Телеарналар тілімізге «теріскен» шығарып жүр

Қазіргі заман кітапқа емес, теледидарға телміретін кезең болғандықтан ана тілімізді мән-мәнерімен, айшық-ажарымен жас ұрпақтың санасына сіңіретін негізгі құрал телеарналар екендігінде дау жоқ....
Tilalem.kz

Tilalem.kz

10 сәуір, 2017

Тәуелсіз ел болып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғалы ширек ғасыр өтті. Солай бола тұра кеңестік кезеңнің көлеңкесі әлі кетпеді. Орысшадан тура аударып қолданысқа енген сөзер мен сөз тіркестері телеарна тілшілері мен жүргізушілерінің ауызынан миымызға тікенектей қадалып, тілімізге теріскен шығарып келеді. Басқасы басқа, «салдарынан» деген сөзді дәл бір табысқа жеткендей-ақ «арқасында» деп айтуды әлі қоя алмай жүр (осылай жазатын қазақ газеттері де аз емес.) Әсіресе автокөлік қатерінен болған қазаның өзіне алақайлап қол соққандай. «Екі машина қақтығысып, нәтижесінде 3 адам қайтыс болды» («Қазақстан» ҰТ) дегенде қазағымның қайран тілінің қадірі қайда кетіп бара жатқанын ойлап жүрегіңіз сыздайды. Сол сияқты қазақтың бар мейір, ықыласы сыйып тұрған «көп рахмет» деген тіркесін ұмытқалы қашан. Журналистеріміздің дені «үлкен рахмет» деп, басын шұлғып, жалпақтайды. Мұндай тура аударма, тілімізде жоқ тіркес сөкет болмаса орыстарға «много спасиво» деп неге айтпаймыз? Ал үлкен сөзінің тілімізге кіріккені сонша «зор» деген сөзді де қолданыстан шығарып тастадық. «Зор табыс» деудің орнына «үлкен табыс» деп тілшілеріміз ауыздарын толтырып тұрып айтады.

Бағзы заманнан төрт түлік малды тіршілігінің көзі еткен баба қазақтың осы саладағы сөз қоры ерекше бай еді-ау. Бүгінгі таңда мал жайлы сырлы сөздер түгіл малдың өзін ұмытып барамыз. Ірі қара мен ұсақ малды айырудан қалдық. Қамбар ата түлігі атам қазақтан бері ірі қара санатына жататын. Қазақ түйе, жылқы, сиырды ірі қара, қой, ешкіні ұсақ мал, ал барлығын қосып, «төрт түлік» деп атаған ғой. Алайда, кеңестік дәуірден бері жылқыны ірі қара санатынан шығарып тастадық. Мемлекеттік статистикалық мәліметтерде болсын, оған негізделген баспасөз хабарларында болсын түйе мен сиырды ірі қара дейміз де, жылқыны бөлек көрсетеміз. Жылқыны «қораға келген қотыр ешкідей» шеттетіп, ірі қара тізімінен алып тастадық. Одан да сорақысы жылқы деген осы түліктің жалпы атауы да сөздік қорымыздан шығып қалуға жақын. Биені де, тай-байталды да «ат» деп жүрген телеарна тілшілері бар. Ал малды мал дейік, адамға қатысты сөз тіркестерін де біле бермейтін журналистеріміз жоқ емес. Телеарна тілшілері дүниеге сәби келсе, «ұл ма, қыз ба немесе ұл туды ма», «ұл босанды ма», «қыз босанды ма?» дегенді шығарды. Осы жасқа дейін «ұл босанды ма» деген тіркесті бір қазақтың аузынан естімеген, әдеби шығармадан оқымаған едік. Құлаққа түрпідей тиеді екен. «Ұл босанды» деу ерекек адам бала тапты деген ұғым емес пе? Енді тіпті, әйел емес, мал босанатын сынды. «7 арна» тілшісі «жылқылар түсік тастады» деп соқты. О заман да, бұ заман мал түсік тастады дегенді естіп пе едіңіз? Мал түсік тастамайды, іш тастайды.

Ал, түрме десе тілшілердің ойында «тоғыту» сөзі тұрады. «Анар Мешінбаев Москва түрмесіне тоғытылды.» («7- арна»). Қазақ тілінде тоғыту деген ұғым жалғыз нәрсеге, адамға қатысты айтылмайды, топтасу ұғымына жақын (Үркер мен Айдың тоғысы, мал тоғыту). Біз болсақ жылғызды да «тоғыта береміз. Түрмеге жалғыз адам тоғытылмайды. Түседі, қамалады. Бұрын қазақ «бай баласы аттан жығылмай жер танымайды» деуші еді. Енді біз аттан жығылмай «құлайтын» болдық, атқа мінбей «отыратын» болдық. «Құлау» мен «жығылу» синоним болғанымен екеуінің қолданысы, білдіретін ойы екі басқа. Құлау – жығылудан көрі домалауға жақын ұғым. Әрқайсысының өзінің берік қалыптасқан тіркесетін сөздері бар екенін қарапайым халықты қойып, журналистеріміздің өзі білмейтін сияқты. Қазақ тілінде «аттан құлау» деген тіркес жоқ, аттан жығылады. «Ақбоз аттан жығылдым есім ауып» (халық әнінен). Ал керісінше, таудан тас жығылмайды, құлайды («Таудан тас құласа етектегіні ала кетеді»).

Тілімізге тікен шығарған тілшілердің тіркесін тізбектесек. «Сырт киімін түймеге салу (түймелеу), «Сөмкені кесу» (тілу), («КТК»). Ххалықаралық іздеуге жарияланды» (іздеу салынды) («7» және «31-арна»). «Балалардың қатысуымен болатын апат» (балалардың апатқа ұшырауы) («Қазақстан» ҰТ). «13 көліктің қатысуымен жол апаты болды» («31-арна»). «Бас миы қозғалған» (миы қозғалған) («7-арна»). «Қостанай «Агромаш» компаниясы жинап шығырған» (құрастырған) («Қазақстан»). «Ит тістеді» (қапты) («СТВ»). «Өрт кезінде үрейге түспеңіздер» (үрейленбеңіздер, үрейге бой алдырмаңыздар! («Қазақстан» ҰТ). «Табылған мәйіттер кімге тиесілі екені белгісіз» (кімдікі, кімнің мәйіті екені) («7-арна»).

Телеарналарымыз орыс тіліндегі сөздер мен сөз тіркестерін сөзбе сөз аударудың сыртында екі тілдің грамматикалық құрылымындағы айырмашылыққа да мән беріп жатпайды. Мәселен, қазақ тілінде анықтауыш анықтайтын сөздің алдында тұратынында ешкімнің шаруасы жоқ. Мысалы «42 жастағы Қазтуған ауылының тұрғыны» («КТК») деген тіркесті қалай түсінуге болады? Сонда Қазтуған ауылы 42 жаста ма әлде тұрғын 42 жаста ма? Немесе «Бесінші сегізкөз омыртқасы» дейді. Адамда сегізкөз бесеу емес, біреу ғана. Дұрысы сегіз көздің бесінші омыртқасы. «Өткір депутаттық сауал» («Астана») депутат өткір емес, сауал өткір ғой. Осы тәріздес орнын таппаған анықтауышты телеарналардан күніне әлденеше рет естисіз.

Мұндай қателіктерді орысшадан сөзбе-сөз аударудың кесірі дедік. Көпшілік телеарналар мұны қойып аудармаға қатысы жоқ тіркестердің өзіне салдыр-салақ қараудан небір күлкілі қателіктерге ұрынып жатады. Мәселен «Мәншүк Мәметова 90 жаста» («Қазақстан» ҰТ). «Биыл Мұқан Төлебаев 100 жасқа толды» («7-арна»). «Екі әскери курсант жанжалдасып, бірін өлтіріп қойған» («31-арна). «Шашыңды біртіндеп жұламын» («31-арна»). «Бізге бөлінген ат төбеліндей уақыт», «Мәйіттің сүйегі» (31-арна). «Оқтаудай түзу көше» («Хабар» ). Осы сөз тіркестерін телеарна жүргізушілерінің аузынан шықты деудің өзі қиын. Өмірден баяғыда өтіп кеткен Мәншүкті 90 жасқа келтіруіне, Мұқан Төлебаевтың 100 жасқа толуына жол болсын. Жалпы ақпарат құралдары өлген адамға қаратып айтылатын «пәлен жылдық мерейтойы немесе туғанына пәлен жыл» деген мен тірі адамға қаратылып айтылатын «пәлен жастық мерейтойы» дегенді айыра бермейді. «Ат төбеліндей» тіркесті уақытқа қатысты айтпайды. Ал мәйіт пен сүйек бір ұғым. «Байқаусызда өлтіріп қойған» деп қазақ тілін жаңа үйреніп жүрген өзге ұлт адамы айтуы мүмкін. Ал қазақ «байқаусызда өлтіріп алған» дейді. Оқтаудың түзу болатыны шындық. Бірақ қазақ тіліндегі қалыптасқан тұрақты тіркес – «оқтай түзу».

Телеарналарда спорт хабарын жүргізушілердің сөз саптаулары тіптен олақ. «Қыз-жігіттер шаңғымен көсіліп шапты» («Қазақстан» ҰТ). Қош бұрын батырлар жырында тұлпарлар көсіліп шабатын. Соған еліктеу шығар. Бірақ, әсіресе, қыздардың «көсілуі» көңілге қоныңқырамайды.

Ал телеарнадан берілетін қазақ тіліндегі аударма кинолардың тілі де оңып тұрған жоқ. Әрине, сериалдағы қотыр аудармалардың телеарна қызметіне қатысы жоқ екенін түсінеміз. Бірақ телеарнадағы тілдік қолданыстың қоғамға әсер ететіндігін ескерсек, бұл көз жұма қарайтын мәселе емес. «КТК» телеарнасынан көрсетілген «Сыла» сериялында «Алла! Алла! Мына үйдің ішінен бір табын ат жүріп кеткендей ғой» деген аударманы естігенде жаға ұстадық. Жылқыны «ат» деп аударған аудармашы мен оны оқыған дубляж жасаушы табын сиырда болатынын, жылқыға қатысты болғанда «үйір» деп айтатынын білмейтін болар. Түріктің «Белгісіз аймақ» сериалында «Пынар, сен шуламай отыр» дегенін естігенде күлерімізді не жыларымызды білмедік... Құдайым-ау, қазақ қашан жалғыз адамға «шулама» деп айтушы еді. Сол сияқты «Келін» фильмінде «Сугна су қараңғы бөлмеде жалғыз қалай тұрады» деп аударған. «Су қараңғы» емес, «тастай қараңғы» емес пе. Су қараңғы деп зағип адамды айтады. Орысшадан тура аудару дерті кино сценарийі аудармашыларына да жұққан. Мәселен қазақ түшкірген адамға «Ақ түшш, бер тәңір» немесе «Бер тәңір бес жүз жылқы» деуші еді. Енді орыстың «Будь здаровын» теріс аударып «сау бол» (Денің сау болсын десе бір сәрі) дейтін болдық. Мұндай орысшадан сөзбе-сөз аудару келеңсіздігі соңғы кездегі отандық сериялдардың тілінен де кездесетін болды. Бұрын қарапайым халықтың ауызекі сөйлеу тілінде орыстың «у себя» сөзін тура аударып, «өзінде ме?» (Пәлен орнында ма немесе кеңсесінде ме?) дейтін болса, енді кино артистері де солай сөйлейтін болған. «Бапкер» сериалында жаттықтырушы жаттығуға келген баладан «Спорт киімдерің өзіңмен бірге ме?» деп сұрайды. Сол сияқты осы сериалдан «Кедейдің кесірінен сақта» (дұрысы «кедейдің кербезінен сақта»), «Қыздары дегенде шығарға жаны жоқ» (дұрысы «шығарда жаны бөлек») сияқты тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерін қалай болса солай қолданылуын естіген кейінгі буын шала болмағанда басқа не күтеміз?

Міне, көкжәшікке көз тіккен көпшіліктің еститін қазақшасы осы. Бой түзеп, бағыт алатын арналарымыздың ағысы мұндай болғанда, төл тіліміздің көсегесі қалай көгермек? Бұл көз жұмып қарайтын емес, көңіл бөлетін өзекті мәселе.


Баға беріңіз