Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

"Қылтима", "сазгер" бекітілмеген сөздер

11.4.2017 1108
Мемлекеттік тіл саясатында терминологияның орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алып, халықаралық байланыстар жиілеген тұста оның маңызы тіптен арта түсті. Бұрын тілдік қорымызда болмаған жаңа ұғымдар қоғамның барлық саласына табиғи түрде дендеп ене бастады.

Осы орайда, жасыратыны жоқ, жат сөздерді өз ортамызға сіңіріп алуда сәтті ізденістермен қатар, олқылықтарға да орын берілді. Терминжасам төңірегінде тек мамандар ғана емес, жалпы жұртшылықтың арасында даулы пікірлердің толастамай отырғаны соның айғағы. Мемлекеттік тілдің тұғыры мен тазалығына қатысты бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мәртебелі мінбелерден сөйлеген сөздерінде, зиялы қауыммен кездесулерінде және БАҚ өкілдерімен сұхбаттарында айрықша назар аударып, көкейге қонымды ұсыныстарын халықпен бөлісіп келеді. Сондықтан, терминологияның бүгінгі жай-күйі туралы тұрақты жазып келе жатқан еліміздің бас басылымы ретінде құзырлы деңгейде қолға алынған жұмыстарды сөз еткен мақаланы көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қазіргі кезде барлық бекітілген терминдерге Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті толықтай мамандардың көмегімен мониторинг жүргізуде. Осының барысында көптеген халықаралық терминдердің жөнсіз және қажетсіз тікелей аударылғаны белгілі болып отыр. Сондықтан да, қоғамдық пікірде термин жасаудағы осындай қонымсыз тәжірибелер жағымсыз пікір қалыптастыруда. Осыны ескеріп, Республикалық терминологиялық комиссия 2014 жылы бірқатар терминдердің қазақ тіліндегі нұсқаларын халықаралық нұсқалармен қайтадан сәйкестендірді. Олар: мұражай-музей (грек. μουσεῖον – музей үй), мұрағат-архив (лат. archivum қатысатын орын), бұрқақ-фонтан (ағылш. The Fountain – бастау, қайнар), азатжол-абзац (нем. Absatz – бөлім, мәтіннің бөлшегі) және тағы да басқа терминдер. Осындай жұмыстар 2016 жылы да жалғасты. Олар: Мұражай үйі – музей үйі, киномұрағат – киноархив, қашыртқы – дрена́ж (фр. Drainage – табиғи немесе жасанды түрде жерүсті немесе жерасты суларды кетіру), үдеріс-процесс (лат. processus – ілгерілету, бір нәрсені дамыту). Бұл процесс жалғасын тауып, алдағы уақытта терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, терминдерді сараптау және бекіту барысында әлемдік практикада әбден қолданысқа енген халықаралық терминдерді егер қазақ тілінде ыңғайлы баламасы табылмаса, сол күйінде қалдыру мүмкіндігі сақталады. Айталық, кезінде терминологиялық комиссия бекіткен көптеген сөздер қолданысқа ене алмай қалды. Мысалы, резервуар – әуіт, шина – құрсым, инвентарь – мұққамал, форточка – желкөз, преоргатива – дәргей, гомо – бір деген сияқты. Бұл қатарда әлі де толықтыра беруге болады. Мұндай жалпыхалықтық сипат алмаған, әрі әлемдік тәжірибеге еніп кеткен сөздерді қайта бекіту терминологиялық комиссияда қаралады.

Қазір қоғамда, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі мысал ретінде айтылып жүрген балконды «қылтима», фонтанды «шаптырма» деген терминдер ешқашан комиссияда қарастырылмаған және бекітілмеген, бекітілуі мүлдем жоспарланбаған. Сондықтан, мұндай дәлелсіз, дерексіз мысалдар қоғамдық ортада қате пікір қалыптастыруға себепші болып, термин бекіту жұмыстарына деген халықтың жағымсыз пікірін қалыптастыруға жағдай жасайды. Ал халық арасында, әсіресе, шығармашылық ортада жиі қолданып жүрген «сазгер (композитор)», «күйсандық (пианино)», «иегер (лауреат)» сияқты сөздерге келсек, олар ресми түрде бекітілмеген. Кейбір азаматтар осы және басқа да сөздерді бекітілген терминдер сияқты қабылдап және солай көпшілікке жариялап жүр. Бұл дұрыс емес. Республикалық терминологиялық комиссия бұл сөз-дерді бекіткен емес. Қоғам осы араны ажыратып алғаны жөн. Ал енді бұл сөздердің қолданылуына келсек, онда олар тек синоним сөздер ретінде ғана ауызекі тілде қолданыла береді, оған ешкім тыйым сала алмайды да.

Ең алғаш Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаштың зиялылары еңбектерінен қалыптасып келе жатқан қазақ терминологиясы әр дәуірдің ерекшелігіне, ғылыми әлеуетке орай өзінің бүгінде біз білетін сан-салалы қорын жинақтап, қоғамдық өмір мен ғылымның алуан салаларын қамтуда. Алғашқы алаштық кезеңде қазақ терминологиясы таза ұлттық мазмұнда қалыптасты. Ол түсінікті де. Себебі, ол кезең ұлттық салт-сананың ояну дәуірі болды. Осы дәуірдің шегінде ұлттық жазба әдебиеті, ұлттық ғылым, ұлттық баспасөз қалыптасып, халқымыз өзінің ренессанстық дәуірінде тұрған болатын. Бұл кездегі терминология алғашқы атауларды қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар, терминжасамның бірқатар қағидаттарын да қалыптастырды. Сондықтан да, ғалымдар ұлттық терминология жасаудың теориялық және әдіснамалық негізін Ахмет Бай-тұрсынұлы бастаған ғалымдардың қалыптастырғанын жиі айтып жүр.

Алаш зиялыларының терминжасамдағы қағидаттарын жалпы былайша топтастыруға болады: ең алдымен, термин ретінде ұғымның мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу; ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда туыстас халықтардың тілінен термин алу; жаппай қолданылатын халықаралық терминдерді қабылдауға болады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері қазақтың айтуына сәйкес өзгертілу керек. А. Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың бұл қағидаттары уақыттың өзі дәлелдегендей екі үлкен мәселені шешті: біріншіден, қазақтың ұлттық төл терминологиялық жүйесі қалыптасты, екіншіден, қазақ тілінің табиғи қалпын, тіл тазалығын сақтауға зор мүмкіндік жасалды.

Кеңестік кезеңде халықаралық терминдердің орыс тіліндегі нұсқасын сол қалпынша алу көбейді. Соның салдарынан қазақ тілінің терминжасамдық әлеуетіне мән берілмеді. Әлбетте, кеңестік кезеңде де сәтті жасалған терминдер мен атаулар болды. Мұндай сөздер біздің лексикамыздан маңызды орын алды. Дегенмен, қоғамның барлық салаларындағы сияқты ұлттық мазмұн терминологиялық жұмыста да назардан тыс қалғаны белгілі.

Тәуелсіздік тұсында біз рухани мәдениетімізде ұлттық төл қайнарларымызға қайта оралдық. Тарихымызды түгендедік, дәстүріміз бен рухани мұраларымызды жаңғырттық, діліміз бен тілімізді түлеттік. Осы үрдіс Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш оқымыстыларының термин жасаудағы қағидаттарын жаңғыртудан да айқын аңғарылды. Төл табиғатымызбен қауышу, оның қасиеттерін бүгінгі өмірімізге енгізуге деген жаппай құлшыныс кей тұста олқылықтарға да әкелетіні түсінікті. Бұл табиғи, қисынды құбылыс. Мұндай ұлттық романтизм дәуірі азаттығына енді жеткен халықтардың көпшілігінде болған. Дәл осындай кезеңде бұл халықтардың көпшілігінде тілдік пуризм құбылысы ерекше байқалған. Мұндай құбылыс алғаш Еуропа елдерінде, оның ішінде, айрықша Германияда байқалды. Олар өздерінің ұлттық болмысын сақтау мақсатымен ең алдымен неміс тіліне француз сөздерінің енуіне қатты қарсылық жасады. Пуристердің бастамасын үкімет қолдап, тіпті өз тілінде балама тапқандарға арнайы сыйлықтар да берілді. Осындай пуристік көзқарас ХІХ ғасырдың І жартысында Ресейде де болды. Оған жоғары биліктің пәрменімен Ресей императорлық академиясы ықпал етті. Орыс пуристерінің көзқарастары шовинистік платформада тұрып, тіпті 1870 жылдарға дейін жалғасты.

Бізде пуристік көзқарас, әлбетте, бұл елдердегідей шовинистік немесе ұлтшылдық райда емес, тек кейбір адамдардың пікірлерінен көрінеді. Сонымен бірге, сол кездегі неміс, орыс қоғамдарына қарағанда біздің заманымыз да басқашалау. Қандай да болсын пуристік көзқарастың, біздің ойымызша, екі жағы бар. Біріншіден, мұндай көзқарас тым біржақтылыққа сүйеніп кетсе, екіншіден, ұлттық терминологияның қалыптасуына оң ықпал да жасайды. Мәселе, осы екі ортадан алтын аралықты табуда. Пуристік көзқарастағы кейбір тіл жанашырлары қазақ терминологиясын таза ұлттық мазмұнда қалыптастыру керек дегенде, Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне сүйенеді. Бұл дұрыс та. Дегенмен бұл арада біз термин қалыптастырудағы Алаш кезеңі мен әлемдік интеграция күшейген қазіргі кезеңнің түбірлі айырмашылығын ескере бермедік. Халықаралық деңгейдегі жаңа туып пайда болып жатқан құбылыстар мен заттардың мөлшері, әлбетте, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен ондаған, тіпті жүздеген есе көбейді. Олардың бәріне өз тілімізден атау таба беру шарт емес, егер олай етсек, онда халықтың таным-түсінігіне кері ықпал етер едік. Сондықтан қазіргі кезеңде және бұдан кейінгі кезеңдерде термин-жасауда ғылыми қағидаттар негізге алынуы тиіс. Атап айтқанда, біріншіден, өзіміздің тұрмысымызда болмаған және әлемдік деңгейде қабылданған атауларды тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп сол күйінде термин ретінде қабылдау; екіншіден, терминдерді бұрынғыдай орыс тілі арқылы емес, сол термин қалыптасқан тілдерден тікелей алу, бұл арада халықаралық терминдердің басым көпшілігі ағылшын тілінен әлемге таралатын болғандықтан осы тілден тікелей қабылдауды жолға қоятын уақыт жетті.

Қазіргі жаһандану дәуірі, соған орай халықаралық байланыстардың айрықша күшеюі, қазақ елінің саяси, экономикалық, мәдени жағынан осы әлемдік қарым-қатынас алаңына енуі бізден әсіре оқшаулануды, тым томаға-тұйықтықты қаламайтыны түсінікті, ендеше біз қоғамдық өмірге, тұрмысымызға еніп жатқан жаңалықтарды да жатсынбай қабылдаймыз. Бұлар, әлбетте, өз атауымен келеді. Егер ондай атауларды солардың болмысына қарай, солардың мазмұнын бере алатындай ана тілімізде атай алсақ, онда терминдер қазақ тілінде бекітіледі. Ал егер біз ұсынған атаулар олардың болмысын бейнелей алмаса, онда халықаралық атауларды өзгертпеуге тура келеді. Біздің ойымызша, бұл арадағы ең үлкен мәселе – ол сөздерді бұрынғыдай орыс тілінен емес, түпнұсқа тілден алуды мықтап ойлану және шешу аса қажет. Ол үшін білікті мамандар да керек. Шет тілдерінен келген сөздерді өз тіліміздің заңдылығына сай алсақ және солай бекітсек, онда тіліміздің табиғаты да бұзылмайды. Бұл жөнінде Алаш зиялысы Халел Досмұхамедұлының: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» деп жазған екен. Біз осы қағидатты мықтап орындауымыз керек, халықаралық терминдерді алудағы бұлжымас ұстаным да осындай болғаны жөн. Шет ел сөздерін өзінің тілдік заңына қарай қалайша қабылдауға болатындығын орыстардың тәжірибесі нақты көрсетуде. Осы және басқа халықтардың осындай тәжірибелері осы тәсілдің тиімділігін дәлелдеп отыр.

Жалпы алғанда терминдер бекітуде біз халықаралық атауларға емес, қазақ тіліне басымдық бергеніміз анық байқалады. Оны мынадай мәліметтерден білуге боларлық. Терминдерге мониторинг жүргізу барысында 1971-91 жылдар аралығында бекітілген барлық 2748 терминнің 541-і (19,6%) қазақ тілінде, 1127-сі (41%) халықаралық атауда, 1080-і (39,3%) қазақ және шет тілдеріндегі тіркес ретінде болған. 1992-2016 жылдары барлығы 15963 термин бекітілген. Олардың ішінде 6024-і (37,8%) қазақ тілінде, 1987 (12,3%) халықаралық атауда, 7952-сі (49,9%) қазақ және шет тілдеріндегі тіркес ретінде бекітілген. Байқап отырғанымыздай, тәуелсіздік тұсында қазақ тілінде бекітілген терминдер екі есе көбейген, бірақ қажетті тұста халықаралық терминдер де сақталған.

Қазіргі кезде терминдерді жүйе¬леу, сараптау жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. Соның негізінде 2016 жылдан бастап барлық бекітілген терминдерге толық мониторинг жүргізілуде, термин бекітуде көпшіліктің қолжетімділігі мен ашықтық қағидаттарын сақтау үшін арнайы «Терминком.кз» сайты ашылды. Оған тіліміздегі барлық терминдер мен атаулардың, оның ішінде, салалық терминдер мен атаулардың да толық қоры енгізілді. Сонымен бірге, термин бекітудің реті, терминологиялық комиссияның жұмысы, ғылыми-әдіснамалық еңбектер де осы сайттан орын алды.

Терминдерді көпшілік қолданады, сондықтан оларды бекіту қоғамдық құбылыс. Ендеше бұл маңызды мәселеге тіл жанашырлары, мамандар да атсалысуы қажет. Сондықтан біз көпшіліктен негізі бар ұсыныстар күтеміз.

Тегтер: термин, қылтима, субұрқақ, сазгер, күйсандық, Ахмет Байтұрсынұлы

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

218

ақпарат

Терминдер төңірегіндегі толғаныс

256

ақпарат

Жат сөздерді қалай жақын тарта аламыз?

331

ақпарат

«И» мен «У»-дан дауысты жасауға неге үйірміз?