Көркем аудармадағы жаңа атаулар мен қолданыстар

Көркем аударма – тіліміздің лексикалық қорын байытудың бір көзі. Көркем мәтінді аудару кезінде көптеген жаңа сөздер мен қолданыстар, жеке авторлық неологизмдер пайда болады. Түпнұсқа мәтін мен ауда...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 мамыр, 2017

Бұл лексикология, сөзжасам, терминжасам мәселесін зерттеуші маман­дардың тікелей міндеті болғандықтан біз кейінгі 7-8 жыл көлемінде осы бағытта зерттеу жүргізіп, ХХ ғасырдың басынан қазіргі кезеңге дейінгі ауда­рыл­ған әлем классиктерінің 200-дей роман, хикаят, әңгіме мәтінінің қазақ­шасын орыс тіліндегі нұсқасымен ­салыстырып, олардағы жаңа атаулар мен қолданыстарды анықтадық. Ондай атаулар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев сынды көрнекті ұлт зиялылары мен белгілі аудармашылар тәржімелеген Э.Хемингуэй, А.Камю, Р.Тагор, Г.Маркес, Ф.Мориак, Г.Белль, У.Фолкнер, Дж.Стейнбек, М.Астуриас, Иво Андрич, И.Бунин сияқты ­Нобель сыйлығы лауреаттарының, О.Бальзак, Г.Мопассан, В.Гюго, Дж.Лондон, О.Уайлд, П.Мериме, Л.Фейхтвангер, А.Кристи, К.Гамсун, Дж.Купер, Дж.Голсуорси, А.Конан Дойл, Лу Шүн, Л.Толстой, А.Чехов, И.Тургенев, Ш.Айтматов тәрізді әлемге әйгілі классиктер мен белгілі орыс жазушыларының еңбектерінен ­жиналды. Аталған зерттеуімізге аударма мәтіндерден жинақталған жаңа атаулар мен қолданыстардың орысша-қазақша сөздігі мен лексикалық варианттардың салыстырмалы кестесін қоса жасап, баспаға ұсынып отырмыз. Аталған еңбектегі ой-тұжырымдарымыздың кей­бірін осы мақала арқылы оқырмандарға жеткізсек дейміз.

Көркем аударма мәтіндерінде қол­данылған жаңа атаулар мен қол­даныстардың барлығы сол шығарманы аударған қаламгердің, аудармашының қаламынан туындаған сөздер деп түсінуге де болмайды. Олардың бірқатары басқа ғалымдар, жазушылар мен журналис­тер, өзге де түрлі сала мамандары ­тарапынан жасалып, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми құжаттар мен ісқағаздарда, ғылыми әдебиеттерде қолданылып жүрген атаулар. Ондай атаулардың қолданылу жиілігі де әркелкі. Бірі өте жиі қолданылса, екіншілері жекелеген авторлар еңбектерінде ғана қолданылатынымен ерекшеленеді. Көркем аударма жасау барысында қаламгерлер мен аудармашылар баламалардың бәрін өздері жасай бермейді. Олар тілде қолданылып жүрген жаңа атаулар мен қолданыстар арасынан өздерінің көңілінен шыққан сөзді таңдап алып, аударма мәтінде пайдаланады. Сөйтіп, олар кейбір БАҚ-тарда, ғылыми әдебиеттерде ғана пайдаланылып жүрген жаңа сөздердің көркем әдебиет тіліне енуіне ықпал етіп, қазақ тілінде әдеби кітап оқитын бүкіл оқырман қауымның ондай ­атаулармен көркем шығармалар арқылы да танысуына мүмкіндік туғызады. Бір функционалдық стиль шеңберінде немесе белгілі бір автордың еңбектерінде ғана қолданылып жүрген сөздер қалың оқырманға, көпшілік қауымға жол тартады. Жаңа атаулар мен қолданыстардың көркем әдебиетке енуі олардың кең таралып, әдеби тілге ену мүмкіндігін де арттыра түседі. Тағы бір ескеретін мәселе – әлем әдебиетінің жауһарларын, Нобель сыйлығын иеленген жазушылардың, батыс, шығыс, орыс классиктерінің таңдамалы еңбектерін әркім аудара салған жоқ. Мұндай аса жауапты іске негізінен қазақтың белгілі қаламгерлері мен аударма ісінің ең білікті мамандары ғана бел шешіп барды немесе солар таңдалды. Қазақ әдебиеті дамуының арғы-бергі кезеңдерінде көркем аудармамен айналысқан Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев сынды қазақтың аса көрнекті тұлғаларынан бастап, Сәйділ Талжанов, Хасен Өзденбаев, Әбен ­Сатыбалдиев, Мұхтар Жанғалин, Нұрғазы Шәкеев, Хайдолда Тілемісов, Ісләм Жарылғапов, Мәжит Дәулетбаев, Қадыр Тайшықов, Нияз Сыдықов, Қажымұрат Сыздықов, Нығмет Ғабдуллин, Жұмағали Ысмағұлов, Әбілмәжін Жұмабаев, Құрманбек Сағындықов, Тельман Жанұзақов, Cафуан Шаймерденов, Немат Келімбетов, Рымғали Нұрғалиев, Қалихан Ысқақов, Мәткәрім Әкімжанов, Нәбиден Әбуталиев, Балмағамбет Қойшыбаев, Аманғали Сұлтанов, Ғаббас Жұмабаев, Сәкен Иманасов, Бекмырза ­Баймаханов, Жүсіпбек Алтайбаев, Қалжан Нұрмаханов, Зейтін Ақышев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Сарбас Ақтаев, Темірхан Медетбек, Кеңес Юсуп, ­Герольд ­Бельгер, Дидахмет Әшімханұлы, ­Сауытбек Абдрахманов, Таласбек Әсемқұлов, Бекболат Әдетов, Ғазизбек Тәшім­баев, Дүкен Мәсімханұлы, Ақайдар Ысымұлы сынды қаламгерлер мен кәсіби аудармашылардың жасаған көр­кем аудармаларын оқып, таныстық.

Бұл аталған қаламгерлер мен аударма­шы­лар­дың, әдебиетші ғалымдардың қай-қайсысы да аударманың қыр-сырына жетік, өз ісінің білгірлері. Сондай-ақ біз еңбек­те­рі­мен таныспаған, осы қатарға кіретін есімдері аталмаған басқа да бірқатар белгілі мамандар бар. Әдетте, тіл қасиетін ұғатын, сөз қадірін білетін мұндай мамандар мерзімді басылымдардың бірінде немесе бір сала маманының еңбегінде қолданылып жүрген жаңа қолданысты кездейсоқ ала салмайды. Сөз зергерінің, сөзжасам шеберінің, аударма жайынан хабары мол тәжірибелі маманның таңдауы ұғым мазмұнын бере алмайтын, сәтсіз жасалған, тілдік нормаға сай келмейтін сөзге түсуі тиіс емес. Яғни әдеби шығармаға енгізілетін сөздерді осы саланың жайын жақсы білетін таңдаулы мамандар таңдап алады деген сөз. Ендеше, жаңа атаулар мен қолданыстардың қазақ қаламгерлерінің төл шығармалары мен белгілі мамандар аударған көркем шығармаларда қолданылуын олардың ұтымды жасалғандығының, әдеби тілге енуге мүмкіндігі бар екенінің бір белгісі деп тануымызға болады. Сөзді кімнің жасағанына және оны кімнің таңдап, қолданғанына да мән берген жөн деп ойлаймыз. Әрине, мұны жаңа жасалған сөзді әдеби тілге енгізудің, жұрт болып жаппай қолданудың басты өлшемшарты ретінде қабылдау керек дей алмаймыз. Алайда кәсіби маманды, көрнекті тұлғаны мойындайтын жұртшылық оның кәсіби таңдауын да ескерусіз қалдырмауы керек деген пікірдеміз. Жеке тұлға қандай дарынды, қанша жерден білімді, тәжірибелі болса да, ұлттан, халықтан жоғары тұра алмайды. Сол себепті соңғы таңдау қашан да тіл иесі болып табылатын қалың қауымның, халықтың еншісінде болады.

Жаңа сөзді, авторлық қолданысты сол қара орман қауымның құлағына құйып, ­санасына сіңіруде көркем әдебиеттің алатын орны айрықша. Өйткені көркем әдебиеттің аудиториясы белгілі бір мамандық шеңберімен шектелмейді. Жақсы көркем шығарманы инженер де, химик те, дәрігер де, ғарышкер мен ­шопан да, ғалым мен құрылысшы да, музыкант пен диқан да оқиды. Сонымен қатар көркем әдебиет оқырманының білім деңгейі, таным түсінігі, ғылыми пайымы мен саяси көзқарастары да әркелкі бола береді. Оны хат танитын баладан бастап, ғұлама ғалым академикке дейін оқиды. Шығарманың идеясы мен мазмұнын, тіл шеберлігі мен мәтін астарындағы ойды көркем ойлау көкжиегінің тар-кемдігі мен білім-парасатының таяз-тереңдігіне, тілді меңгеруі мен түйсінуіне қарай олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде түсініп қабылдауы, әрқалай пайым жасауы мүмкін. Балаларға арналған шығарма деп атағанымызбен Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», С.Мұратбековтің «Жусан иісі», Қ.Қазиевтің «Ақ бантик», Д.Дефоның «Робинзон Крузо», Дж.Гринвудтың «Өгей бала», Дж.Лондонның «Тектік сарын», Дж.Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» сияқ­­ты көптеген шығармаларды кез келген жаста оқуға болады. Толық ұғыну үшін терең білімді, ар­найы дайындықты қажет ететін тілі күр­делі, философиялық ой-тұжырымдардан тұра­­тын әдебиеттер де болатынына қарамастан, көр­кем шы­ғарманың бәрі бірдей жаспен шектеле бермейді.

Міне, сондықтан да жаңа қолданыстардың көркем шығармаға енуі оның екі түрлі басымдыққа ие болғандығын көрсететін фактор. Біріншісі – сөздің белгілі қаламгердің, кәсіби аудармашының таңдауына ие болуы. Ал екіншісі – қазақ тілінде кітап оқитын бүкіл оқырман қауымға ұсынылғандығы. Бұл факторларды сол сөзді әдеби тіл қорынан орын алды деп есептеуге негіз ретінде қабылдай алмасақ та, соған жасалып отырған алғышарт деуімізге болады. Енді ол сөзге халықтың елегінен өтіп, сұрыпталу қажет болады. Көпшіліктің көкейіне қонған сөз, санасына да сіңеді. Мәселен, біз оқып-танысқан көркем аудармаларда жұртшылық жиі қолданып жүрген, көпшіліктің көз-құлағы үйренісе бастаған мына төмендегідей жаңа атаулар мен қолданыстар кездеседі: Ақжайма, ашықхат, әуіз, борышкер, бұрқақ, дәмхана, дүңгіршек, жолайрық, жеделсаты, зияткер, кәдесый, кемежай, медбике, мейрамхана, мұражай, орынтақ, оташы, өтіл, пәтерақы, саябақ, саяжол, субұрқақ, тәлімгер, төлқұжат, түсірілім, үлесші және т.б.

Қазіргі мерзімді басылымдарда жиі ұшыра­сатын бұл сөздердің бәрінің де авторлары бар. Бірақ сөзжасам, терминжасам үдерісін үздіксіз қадағалап, арнайы зерттеп жүрген мамандарды болмаса, оларды кімнің жасағаны көпшілік тіл тұтынушыларын қызықтыра бермейді. Бізде осы жаңа сөздерді, терминдерді жасаған авторларды анықтап, қажет жерінде атап көрсетіп отыру дәстүрі аса орнықпаған. Сөзжасам шебері, тұтастай сала термин жүйелерін жасаған Ахаң екенін де Алаш қайраткерлері ақталған 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басынан бастап қана айта бастадық. ХХ ғасыр басындағы пәнсөздер мен көптеген жаңа атауларды жасаған Алаш оқығандарының еңбектері, олардың терминқор мен сөздік құрамымызды байытуға қосқан үлесі туралы нақты әрі жиі айтыла бермейді. Шындығына келсек, Ә.Бөкейхан, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы, Ж.Күдерин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабайұлы сынды алаш зиялыларының бұл іске қосқан үлесі орасан зор. Ал одан бергі кеңестік кезеңдегі аударма мен сөз жасау шеберлері жөнінде сөз бола қалса Ісләм Жарылғаповтан өзге есім көп атала бермейді. Олардың қаламынан туындаған атаулар ­туралы өте аз айтылады немесе мүлде айтылмайды. Себебі тілдік қорымызды байытқан жүздеген атаулардың авторлары ұмытылған, белгілілерінің, анықталғандарының өзі атап көрсетіле бермейді. Бұл кезеңде аудармамен айналысқан авторлар арасында да тамаша баламалар тауып, сөздік қорымызды байытуға үлесін қосқан қаламгерлер, ғалымдар, сала мамандары бар. ХХ ғасыр басы мен ортасындағы сөз жасау тәжірибесі мен авторлық терминдер туралы айтпағанда, тәуелсіздік тұсындағы кейінгі 20-25 көлемінде жасалған атаулардың да көбінің авторларын біле бермейміз. Бірқатар тілдерде белгілі бір терминді кімнің қашан жасағаны, ол термин немесе жалпы қолданыстағы сөз алғаш қай еңбекте қолданылғаны атап көрсетіледі. Бұл көбінесе жазу мәдениеті жоғары тілдерге тән сипат. Мәселе бір автордың сөзді аз, екіншісінің көп жасағанында емес. Оның қалай жасағанында, сапасында екенін басты назарға алып, тәжірибесіне үңілу маңызды. Осы мәдениет бізде де орнықса, сөзжасам, терминжасам ісінің тарихы нақтылана түсумен қатар оның тәжірибесі де, кезеңдік келбеті де айқындала түседі.

Қазіргі кезеңде де сөз жасау, термин жасау үдерісі жалғасып, сан түрлі жаңа атаулар тілдік қолданысымызға еніп жатыр. Оны жасап, ұсынушы автордың көпшілігі арамызда жүр. Мәселен, белгілі журналист «Президент және халық» газетінің редакторы Марат Тоқашбаевтың қаламынан «әнұран», «елтаңба», «ақорда», «доғарыс», «кәдесый», «тосынсый» сияқты атаулардың туындағанын, журналист-қаламгер «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраимның ұсынысы бойынша «нарық» (рынок), одан туындаған «нарықтық экономика» атауларының қолданысқа енгенін, «төлқұжат» атауының авторы журналист, ақын-сатирик марқұм Басқар Битанов екенін айналасындағы жекелеген әріптес қаламгерлер болмаса, жалпы көпшілік қауым біле бермейді.

Осы сияқты Б.Қалиұлы, Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, К.Юсуп, С.Тоқсанбай, С.Медеубекұлы сынды қаламдас филолог, журналист әріптес­те­ріміздің талай тамаша балама атаулар жасап немесе тіліміздің қойнау-қатпарларынан ұмыт болған көне атауларды тауып, қолданысқа енгізгенін және бұл іспен әлі де жүйелі түрде айналысып жүргенін білеміз. Қазақ сөзінің барын құнттылықпен жиып-теріп, жоғын барла­рының негізінде жасап жүрген қалам иелері біз аталғандармен де шектелмейді. Тілші, әдебиетші, жазушы, журналист, аудармашылар мен түрлі саланың ғалымдары арасында ондай мамандар аз емес. Олардың көбі бұл жұмысын өзінің кәсіби міндеті, қалыпты жұмысы санайды. Сондықтан да олардың көбі «мына сөзді мен жасадым», «мына сөзді тауып қолданысқа енгізген мен едім» деп жатпайды. Алайда бұл шығармашылық үдерісті зерттеп, сол сөз байлығын жинақтап, оларды жасаған, тіл байлығының еселенуіне үлес қосқан шығармашыл тұлғалар еңбектерін ескеріп, тәжірибелерін үлгі ету ұлт тілінің лексикалық қорының дамуын зерттеуші тіл мамандарының міндеті екенін ұмытпағанымыз абзал. Мәселен, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», М.Мағауиннің «Аласапыран», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романдарында, өзге де қаламгерлер шығармаларында қаншама көне атаулар, тарихи сөздер бар. Олардың қаламынан туындаған жаңа қолданыстар да жетерлік. Солардың бәрін ыждағаттылықпен зерттеп, хатқа түсіріп талдау, тәжірибесіне үңілу, қажетімізге жарату тіліміздің өткен кезеңін зерделеуден гөрі оның ертеңі үшін көбірек маңызды.

Көркем аудармаларда ресми бекітілген сөздер мен терминдер көбірек қолданылған. Мысалы, біз қарастырған көркем аудармаларда Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен айдауыл, айыппұл, ақпарат, әкім, әкімдік, әл-ауқат, әнұран, әуежай, ғаныш, даңғыл, дәйексөз, дәрісхана, дәрумен, дәріс, жарнама, жасуша, жәрдемақы, жеделхат, заңгер, зейнетақы, зейнеткер, зертхана, зиялы қауым, қағидат, құжат, кеден, келіссөз, келісімшарт, кепілдеме, кепілзат, қаржыгер, қағида, қағидат, құжат, құқық, мәтін, мүшелтой, отбасы, пайыз, рәсім, салым, салымшы, сараптама, сарапшы, тағылымдама, тапсырыс, тапсырысшы, терім, тұсқағаз, ұшақ, хаттама, шығармашылық, іссапар сияқты көптеген атау­лар жиі қолданылады. Бұлай болуы орынды да. Бұл бір жағынан аудармашылардың ресми мақұлданған, бекітілген терминдерді қадағалап, олардың ұтымды жасалғандарын орнымен пайдалануға деген кәсіби жауапкершіліктерін сезіну болса, екінші жағынан, мұны олардың жаңа атаулар мен терминдердің нормалануына, жалпы қолданысқа көшуіне, мақсатты, саналы түрде қолдау көрсетуі деп те қабылдауға болады. Сонымен қатар бұл мемтерминком жұмысының тиімділігін, олар бекіткен атаулардың сапасын, өміршеңдігін, кәсіби мамандар тарапынан қабылдануын да көрсетеді.
Төлтума әдебиетте болсын, телтума әде­биетте болсын, көркем шығармалардың қай-қайсысында да бекітілген атаулардың қол­да­нылуы оларды көркем сөз шеберлерінің жат­сынбай, қалың жұртшылыққа ұсынып жатқанын көрсетеді. Бекітілген атауларды көрнекті қаламгерлер мен кәсіби аударма­шылар­дың пайдалануын жай кездейсоқ қол­даныс деп қарауға болмайды. Сөз жасау, жаңа атауды қолданысқа ұсыну дегеннің не екенін өз тәжірибелері арқылы жақсы сезінетін ондай мамандардың көпшілігі әр сөздің баламасына жіті мән береді. Сондықтан бекітілген терминдер мен атаулардың көркем шығарма тілінде қолданылуын елеусіз қалдыруға болмайды. Керісінше, оған мән беріп, тиісті қорытынды шығарып отыру қажет. Қолданысы белгілі бір ғылым, техника саласымен ғана шектелетін тар салалық терминдерді айтпағанда, бүгінгі қоғамдық-саяси лексика мен елдің құқықтық-экономикалық өмірінің негізгі ұғымдарын білдіретін атаулардың қоғамдық сипаты басым терминдер мен сөздердің ел өмірінен сыр шертетін көркем әдебиеттерден көрініс табуы табиғи нәрсе. Егер олардың орнына көркем шығармаларда кірме сөздер немесе аудармашылар тарапынан ұсынылған басқа баламалар пайдаланылып жатса, онда ол терминдерді жасау, іріктеу, реттеу, бекіту және қолданысын қадағалау жұмыстарының ұйымдастырылуы мен кәсіби түрде жүргізілу мәселесінде кінараттар бар деген сөз.

Мемтерминком бекіткен терминдердің бәрі көркем шығармада, аударма әдебиеттерде қолданылуы керек деген түсінік туындамауға тиіс. Олар қажетіне қарай ғана қолданылады. Ал біз өзіміз сүзіп оқып шыққан, жаңа атаулар мен қолданыстар жинақтаған көркем аудармалар бойынша айтар болсақ, бекітілген атаулар оларда кеңінен қолданылады. ­Аударма әдебиеттерде қолданылған бекітілген терминдерді жаңа баламалармен алмастыру фактілері өте ­сирек ұшырасады. Негізінен ресми бекітілген терминдердің комиссия мақұлдаған нұсқасы жұмсалады. Бұл бір жағынан қаламгерлердің, аудармашы мамандардың ресми бекітілген терминдермен жақсы таныс екендігін, олардың тұрақты қолданысқа көшуіне, нормала­нуына жауапкершілікпен қарайтындығының айғағы. Екіншіден, кейбір терминологиялық жұмыстар жайын сырттай ғана білетіндердің ресми бекітілген терминдер туралы «бекітілген терминдердің көбі жарамсыз, олар тілде қолданылмайды» деген пайымдауларының көп жағдайда негізсіз, үстірт айтылатынын да көрсетеді. Аудармашылар мен қаламгерлер оларды шығармашылығында кеңінен қолданып жатқандығы олардың басым көпшілігінің терминдерге қойылатын талаптарға жауап беретінін айғақтап тұр деген қорытындыға келуге болады. Бекітілген атаулар арасында тәржіме жасаушылар тарапынан таңдауға ілікпеген әрі бірлі-жарым жарыса жұмсалып жүрген атаулардың да бар екендігін жоққа шығармаймыз. Мысалы, «семья» сөзінің баламасы ретінде терминология комиссиясы «отбасы» сөзін бекіткені мәлім. Көркем аудармаларда бұл сөздің «үйелмен» және «жанұя» нұсқаларын қолданушылар кездесті. Көркем аударма әр сөзді сөзбе-сөз, дәлме-дәл беретін ғылыми еңбек емес. Сондықтан онда мәнмәтінге қарай синоним сөздердің бірінің таңдалуы қалыпты құбылыс, көркем шығармаға тән сипат. Бұл тұрғыдан келгенде, «үйелмен» сөзінің қолданысында ешқандай ерсілік жоқ. Ал «жанұя» деген жасанды сөздің қолданысы туралы олай дей алмаймыз. Бұл аудармашының таңдауы мен талғамына байланысты нәрсе. Эрнест Хемингуэйдің «Қызығы мол сол жылдар» хикаятында «Суреттерге немесе әдеби шығармаларға жақындығың, оны ұнатуың өз жанұяңа деген сүйіспеншіліктен айырмасы жоқ деп есептеп, сол себепті өзім ондайды сынап-мінеуді әдепсіздік деп түсінемін (96-б.)» деген сөйлем бар.

Эрнест Хемингуэйдің «Қызығы мол сол жылдар», «Килиманджаро – қарлы тау» хикаят­тарын тәржімеле­ген тәжірибелі аудармашы, қаламгер марқұм Нәбиден Әбуталиев еді. Осындай қаламы төселген ақын-жазушының «жанұя» сөзін қолдануы күмән туғызған соң, мәселенің мәніне үңілгенде бұл өзгерістер аудармашының өзі тарапынан енгізілмеген деген тоқтам жасауымызға негіз жеткілікті болды. Аударма авторы қаламгер Нәбиден Әбуталиев 2010 жылы 82 жасында дүниеден озды. Ал ­аударма 2011 жылдың соңында жарыққа шықты. Қолжазбаны автордың жақындарының бірі ­немесе баспа редакторы басуға дайындағаны көп күмән туғызбайды. Осы басылымға енген бірқатар жаңа атаулар қолданысы да ойымызды растай түседі. Аудармада жеделхат, ұшақ, тапсырыс тәрізді терминком бекіткен сөздер мен бұрқақ, дүңгіршек, медбике, мейрамхана, жеделсаты, мұражай сияқты кейінгі жылдары қолданыла бастаған атаулар да кездесті. Көзі тірі болғанда тәжірибелі қаламгер бекітілген атаулардың көбін өз қолымен қолжазбаға енгізіп, ал «жанұя» мен «дүңгіршек», «жеделсаты» сияқты соңғы атаулдардың бәрін бірдей таңдай қоймас еді деп ойлаймыз.
Бұл тұрғыдан келгенде тәржімешілері қазір арамызда жоқ ертеректе жасалған аудармаларды баспаға дайындайтын редакторлардың соңғы 20-25 жыл көлемінде тілімізде қолданысы орныққан, ресми бекітілген атауларды кейінгі басылымдарға енгізгені өте орынды. Бүгінгі оқырман мен тіл мүддесі тұрғысынан қарағанда бұл сөзсіз атқарылуға тиіс жұмыс. Ал жарыса жұмсалып жүрген, әлі жұртшылық елегінен өтіп, сұрыптала қоймаған жаңа қолданыстарды қолдануға өте абай болған абзал.

Аударма әдебиеттерден жиналған жаңа атаулар мен қолданыстардың молдығы – көркем ­аударма мәтіні олардың жасалуы мен қол­­данысын қалыптастырудың құнарлы көздерінің бірі екенін көрсетті. Дегенмен, ондай атаулардың қолданылу жиілігі мен нор­ма­лану деңгейі бірдей емес. Оларды шартты түрде іштей үшке жіктеуге болады: Біріншісі – республикалық терминология комиссиясы ресми бекіткен терминдер мен атаулар. Бұл топқа кіретін сөздерді мамандар елегінен өтіп, арнаулы салаларда, ғылым тілінде қолда­ны­луға ұсынылған, жалпы әдеби тілге енуге жолдама алған сөздер мен сөз тіркестері деп таныған орынды. Өзіндік ерекшелігі, ұғым­дық белгісі тұрғысынан бұларды толық мағынасындағы жаңа атаулар мәртебесін иеленген сөздер қатарына қосуға болады. Ресми бекітілген мұндай атаулардың бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде, ресми-іскери тілде, көпшілігінің көркем әдебиет тілінде, аударма мәтіндерде жаппай қолданылып жүруі соның айқын дәлелі. Жұртшылық еш жатсынбай қолданатын дәрежеге жетсе де олардың жаңа атаулар деп аталып жүргені кейінгі кезеңде жасалғандығының, қолданысқа енген мерзімінің әлі толық ұмытыла қоймаған­ды­ғынан. Бекітілген атаулардың арасында да тар саламен шектеліп, көпшілік тілінде қолданыла бермейтіндері де бар.

Ал екінші топқа кіретін сөздер тілімізде жиі қолданылып жүрген, көпшілік жатсынбайтын дәрежеге жеткен, бірақ әлі жаппай қолданысқа көшіп, ресми мақұлдана қоймаған жаңа атаулар мәртебесін иеленуге жетеқабыл тұрған сөздер. Мысалы, біз жоғарыда атап көрсеткен атаулар арасынан дәмхана, жолайрық, кәдесый, ­оташы, өтіл, пәтерақы, саябақ, саяжол, субұрқақ, тә­лім­гер, түсірілім, үлесші сияқты сөздерді осы қа­тарға қосуға болады. Бұлар – әдеби тілге енуге, рес­ми мақұлдануға мүмкіндігі мол, ең әлеуетті атаулар.

Енді үшінші топқа келер болсақ, олар белгілі бір авторлар жасап өздері қолданып жүрген, сол автор айналасындағы әріптестерінің еңбектерінде, жекелеген шығармаларда біршама қолданылғанымен әлі көпшілік қауым толық біле бермейтін, жалпы жұртшылыққа онша таныс емес, қолданысы мейлінше шектеулі сөздер. Көркем шығармалардан жинақталған атаулардың негізгі басым көпшілігі осындай атаулар екенін айтуымыз керек. Оларды жинақтап, көпшіліктің, сөзбен жұмыс істейтін мамандардың назарына ұсынудың маңыздылығы да осында. Мәселен, анаеркі – матриархат, ақжолақ – пунктир, аяшы – сиделка, бүркінді – брызги, гүлбақ – оранжерея, дауагер – целитель, дуагер – маг, елкезбе – странник, жапқы – покрывала, жегім – упряжка, ояныс – подъем, сенімпаздық – доверчивость, тәнөрнек – татуировка, тұшытқыш – опреснитель, шырғалаңқұмар – искатель приключений сияқты сөздер осы қатарға кіреді.

Бірді-екілі еңбекте немесе бір ғана автордың айтқан-жазғанында ғана қолданыс тауып жүрген асадал – буфет, асылзатты – благородный, бақтақ – кресло, басар – фишка, баспашы – издатель, бәңші – курильщик, бейтағлым – безнравственно, белтартар – корсаж, бетәлпет – физиономия, бозым – парень, бойтұлға – фигура, біртума – шедевр, дәретсауыт – горшок, есікші – вахтер, желең – халат, жерсорғыш – землечерпалка, жертөсеніш – дорожка, кіреміт – черепица, қауырт сағат – час пик, қисындама – формулировка, құмаршылық – азартность, майшайғыш – маслобойня, мейманбезді – негостеприимный, отшақпақ – зажигалка, сопытай – монашка, текқағаз – визитная карточка(визитка), торықпа – пессимист, төзімтал – сдержанный, уазипалы – заслуженный, үйсынық – вдовец, шаруабасы – староста, шауыпкел – курьер, ішермен – собутыльник, іштартпа – корсет деген авторлық неологизмдерді де осы топқа кіретін сөздер аясында қарастырған жөн деген пікірдеміз. Осы үшінші топқа жататын сөздер арасында да сөздік қорымызды толықтыратын атаулар аз емес. Мұндай сөздерді дер кезінде жиып-теріп, көпшілік пен мамандар талқысынан өткізіп, сәтті жасалғандарын іріктеп алып, жаппай қолданысқа ұсынып отырсақ, олар тасада қалып қоймай, тілдік айналымға түсуге мүмкіндік алады. Бұл жұмыстар үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізілгенде ғана тіліміздің лексикалық баюымен қатар әдеби тілге енген сөздердің сапасы да артып, сөзжасам үдерісі жолға қойылып, сөз мәдениеті көтеріледі.


Баға беріңіз