Жаңғырудың жаңа белесі

​Өзінің дамуында мемлекет болсын, ұлт болсын рухани жаңғыруды үнемі қолға алып отырмаса, онда жалпы дамудың бәсеңдейтіні, қоғамдық қозғаушы күштердің әлсірейтіні адамзаттың өркениетті тарихынан бел...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

13 сәуір, 2017

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның мемлекет ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру және осы мемлекетке атау берген қазақ халқының рухани әлеуетін күшейту үшін қашанда жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың орындалуына мән беріп тұрады. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазіргі кезеңдегі қазақ елінің бүгінін сараптап, ертеңгі бағытын айқындаған бағдарламалық еңбек. Біз осынау маңызды еңбектегі ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, интеллектуалды қоғам қалыптастыру сияқты мәселелердің аса өзекті екендігін сезіне отырып, олардың ішінде бір ғана мәселеге – латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталмақпыз. Елбасы таяу жылдардағы ең маңызды міндеттерді атап өтіп: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деді. Латын әліпбиіне көшудің, әлбетте, кейбір қиындықтар болады. Дегенмен, қиындықсыз өтетін реформа да болмайды. Мәселенің маңыздылығы ондай қиындықтарды еңсеруді қажетсінеді. Еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де тиімді боларлық мәселенің шешілуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасуда десек, сол ойлардың көпшілігі жаңа әліпби таңдауды қолдайды. Дегенмен, бұл бастамаға қарсы пікірлер де баршылық. Біз сол пікірлердің негізгі уәждеріне тоқталсақ.

Біріншіден, латын әліпбиіне көшсек, қазіргі жазумен хатқа түскен әдебиеттерді оқи алмай қаламыз, оларды жаңа әліпбиге көшіруге уақыт пен көп қаржы керек деген пікірлер де айтылып қалады. Жаңа әліпбиге көшкен сәттен бастап ондай әдебиеттер оқырмансыз қалмайды. Себебі, кирилше оқи білетіндердің буыны әлі де сан ондаған жылдар ондай әдебиеттерді қалағанынша оқи береді. Сонымен бірге, кирилше оқи алмайтындар, яғни мектепте сауатын латын әліпбиімен ашқандар он бір жыл оқып мектепті бітіргенше әлгі әдебиеттердің ең маңыздылары мен қажеттілері латын әліпбиіне көшірілетін болады. Сондай-ақ, үш рет әліпби ауыстырылған ХХ ғасырда қазақ баласының сауатсыз болып қалмағанын уақыттың өзі дәлелдеді емес пе?! Қазіргіден де қиын шақта сауатсыз болып қалмаған халқымыз бүгінгі білімі мен ғылымы, ақпараттық технологиясы дамыған дәуірде сауатсыз болмақ емес! Енді кейбір ағайындардың бұрынғы мұраларды білмей қаламыз дегеніне нақтырақ тоқталайық. Қазақ хандығы дәуірінен бері алсақ, онда біздің шамалауымызша, 650-700 томдық еңбектер жаңа әліпбиге бастапқы кезеңде көшірілуі тиіс. Қазақстанның қазіргі даму деңгейі үшін осы 700 том кітапты дайындау дегеніңіз аса үлкен шаруа емес. Қазір Қазақстан жылына екі жарым мыңнан астам атаулы кітап шығарады екен. Ендеше жаңағы 700 том дегеніңіз Қазақстанның 3-4 айлық баспа өнімі ғана. Бастапқы жылдарда осындай еңбектерді дайындап халыққа ұсынсақ, одан кейінгі жылдарда үдеріс мейлінше жылдамырақ қарқын алып, қалың көпшілік латынға көшкенімізге алғысын айтатын болады.

Екіншіден, латын әліпбиіне көшсек, онда қазақ тілін үйрену қиындайды дейтіндер де бар. Мәселе әліпби де болса орыстілдер 20 жылда кириллицамен тілімізді меңгеріп алар еді, ендігілері сылтау ғана. Тіл үйренуге талап білдіріп, шынайы мақсат қойған адам сол латын әліпбиі негізіндегі ағылшыншаны да, тіпті әліпбиі мүлдем күрделі делінетін қытай тілін де үйреніп алды ғой.

Үшіншіден, латын әліпбиін енгізсек жаһандануға тезірек бейімделіп кетеміз дейді базбір ағайындар. Бұл да соншалықты қауіп ететін себеп емес. Жаһандану заманында ұлттық келбетімізді сақтап қалу – әліпбиге байланысты емес, ол ұлттың дін, рух, намыс, тіл, дәстүр сияқты қасиеттерін жоғалтпай ұстануына байланысты. Сондықтан бүгінгі және келешектегі қазақ баласы өзінің ұлттық тамырларына аса берік болса біз мықты халық, іргелі ел, қуатты мемлекет болмақпыз. Латын әліпбиіне әлдеқашан көшкен өзбектер мен түрікмендер, әзірбайжандар бізден бұрын жаһанданудың құшағына еніп кетпегенін көріп отырмыз ғой.

Төртіншіден, қытай, жапон, корей, еврей, грузин, армян, грек жұрттары өз әліпбилерінде, олар латынға көшпейді, бірақ солар жұрттан қалып жатқан жоқ, сондықтан бізде қазіргі әліпбиде қала берсек деген сыңай байқалады. Әлгі аталған халықтардың әліпбилері олардың байырғы жазулары. Кирилл жазуы біздің қай атамыздан қалып еді, осы араны ажырата білген жөн. Одан да тереңірек білгіміз келсе ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ даласына келген алғашқы кирилл әліпбиі ғылыми ортада «Миссионерлік алфавит» деп аталады. Басында Ильминскилер тұрған осы миссионерлік алфавит - отарлау саясатымен славяндардан басқа халықтарға таңылған алфавит. Сондықтан да ол отарлық саясаттың қазіргі өміріміздегі «мұрасы». Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің болашақта үстем болатындығын айта келіп: «Осы контексте қазақ жазуының кириллицаның перифериялық нұсқасы болып отырған бүгінгі жағдайынан арылуымыз қажет» деген болатын. Ал латын әліпбиі бұл біздің тәуелсіз ел ретіндегі өзіндік еркін таңдауымыз. Бұл таңдау тіліміздің төл табиғатын сақтау, түркілік тұтастыққа жету, әлемдік ақпарат кеңістігіне ену үшін жасалған қадам. Ендеше бұл стратегиялық қадамның дұрыс – бұрыстығын емес, оны орайымен орындаудың амалдарын қарастырғанымыз абзал болмақ.

Бесіншіден, кейбір әріптестеріміз латын жазуына қарсылықтарын Ахаң бастаған Алаш зиялыларының латынға қарсы болуымен ұғындырғысы келеді. 1920 жылдардың орта тұсында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары латын әліпбиіне қарсы болғаны рас. Ахаңдар бізге мұсылмандықпен келген, исламның ізгі, иманды қасиеттерін дарытқан байырғы араб жазуын қалдыру үшін латын әліпбиіне қарсы болып, жаңа өкіметтің саясатынан қауіптеніп, қазақты араб жазуы арқылы ата дінінен ажырамаса екен деген тілекпен жаңаша жазуды қабылдағысы келмеді. Ахаңдардың араб жазуын қимауының жөні де, жайы да қисынды, ал біздің түбі миссионерлік саясатпен келген қазіргі жазуды қимауымыз тіптен қисынсыз. Сондықтан да мұнда Ахаңдардың қарсылығын емес, неге қарсы болған принциптерін мейлінше терең ұғынған жөн болар. Ал Ахаңның әліпби түзудегі керемет көрегендігі мен білгірлігі бүгінге де үлгі болмақ.

Қазіргі кезде қоғамның барлық саласы дерлік латын әліпбиіндегі таңбалармен жақсы таныс деуге боларлық. Айталық, мектеп оқушысы бастауыш сыныптан бастап-ақ латын әліпбиі негізіндегі ағылшын немесе француз, неміс тілдерін оқиды, одан жоғарылай келе бірліктері осы әліпбидегі физиканы, периодтық жүйесі латыншамен берілген химияны, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемінің атаулары тағы да осы әліпбимен таңбаланған биологиялық пәндермен танысады. Химиядағы Менделеевтің периодтық кестесі, физикадағы халықаралық бірліктердің СИ жүйесі, барлық математикалық шартты белгілер мен теңдеулер латын таңбаларымен берілген. Ендеше, орта мектепті бітіргендердің баршасы латын таңбаларымен әлденеше рет кездесіп, оларға көздері әбден үйреніскен. Бұған қоса, күнде тұтынып жүрген тұрмыстық заттарымыздың барлығы дерлік шетелдің дүниелері. Олардағы жазулардың баршасы да латын таңбаларымен жазылған. Соларды шатыспай-ақ баршамыз күнделікті таңбасын танып, қажетті тетігін басып қолданып жүрміз. Әртүрлі сусындар, киімдер, заттар атаулары да латын таңбаларымен берілген. Оларға да жалпы халықтың көзі үйренген. Бұларға қоса интернет ресурстарының адрестері тек латын таңбаларымен белгіленген. Қазіргі балалар мен жастар интернетті қолданғанда біз сияқты кирилл әріптеріне тұра жүгірмейді, негізінен, латын әріптерін пайдаланады. Бұлар аз десеңіз, көшедегі латын әріптерімен берілген қызылды-жасылды жарнамалардан көз тұнады. Яғни, қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан кімге де болса, латын әріптері етене таныс. Ал 1929 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшірілгенде халық дәл бүгінгідей осы алфавитпен таныс болды дей алмайсыз, сонда да сол заманда сауатсыз, мүлдем мақұрым қалған адам болмаған.

Енді латын жазуына көшкенде Қазақстан не ұтпақ, соларға келейік. Біріншіден, латын әліпбиінің өзіне келсек, онда бұл әліпби қазіргі жазуымыздан мейлінше жетілдірілген, ыңғайлы әліпби болмақ. Алдымен біз кезінде жазу емлесінде жіберілген орайсыздықтарды жөнге келтіреміз және қазақ тілі үшін тән емес басы артық дыбыстарды алмаймыз. Бас артық таңбалардан арылып, бұрынғыдай 42 емес, 26 бәлкім 28 немесе 29 таңбадан тұратын мейлінше ықшам, ыңғайлы әліпбиді таңдаймыз. Қазіргі кезде мамандар арасында қазақ тіліне тән ә, ө, ү, ұ сияқты дыбыстарды қалай таңбалаймыз деген пікірлер туындауда. Әліпби мәселесімен ұзақ жылдардан бері шұғылданып келе жатқан белгілі ғалым Әлімхан Жүнісбек өз нұсқасында оларды Ä ä, Ö ö, Ü ü,U u деп таңбалаған. Ал кейбір ғалымдар латын әліпбиіне мұндай қосымша таңбалар қоспай-ақ оларды қосалқы белгілер арқылы берейік дейді. Мәселен, ә-ні ае, ө-ні ое, ү-ні we деген сияқты. Біздің ойымызша, түпнұсқа латыншаға диакритикалық белгілер арқылы қосымша таңбалар бергенше бір дыбысты осылайша екі қосарлы таңба арқылы берген жөн сияқты. Бұл болашақтағы латын жазуы негізіндегі қазақ әліпбиінің халықаралық кеңістікке жылдам енуіне де мүмкіндік береді. Ендігі бір мәселе ф, в, ц әріптерін жаңа әліпбиге енгізу – енгізбеу мәселесі. Әлімхан Жүнісбектің нұсқасында бұл таңбалар берілмеген. Біздің ойымызша, егер аталған таңбаларды мүлдем енгізбесек, онда осы әріптер кездесетін тілімізге енген әртүрлі атаулар мен терминдерді жазуда қиындық туатын сияқты. Осы арада тілдің фонетикалық құрылымы да, оның лексикалық байлығы сияқты мейлінше жылдамырақ өзгеріске ұшырамағанымен, бәрібір эволюцияға түсетіні белгілі. Аталған таңбалар біздің фонетикалық жүйемізге әбден енген дыбыстарды таңбалайды. Оның бер жағында бұл таңбалардың латынша f, v нұсқалары бар, ал ц-ға келсек, онда көптеген халықтардың алфавитінде ол ts арқылы беріліп жүр, мұндай тәжірибе 1930 жылдардағы латын әліпбиімізде де қолданылыпты. Сонда Әлімхан Жүнісбек нұсқасына ф, в таңбаларын енгізсек, жаңа қазақ әліпбиі 28 таңбадан тұрмақ.

Екіншіден, бүгіндері жазудың ең тиімді құралына айналған, миллиондар пайдаланатын компьютердің түйметақтайшасын жетілдіреміз. Қазіргідей қазақ әріптері оңаша ауылдай шетте жайғаспай, көз бен қолға ыңғайлы тұсқа орналасатын болады. Яғни терудің тиімділігі артады. Сонымен бірге, миллиондар пайдаланатын интернетке ену үшін бүгінгідей біресе қазақ,біресе ағылшын таңбаларына ауысып отырмаймыз. Интернеттегі өзімізге қажетті сайттарды өз таңбаларымызбен – ақ ашу мүмкіндігіне ие боламыз да уақыт үнемдейміз. Үнемнің қай түрі болса да уақыт үнемдеуге апаратынын ескерсек, онда ұтарымыз көп болмақ.

Үшіншіден, біз бүкіл әлем тартылып жатқан ақпараттық кеңістікке енуді мейлінше һәм барынша жеңілдетеміз. Бұған интернет, халықаралық пошта, көлік тағы да басқа әлемдік қарым-қатынас құралдарын қолдану мейлінше жеңілдейді.

Төртіншіден, қоғамда көрнекі ақпарат, жарнама, түрлі тауарлар мен заттар, интернет арқылы өмірімізге әлдеқашан енген әліпбиді заңдастырамыз.

Бесіншіден, мемлекеттілігі бар түркі ағайындармен байланысымыз бұрынғыдан да арта түседі. Қазіргі кириллицаға негізделген қазақ әліпбиін тұтынатын түркітектес бауырларға келсек, онда біздің олардан әліпби жағынан алшақ тұрғанымыз аңғарылады. Төмендегі кестеге назар аударайық:

Түркі халықтары

Латын

Араб

Кириллица

Барлығы

Әзірбайжандар

9,6 млн.

25 млн.

1,2 млн.

35,8 млн.

Алтайлар

-

-

75,0

75,0

Балкарлар

24,0

-

156,0

180,0

Башқұрттар

200,0

-

1,8 млн.

2 млн.

Ғағауыздар

160,0

-

50,0

210,0

Сарыұйғырлар

-

15,0

-

15,0

Қазақтар

961,0

1,5 млн.

11,64 млн.

14 млн.

Қарақалпақтар

509,0

-

11,0

520,0

Қарашайлар

50,0

-

220,0

270,0

Қашқайлар

-

2 млн.

-

2 млн.

Қырым татарлары

480,0

-

63,0

543,0

Құмықтар

-

-

511,0

511,0

Қырғыздар

250,0

200,0

4,3 млн.

4,75 млн.

Ноғайлар

-

-

106,0

106,0

Саларлар

-

101,0

-

101,0

Сібір татарлары

-

-

11,0

11,0

Татарлар

950,0

150,0

5,9 млн.

7 млн.

Тывалар

-

7,0

293,0

300,0

Түріктер

63,2 млн.

-

150,0

63,4 млн.

Месхет түріктері

180,0

-

360,0

540,0

Түрікмендер

5 млн.

2,7 млн.

300,0

8 млн.

Туркомандар

300,0

2 млн.

-

2,3 млн.

Өзбектер

23,93 млн.

2 млн.

2,9 млн.

28,8 млн.

Ұйғырлар

80,0

10,6 млн.

300,0

11 млн.

Хакастар

-

-

79,0

79,0

Халаджылар

-

45,0

-

45,0

Шуваштар

27,0

20,0

1,5 млн.

1,503 млн.

Шорлар

-

-

15,0

15,0

Якуттар

-

-

480,0

480,0

Барлығы:

100,04 млн. 57,719%

46,84 млн. 26,237 %

30,69 млн.

17,191 %

178,52 млн.

Саны 10 мыңнан асатын осы түркі халықтарының есебіне АҚШ-та 2 млн., Батыс Еуропада 1 млн. (Франция, Германия, Ұлыбританияны қоспағанда), қоссақ, онда 178 520 000 деген жалпы саны шығады. Әлбетте, бұл санға Израильдегі идиш әліпбиін, Грузиядағы грузин әліпбиін, Армениядағы армян әліпбиін қолданатын ағайындар енбегені, сонымен бірге статистикалық мәліметтердің әртүрлілігі, кейбір елдердегі статистикалық мәліметтердің көрсетілмеуі 180 миллионнан асатын түркі халықтарының шынайы жалпы санын нақтылауға мүмкіндік бермегені баршаға түсінікті болар. Десек те, бауырлас халықтардың әлемдегі әртүрлі әліпбилерді қолдануы жөнінде мейлінше айқын ақпаратты жоғарыда келтірілген кестеден жақсырақ тануға боларлық. Енді осы мәліметтерге келелік. Байқап тұрғанымыздай, бауырлас халықтардың басым бөлігі, яғни 103 040 000 (57,719 %) латын әліпбиін қолданады екен. Енді осы санды көбейтуге мүмкіндігі бар бірден-бір халық – қазақ халқы екендігі бірден аңғарылады. Егер Қазақстан латын әліпбиіне көшсе, онда жоғарыдағы сан 113 800 000-ды құрамақ, бұл дегеніңіз 63,7 % болмақ. Ал әзірше біз кирилл әліпбиіндегі санды көбейтіп жүрміз. Осы әліпбидегі 30 690 000 түркітектес халықтар жалпы санның 17,191 % пайызын құрауда. Егер де біз латын әліпбиіне көшсек, онда бұл көрсеткіш бұдан да төмендемек. Қазақпен бірге кирилл әліпбиіндегі халықтардың санын арттырып жүргендер қырғыздар, татарлар, башқұрттар, чуваштар, якуттар және тағы басқалар дейтін болсақ, онда қырғыздан басқасы Ресей Федерациясының құрамында болғандықтан, әзірше латынға көше алмайды. Осыларды қорытындыласақ, онда Қазақстан оның негізгі халқы қазақтар қазіргі күнде әлемдегі түркі халықтары аз қолданатын әліпбиде қалуда. Сондықтан, түркі әлемінің бар екендігін үнемі айтып жүретін болсақ,өзімізді сол дүниенің белсенді де,беделді бөлшегі десек, санымыз қазір 180 миллионнан асатын қалың жұрт болса, сонау Жерорта теңізінен Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі алып территорияны алып жатқан әлемдегі іргелі бұтақпыз деп шаттансақ, онда осы тұтастықты бекемдеу үшін, әлбетте, қазіргі кезеңде қазақ елі түркілік әлемнің ең көп қолданатын әліпбиіне көшкені абзал. Оның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері жөнінде жаздық. Ал латын әліпбиіндегі бауырластарға келетін болсақ, онда дербес мемлекет болып тұрған Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік Кипр республикалары, бұларға қоса Украинаның ішінде тұрса да Қырым автономиялық облысы, Молдовадағы Ғағауыз автономиясы ресми түрде латын әліпбиінде. Қалып тұрғаны экономикасы тұрақсыз, ішкі саясаты бірде тұрлаулы, бірде тұрлаусыз саяси шатақ пен әлеуметтік шалдуарлыққа әуес айырқалпақты қырғыздар һәм өзіміздің саспайтынын сабырлылыққа балайтын, жалқаулығын жайбасарлыққа жаба салатын қазекең.

Латын әліпбиі көрнекілік жағынан да, санаға әсер ету тұрғысынан да, қазақ мемлекетін даралай түсіп, біздің қоғамымыздағы, санамыздағы отарсыздану үдерісін күшейтетіндігі, әлбетте, бұл қадамның қаншалықты маңызды екендігін байқатады. Тәуелсіздік алғалы айтылып келе жатқан отарсыздану үдерісіне тың, жаңаша серпін бермек.

Латын әліпбиіне ең алғаш көшейін деп жатқан қазақ емес, бұл тарапта халықаралық тәжірибелер әбден жинақталған, жетерлік. Еуропаның мысалы керек пе, Латын Америкасының мысалы керек пе, түркі халықтарының мысалы керек пе, не қажет соның бәрін мұрағат пен кітапханаға барып іздеп аяғыңыздан таусылмайсыз, баршасы интернетте самсап тұр. Әсіресе, бізді ең қызықтыратын түрік, әзірбайжан, өзбек, ғағауыз, түркімен, қырымтатар ағайындардың латын әліпбиін еңгізудегі жетістіктерін де, кемшіліктерін де әлемдік ақпарат қазанынан қалауыңызша қарпып аласыз. Сонда көзіңіз латын әліпбиінің ықшамдылығына, ыңғайлылығына жететін болады.

Бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу, әлбетте, кейбір қиындықтар тудыруы мүмкін. Бірақ осыны желеу ететіндердің тарихқа көз жүгірткендері абзал. Қазақ ашаршылдық жылдары араб әліпбиінен латынға, соғыс жылдары латын әліпбиінен кириллицаға көшкенде аса оңай болмаған шығар. Бүгінгі күніміз сол жылдардан әлдеқайда шүкіршілік ететін емес пе?! Қазіргі компьютер заманында, қоғамның едәуір бөлігі латын әліпбиіндегі таңбаларды тани, оқи алатын мейлінше өркениетті, ілгері қоғамда «қиын болады», «сауатсыз болып қаламыз» деу не түсінбестік, не мәселенің маңызын ескермегендік. Сондықтан өзімізді шаршатпай өзгелерді тура жолдан айнытпай жаңаны қабылдаған жөн, ағайын. Латын әліпбиін енгізуді кешіктіретін болсақ, онда жаңа жазудың қоғамға толық енуі қазіргі мемлекеттік тілдің жайы сияқты кешеуілдей береді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына, барлық салаға толық енуіне мүдделі болмай жүрген орыстілділер латын әліпбиіне көшуге де ықылас таныта қоймайтыны қазірден байқала бастады. Сөйтіп ол барынша кешіге бермек. Сондықтан көштен қалмағанымыз, үлестен қағылмағанымыз абзал, ағайын!


Баға беріңіз