Бала тіліне мән берейік

Біз бала тілінің дамуы мен қалыптасуына қаншалықты мән беріп жүрміз? Меніңше, осы мәселеге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқан сияқты. Бұл орайда бала тілін қалыптастырудағы өз тәжірибем жөн...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 мамыр, 2017

Айтайын дегенім, мен бала­бақ­шад­ағы орыстілді топтарға қазақ тілін үйретіп келемін. Қазіргі заман талабына, қоғам сұранысына сай әр мұғалім өз сабағын жаңаша ұйымдастырады, тіл үйретуде түрлі әдіс-тәсілдер қолданады. Соның бірі – ойын. Ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бірі. Ойын арқылы бала дүниені таниды, өз қабілетін жетілдіреді, ізденімпаздығын арттырады. Ойын балаға жаңа ортаға тезірек үйренуге мүмкіндік береді.

Балабақшадағы балаларға ­ойындарды ойнату арқылы қазақ тілін үйрету – өте тиімді тәсіл. Ол балалардың тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырады, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ойын арқылы балалар өмірде ең қажетті қасиеттерге: ептілікке, тапқырлыққа, жауапкершілікке, адам­­гершілікке, жылдамдыққа, ұйым­шылдыққа, мұқияттылыққа тәрбиеленеді.

Ойындардың түрлері сан алуан: дидактикалық ойындар, сюжетті ойындар, рөлдік ойындар, қимыл-қозғалыс ойындары, ұлттық ­ойындар, саусақ ойындар, т.б. Мен балабақшаның орыстілді тобына қазақ тілін үйретуде көбінесе дидактикалық ойындарды қолданамын. Дидактикалық ойындар жаңа тақырыпты өтуде, өткен тақырыпты еске түсіруде, балалардың сөйлеу тілін дамытуда, тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыруда, жаңа сөздерді есте сақтауда зор септігін тигізеді. Дидактикалық ойындармен ұйымдастырылған сабақ көңілді, әрі жеңіл өтеді. Ойын барысында түрлі көрнекі­ліктер, суреттер, ойыншықтар, кестелер, қазақша әуендер, т.б. қолданған жөн. Сонда балалар қазақ тілін жылдам үйренеді, сөздік қоры байиды, жаңа тақырыпты тез меңгереді, есте жақсы сақтайды. Халқымыз «Ой – ойыннан басталады» демекші, балабақшадағы баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін қазақ тілі мұғалімінің қолданатын басты тәсілі – ойын.

Халқымыздың «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөзі бар. Бала ойнап жүріп ойланады, ойы сергиді, таным-түсінігі қалыптасады. Балабақшадағы орыстілді топтарға дидактикалық ойындар арқылы қазақ тілін үйрету – өте тиімді, қызықты, әрі нәтижелі тәсіл. Балалардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын ояту – ұстаздың қолында.

Жанар Қайырқызы, №112 балабақшаның қазақ тілі пәні мұғалімі


Баға беріңіз