Сауатты жазу – біліктілік өлшемі

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында «Біздің заманымыз – жазу заманы. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білу, сөз қандай орында қалай өзгертіліп, қалайша біріне-бірі қиюласып, жалғасат...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 сәуір, 2017

Көпшілікке топырақ шашудан аулақ­пыз, әйтсе де соңғы жылдары мектеп оқу­шысынан бастап қызмет атқарып жүр­ген азаматтарға дейін сауаттылыққа мән беруді қойған секілді. Ондайлардың қатары артып келе жатқанын мойындауға тура келеді. Неліктен? Кім кінәлі? Мұғалім бе, әлде тек жаттауға ден қойғызған ҰБТ ма? Мұның бір ұшы мектеп қабырғасында оқытудың практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбеуінде, яғни теориялық білімді тәжірибеде қолдануға машықтанудың әлсіздігінде екені айтпаса да түсінікті. Оқу орнында алған білім мен біліктің тиянақсыздығы, жаттығу жұмыстарына үстірт қараудың салдарынан функциялық сауаттылықтың ақсап жататыны, өкінішке қарай, өмір шындығына айналып отыр. Соңғы кездері әлеуметтік желілердегі жаппай сауатсыздық пен жауапсыздық туралы да жиі айтылып, жазылып жүр. Солардың бірі Айнаш Есалидің «Нестеватсын? – Ой­навотрм» атты мақаласы екені есімізде («ЕҚ», 10 қаңтар, 2014ж.). Сауатсыздыққа бо­­йымыз үйреніп, оны кемшілік санамай жү­ре берудің соңы жақсылыққа соқпасы аян.

Бұл – әлеуметтік дерт деуге келетін, кесірі мол келеңсіздік. Қателерге көз жұма қарай берсек, беті аулақ, жазу мә­дениетінен айырылған елге айналары­мыз хақ. Бүгінде мектеп оқушысы бол­сын, еңбек өтілі бірнеше жылды құ­райтын маман болсын, қажетті материалды ғаламтордан алады да, оның мән-мағынасы, мазмұнына бойламай-ақ пайдалана салады. Ойлау, жинақталған материалды зерделеп талдау, өз пікірін қосу, қорытынды жасау, қатесін түзету қаперіне де кіріп-шықпайды. Осылайша қанағат тұтып үйренген жан оның дұрыс, яки бұрыс екеніне көз жеткізуді жөн көрмейді. Әріптестеріміз жазған баяндама, оқу-әдістемелік құрал­дарында, құрастырған есеп және өзге де материал­дарында қатеден көз сүрінеді. Тыныс белгілерін былай қойғанда, жазған дүниесінде орфографиялық, стилис­тикалық қателерді жиі кезіктіресіз. Сал­ғырттық емес, білместіктің салдары болса керек. Өзге тұрмақ, қазақ тілі пәні мұғалімдерінің өздері жазуда қателікке ұрынады. Басқаларға не ж­о­рық?! Қате жазу маман әлеуетіне, оның деңгейіне нұқсан келтіретінін көп­шілік естен шығарып алған сыңайлы. Алдымен мұғалімнің өзі сауаттылық мәселесін ұдайы назарда ұстап, оны оқу-тәрбие үдерісінде, одан тысқары уақытта дамытуға әрдайым көңіл бөліп жүргені абзал. Өкініштісі, бұл сөз жүзінде қалады. Мұндай қателер арагідік болса да, ел болып оқитын газет, журнал, тіпті кітаптарда кетіп жатады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, аты-жөндерін атамай-ақ түрлі деңгейдегі мерзімді басылым беттерінде жария­лан­ған материалдардан бірер дәйек кел­тірейік. Редакциялар корректорлық қысқартуға ұшыраған ба деген ойға қаласың. Мәселен, «Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың дамуы қарсаңында оқу үрдісінде жаңа технологияларды енгізу тұлғаның ізденушілігін арттыра түсуде» деген сөйлемді алайық. Біріншіден, «ғылым мен техниканың дамуы қарса­ңында» деген тіркес оңашаланған мүше ретінде екі жағынан үтірмен ажыратылуы тиіс еді. Екіншіден, әлем, оның ішінде Қазақстан, ғылым мен техниканың дамуы қарсаңында тұрған жоқ, бұлар қарыштап даму үстінде, демек, стильдік қатеге жол берілген. Үшіншіден, «процесс – үдеріс, тенденция – үрдіс» болып аударылып жүр. Дұрысы – оқу үдерісі. Жазуда қатенің жіберілу себептері көп. Бұл – бөлек тақырып. Оны қаузамай-ақ, келесі кемшіліктерге келейік. Жуан қаріптермен теріліп, «Елі сыйлаған, елін сүйген Елбасы» деп жазылған тақырып бадырайы­п көрініп, бірден көзге түсіп тұр. Оқудан қол үзіп, жаңалық тыңдамайтын адам, әрине, «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» деген тіркестің өте жиі қолданылатынын, тіпті осылайша аталатын кітаптың барын білмеуі әбден мүмкін. Бірақ мұны жазған мұғалім ғой. Сол секілді «№13 бала-бақшасында» де­генде дефис қойылмауы тиіс. Және мұнда тәуелдік жалғаудың да қажеті жоқ. Салыстырайық: №10 мектеп, №33 кабинет. Тәуелдік жалғауды тықпалай беру әдетке айналғандай. Әсіресе, орыс тілінен аударылған сөз­дерге тәуелдік жалғауды қосып жа­зу етек алған. Бұған дәлел ретінде кафе, насосы, стоматология сөздерінің қа­тарына қазақша баламасы ретінде кафесі, сорғылары, стоматологиясы деп жазылғанын күнделікті көріп жүрміз. Айтпақшы, асты сызылған сөз «бала бақша», «бала-бақша», «балабақша» болып үш түрлі жазылып жүр. Дұрысы – соңғысы. Дефис дегеннен шығады, көпшілік бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаны да ескере бермейді. Иә, тізе берсек, қателер бастан асады. Мұғалім, тәрбиеші ретінде мықты да шығар, бірақ сауаттылық маман әлеуетінің, оның қабілет деңгейінің маңызды көрсеткіштерінің бірі емес пе?! Көпшілік жиі қателесетін сөздердің бірқатарын сол қалпынша кел­тірейін: бей-жай, мекен-жай, кез-келген, алдын-ала, ат салысу, әр түрлі, таңқалу ( таң қалу)... Дұрысы: бейжай, мекенжай, кез келген, алдын ала, атсалысу, әртүрлі, дүниежүзі, таңғалу. Қатенің болу себебі бөлек тақырып десек те, сауатсыз жазудың бас­ты бірер себебін айта кетелік. Бірінші кедергі – теориялық білімнің таяздығы. Айталық, алдыңғы мысалдардағы бас­тапқы сөздегі «бей-» – сөз алдында жазылатын қосымша, қазақ тілінде приставка жоқ, әйтсе де өзге тілден енген «бей-», «на-» приставкаларымен жазылатын наразы, бейкүнә, бейқам, бейресми, беймәлім секілді сөз­дер соншалықты көп те емес. Ал, өзге мағынадағы «жай» сөзімен бірігіп жазылатын саяжай, әуежай, мұражай, жылыжай, жағажай, шипажай, сапаржай сынды атаулар қатары баршылық. Кейбіреулер ережені біле тұра, оны тәжірибеде қолдануға машықтанбағандықтан қателесіп жатады. Осы ретте Гетенің «Білген аз, сол біл­геніңді істе қолдана білу керек», деген сөзі тілге оралады. Дағды қайталау, жаттығу арқылы қалыптасады. Айталық, спортшы ұдайы сағаттап жаттығу арқылы жеңіске қол жеткізеді. Сол секілді пәнді жақсы түсіну, мәселеге, тақырыпқа бойлау, оны тәжірибеде қолдану арқылы қалыптасады.

Қатенің біршамасы сөз мағынасына тереңдемеуден айтылған ойды бағамдай алмаудан туындап жатады. Таяуда өзі жетекшілік жасап, оқушыларымен өткізген іс-шарасы жайында жазғанын қарап беруімді өтінген қазақ тілі маманының материалын оқығанда, естен кетпес бір қатеге қатты таңғалдым. Мәтіндегі «лөс­тірілді» сөзін сөйлемді қайтара оқып барып түсіндім, осы сала мұғалімі бола тұра, оның «үлес» сөзінен туындайтынын, «үлестірілді» болып жазылатынын білмегеніне налып, оқушыларын аядым. Тіпті кейбіреулер жанынан жаңа сөз ойлап табуға құмартып тұратынын қайтерсің. Таяуда республикалық бір басылымнан «өзбетті» сөзін кезіктірдім. Автордың бір материал көлемінде үш рет қайталаған осы сөзінің мағынасын сөйлем ішінде аңғарғаныммен, қабылдай алмадым. Соңғы деректерге сүйенсек, халықаралық «Жаппай диктант» шарасы бір уақытта әлемнің 45 елінде нәтижелі өткізіліп келеді екен. Бұл білім акциясының міндеті – адамдарды сауаттылық туралы ойландыру және сауаттылығын арттыруға ынталандыру. Соңғы жылдары елімізде де жаппай диктант жазу қолға алына бастады. Мәселен, Қарағанды облысында мыңдаған адам «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналған шара аясында жалпықазақстандық диктант жазғанын газеттен оқыдық (Қайрат Әбілдинов, «3000 адам диктант жазды, «ЕҚ», 10 маусым 2016). Жамбыл облысында 700-ге жуық онлайн режімінде диктант жазған қызметшінің 447-сінің (67%-ы) «2» деген баға алғаны да біраз жайтты аңғартса керек. Пайымдауымызша, функциялық сауаттылықтың төмендігіне адамдардың логикалық ойлау қабілетінің кемшіндігі де себеп болып отыр. Сондықтан болар, бүгінде оқушыны дұрыс ойлауға үйретудің маңызына мән беріле бастады. «Егемен Қазақстан» газетінде негізгі пәндерден оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға бағытталған тапсырмалар үлгісінің жұртшылық назарына ұсынылуы әбден құптарлық, септесіні мол бастама деп санаймыз. Шынында да, ел болашағы – жастардың қамын ел болып ойлағаннан ұтарымыз көп. Өскелең ұрпақпен қоян-қолтық жұмыс істейтін мұғалімдерге бұл тұрғыда серпіліс қажет. Бастысы, партаға алғаш отырған сәттен бастап-ақ кез келген тапсырманы түсініп орындауға, дұрыс талдап, дәлелдеуге, тұжырым жасауға үйрету. Мұның бір айғағы – биылдан бастап қорытынды аттес­­таттау мен ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша оқушының ана тілі мен әде­биеттен үш тақырыптың бірін таңдап, 3 сағат ішінде 250-300 сөзден тұратын эссе жазуы. Функциялық сауаттылықтың іс жүзінде, тәжірибеде орнығуына әрекет жасар шақ туды. Алғашқы қадамдар да жасалуда. Айталық, «Мемлекеттік қыз­мет туралы» жаңа заңға сәйкес, соңғы кез­дері мемлекеттік қызметшілердің жазу қабі­летін эссе арқылы тексеру қолға алына бастады. Сондай-ақ, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалау қатарында жарияланымдарының болуының ескерілуі де тегін емес. Жыл сайын өткі­зілетін «Үздік педагог» рес­публикалық конкур­сына қатысу үшін де эссе жазу талабы қойылады.

Жазуда қателіктерге ұрынатын мамандар 2007 жылы жарық көрген «Орфо­графиялық сөздікті», академик Рәбиға Сызды­қованың «Емле және тыныс белгі­лері» анықтамалығын басшылыққа алуы тиіс. Соңғы кітапты әлсін-әлсін парақ­тайтын жан «педагог», «психолог», «округ» сынды –ог, уг дыбыстарына аяқталған сөздерге қосымша жіңішке жалғанып, «психологтер», «педагогтік», «округтік» түрінде қолданылатынын, ал Әуезовтың, Қайраттыкі деген сөздердегі қатені бірден көзі шалып, ережеге сәйкес ы әрпінің орнына і жазылатынын айтқан болар еді. Өздігінен білім жетілдірудің маңызы зор. Әрине, қазақ тілінен сауатты жазу, сөйлеу турасында ұзақ толғауға болады. Әйтсе де, осы жазылғанның өзінен-ақ ой түйіп, кәсіби әлеуетімізді әлдендіруге ден қойған жөн.


Баға беріңіз