Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа-Пресс» қоғамдық қоры «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобас...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 сәуір, 2017

Байқауға Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткен байқаулардың жеңімпаздары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 18-35 жас аралығындағы 15 талапкер қатысты.

Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде талапкерлер қазақ жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Келесі кезеңде белгілі ақындардың поэзиялық шығармаларын мәнерлеп оқып, шеберліктерін танытты.

Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық және оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қазалы ауданындағы №11 «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі Рита Аралбаева жеңіп алды. Қармақшы ауданындағы №279 орта мектептің шаруашылық меңгерушісі Көркем Айгелдиева мен «Болашақ» университетінің студенті Қымбат Тоқтанова жүлдеді орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Жандос Жантөре, Қызылорда облысының статистика департаментінің жетекші маманы Ермек Нұрмаханов, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті Наргиз Абдрашитовалар арнайы номинацияларды иемденді.

Айта кетейік, облыстық байқаудың жеңімпазы Рита Аралбаева Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай өтетін республикалық байқауға жолдама алды.


Баға беріңіз