аясының көрсеткіші. Яғни кез келген сала мамандарының біріздендірілген, ұлттық болмыс пен тілдік нормаға сай келетін терминдерді қолдануы бұл қазақ тілінің аудиториясын арттырып, тынысын кеңейтпесе, өзге тілден кемітпейді. Сондықтан да ана тілімізді тек гуманитарлық тіл емес, ғылым мен білім тілі етуді көздесек, термин мәселесін күн тәртібінен қысқартуға болмайды. Басқосуға жиналған ығай мен сығайдың да ойы осы бір арнада тоғысады.


- Ұлттық терминология саласы егемендік алғаннан бері біршама табысқа жетті. Ғылым, техника, экономика, қаржы, мәдениет, т.б. салаларда терминологиялық сөздіктер жарық көрді. Дегенмен терминдерді біріздендіруде, бекітілген терминдерді жұртшылыққа насихаттауда, терминтану мәселесінде түйіні тарқамаған мәселе аз емес. Сондықтан да сіздердің бастарыңызды қосып, осы саладағы кемшіліктерді түзеуге талпынып отырмыз. Семинар барысында қазіргі терминжасамның бағыт-бағдары мен жаңа қазақ әліпбиі қолданысқа енген тұста қандай кедергілерге тап болуымыз мүмкін және тиімділігі қандай болмақ мұны да сараласақ, сабақтасақ дейміз. Халықаралық және отандық тәжірибелерді сараптай отырып, өзімізге оңдысын қарастырсақ,- деп алқалы жиынды семинар спикері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ. Мелдешов ашты.

Семинар-кеңесте алғашқы болып, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, ф.ғ.д. Байынқол Қалиев баяндама жасады. Ол өз сөзін ұсыныспен бастады.

- Терминология саласында нәтижелі жұмыс жасау үшін арнайы терминология комитетін құруды ұсынар едім. Сонда ондағы мамандар өзге іспен қатар айналыспай, нақ термин саласына мән береді. Салалық терминдерді сол сала мамандарымен бірлесе отырып, секция құрып қабылдаса , мұндай қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерге тап болмайтын едік. Ғылым академиясының барлық институттарында, барлық мекемелерде тек қана ғылыми терминдермен айналысатын штаттық кестемен бекітілген мамандар жұмыс жасаса. Ол сол салаға қатысты барлық терминдерді жинаумен, реттеумен, кәсіби тіл маманымен бірлесе отырып салалық терминнің бекітілуіне атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді. Және олар терминдердің қазақша және бір баламасын бекітсе. Ал қазақша баламасы жоқ терминдерді сол қалпында қолдансақ. Сосын біз құрғалы отырған терминология комитеті терминдердің дұрыс-бұрыс қолданылуын бақылап отырса, нәтижелі жұмыс болар еді,- деді ол.

Ғалымның ұсынысын Парламент депутаты Сауытбек Әбдірахман қоштай кетті.

- Расында, біз терминдерді университет мұғалімдеріне қосалқы жұмыс етіп міндеттеп қойғанбыз. Оған қосымша ақы төленіп отырған жоқ. Ал еңбек бағаланбаған кезде, біреудің «қарап жібершісімен» жасалған жұмыс оң нәтиже бере бермейді. Сондықтан терминология комитетін құруды қолдаймын. Арнайы сараптамаға шартты негізде ақы төленетін болса, сапалы жұмыс та болады,- деді ол.

Тіл жанашыры, терминология саласының басы-қасында жүрген А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор, ф.ғ.д. Ерден Қажыбек: «Әр ұлтта, әр мемлекетте терминологиялық қор шамамен қанша болуы керек? Ғылымның, өндірістің, шаруашылықтың салалары жіктегенде жүзге жетеді. Яғни олардың әрбірінде кемінде 5000-нан астам термин бар. Орта есеппен 10-15 мың дейміз. Ал біз соңғы 20-25 жылдың көлемінде, жалпы, 20-30 мыңдай термин бекіттік. Енді қараңыз біз қаншалықты кешеуілдеп келеміз?.. Әр саланың 10-20 пайыз өзгертілмейтін негізгі тірек сөздері болады. Мәселен, алгебрадағы синус, косинус, катангенс, тангенс сынды. Ал қалған 80 пайызын өз тілімізге икемдеп, ыңғайлап бекітуімізге болады. Қосу, алу сынды. Қазақ тілі өте бай. Тіпті ғарыш әлемі, геология, гиодезия салаларының салалық сөздерін дөп басуға, нақ жеткізуге қор жеткілікті. Бұл біздің басты байлығымыз, әрі мүмкіндігіміз. Сондықтан мұны қажетімізге дұрыс пайдалана алуымыз керек. Сонда салалық қазақ тілін сөздікпен аударып, дүбара күйге түспейміз» деген ғалым сөзін қазақ терминқорының халықаралық әлеуетімен сабақтады. Сондай-ақ, қазақ терминжасамы нұсқаумен, бұйрықпен дамымайтындығын алға тартты.


Ал бір терминге бірнеше балама беру мәселесіне ф.ғ.д. Қарлығаш Айдарбек толыққанды жауап берді.

- Термин табиғи құбылыс емес, ол жасанды процесс екенін бәріміз мойындауымыз керек. Ал терминді кім жасайды? Терминологтар емес, сала мамандары шығарады. Ал оның салмағын, сынын тіл мамандары көтеруі тиіс. Сонымен қатар терминнің бекітілуіне бедел де ықпал етеді. Мұны біз қанша жасырайын десек те, бұл көлегейлеуге келмейтін мәселе. Сондай-ақ жоғарыда «бір терминнің бір ғана баламасы болсын» деген дүние қозғалды. Бұл мүмкін емес. Себебі, аудитория «дәрісхана» деп университетте қолданылса, оны кең ауқымда «халық», «бұқара» ретінде де алуға болады. Мұның екіншісі халық қабылдаған түсінік. Сондықтан көпшілік қабылдаған шешімге, сөзге біз қарсы келіп, тежей алмаймыз. Тек сөздіктерде әрбірінің мән-мәтініне мән беріліп, салалық қолданысы көрсетіледі. Соған түсінік беріледі,- деп дәлелді, қысқа қайырды.

Келелі кеңесте ф.ғ.д. Орынай Жұбаева терминология саласында үрдіске айналған орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі жұрнақтарды қаз-қалпында қолдану мәселесіне тоқталды. Ол А. Байтұрсынұлының, Ә. Бөкейхановтың, Қ. Кемеңгерұлының, Қ.Сәтбаев, Н. Қаратышқанұлы, К. Аманжолов пен А. Тасболатовтар жасаған салалық терминдерін негізге ала отырып, қай салада болмасын қазақ терминжасамын жасауға болатындығын дәлелдеп берді. Алдымен барымызды түгендеп, қалғанын сосын түзеп, түгендеуді ұсынды. Жиын барысында қазақ терминдерінің орфографиялануы да назардан тыс қалмады. Жаңа әліпбимен өзгеріссіз қолданылатын терминдерді жазуда жіберетін қателіктер мен оны түзеу жолдарын С. Демирел атындағы университеттің профессоры, ф.ғ.д. Құралай Күдеринова қаузады. Ғалымның ұсыныс-пікірлері көпшілік талқысына түсіп, әріптестері тарапынан қолдау таппады.

- Жаңа қазақ әліпбиіне орыс таңбаларын әкеліп, қыстырудың еш қажеті жоқ. Біз өз төл таңбамызды бекітуге талпынып отырмыз. Орыс тіліне сүйеніп жасалған барлық терминдерді төл таңбаларымызбен, өзімізде бар әріптерімізбен белгілесек, ол біздің қазақша сөз болып шығады. Қойыртпалықтан, ала-құлалықтан біз осылай ғана құтыла аламыз. Біз жоқтан өзгеге басымызды ауыртпауымыз керек. Барымызды бағалап, сол негізде жұмыс жасауға тиіспіз,- дейді Байынқол Қалиев.

Қазіргі қазақ терминжасамының жай-күй бағамдалған басқосуда мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері көкейдегі күмәнді сауалдарын тіл мамандарына тікелей жолдады. Қолданысқа енген «пайыз», «нарық», «мұражай» сөздерінің неліктен бекітілмегенін, баламасы бар сөздердің бастапқы күйінде қалдырылуы көңілге қонбайтындығын алға тартты. Бүгін былай, ертең олай құбылсақ, қазақ терминологиясы қанша жерден комитет құрса да, дамымайтындығын тілге тиек етті. Сондықтан термин саласына стандарттау қажеттігі айтылды.

Семинар-кеңес жұмысын Ғ. Мелдешов «семинар барысында айтылған салмақты ұсыныстар алдағы уақытта талқыланып, тұшымды жауабы болады» деп түйіндеді. Сондай-ақ жаңа терминдер бекітілген мезетте республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде жариялатындығын жеткізді.

P.S. Соңғы кезде тілді мемлекеттік код деп жүрміз. Ал мемлекеттік тілдің негізгі тетігі - термин. Ғылым мен білім тілі қазақыланбай, қазақ тілінің қарым-қатынас тілі шеңберінен шығуы неғайбыл. Туған тіл тұғырына қонсын десек, терминді түзеуден өзге шара жоқ. Ең бастысы, бүгінгі басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер айтылған жерінде қалмаса игі.


Баға беріңіз