Талдаудың төресі - ОСКО

Сапалы ілім мен  саналы тәрбие беру  тал бесіктен бастау алып, «Ұстаз» деген ұлағатты сөзді тереңнен түсіндіретін мектепте жалғасын табатыны сөзсіз.  Мектеп табалдырығын аттағаннан кірпіш дұрыс қал...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

22 мамыр, 2017

Тірек, негізгі білімді күні бойы қасыңда отырып, үнемі әрбір сөзің мен ісіңді қадағалайтын мұғалім балаға қалай үйретсе, бала солай қабылдайды, дамиды. Ал бүгінгі күні талдауды талқандап, атүсті айдап кетіп, тақырыптың айналасында шатпақтап бірнәрсе айтып, дәптеріне көшіру беріп, «Тексеру келсе, дәптерді қарайды» деген формализмге салынып кететін ұстаздар да баршылық. Ал осыдан кейін қандай білім мен сапаны талап етеміз. Баланың білімі мен тәрбиесі мектепте мықтап тұрып қалануы керек. Бірақ мектептерге де сенім арту шамалы болып барады. Көксегендері - көк қағаздың көкесі (!). Бүгінгі оқушы, ертеңгі жас, болашақтың иелері - олардың осындай мектепті, ұстазды көріп өсуі – келешекті құрдымға апарады деген сөз. Осындай олқылықтардың орнын білдірмей, барынша білек сыбана кірісіп, болашаққа бағдар жасауда білікті маман, білімді ұрпақ тәрбиелеймін деп жүрген ұлағатты ұстаздар да аз емес. Солардың бірі «Сатылай кешенді талдау» технологиясының авторы, ф.ғ.д., профессор – Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова. Бар білгенін үйретіп, көргенін жеткізіп, шешен сөйлеуге, шебер ойлауға жетелейтін Нұрша Алжанбайқызының технологиясының нәтижелі жұмысы күмән келтірмейді. Оған дәлел – жуырда өткен «Сатылай кешенді талдау» технологиясының теориялық негізі – Алаш арыстарының педагогикалық ой-тұжырымдары» атты форум мен ҚР Кіші ғылыми академиясының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша өткен ХVII республикалық ауызша командалық олимпиадасы. Олимпиадаға Қазақстанның біршама облыстарынан командалар келіп, білімін сынап, дәрежелі орындарға ие болды. Барлығы 350-ге тарта оқушыларды қамтыған олимпиадада командалар білімі мен білігі сай екенін көрсете алды. Аталған технология оқушыларға біліммен қатар жылдам ойлауға, шешен сөйлеуге, ақылды және бәсекеге қабілетті болуға үйретіп қана қоймай, жат қылықтан аулақ жүруге жетелейтіні сөзсіз. Себебі осы технология бойынша білім алып жүрген оқушының өзгеше ойлауға, өзгеге еруіне уақыты жоқ. Уақытын үнемді әрі пайдалы жұмсайды. Бір ғана пән бойынша емес, бірнеше пәнді талдап үйреніп, жадынан өшпестей сақтап алады.

Қоғамға қажетті, халықтың көңіліне қонымды, орайлы істерді қаржыландыруға келгенде, біздің экономикамыз дағдарып, дағдарыс бола қалады. Дегенмен ешбір ата-ана мыңқ етпей, осы олимпиадаға балаларын жіберіп, біршама қаражатты қалтасынан шығарып, нәтижелі іске үлес қосып жатыр.

Технология жөнінде ұстаздар не дейді?

Біріншіден, сабақта ізденушілік, зерттеушілік әрекеттері басты назарға алынып, оқушының оқуға деген ынта-ықыласы артады. Екіншіден, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік, қарым-қатынас орнайды. Үшіншіден, оқушыларды жақсы, орташа деп бөлмей, материалды өте жылдам, баяу қабылдауына қарай тапсырманы оңтайлы икемдеп, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды. Бұл технология барлық пәндерге қолайлы. Мәселен, тіл сабағында сөйлеуге, жазуға, оқуға, әңгімелеуге, яғни тілге төселдірсе, математикада сан туралы ойлау ғана емес, есеппен айтылған ойды ұғуға, ұққанын айта білуге жетелейді. Қорыта айтқанда, «Сатылай кешенді талдау» технологиясы оқушылардың өз бетінше оқуына, ізденуіне жол ашатын, білім, білік дағдыларын, іскерлігін қалыптастыратын шығармашылық жұмыс.

Алма Тайжанова, мұғалім

Ұлттың үнбайрағы

Жаратқанның қалауымен Астана қаласында "Сатылай кешенді талдау" арқылы оқыту әдістемесінің жемісі іспетті республикалық олимпиада табысты аяқталды. Айтулы ЭКСПО мерекесімен тұспа-тұс келген жарыс өз алдына қайырлы болды деп есептеймін. Ең маңызды нәрсе – ол бала қуанышы. Дүниеде баланың риясыз күлкісі, ризашылық сезімінен асқан бақыт жоқ. Осындай бақытты бүгін автор, ұстаз Нұрша Оразахынова үлестірді. Оқушыларда білім көкжиегіне деген көзқарас толысып қайтты. Ұлттың үнбайрағы болдық десек, артық айтқандық емес, сірә!!!

Қазіргі уақыт – динамикалық уақыт. Үздіксіз қозғалыстың, әрекеттің уақыты. Бүгінгі оқушыны бұрынғы оқушымен салыстыруға мүлде келмейді. Оқушылардың білімді игеру мүмкіндігі бұрынғыдан екі еселенді десек, артық айтқандық емес шығар?! Бұл дегеніміз қазіргі оқушылар бұрынғы оқу жүйесінің шеңберіне сыймайды. Әрбірден соң оны менсінбейді де. Сол себепті балалар қазіргі таңда өте көп ақпаратты тиімді, тиімсіз жерлерден ала береді. Қайсысы ақ, қайсысы қара ажыратып, парқын білмейді. Осы орайда Нұрша Оразахынованың "Сатылай кешенді оқыту" технологиясы көмекке келеді. Өйткені бұл технологияның негізі Алаштың арда ұлдарында жатыр. Олар қазақ баласының таным түйсігіне негіздеп кітап жазды, еңбек құрастырды. Бір ұлттың келесі бір ұлттан белгілі бір дәрежеде танымдық тұрғыдан екшеленетін ерекшелігі болады. Олардың ақпарат қабылдау, беру жайында да бөлек тәсілі бар. Әр ұлт ақпарат беру барысында өзінің табиғи, дәстүрмен астасқан жүйесін қалыптандырғаны жөн. Ұстаз Нұрша Оразахынова "Алаш идеясынан" тартып, қазіргі динамикалы заманға сәйкестендіріп "Сатылап оқыту әдісін" ойлап тапты. Бұл үлкен жеңіс һәм жетістік. Сатылай кешенді оқыту - қазақ баласына негізделген нағыз әдістеме. Осы әдістеме арқылы білім берер болсақ, Елбасымыз айтқандай: "ұлттық кодымызды аман алып қаламыз.". Сөзімді түйіндеп айтарым, ұлт болашағының өміршең, бәсекеге қабілетті болуы үшін төл туындыларымызды сарқа пайдалануымыз һәм дамытуымыз қажет. Ұстаз Нұрша Оразахынова маңдай терін тамыры терең баба ұрпағының игілігі үшін төккен екен, қадіріне жетіп, қасиетін ұғынайық!!!

Жетібай Рақымберді Қажығалиұлы,

әл-Фараби атындағы №145 жалпы

білім беретін мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласы


Сапалы білім кепілі

Олимпиада өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ботагөз Ермекқызы Алғамбарова, орыс тілі мұғалімі Үміт Қыдырбайқызы Сағынтаева, тарих пәнінің мұғалімі Самал Қайырбекқызы Рахметова жетекшілік еткен командалар жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.

Оқушыларымыздың бірнеше пәнді ауызша еркін меңгеріп, Қазақстанның әр облысынан сынға түскен оқушылармен жарысқа түскені мен үшін өте қуантарлық жағдай.

Қазақ тілінің жанашырлары Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының вице-президенті В.Ф Грищенко, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, п.ғ.д., профессор Н.А. Оразахынова, филология және көптілді білім беру институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбдіғазиұлы Б., қоғам қайраткері, О.Асановаға, сонымен қатар осы олимпиаданын жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан ұстаздарға алғысымды білдіремін.

Сатылай кешенді талдау технологиясы оқушыға білімді, сауатты баяндауға, теориялық білімді терең меңгеруге, ғылыми түрде сөйлеу және жазу тәсілін қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл технология тілдік материалды оқушыға ғылыми негізде меңгертеді.

Тек қана қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ғана емес, сондай-ақ орыс тілі, тарих, жаратылыстану – математикалық бағыттағы пәндер бойынша сабақта өз нәтижелерін береді. Оқушылардың ұлттық рухын оятып, білім алу жолында белсенділігін арттырады.

Алғамбарова Сәуле Қажыбекқызы,

Абай Құнанбаев атындағы

№2 жалпы орта білім

беретін мектеп директоры


Баға беріңіз