Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Рухани жаңғыру: Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі

5.5.2017 4086
Қазіргі Қазақстан қоғамының дағдарыс заманында жаңаруы мен жақсаруы, болашақ мақсаттарға жетуі – ең алдымен елдің бірлігіне және сол елдің бірлігін қалыптастыратын елдің рухани мәдениетіне байланысты. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» делінген.

Қазіргі таңда Қазақстан қуатты да табысты мемлекет болғандықтан мемлекеттік тілдің биік тұғырға көтерілуі маңызды болып отыр. Өйткені қазақ тілі қазақ халқының ұлттық рухани байлығын көтеріп, қоғамдағы ұлттық сананың орнын белгілейді. Тіл – адамдардың ісі мен әрекетінің барлық саласында, өндіріс пен экономикалық қатынастар саласында, қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста, саясат пен мәдени салада бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін негізгі құрал екені белгілі. Ана тілі арқылы ұлттық руханиятымызды, мәдени мұраларымызды, материалдық құндылықтарымызды келешек ұрпаққа жеткізу – қазіргі қоғамның басты міндеті. Демек, бірлігі бар елдің тіршілігі жалғасып, сөйлеген сөзі, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз болғандықтан халықтардың өзара түсіністігін, достығын қамтамасыз ететін факторлардың бірі болып табылады.

Онда моральдік, адамгершілік және рухани құндылықтар көрінеді. Қандай ұлт, ел болмасын, оның тілі, жазуы дамымаса, ол халық ретінде де алға шыға алмайды. Елдің рухани байлығы мен бірлігін сақтаудың аса маңызды факторларының бірі – әлеуметтік лингвистикалық ғылыми зерттеулер, практикалық іс-шаралар жасау.

2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050 Стратегиясында халқына жолдауында елбасымыз: «2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» делінген. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деп нақты айтқан. Осыған байланысты соңғы кезде баспасөз беттерінде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы амал-тәсілдерді жиі кездестіреміз.

Осы мәселенін тарихына келетін болсақ, 1992 жылы Түркияда халық-аралық конгресс өткен болатын. Оған ыдыраған Кеңес мемелекетінің түркі тілдес халықтарды шақырылған. Күн тәртібінде бірнеше мәселелердің ішінде ең басты және негізгі мәселе түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру болды. Бұл конгресске А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан академик Әбдуали Қайдар қатысып, елге оралғаннан кейін өзінің алғашқы қазақ жазуы латын қарпіне көшіру жобасын ұсынды. Сонан бері 20 жыл өтіпті. Бұл проблеманы 1995 және 2006 жылдары Қазақстан халық ассамблеясының сессияларында елбасымыз қайтадан көтерген.

Қазақстандықтар бұл ойға үйренгенше біздің көрші-ағайындар: өзбек, әзірбайжан, түрікмендер латын жазуына көшіп алды. Кәзіргі кезде біздің жас мемлекетіміз өсіп, нығайып, әлеуметтік және нарықты реформалардың өркендеуі арқасында тұрақты және дамыған мемлекетке айналды. Енді латын жазуына көшу проблемасы қайтадан өмірдің күн тәртібіне енді. Латиницаға көшу мәселесі көпәспектілі және тарихи маңызды проблема. Бұл мәселені ойдағыдай шешу үшін елдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік, тарихи-мәдениеттік, жағдайларды да ескеру керек.

Қоғамдағы саяси-әлеуметтік, экономикалық жетістіктер халықтың санасын, намысын оятып, жаңа табыстарға жетелейді. Соңғы кезде қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде көтеріліп, оның ықпалы өзіміздің отанымызда да, шетелдерде де өсті. Шетелдік қазақтар өздерінің Қазақстанда тұратын отандастарымен қатынасқанда, қазірдің өзінде латын жазуына негізделген ақпараттық жүйелерді қолданады. Жастардың көбісі латын әліпбиін қолданатын шет тілдерін білуге ынталы, қоғамның компьютеризациясы, интернеттің қолданылуы, батыс мәдениетінің теледидар, кино арқылы ықпалы, еуропалық сапа, талап - осының бәрі біздің қоғамымызды латын әліпбиіне итермелейді.

Өзінің әдет, машық және өмір сүру дағдысына байланысты, әр қоғам мүшесі латын әліпбиін өзінше үйрене алмайды. Сондықтан, адамдарды қайтадан оқыту, бұрынғы стереотиптерді бұзып, оларға жаңа әліпбиді меңгеру әрине оңай емес. Бұл жағдайда қоғамның ең саналы бөлігі, өзінің рухани байлығына, азаматтық борышына және әрқырлы біліміне байланысты қазақ интеллигенциясы осы идеяны алға тартып, латын әліпбиіне негізделген жазуға көшу проблемасын насихаттау керек.

Латын графикасына көшкенде жаһаңдану процесіне және озат технологияға сәйкес біздің қоғамымызға әлемдік ақпараттық кеңістікке кіруге мүмкіндік ашылар еді. Кейбіреулердің пікірлері бойынша, әліпбиді өзгерткенде Ресейден және ресейлік мәдениеттен алшақтап кетеміз және кириллицаға негізделген рухани байлықтарымызды жоғалтамыз дейді. Біздің ойымызша, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кең мемлекеттік шекара және біздің ағайындық, достық байланыстар терең де тығыз болғандықтан ондай қауіп жоқ деп айтуға болады. Болашақта орыс тілін оқып, жақсы білетіндер, кириллицаны меңгергендер білімді, оқыған адамдардың қатарына қосылады. Олар орыс тілінде кирилицаға негізделген әлем ғылымының, мәдениетінің барлық салалары бойынша жарық көрген дүниелермен қатар кириллицада жазылған өзіміздің рухани, әдебиет байлығымыздан еш уақытта қол үзбей, оны оқи алатынында ешбір күмән жоқ. Сондықтан, өзіміздің ұлттық-мәдениеттік байлығымыздан біз ешқашан бас тартпаймыз. Кәзіргі кезде шет тілдерді білу қажеттілігі өскенде және жалпы компьютеризацияға байланысты Ресейдің өзінде де кейбір лингвистикалық орталықтарда кириллицадан латиницаға көшу мәселесі қарастырылып жатыр.

Осы замандағы жас ұрпағымыз үш тілді болса (президентіміздің талабы) сонда ғана олар біздің мемлекетімізді әлемдік аренада ұтымды көрсетедіжәне еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашылады. Біздің жастарымыздың потенциалы өте жоғары, сондықтан да біздің студенттер мен мектеп оқушылары әр уақытта әлемдік олимпиада, байқауларда жүлделі орын алып келеді. Өмірдің жаңа жетістіктерін жастар бірден қабылдайды және әлемдік кеңістікте болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп алады. Қазірдің өзінде ұялы телефон, компьютер, интернетпен жұмыс істегенде латын алфавитін кеңінен қолданады. Сондықтан латын графикасына көшу мәселесі өте орынды және өзекті болып отырғанын көреміз.

Латын графикасына көшу мәселесін бірінші болып бір ауыздан қолдаған ғалым-тілшілер, өздерінің мамандығына байланысты бұл идеяның қажеттілігін жақсы түсінеді. Қазақ тілінің мемлекеттік статусына лайық қолдануы, жаһандану процесі мен өмірдің компьютеризациясы және ақпараттық технологиялары – осының бәрі латын графикасына көшу мәселесінің маңыздылығын арттырады. Қазіргі таңда жаңа әліпбидің оншақты жобалары ұсынылған. Қазақ әліпбиін кирил графикасынан латын графикасына сәтті және ойдағыдай көшіру үшін жазу-оқудың сабақтастылығын, сәйкестілігін, оңайлығын, жеңілдігін, пара-парлығын ескеру қажет. Барлық жобаларды талқылау және сараптау нәтижесінде қорытындысын фонетика мен фонологиядан және орфография мен орфоэпиядан хабардар тілшілер айту керек.

Әліпби реформаның практикалық мәні зор. Қазіргі қазақ әліпбинің 42 әрпінен ғөрі мектептегі оқушыларға 26 латын әріптерін меңгеру оңайырақ. Еуропа тілдерінде олардың фонологиялық жүйелерінің даму нәтижесінде фонемалардың саны әріптермен салыстырғанда көбейген. Мысалы, француз тілінің фонетикалық жүйесінде 35 фонема, ағылшын тілінің құрамында 44 фонема бар. Осы көптеген фонемалар тек 26 латын әріпімен беріледі. Ал қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде 28 төл фонема 42 әріппен беріліп жүр. Сондықтан біздің кішкентай отандастарымызға еуропалық балалармен салыстырғанда өзінің ана тілін үйреніп алу оңайға соқпайды. Француз тілінде а әрпі үш фонема арқылы беріледі: а – тілалды, а – тіларты және а – мұрынды. О әрпі үш фонемаға сәйкес келеді: о – ашық, о – жабық және о – мұрынды. Е әрпі де үш фонемада көрініс табады: е – ашық, е – жабық және е – мұрынды.

Ең жақсы әліпбиде бір әріпке бір фонема сәйкес келеді деген пікір таралған, дегенмен фонемаларды осылай таңбалаған үнемдеу принципіне қарсы шығады. Тілші-ғалымдар үнемді әліпби құрудың амалын іздеп, фонемалар мен графемаларды сәйкестеңдіру үшін математикалық формулаларды ұсынған болатын. Орыс тілінде әліпбиді үнемдеу үшін дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішке айырым белгілері қасында тұрған дауысты дыбыстар арқылы беріледі. Бұндай орыс жазуының орфографиясы силлабикалық жазу деп аталады. Орыс тіліне сәйкес дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішкелігі силлабикалық принципімен берілуі өте қолайлы, әйтпесе жіңішке дауыссыздарды көрсету үшін тағы біраз жаңа әріптер енгізу керек болар еді. Дауыссыздардың жіңішкелігін белгілеу үшін бес жіңішке дауыстыларды (я, ю, е, е, и) пайдалану графикалық тәсілдерді үнемдеу принципіне сәйкес келеді, бұл тек жазуда ғана емес, компьютерлік теруде де қолайлы. Орыс тілінде жуан және жіңішке дауыссыздар бір сөздің құрамында алмасып отыратыны белгілі.

Қазақ тілінде дауыссыздардың жуан-жіңішкелігінің фонологиялық мәні жоқ. Салыстырыңыз: орыс тілінде кон-кон', мол-мол' сөздерінде жіңішке белгі дауыссыз фонемалар сөздердің мағынасын ажыратып тұр. Қазақ тілінде тан, тән, тыс, тіс деген сөздерде олардың мағынасы дауыссыздардың қасында тұрған жуан-жіңішке дауыстылар арқылы ажыратылып тұр.

Қазақ тілінде үнемдеу жазуды алғаш рет ұсынған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұрсынов еді. Сингармонизм заңы бойынша, қазақ сөздері бірыңғай жуан я бірыңғай жіңішке айтылатыны белгілі. Сөздерді бірыңғай жіңішке айту үшін олардың алдында ғалым дәйекше деген таңбаны (белгіні) қолданған. Қазақ әліпбиін үнемдеу жайында қазақ филологиясының алғашқы профессоры Құдайберген Жұбанов та жазған. 1935 жылы ғалым қазақ әліпбиін және орфографиясын өзгерту жайында жоба ұсынған болатын, жазуды үнемдеу мақсатында дауыстылар мен дауыссыздарды азайттып, бірнеше фонеманы бір әріппен таңбалауды көздеген.

Әр тілдің әліпбисі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфография қағидаларымен өтеледі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда фонологиялық және орфографиялық заңдылықтарды ескеру керек.

Қазақ тіліндегі орфографиялық, фонетика-фонологиялық заңдылықтарға сәйкес жаңа жобаны ұсынғанда, тілдің тарихын, оның диалектикалық дамуын ескеру қажет. Әр тілдің фонетикалық құрылымының дамуы оның үнемі жетілген дыбыс жүесінің нәтижесі болып табылады. Барлық тілдерге тән әмбебап фонологизация құбылысының нәтижесінде фонемалардың аллофондары дербес фонемаға айналады. Қазіргі қазақ тілінің фонетикалық жүйесі даму үстінде, оған ішкі (лингвистикалық) және сыртқы факторлар да әсер етеді. Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі бір жағынан орыс тілінен келген фонемалар арқылы, екінші жағынан фонетикалық жүйенің өзінің ішкі заңдылықтары арқылы байыды: фонемалардың вариациялары синтагматикалық осьтен парадигматикалық оське айналады. Фонемалардың қалыптасуы тіл мен ойдың дамуымен байланысты, тілдің жаңа ұғымымен және лексикасымен толығып, және көршілес мәдениет пен өркениеттің ықпалымен байиді.

Батыс еуропа тілдерінің әліпбиіндегі әріптердің саны 26 – ның о жақ бұл жағында. Мысалы, ағылшын және француз тілінде 26 әріп. Бұл тілдер фонологиялық жүйелері дамыған тілдерге жатады: бір әріптің өзі бірнеше фонеманы қамтиды. Итальян тілінің алфавиті 21-ақ әріп. Бұл еуропа тілдерінің ішіндегі ең шағын әліпби. Қалған әріптер тек кірме сөздерде пайдаланады. Испан тілінің әліпбиі 27 әріптен тұрады. Негізгі әріптеріне Ñ дауыссызы қосылған.

Неміс тілінің орны бөлек, картаға қарасақ, Алмания (Германия) батыс еуропа мен шығыс еуропаның аралығында орналасқан. Неміс әліпбиінің негізгі әріптеріне 3 умлаут және 1 лигатура қосылған. Сонымен әріптердің саны 30-ға жеткен. Фонемалардың умлаут аллофондары өзінің позициялық тәуелділігінен құтылып, дербес фонемаларға айналып, фонологизацияланып, графемаға сәйкес келген.Тілдің даму барысында фонологизация құбылысының нәтижесінде фонемалардың саны өскен.Батыс еуропа тілдерінің латын графикасында жазу ескерткіштері 7-9 ғасырларда, ал шығыс еуропа тілдерінің латын графикасы негізінде жазуы 15-16 ғасырларда пайда болған. Негізгі 26 латын әріптері батыс еуропа тілдерінің жазуында қолданылды.

Латын графикасына негізделген шығыс еуропа тілдерінің жазуы модификацияланып, өздерінің спецификалық дыбыстарына сәйкес жаңа графемалармен толықты. Жаңа графемалар көбінесе диакритикалық таңбалар арқылы жасалды. Сондықтан шығыс еуропа тілдерінің әліпбиінде әріптердің саны көбірек. Демек, батыстан шығысқа қарай әріптердің саны көбейгені байқалады. Шығыс еуропа тілдерінің әліпбилері шамамен 30-40 әріпті қамтиды. Румын, молдован тілдерінің әліпбилерінде 31 әріп; поляк, литва, эстон тілдерінің әліпбиі 32 әріптен тұрады; латыш тілінің әліпбиі 33 әріпті қамтиды; венгр, чех тілдерінің әліпби құрамында 40, 42 әріп бар.

Мысалы, латыш тілінде негізгі латын әліпбиінен4 әріп (Q, W, X, Y) алынбаған, оның орнына өздерінің спецификалық дыбыстарын белгілеу үшін 11диакритикалық таңбалар арқылы берілген әріптер (Āā, Čč, Ēē, Ģ ģ, Īī, Ķķ, Ļļ, Ņņ, Šš, Ūū, Žž) қосылған. Соның нәтижесінде әріптердің саны 33-ге жеткен. Дауыстылардың созылыңқы жұптарын көрсету үшін макрон деген әріпүсті диакритикалық таңба қолданылған. Дауыссыздар әріпүсті және әріпасты диакритикалық седиль және бревис таңбалары арқылы берілген.

Түрік тілінің әліпбиі 29 әріпті қамтиды. Соның ішінде тек түрік тіліне тән 6 әріп (Çç, Ğğ, Iı, Öö, Şş, Üü) диакритикалық таңбалары арқылы берілген, негізгі латын әліпбиінен 3 графема (Q, W, X) алынбаған. Дауыстылардың жіңішке жұптары әріпүсті умлаутдиакритикалық таңбамен берілген, дауыссыздарды әріпүсті және әріпасты диакритикалық седиль және бревис аңбалары көрсетеді.

Әзірбайжан тілінің әліпбиі 32 әріптен тұрады. Негізгі латын әріптерінен бір-ақ W әрпі алынбаған, 7 графема қосылған. Әзірбайжан тілінің фонологиялық жүйесіне тән төл фонемалар диакритикалық таңбалар (Çç, Ğğ, Iı, Öö, Şş, Üü) арқылы және кеңейтілген латын әліпбиінде қолданатын Ә әрпімен берілген. Дауыстылардың жіңішке жұптары умлаут диакритикалық таңбамен көрсетілген, дауыссыз дыбыстар кеңінен қолданатын седиль және бревисдиакритикалық таңбалармен белгіленген.

Келтірілген шығыс еуропа (латыш) және түркі (түрік, әзірбайжан) тілдеріндегі әліпбилерінің тәжрибесі ескеріліп, қазақ әліпбиінің 31 әріптен тұратын жобасы ұсынылады. Негізгі латын әріптерінен 3 таңба (С,W, X) алынбай, өзіміздің 7 спецификалық фонемалар диакритикалық таңбалар (Ää Ğğ, Iı, Öö, Şş, Üü, Ûû) арқылы белгіленіп қосылады. Дауыстылардың жіңішке сыңарылары умлаут диакритикалық таңбалар арқылы беріледі. Ü-ның жуан сыңарын Û (ұ) көрсету үшін әріпүсті циркумфлекс диакритикалық таңба ұсынылады. Дауыссыздар еуропа және түркі тілдерінде кеңінен қолданатын седиль және бревис таңбаларымен көрсетіледі.

Қазақ тілінің төл фонетикалық жүйесіне кірмейтін орыс тілі арқылы грек, латын тілдерінен келген халықаралық сөздерде кездесетін <ф> фонемасы сол орыс тілінің өзінде де көпке дейін қабылданбай, бөтен, жат дыбыс болып келген. Сондықтан <ф> фонемасынан басталатын сөздер орыс тілінде мүлде аз, бірнеше сөздер фабрика, фирма, фильм дегендер еуропа тілдерінен келген. Орыстың кейбір деревнялық говорларында [ц, ч] аффрикаттарының орнына [с, ш] дауыссыздары айтылады: птица, курица, конец деудің орнына птиса, куриса, конес десе, чай, чисто, ночь дегенді шай, шисто, ношь дейді, себебі аффрикаттар төл славян тілінде қолданылмаған және <в> ~ <ф>; <с> ~ <ц>; <ч> ~ <ш> деген фонологиялық оппозициялар болмаған, олар фонологизация құбылысының нәтижесінде орыс тілінің фонетикалық жүйесіне кейінірек енген.

Сонымен, фонема тарихи дамып, өзгеріп тұратын бірлік. Қазақ тілінде оның парадигматикасында ц, ч және ф, в фонемалары жоқ, олар с, ш және п, б фонемаларының вариациялары ретінде физикалық дыбыс болғандықтан тілдің синтагматикасында кездеседі. Қарастырылған аллофондар жиі қолданыста болғандықтан фонетикалық заңдылықтарға бағынып, адамдардың артикуляторлық аппаратына икемделген. Сонымен, в және ф дауыссыздарды дәстүрлі v және f латын әріптерімен таңбалауға болады.

Қазіргі кезде дау тудырып жүрген и мен у кірме әріп-дыбыстар. Бұл дифтонгоид дыбыстар ый, ій, ұу, үудыбыс тіркестерінен тұрады. Кирил әліпбиіне көшкенде аталмыш дифтонгоид дыбыстар әріптерді үнемдеу принципіне сәйкес оларды и мен у таңбаларымен белгілейтін болды.

Тіл иелері бұл дыбыстарды дифтонгоид фонема ретінде қабылдайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленіп, адамның санасына еніп, фонологизация құбылысына бағынған.

Сөздердің құрамында осы әріптер болғанда біз ойланбай-ақ игілік,инабат, иман, институт, университет, кино деп жазамыз, транскрипцияда олар былай жазылады ійгілік, ыйнабат, ыйман, ійнстійтүут, үунійверсійтет, кійно. Латын әліпбиіне көшкенде, біздің ойымызша, жазуда сабақтастылықты, оңайлықты және жеңілдікті сақтау қажет.

Жас және орта ұрпақ дәстүрлі кирил әліпбиінде өсіп қалыптасқандар осындай жазуды қолдайды, ал жетпістен асқан ақсақалдар бұрынғы латын әліпбиін пайдаланғандар транскрипциялық жазуды, яғни дыбыстардың бәрін белгілеуді алға тартады.

Бұл әлеуметтік лингвистиканың факторы дау тудырып, қорытынды жобаны таңдауға кедергі жасайды. Бірнеше ұрпақ тұратын бір отбасының өзінде де кейде бірізділік болмайды. Сондықтан латын әліпбиіне көшкенде ғылыми-лингвистикалық негіздемелермен қатар экстралингвистикалық, әлеуметтік факторларды да ескеру қажет.

Қазіргі таңда, біздіңше, екі жобаға назар аудару керек. Бірінші - лингвистикалық жоба, екінші – интернет жоба. Бірінші жоба – дәстүрлі жоба, шығыс еуропа тілдерінде, түркі тілінде, азербайжан тілінде қолданылады. Өзіміздің спецификалық дыбыстар диакритикалық таңбалар арқылы көрсетіледі: жіңішке дауыстылар әріпүсті умлаут, дауыссыздар әріп үсті бревисжәне әріп асты седиль таңбалар арқылы беріледі. Сонымен, дыбыстардың саны 31, 32 жетеді.

Екінші жоба – интернет жоба. Бұл жоба компьютердің клавиатурасына негізделген. Қосымша әріп керек емес. Жіңішке дауыстылар апострофпен беріледі. Дауыссыздар диграф арқылы таңбаланады.Жобаның екеуінің де артықшылығы мен кемшіліктері де бар.

Лингвистикалық жобаның артықшылығы:

1. Бір дыбыс бір әріппен таңбаланады.

2. Шығыс еуропа және түркі тілі мен азербайжан тілдерінің әліпбилеріне жақын.

Кемшілігі:

1. Диакритикалық таңбалар арқылы берілген әріптер компьютердің клавиатурасын өзгертеді.

2. Оған қосымша финансирование және уақыт керек.

Интернет жобаның артықшылығы:

1. Компьютердің клавиатурасы сол күйінде қалады (26 әріп).

2. Ағылшын тілін үйретуге және халықаралық коммуникацияға кіруге оңай.

Кемшілігі:

1. Бір дыбысқа бір әріп сай келеді деген принцип бұзылады.

2. Диграфтар қазақ жазуын ұзартады.

Тілшілер, қазақ тілінің мамандары, бірінші жобаны қолдайды. Қоғамның басқа өкілдері екінші жобаны қолдайды. Өзбектер 1993 жылы лингвистикалық жобаға көшті, ал 1995 жылы интернет жобаны қабылдады.

Оқытушылар, оқушылар, студенттердің арасында жүргізілген әлеуметтік сұрау негізінде, олардың әліпби реформасына тілектері мен талаптары бойынша, ұсынылатын жаңа әліпби жеңіл меңгеретін және қолайлы болуы керек.


Тегтер: қазақ тілі, латын әліпбиі, алфавит, таңба, ғалымдар пікірі

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

242

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

281

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

348

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?