Тілмаш неге тапшы?

Тіліміздің кең өріс алуына тілмаштардың, яғни аудармашы мамандардың қосатын үлесі аз емес. Осы саланың қандай түйткілдері бар дейтін болсақ, сан түрлі сауалдарға тап боларымыз анық. Ол – маман даяр...

07 сәуір, 2017

Біз қазір халықаралық байланыс­тар­дың мейлінше арта түскен дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Еліміз әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі ретінде өзінің мемлекеттік тілін де дамытуға мүдделі екені айқын. Ал ол үшін не істеу керек? Қазақ тілінен әлемнің барлық негізгі тілдеріне еркін түрде аударма жасай алатын білікті мамандарымыз сақадай-сай тұру керек. Әлемнің негізгі тілдеріне мамандар ағылшын, қытай, испан, үнді, жапон, неміс, француз, итальян, орыс, түрік, парсы тілдерін жатқызады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми 6 тілі бар екенін білеміз. Олай болса, осындай тілдердің қатарына қазақ тілі де жетуі үшін біздің ­аударма саламыз да мықтап жолға қойылуы керек екені айтпасақ та түсінікті шығар. Қандай да бір тілді әлемге таныту үшін оған арнайы бағытталған шаралар қолға алынса, құба-құп. Әйтпесе, тіл жайдан-жай танылып, қанат жайып кетпейтіні анық. Әдеби, мәдени туындыларды өзге тілдерге сапалы аудару, сондай-ақ шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда қазақ тіліндегі сапалы аударманың қамтамасыз етілуі маңызды.

Елімізде тілмаш мамандарды даярлау­мен айналысатын бірден-бір оқу орны Абылай хан атындағы Қазақ ха­лық­аралық қатынастар және әлем тілдері университеті екені белгілі. Аталған университеттің аударма және филология фа­культетінің деканы, доцент, филология ғылымының кандидаты Бағлан Мизамхан қозғап отырған тақырыбымыздың аясында өз ой-пікірін былайша білдірген болатын:
– Біз университетімізде ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, қытай, кәріс тілдеріне және осы тілдерден қазақ және орыс тілдеріне тікелей тәржімалайтын тілмаш мамандарды ­даярлаймыз. Бұл ретте айта кететін негізгі мәселе, болашақ аудармашылар ең алдымен өз ана тілінде еркін сөйлейтін, еркін ойлай алатын маман болуы керек. Ана тілін жетік меңгермеген адам, сондай-ақ шетел тілін де ана тіліндей сезіне алмаған адам аудармашы бола алмайды. Сонымен қатар қазақ тілінен аудару мәселесі елімізде әлі терең зерттелген жоқ, әр оқу орнындағы оқытушылар өз тәжірибелері бойынша ғана сабақ өткізуде. Екіншіден, қазақ тілі аудармасы бойынша ­маман даярлайтын оқытушылар саны аз. Барларының өзі қолда нақты бір оқу-әдістемелік құралы болмағандықтан орысша оқулықтар арқылы оқытады. Қазақ тілі мен орыс тілінің тіл құрылымы әртүрлі екендігін ескерсек, оқу барысының қандай деңгейде екендігін айтпай-ақ түсінуге болады. Үшіншіден, көп жағдайда аударма пәнін тіл мұғалімдері өткізеді. Бірақ тілді біліп, оны үйрету бір басқа да, аудара білу мен аударма жасауды үйрету бір бөлек. Төртіншіден, тілді білгеннің барлығы аудармашы бола алмайды. Көп жағдайда түлектеріміз тіл білеміз деп осы мамандықты таңдап жатады, алайда екі тілді қатарынан, бір деңгейде түсініп, сезіне алмаған адамды аудармашы деп айту қиын.
Б.Мизамханның айтуынша, аудармашы екі-үш, тіпті одан көп тіл білетін полиглоттық қабілетке ие болуы қажет екен. Сондықтан үш тілді кәсіби негізде жетік меңгеруі заңдылық.
Тілмаштарды даярлау мәселесін жан-жақты зерттеу барысында оның барынша күрделі әрі ауқым­ды екеніне көз жет­кізе түстік. Бұл ретте оқу-әдіс­те­мелік ке­шеннің талапқа сай болуы да аса маңыз­ды. Сонымен қатар жүйелі дайын­дық, кәсіби құзыретті қалыптас­тыруға арналған білім беру технологиялары, оқытушылардың тәжірибелі болуы да болашақ мамандардың осы саланың барынша кәсіби түрде меңгеруіне жағдай туғызады.
Шынтуайтына келгенде, бізде көбіне-көп аударма ісімен осы саланың нағыз мамандары айналыса бермейді. Тек бірді-екілі аудармашылар ғана жоғары оқу орнында аударманың теориясы мен тәжірибесін оқыған болуы мүмкін. Негізінен бұл жұмысты филолог, журналист, тарихшы, мұғалім атқара беретінін байқаймыз. Бірақ қазақ тілінің бәсекеге қабілетті­лігін арттыру, сондай-ақ ­аударма саласындағы әлемдік тілдердің деңгейіне жеткізу үшін бұл салаға деген көзқарасымызды өзгертетін уақыт келді. Тақырыпты зерттеу барысында байқағанымыз, шет тілін оқып жүрген студенттер бар ынта-жігерін аталған тілді меңгеруге жұмсайды. Бұл дұрыс. Шет тілін жоғары дәрежеде білу оңай емес, әрине. Бірақ олардың қазақшасы да шет тілінен еш кем болмауы тиіс. Мәселеге осы тұрғыдан келуіміз керек. Өйткені шет тілінде жақсы сөйлейтін мамандар көбіне-көп қазақ тілінен ақсап жатады. Ана тілін өз деңгейінде меңгермегеннен кейін аудармасы да сәтті шықпайды. Ал орыс тілін жетік білетіндер туралы олай деп айта алмас едік. Олар екі тілде де еркін аударма жасап, сөйлеушінің ойын, көзқарасын бұлжытпай дәл жеткізіп береді. Шеберлік деген осындай кезде байқалатыны белгілі.
Бізге қазақ тілінен шетелдік негізгі тілдерге аударатын мықты тілші мамандар керек деп отырғанымыздың себебі де осы. Мысалы, қазақстандық делегация шетелге шықса олар келіссөздер, жүздесулер кезінде орыс тілінде сөйлейді. Елімізде қазақ тілінен тікелей сол тілге аударып беретін аудармашылар жоқтың қасы. Құжаттарды аударуда да бірізділіктің жоқтығы түйткілді мәселелердің оң шешім таппа­ған­дығынан туындайтыны аян. Мұндай жағдайдан кейін тіліміздің мәртебесі қалай көтеріледі деген заңды сауал туындайды.
Тағы бір айта кетерлігі, өкінішке орай, елімізде тіл­маш­тардың басын қосатын, бір-бірімен тәжі­рибе алмасуға мүмкіндік жасайтын, аудармашылардың кәсіби біліктілігі­не баға беретін, бі­лімдерін әрі қарай шың­дай­тын, жаңадан бекітілген тер­миндерді үй­ре­тетін, қажетті сөз­діктерді таныстырып отыратын құзырлы мекеме жоқ. Нәтижесінде әркім өз білгенінше аударады. Кейбірінің аудармасын оқыған­нан гөрі түпнұсқасын оқыған артық көрі­нетіні де сондықтан.
Көтеріліп отырған мәселемізге орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценті, филолог-ғалым Ләйлә Мұсалының да көзқарасын білген болатынбыз.
– Университетіміздің филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында «Аударма ісі» және «Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша үш сатылы білім беру бойынша (бакалавриат, магистратура және докторантура – А.Ж.) мамандар даярланады. Студенттер негізінен қазақ-ағылшын, орыс-ағылшын тілдері бойынша жазбаша аударма және ілеспе аударма бағытына маманданады. Қазіргі кезде қазақ тілінен орыс, ағылшын, француз, жапон, араб тілдеріне аударатын қабілетті жастарымыздың саны артып келеді. Солардың басын қосып, аудармашылық бір қауымдастық құрып, тәжірибе алмасу жиындарын өткізсек абзал болар еді, – дейді Ләйлә Жұматайқызы.
Аударма мамандығын меңгерген, бүгінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы болып қызмет істейтін жас маманның пікірін білу мақсатында Ернұр Құлтаев есімді азаматқа хабарласқан едік.
Ернұр Құлтаев қазіргі таңда болашақ маманның кәсіби құзыреттілігі мәселесі өзекті болып отырғанын айтты. Оқу жоспарындағы базалық және элективті пәндер арқылы болашақ тілмаштың кәсіби құзыретін қалыптастыру мақсаты қойылғанын атап өтті. Бұл тұрғыдан ал­ғанда болашақ аудармашыға қойылар талап жоғары болуы керек екен. Оның пікірінше, аудармашы әмбебап маман болуы тиіс. Тілдің лексикасын, грамматикасын жетік меңгерген филолог немесе мәтінтанушы ғана емес, сол елдің тілін, мәдениетін меңгерген, әдебиетінен, тарихынан хабары мол, энциклопедиялық білімі бар мәдениеттанушы, этнолог та болуы керек. «Қазақ тілі кейбір салаларда салыстырмалы түрде жас тіл болып саналады. Оның себебі, ұзақ жылдар бойы саяси-әлеу­меттік, экономикалық, ғылыми мәсе­лелер орыс тілінде жүргізілді ғой. Сондық­тан терминологияның жеткілік­сіздігі байқалады. Бірақ уақыт өте келе шешілетін мәселе деп ойлаймын» дейді жас маман.

Бұл мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс мәселе. Қазір негізінен қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аудару жолға қойылған, ал өзге әлемдік тілдері, шығыс тілдеріне тікелей аудару үшін мемлекеттік білім беру стандартына арнайы мамандықтар классификаторы енгізіліп, соған бағытталған арнайы топтар ашылуы керек.

«Елімізде қазақ тілінен өзге тілдерге тікелей аударатын мамандар неге тапшы?» деген сауалымызға ол былай деп жауап берді:
– Бұл мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс мәселе. Қазір негізінен қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аудару жолға қойылған, ал өзге әлемдік тілдері, шығыс тілдеріне тікелей аудару үшін мемлекеттік білім беру стандартына арнайы мамандықтар классификаторы енгізіліп, соған бағытталған арнайы топтар ашылуы керек. Сонымен қатар сол тілдерді оқытатын білікті ұстаздар мен оқытушылар да қажет. Тілмаш дайындау бағытында арнаулы техникамен жабдықталған зертханалар көбейтілсе, пайдасы мол болар еді.

Кезінде орыс тілін ғылым тілі бола алмайды дегендерге М.Ломоносов: «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, бұны тіліміздің оралымсыздығы­нан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігіміз­ден көру керек» деп айтқан екен. Біз де тіліміздің бар мүмкіншілігін сарқа пайдалана алмай жүрсек, оның себебін ең әуелі, өзімізден іздегеніміз жөн шығар. Қалай болғанда да, шет тілі мен қазақ тіліне еркін әрі сауатты аударатын ­мамандар шоғырын қа­лыптастыруға баса көңіл бөлгеніміз жөн. Ол үшін жоғары оқу орындарындағы сағат санын көбейтіп, гранттарды көбірек бөлу және т.б. қажетті шараларды жүзеге асыруымыз керек.


Баға беріңіз