Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керек

Тіл мәселесінің даулы тұстары көп. Аударма тіл, қазақтілді мәтіндегі қателер, үштілділік, латын қарпіне көшу, қазақ тілінде сөйлемейтін жастар, тағысын тағы жетіп жатыр. Тілдің түйткілдерін тарқату...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

10 мамыр, 2017

Мәселен, көпұлтты мемлекеттерде бір ғана тілге басымдық беріледі. Бұл тәжірибе әлем елдерінде жеткілікті. Мұндай жағдайда қандай әліпби таңдалса да, сол тілдің ыңғайына қарай жасалады. Филология ғылымдарынң докторы Дандай Ысқақ көпұлтты Қазақстанда қазақ тіліне басымдық беру керек деген идеяны қолдайтынын айтты, ондай жағдайда алдымен қазақ тілін толық меңгеріп, өзге ұлттарды да қазақ тілінде сөйлеткенде ғана қазақ тілін латынға көшіру оңайға соқпақ. «Біз көпұлтты мемлекет болсақ та, енді ұлттық мемлекет ретінде ұлттық мүддені алға шығаруымыз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Түркия құрылған кезде түріктер 30 пайыз ғана болған. Сол кезде Ататүрік «Бұл түріктер құрған мемлекет, сондықтан бұл жерде бәрі түрікше болады. Түрікше сөйлеген адам ғана – түрік» депті. Сондықтан да ұлттық мәселені ашып айту керек. Әрине, мәселе көп. Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керек. Ұлттық идеология салтанат құруы қажет. Бірақ қазір көшенің бәрі – қате, аударма тіл. Құжаттар орыс тілінде», – деді Дандай Ысқақ «Алдаспан» пікірсайыс клубының отырысында. Бұл Әзірбайжан елінің латын әліпбиіне көшуі барысында септігін тигізген дүние. Мысалы, әзірбайжанның зиялы қауым өкілдері тек әзірбайжан тілінде ғана сөйлеген, сондықтан осы тілде сөйлеу сәнге айналған. Осылайша тілі таза ұлттың латын әліпбиіне оңай көшіп кетуіне ықпал етті. Бұл пікірді жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы да қолдады. Жазушыға сұхбат алуға барғанымызда латын әліпбиі туралы пікірін де сұрадық. «Әсілі, бұл қазақ халқының болашағы үшін қажет дүние, тағы да жиырма жыл күтудің қажеті жоқ шығар, сірә» - деген еді. Осыдан кейін Бексұлтан аға латын әліпбиіне көшпес бұрын, қазақ тілінің емлесін жөндеп алу қажеттігін қадап айтты. Онсыз басқа әліпбиге көшсек, қазақ тілінің әуезділігі, үндестік заңы арқылы жасалатын жалғауларын жоғалтып алуымыз мүмкін. «Жан-жағы шашылып, біріне-бірі үйлеспей жатса не болады? Мысалы, қазақ тілінде «ми», «милы» деген сөз бар. «М»-дан кейін «и» жазып, «мый» деп оқылады. Ал «Ми» нотасын «ми» деп оқимыз. Неге бірдей жазылған сөзді екі түрлі оқуымыз керек? Әуелі емле жасап алып, одан кейін латынға аудару керек. Сонда қай әріпті қалдырып, қайсысын қосып алатынымыз анықталады», – деді.

Тіл емлесін түзету, қазақстандықтарды тегіс қазақша сөйлету сияқты мәселелермен қатар жер-су аттарын ауыстыру, жарнама мен мәтіндегі қатені жою жұмыстары тағы бар. Осы орайда тарихшы Талас Омарбеков әуелі жер-су аттарын ауыстырып алу – тәуелсіздіктің, тіл тәуелсіздігінің, ұлт тәуелсіздігінің белгісі деген ойымен бөлісті. «Бір мақаламда «Петропавл, Павлодар атауын ауыстыра алмай жүргеніміз, қазақтың әлі толық тәуелсіздік алмағаны» дегенді айтып едім. Болашаққа бастар жолда бірліктен айырылмауға тиіспіз», – деді. Қазірдің өзінде қазақ тілінің қолданысында сөзді орынсыз қолданудың салдарынан сөз қолданысы бұзылып барады. Мәселен, «барады ма, қалады ма?» деп жазады көпшілік. Дұрысы «бара ма, қала ма?». Тағы бір мысал. Әсіресе, қалалы жерлерде «орындықтан қалам құлап кетті» деп сөйлейді. Ал осының дұрысы «түсіп қалды», зат өздігінше құламайды, адам құлайды, жануар құлайды. Бірақ затты біреу итеріп құлатпаса, негізі «түсіп қалды» тіркесі пайдаланылуы тиіс. Тізе берсек мұндай тіркестер көп. Қалалы жердің тілдік қолданысын қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының тілімен салыстыруға келмейді. Ауыл қазағының тілі сол қалпында, орысша қоспасыз, құлаққа жағымды. Ауылдың қазақшасында техника мен индустрияландыру тілі араласпаған. Бір өкініштісі, көпшілік техника тілінен қалып қалмау үшін ағылшындар қолданатын 26 әріппен таңбалауды құп көреді. Айтуларынша, бұл экономикалық шығынға жол бермейді. Сонымен қатар қазақ тілі дамып кетті деген тұжырымдар да айтылады. Бұған латын әліпбиін зерттеуші Әлімхан Жүнісбек мақаласында мынадай дәйекті жауап қайтарады. «Қазір «қазақтың тілі дамып кетті» деген пікірді жиі естимін. Қазақ тілінің дамығаны – тек лексикасы ғана. Дыбыс дамыған жоқ. Керек десеңіз, қазіргі дыбыс Орхон жазуындағы дыбыстармен тең» деген еді.

«Қазақ тілі әлемдегі бай тіл» дейміз. Бірақ экономикалық шығындарға бола қазақ тілінің бар дыбысын ағылшындар қолданып жүрген 26 әріппен таңбалай салсақ, байлығымыздан не қалады? Еріксіз төл дыбыстардан айрылып, қазақ тілінің келешекте орысшаланған бір нұсқасы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін...



Баға беріңіз