Ортақ түркі мәдениетіндегі қарғыс мәнді қалып сөздердің лингво-мәдени сипаты

Адам баласының табиғаты әлеуметтік сипатқа ие. Оның ең басты сипаты – қажеттіліктерінің болуы. Адам дүниеге келген күннен бастап-ақ, қоғаммен етене байланыста, белгілі бір қоғамда өмір сүруге мәжбү...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

10 мамыр, 2017

Адамның өз ойын түсіндіріп, жеткізе білу, екінші бір адаммен ой бөлісу, қал сұрасу, сәлемдесу, қоштасу, көңіл күйін білдіру амалдары негізінде қалыптасқан тіл, ең алдымен, мәдениетті жеткізуші құралы ретінде қоғаммен тығыз байланыста. Яғни әрбір адам өз ойы мен сезімін тіл арқылы жеткізеді. Бірақ ойды жеткізу жолы, адамдар, әлеуметтік топтар, қоғам, тіпті ұлттар арасында әртүрлі болып келеді. Әрбір ортаның өз ойын жеткізу тәсілі сол тілге тән мәдениетті қалыптастырады. Бұны сөйлеу дейді. Сөйлеу тілі құрамында жағымды, жағымсыз түрлі тақырыптарды қамтитын құрылымдар, сөз орамдары мен тіркестер бар. Бұл тіркестер мен құрылымдар, сөз орамдары қаншалықты көп және әр түрлі болса, тіл де соншалықты қолданысқа түседі. Көбіне, ауызекі сөйлесу арқылы ғасырдан ғасырға, ауызданауызға жеткен, санамызда жатталып, қолданысқа әзір тұратын бұл тілдік бірліктерді қалып сөздер деп атаймыз.

Қалып сөздер белгілі бір жағдайларда айтылуы әдетке айналған стереотип сөздер болып табылады. Олар қоғамның өмірі мен мәдениетінен хабар беретін сөздер болып табылады. Басқаша айтқанда, қалып сөздер – қоғамның мәдениетін, сенім-нанымын, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас ерекшеліктерін, әдет-ғұрпын танытатын сөздер. Бұдан бізге дейінгі өркениетті қоғамдардың өзінде мыңдаған жылдық тарихы бар, көненің көзі болған құндылықтардың өміршең екендігін көреміз. Қалып сөздердің бұл қызметіне қарап, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, яғни ауыз әдебиеті, тілдік мәдениеті жоқ қоғам болмайтындығын айтуға болады.

Біз бұл мақаламызда ауызекі сөйлеу тілінде қолданысқа түсетін қалып сөздердің бір түрі «қарғыс сөздер» жайлы сөз етпекпіз. Қазақ сөз мәдениетінде қарғыс сөздердің мағынасын анықтағанда, оған қарсы мәндес келетін алғыс сөздер қатар айтылады. Мәселен, энциклопедиялық сөздікте: «Алғысқа қарама-қарсы ұғым қарғыс деп аталады. Демек, қарғыс – зәбір-жапа шегіп, адамның зәбірлеушісіне ашынып айтқан зілді, кейіс сөзі, лағынеті. Қарғыс – парапсихологияда тіршілік иесінің зәбірлеушіге қарсы кері әсерлі, қуатты күші» [1], деген анықтама беріліп, қарғыстың алғысқа қарама-қарсы ұғымда екені аталады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында ғалым С.Түлекова алғыс және қарғыс мәнді сөздерді қолданысы жағынан, мағыналық топтарға ажырату тұрғысынан, грамматикалық сипатына қарай жан-жақты зерттеп, тіл ғылымына танытқан [2]. Адамдар арасындағы қарым-қатынастан туындайтын көңіл күй лебіздерін зерттеу нысанасына алған зерттеуші С.Бизақов қарғыс сөздерге мынадай анықтама береді: «Қарғыс тек қорлық көрген, азапталған кезде ғана емес, көңіл күйі болмай, қатты кейігенде, керегінен айрылып, өкінгенде т.б. жағдайларда да айтылып қалады. Мән-мағынасы алғыс пен бата-тілекке керісінше болып келетін қарғыс пен лағынетті білдіретін сөздер адамшылыққа жатпайтын оғаш, жан түршігерлік қиянатты қылмысты қылық көрсеткендерге қарата айтылады» [3;193]. Бұл тұжырымдар қарғыс қалып сөздері тілдік сипатқа, психологиялық себепке ие, ерекше көңіл күй жағдайымен байланысты тілдік құбылыс екенін байқатады.

Қарғыс мәнді сөздер – бүкіл Түркі мәдениетіне ортақ тілдік бірліктер. Оның дәлелі – қарғыс сөздердің түркі тілдес халықтарға ортақ әдеби ескерткіштерде кеңінен орын алуы. Бауырлас түрік тілінде де қарғыс мәнді қалып сөздердің сан алуан түрі кездеседі. Түрік тілінде қарғыс «beddua» (бәддуа) деген атауға ие. Парсы тілінің «жаман, жағымсыз» мағынасын беретін «бәд» сөзі мен араб тіліндегі «дұға» сөзінің бірігуінен қалыптасқан «бәддұға» сөзі «жаман тілек» мағынасын беретін, қарапайым тілмен айтқанда, дұға сөзіне қарсы мағыналы сөз.Анадолының кейбір аймақтарында аһ, бедат, иленч, инкисар, каргыш, карыш, лағнет деген атаулары да бар.

Түрік тілінде қарғыс сөздерді Х.КамильТойгар [4], ЕролКайа [5], СамиАкалын [6], ДоғанКайа [7] сынды зерттеушілер жинақтап, топтастырып, жіктеп, өз зерттеулеріне арқау еткен. Алайда, бүгінгі таңда қарғыс сөздер тілтанымдық тұрғыдан қарастырылмаған. ДоғанКайа тарапынан қарғыс сөздерге «шарасыз күйде қалған, қиналған, жамандыққа душар болған адамның ішіндегісін шығару, тыныштану мақсатында айтқан жаман ойлары мен тілектерінен құралып, тілге ерекше стильдік реңк беретін қалыпқа енген сөздер» [7], деген анықтама беріледі. Кез келген мәдениетте орын алған қарғыс сөздер дертке шара іздеудің салдарынан туындаған. Басқаша айтқанда, қарғыс сөздер жамандыққа ұшыраған кісінің өзін осы күйге түсірген жанға қарсы айтқан негатив ойлары мен тілектерінен тұратын сөз орамдары болып табылады. Сонау көне түркіден бүгінгі таңға дейін қоғамның мәдени деңгейі өзгергенімен, адам баласы дұға-тілек, бата, алғыс, қарғыстарды әлі күнге дейін қолданып келеді.

Қазақ және түрік тілінде кездесетін қарғыс мәнді сөздердің көне түркіден бұл күнге дейін тақырыптық жақтан бай болуы, оларды белгілі бір түрге бөліп жіктеуде қиындық қалыптастырады. Себебі тілдік қатынаста адамды қарғыс айтуға итермелейтін әртүрлі жағдайлар болады. Қарғыс айтудың негізгі мақсаты біреуге жамандық тілеу болса, адам өлтіруден бастап, жаман сөз сөйлеуге, отбасының береке-бірлігін бұзуға және т.б. кері әрекеттерге қарсы айтылатын қарғыстың алуан түрлері болады. Сондай-ақ, ғалым С.Бизақов қарғыс мәнді сөздердің «малға айтылатын зілсіз қарғыс», «өтірік қарғау», «ант-су ішіп қарғану» тәрізді түрлерін де атап көрсетеді.[3]

Түрік тіліндегі қарғыс мәнді сөздердің көбі ел, отбасы, тау-тас, өзен-көл, табиғат, хайуанаттар мен аспанға қатысты айтылумен бірге,адамдарға қарсы бағытталады. Олар адамның дене мүшесі, өмірі мен өлімі, мал-жаны, наным-сенімі, ата-тегіне қатысты сөздер болып табылады. Қарғыс мәнді сөздердің айтылу себептері, уақыты мен жағдайы адамның мінез-құлқына байланысты әралуан болғанымен, олардың ортақ сипаты ретінде шарасыздықтан туындайтындығын байқауға болады.

Қазақ және түрік тілінде кездесетін қарғыс сөздердің тілдік, әлеуметтік, діни және психологиялық аспектілері болатынын ескеретін болсақ, олардың қолданыс аясы екі тілде әртүрлі болып келеді.

Түрік тілінде кездесетін қарғыс мәнді сөздердің көп бөлігі «Алла»сөзімен басталады. Мәселен, Allah kahretsin(Алла көзіңді құртсын), Allah evin ibaşına yıksın (Алла шаңырағыңды шайқалтсын), Allah sana bilinmez dertler versin (Алла саған күтпеген дерт берсін), Allah gözünü köretsin (Алла көзіңді көр қылсын), Allah seni sürüm sürüm süründürsün (Алла сені тентіретсін), Allah cezanı versin (Алла жазаңды берсін) және т.б. Кейбір қарғыс сөздер мұсылман дініндегі жиі кездесетін атаулар, ұғымдармен байланысты болады. Атап көрсетсек, Kuran çarpsın körolası (Құран ұрсын, соқыр болғыр), Cehennem kütüğüne dönesin (Тозақтың отыны болғыр), Dins izimansız gidesice (Дінсіз, имансыз кеткір), Sebep olanlar cennet yüzü görmesin (Себеп болғандар жәннат жүзін көрмесін), Yerin dibine batasıca (Жердің түбіне батқыр), Başın teneşirlere gele (Басың табытқа келгір), Şeytanın şerrine uğrayasın (Шайтанның жамандығына ұшырағыр), Cehennemin dibine git (Тозақтың түбіне кет), Mezarda rahatyatamayasın (Қабірде рахат таппағыр), Yüzünü teneşir paklasın (Жүзіңді табыт ағартсын), Lanet olsun (Лағынет болғыр), Öbür dünyada iki elim yakanda (О дүниеде екі қолым жағаңда), Arefeyi gör, bayramı görme (Арапаны көр, айтқа жетпе), Gözünü toprak doyursun (Көзіңді топырақ тойдырсын), Ruzı mahşerde cevabını veremeyesin (Рузи махшарда жауабыңды бере алмай қал), Yerinye dikat dibine giresin (Жердің жеті қат түбіне кір), Delidivane olasın (Жын басқыр) және т.б. Сондай-ақ, адамның жеке басына, дене мүшелеріне, бала-шағасына, отбасы, ата-анасына қатысты қарғыс сөдер де аз емес, атап айтсақ, Dilin tutulsun inşallah (Тілің тұтылсын), El yüzüne çıkamayasın (Ел бетіне қарай алмай қал), Boğazında kalsın (Тамағыңнан өтпей қалсын), Çenen çekilsin (Жағың қарыссын), Anasından emdiği süt burnundan gelsin (Анасынан емген сүт мұрнынан шықсын), Bağırsakların dökülsün (Шек-қарның ақтарылсын), Rezil rüsva olasın (Масқара болғыр), Aklın kurusun (Ақылыңнан адасқыр), Bahtın karaola (Бақытың ашылмағыр), Dut yemiş bülbüle dönesin (Тұт жеген бұлбұлға айнал), Ekmek aşbulamayasın (Ас таппай қалғыр), Kapı kapı dilenesin (Есіктен есікке жүгіргір), Hevesin kursağında kalsın (Әуесің ішіңде қалсын), Kazancının hayrını görme (Тапқаныңның қайырын көрме), Zürriyetin kesilsin (Ұрпағың жалғаспасын), Evlat yüzü görmeyesin (Бала көрмей қалғыр), Çoluğunun çocuğunun hayrını görmeyesin (Бала-шаға қызығын көрмей қалғыр) және т.б.

Қазақ тілінде кездесетін қарғыс сөздердің де мағынасы мен тіл танымдық сипаты сан алуан. Әдетте, қарғыс жоғарғы жаратушыдан тіленеді. Көне түркіден бұл күнге дейін Тәңірден, Құдайдан Алладан жарылқау тілеп келген халқымыз, ашу-ыза үстінде адам баласына, малына жамандықты да Тәңірден, Құдайдан, Алладан сұрайды. Қазақ тіліндегі қарғыс мәнді сөздердің құрамында Тәңір, Алла, Құдай сөздері түрік тілімен салыстырғанда кезектесіп қолданыла береді. Мәселен, Алла жазаңды берсін – Құдай жазаңды берсін – Тәңір жазаңды берсін;Алланың кәрі тиді – Құдайдың кәрі тиді; Құдай тілеуіңді бермесін – Алла тілеуіңді бермесін; Құдай төбеңнен ұрсын – Алла төбеңнен ұрсын және т.б.

Көне заманнан бастап адамзат жеткізіп, дамытып келе жатқан әдет-ғұрып мен салт-дәстүрлер арасында қарғыс сөздер, әдейі не абайсызда болсын, ғасырдан ғасырға, бір заманнан екінші заманға жеткізіледі. Қолданылған сөздер өзгерсе де, уақыт өте келе жаңа түрлермен қарғыс сөздердің қоры қайта молаяды, адам қарғыс сөздерден бас тарта алмайды. Басына іс түскенде, шарасы таусылған әр сәтте Жаратушысына жалбарынып тұрып, әділеттілік үшін кері дұға тілейді.

Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, күнделікті өмір тірлігіне байланысты қарғыс сөздерді әртүрлі жіктеуге болады. Дегенмен де, өмірі малмен байланысты болғандықтан, тілімізде малды қарғау, малмен қарғану түрлері жиі кездеседі. Мәселен, Ала күлік келгір, Арам қатқыр, Қараң батқыр, Сайтан алғыр, Мал көрмегір, Нәсілсіз итболғыр, Қарасан келгір және т.б. Басқа қарғыстың түрінен малға қарата айтқан қарғыстың өзіндік ерекшелігі бар атап өтеміз. Себебі мұнда ашыну, зілденуден гөрі кею мәнде айтылу басымырақ. Малға қарата шын мәніндегі жамандық тілеу болмайды. Тілдегі малға қарата айтылған тілек мәнді сөздер қазіргі тілімізде сол қаз-қалпында сақталғанымен, қарғыс мәнді сөз тіркесінің бірқатары қазір ауыспалы мағынада және штамп сөздер ретінде қолданылады.

Сонымен қорыта келе, қарғыс мәнді сөздер қазақ тілінде болмасын, түрік тілінде де болмасын айтылған кезде адамның сол сәттегі сезімін, ішкі жан қиналысын береді. Алайда, айтылу себептері белгілі, санаулы болады. Ол себептер адамның мінез-құлқына, өмір сүру жағдайына, шартына және басынан өткізген оқиғасына байланысты өзгеріп тұрады. Қарғыс сөздерді саралай келе, адамды қарғыс айтуға итермелейтін төмендегідей себептерді атауға болады: а) отбасы немесе қоғам тарапынан ұятты болып есептелетін әрекетке барған адамды қарғау; ә) күнделікті өмір барысында кісілердің бір-біріне айтқан, зілді, зілсіз қарғыстары; б) адам баласына қасірет әкелетін зұлымдық жасаған кісіні қарғау; в) ұлттық езгіге қарсы айтылатын қарғыс сөздер; г) жауапсыз сезімге қарсы айтылатын қарғыстар және ғ) ар-намысы аяққа тапталғанда айтылатын қарғыстар.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақ ұлттық энциклопедиясы. 5 том. Алматы, 1998

2. Түлекова С. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс мәнді фразеологизмдер. Кан.диссер. Алматы, 1974ж.

3. Көңіл-күй лебіздерін білдіретін сөз орамдары / Құраст. Бизақов С. – Алматы: ТОО «Самара-Принт», 2007. – 308б.

4. КамильТойгарХ. Анкара фольклорындағы қарғыс сөздер. 1961ж.

5. ЕролКайа. Ван бәддұғалары. 1968ж.

6. СамиАкалын Түрік тілек сөздеріндегі алғыстар мен қарғыстар. 1990ж.

7. ДоғанКайа Дұғалар және бәддұғалар (қарғыс). 2010ж.


Баға беріңіз