Кирилл әрпінен шұғыл құтылуымыз керек

Ақеділ Тойшанұлы, ​Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 мамыр, 2017

‒ Бүгінгі қоғамымызда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. Соның ішінде еліміздің латын әліпбиіне көшу қадамы көпшіліктің назарын аударып отыр. Сіздің пікіріңізше латын әліпбиінің болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

‒ Жақында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен үлкен бір келелі жиын өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп үндеу тастап жатқанда, ғалымдар тарапынан үн қосқан келелі басқосу деп айтуға толық негіз бар. Алқалы жиынға тіл білімі, тарих, әдебиет саласында еңбек етіп жүрген танымал ғалымдар қатысып, түрлі қызықты баяндамалар жасалып, қазақ тіліндегі жаңа әліпбидің мәселесі қарастырылды. Елімізге танымал ғалым Әлімхан Жүнісбек ағамыз бұрынғы әліпбиді жетілдіру жолын, қанша әріпті, дыбысты қосу керектігін, оның қазақ тілінің әуезділігіне, әуеніне кедергі тудырмауын, жазудағы машақаты мен михнатын тілге тиек етіп, болашақ әліпбиімізді халық мүлтіксіз қолдана алатын жағдайда болуын, жеңіл, төте әліпби болса екен деген тілегін ортаға салды. Әлімхан ағамыз жиналған қауымды Тіл білімі институтында дайындалып қойған әліпбидің жобасымен таныстырып, біздің ғалымдарымыздың жаңа әліпбиге көшуге сақадай-сай екендігін мәлімдеді.

Елбасының көтеріп отырған әліпби туралы мәселесі - ғалымдардың пайымдауынша тәуелсіздіктің жиырма бес жылында жетіп отырған үлкен нәтиже. Бұл енді, сөз жоқ рухани бостандық.

Рас, бұрнағы жылдар белесінде экономикалық тәуелсіздігімізді алып, шекарамызды бекітіп, БҰҰ көк байрағымызды желбіретіп саяси салада да үлкен табыстарға жеттік. Ал енді қазақ елінің рухани бостандығы – осы тікелей әліпбиі. Бұл - өркениет таңдау мәселесі. Егер латын әліпбиіне көшсек, біз өркениет әліпбиіне қосыламыз. Демек, үлкен өркениет - батыс өркениетіне бет бұрамыз. Сондықтан өткеннен сабақ ала отырып, осы рухани бостандығымызды қамтамасыз етуіміз керек. Ақпараттық кеңістігімізді, тұтастығымызды, қауіпсіздігімізді, қорғанысымызды бекіту үшін латын әліпбиіне көшуді ғалымдар қолдап, қуаттап отыр. Тіпті халық болып қолдауда. ТМД елдері ішіндегі бауырларымыз Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан елдері латын әліпбиіне әлдеқашан көшкенін бәріміз жақсы білеміз. Бізде осы мемлекеттермен қатарласып бір түркі кеңістігінің рухани бірегейлігін құраймыз деп ойлаймын.

‒ Жасыратыны жоқ, латын әліпбиіне көшу халықты сауатсыздық дағдарысына алып келеді деген пікірлер де айтылып қалып жатыр. Осы тұрғыдағы айтар уәжіңіз қандай?

‒Ол әсте мүмкін емес жағдай. Қараңыз, қазіргі таңда біз ұшақтың билетін алсақ та, ақпараттық жүйе компьютерге қосылсақ та, әлеуметтік желіде отырсақ та, латын әліпбиін қолданып жүрміз. Бұл бір. Екіншіден, оқушыларымыз, студенттеріміз, қандастарымыз барлығы дерлік ағылшынша біледі. Ол да үлкен дайындық. Сондықтан сауатсыздық дағдарысына ұшырау деген - қисынға келмейтін әңгіме. Қазір жиырма бірінші ғасыр. Бәрі дамыған. Қажет болса, компьютер арқылы бір ноқатты басып қалып-ақ, кириллицадан төте жазуға көше салуға болады. Біздің кітаптарымыз оқылмай қалады, бұрынғы мұрамыздан айырылып қаламыз деген де бос сылтау. Ол мәселенің мәніне жете алмай отырған адамдардың сөзі. Мәселен, жүз томдық «Бабалар сөзін» алайық. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша әлемде теңдесі жоқ жоба. Оның қазіргі кириллица әріпінде электрондық нұсқасы сақтаулы тұр. Егер біз сәтін салып латын әліпбиіне көшіп, өз әріпімізді таңдағаннан кейін жүз томдық «Бабалар мұрасы» автоматты түрде бір-ақ минуттың ішінде латын әліпбиінде дайын болады. Біз кирилл әрпінен тез құтылып, латын әліпбиіне неғұрлым шұғыл көшуіміз қажет. Ешқандай қорқыныш болмауы керек.

‒ Латын әліпбиіне көшудегі Өзбекстанның сәтсіздіктерін ғалымдар алға тартып жатыр. Сол жөнінде не айтар едіңіз?

‒ «Қателеспейтін адам болса, қарындаштың басында өшіргіш болмас еді» деген ғой. Жұмыс барысында қателіктер болуы әбден мүмкін. Игілікті істі қолға алмай жатып, оның көлеңкесінен қорқып, ойбайға басудың қажеті шамалы. Сәтсіздікке ұшырадық деп өзбектер тауы шағылып, басылып қалған жоқ. Қайта әліпбиін жетілдіріп жатыр.

‒ Ресейдің ғалымдары, арасында біздің қазақстандық орыс ұлтының өкілдері тарапынан қазақтар «Орыс әлемінен» кетіп жатыр деп даурыққанынан хабардар шығарсыз?

‒ Біздің Алла берген екі үлкен көршіміз бар: Ресей және Қытай. Оған шүкір деуіміз керек. Бізге, ғұндарға, түріктерге, қазақтарға бағымызға қарай алып көрші берді. Осындай көршілермен иық тіресе бәсекелесіп, бірде тату, бірде қату бола жүріп, өзіндік бет-бейнемізді сақтай отырып, жиырма бірінші ғасырға да аман-есен жеттік. Егер сенің қарсыласың ұсақ болса, онда жойылып кетесің. Мысалы, жоңғармен соғысқанның арқасында тұтастығымыз пайда болды. Құдай бізге алып көрші нәсіп етуінің арқасында ұлт ретінде қалыптастық. Алыптың адымына ілесу арқылы ғұндар, түркі қағандары намысқой болды. Ұлы өркениеттен қалыспау жолында қытаймен бәсекелесу үшін, түрік даналары өз әліпбиін өмірге әкелді. Кезінде Күлтегіннің басына ескерткіштер қою үшін Қытай жағы көп көмектескенін білеміз. Сондықтан өркениет дегеніміз томаға тұйықтықты, өз қазаныңда өзің қайнап көршіңмен араласпай отыруды қаламайды. Біздің бабаларымыз мейлінше ашық болғандықтан, халқымызда сондай ашық. Көршімізді жау санап, оның әлемінен қашу деген басқа түсінік. Ондай ой болуға тиіс емес. Шынтуайтына келсек, Алтын орда заманында олардың патшалары бізге бағынышты болып, кішкентай-кішкентай бектік саналған. Осынау ғасырлар бойы, мыңдаған жылдар бедерінде бізбен бірге жасасып, жақсы-жаманды бірге көріп келе жатқан халықпен осы мәселені саясат етіп отырудың өзі ақылға сыймайтын жайт. Сауаты, пайым-парасаты төмен адамдардың ісі. Біз ешқашан көршілерден іргені аулақ салмаймыз. Бірге дамып гүлдейміз. «Көршіңмен тату бол» деген ұлы бабалар аманаты.

‒ Елбасы мақаласындағы «Ұлттық код» дегенді қалай түсінесіз?

‒ Ұлттық код деген ұғымның ауқымы өте кең. Қазақтың мінез-болмысында өзгеге ұқсамайтын ерекше қасиет бар. Осы қадір-қасиетті код деп айтып отыр. Яғни кілт. Мысалы ұлттық ойын көкпарды алайық. Көкпар десе делебесі қозып, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Демек, додаға құмарлық. Қарап отырсаңыз, көкпар қазақтың шабытын асқақтатып, намысын қоздырып, жігерін жаниды. Сонымен қатар қазақтың салт-дәстүрі, ас-тағамы да өзгеше. Біздің қымызымыз, қазы-қарта, жал-жаямыз, киіз үйіміз, ою-өрнегімізге дейін ұлттық кодқа кіреді. Бұлардың бәрі қазақтың жан дүниесіндегі байтақ ұғым. Ол қазақтың бойында тұрады. Шаттанғанда, қуанғанда, кейігенде сол код ашылып кетеді. Соны миф деп атайды. Ал миф дегеніміз сөзбен айтылады, кейде аңыз түрінде беріледі. Бұның бәрі біздің рухани кілттеріміз.

‒ Халқымызғы танымал ғалым М. Мырзахметов ағамыз «Абайдың философиялық лирикасы, ойлары-біздің ұлттық кодымыз» дегенді айтты. Оған не дейсіз?

‒ Мекемтас ағамыз үлкен қазыналы ой айтып отыр. Енді, Абай бір код екені рас. Бірақ мен код дегеннің ауқымы үлкен екенін айтып отырмын ғой. Мәселен, Қазтуған, Махамбет, Сүйінбайлар да бар емес пе?

Бөрібасы ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсем,

Қозып кетер қайдағым – дейді Сүйінбай. Анау көне түркінің бөрісін ашына көтеріп жырлап отыр. Осы жыр арқылы көкбөрі қазақтың жан дүниесінде қанша ғасырдан бері өлмей келе жатқандығының куәсі болудамыз. Код бір ақынмен ғана тоқтап қалмайды. Ондай адамдар мыңдап саналады. Соның бір үлкен алтын тұғыры - Абай атамыз. Абай батыс пен шығысты, ескі мен жаңаны, сонау Күлтегін, Тоныкөк даналығын түйіндеп кітап жазып, оны өрнек қылып бізге ұсынды. Абай - қазақты сынау, намысын жану арқылы оятқан тұлға. Әрине, Абай біздің бір таңбамыз екені рас. Абай адамзаттық деңгейде философия айтқан ақын болса, Мағжан түркілік кеңістікте жырлаған ақын. Керек десеңіз, қазақтың киген киімі, ою-өрнегі, әдемі жүзігі, сәукелесі, домбырасы, бәрі-бәрі код. Бәрі таңба. Иншалла, алтын құрсақты аналарымыз батырларын әлі туып жатыр. Соның бірі - Димаш. Ол даланың дауысын көмейіне жинаған әнші, жаны жайсаң бала. Мұның бәрі оған қайдан келді. Атаның қаны, ананың сүті, даланың дархан табиғаты арқылы бойына дарыды. Мұқағали айтқандай «Сары даладан сабыр жұққан» сабырлы мінезді дана халықпыз. Біз дала сынды дархан халықпыз. Оның сыры тереңде. Осы сырды код деп айтады. Осы өзіміздің болмысымызға оралуымыз керек. Бөтен өркениет, жат мәдениетке бас иіп, соған құл болмау керек. Президентіміздің ұлттық код деп меңзегені де осы, мақсаты да сол.

‒ Жүз оқулық жөнінде алып-қосар ойыңыз бар ма?

‒ Таңдаулы жүз оқулық аударамыз деген ұсыныс - үлкен мәселе. Дамыған өркениетті елдердің әлеуметтану, психология, мәдениеттану оқулықтарын алып қолданғанымыз абзал. Сол оқулықтарды аударып, қолданысқа енгізгеннен кейін сол жүз оқулықпен шектеліп қалмай, өзіміздің оқулықтарымызды да дамытуды қолға алған жөн. Біздің оқулықтарымыз ескіріп қалғаны шындық. Қазақ фольклорының оқулығы мүлде жоқ десе де болады. Ресей соңғы кезде үш оқулық шығарып үлгерді. Егер біз оқулық мәселесін дер кезінде қолға алмасақ, жастарымыздың, зиялыларымыздың ой-санасын ғылымның жаңа жетістігімен байытып бере алмасақ, онда олар басқа елдің дүниесін оқуға мәжбүр болады. Сосын басқа мәдениетке бет бұрады. Қазір бір ғана фольклорды айтсам, тек жұмбақтың өзін америкалық ғалымдар математикалық деңгейде зерттейді. Біз әлі бір орында отырмыз. Биотехнология мен IT заманында біздің гуманитарлық қоғам дами алмай тоқтап тұрғаны рас. Ал дөңгеленген дүние бір орында тұрмасы анық. Қазақ тоқырап тұр екен деп, олар бізді күтпейді. Сондықтан біз де заман ағымына ілесуіміз керек.

‒ Әңгімеңізге рахмет.


Баға беріңіз